Жұма, 29 Наурыз 2024
Деп жатыр 4727 19 пікір 2 Сәуір, 2020 сағат 13:28

«Барлығынан көмек сұрадық. Оның ішінде Ресей де бар...»

Сурет sputniknews.kz сайтынан алынды

Қытай вирусының (коронавирус) жылдам таралуына байланысты Қазақстан билігі Ресейден көмек сұрапты. Гуманитарлық көмек. «Sputniknews.kz» сайтының мәліметінше, Қазақсан билігі мұндай көмекті тек Ресейден ғана емес, басқа да мемлекеттерден сұрап, үшбу хат жолдаған көрінеді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі: «Біз гумантиралық көмек туралы өтінішті барлық елдерге жолдадық. Оның ішінде Ресей Федерациясы да бар», - депті журналистердің сауалына.

Ал орыстың «Коммерсантъ» гәзетінің жазуынша, түркімен мен украиннен басқа ТМД-ның барлық мемлекеті Ресей билігіне ресми хат жолдаған. Көмек сұраған. Бетперде, тест жүйелері мен өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарын жеткізіп беруді өтінген.

Бұған дейін Ресей Үкіметі медициналық тауарларды, соның ішінде жаңағы бетперделер мен басқа да қажетті заттарды шетелге шығаруға болмайды деген шешім қабылдаған екен. Алайда, ол құжатта өзге елдерге гуманитарлық көмек ретінде жіберуге болады деген жолдар бар екен-мыс. «Соған сүйеніп, әлгі көмек сұрағандарға қол ұшын беруге мақұлмыз», дегендей кергіме сөз жазыпты, «Коммерсантъ» .

Айта кетейік, осыған дейін, ақпанда, Қазақстан жаңағы Ресейден коронавирусты анықтайтын арнайы құрылғылар алған. Жалғыз біз емес, ТМД-ның басқа да елдері алды.

Ал жаңағы «Коммерсантъ» гәзеті: «Ресейдің «Вектор» биотехнология және вирусология орталығында жасалған аппараттарды одақтас елдерге қайтарымсыз бердік», деп жазыпты.

Одан кейін, АҚШ билігі де Қазақстанға арнайы ұшақ жіберіп, гуманитарлық көмек ұсынған.

Қытай да көмек ретінде азды-кем зат-бұйым жеткізген. Бетперделер, бір реткі қолдануға арналған қолғаптар мен көзәйнектер. Елшілік 20 наурызда аталған медициналық тауарларды «СК-Фармация» ЖШС-ге бергенін әлеуметтік желіде жазып, сүйінші сұрады.

Ал бүгін Қытайдан арнайы ұшақ Алматыға жетіп, қонғаны белгілі болды. Қытай төрағасы Ши Жипиң де Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберіпті.

«Бұл Қытай Үкіметінің алғашқы гуманитарлық көмегі. Бүгін, тесттер, қолғаптар, көзәйнектер, халаттар мен басқа да медициналық құралдар келді.  Алда тағы да осындай көмек келеді деп үміттенемін», - депті Бас консулдың орынбасары Мяо Хумбо дейтін адам.

Түйін. Рас, қазіргідей қысылтаяң кезеңде Қазақстан билігі әркімге алақан жайыпты, деп сөге сөйлеуге және келмес. Қауіпті вируспен бетпе-бет келгендегі Қазақстан медицинасының реалды жағдайы көрші-қолаңнан көмек сұрауға мәжбүрлеуі түсінікті де. Оның үстіне, мұндай көмекті кімдер алмай жатыр...

Естеріңізде болар, Қытайда вирус алғаш анықталған кезде, Қазақстан билігі Қытайға көмек жіберген.

1 ақпанда президент Тоқаев Қытай төрағасы Ши Жипиңға хат жазып, алда-жалда қажеттілік боп жатса, көмектесуге дайын екенін жеткізген. 2 ақпанда  Қазақстан билігі Қытайға 13,6 тонна медициналық заттар жібергені белгілі болды. Ал 3 ақпанда Қытайдың Сыртқы істер министрі алғыс айтып, ағынан жарылған.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, әлгінде ғана алды президенттің кеңесшісі, арты ұсақ-түйек әкім-қараларға дейін: «Қазақстан қауіпті вирусқа алдын-ала дайын болды», деп жарыса жазып жатқан еді. Әуелі, республиканың әр өңірінен әлсін-әлсін: «пәлен өңірде тәулігіне түглен мың бетперде тігеді» деген ақпараттар тарап жатты. Тіпті, экс-президент ел-халықтан көмек сұрап, бірлі-жарым бай-бағланның қалтасындағы қаржыға құрылған «Біз біргеміз» қоры кеше ғана 5 миллион бетпердені тегін тарататынын айтқан. Төтенше жағдай кезінде елдегі тұрақтылықты сақтап қалу үшін қазынадан қыруар қаражат бөлетінін, кеше президент Тоқаев мәлімдеді. Бұның бәрі біле жүрсін деген ақпарат...

Айтпағымыз, әтігөр болған әлгі гуманитарлық көмек енді Қазақстанның өз дәрігерлеріне, өз халқына керек болып, кісі көмегіне жүгінуге тура келді.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593