Жұма, 29 Наурыз 2024
Дат 2725 0 пікір 2 Сәуір, 2020 сағат 11:39

«Шағыл» бекеті тарихи-ескерткіштер қатарына қосылу керек

Абай ауданына ат басын бұрған қандай мейман болмасын ең алдымен М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясын қайыра оқығандай әр бетін қайта парақтағандай болары хақ. «Шағылдың» үстімен Семей қаласынан шығып, ежелгі «Балтатарақ» бекетіне қарай беттейтін тақтайдай тегіс жолға түсісімен жолаушының назарын ұшы-қиырына көз жеткізгісіз ең дала, сағымға мінген сансыз белдер, тобықты тымағындай болып әр жерде шоқия қалған төбе, төмпешіктер желмен жарысып жетектеп ала жөнеледі.

Қарт Семейдің көкірегін қақ жарып, сайын дала төсінен батысқа қарай таспадай созылған жол бірден Абайдың заманына қара жетелеп ала жөнеледі.  М.Әуезовтың  «Абай жолы» романында қыстай қалада оқуда болған бала  шәкірт ауылын аңсап, жанындағы серіктеріне маза бермей асығыс сапар шегетін жол осы. Туған жердің бел-белестері көзіне оттай басылып, жүрегін сағыныш кернеген жас Абайдың алдағы өмірге, күрес пен тартысқа, қуаныш пен қайғыға, ой мен толғанысқа толы тіршілік белестеріне сапар шегетін жолы бұл.

Шағыл бекеті –   Семейдің көкірегін қақ жарып, сайын дала төсінен батысқа қарай таспадай созылған жол жиегіндегі жота. Семей –Қарауыл тас жолының оңтүстікке бет түзеген локатор қондырғысы тұсындағы төбе жоны.

Құнанбай қажыдан бастап, Абай ұрпақтары, Шәкәрім мен Мұхтар  білім іздеп Семейге, елін аңсап Шыңғысқа қарай сан рет тоқтап өткен.

Ежелгі керуен жолының бойы болғандықтан 1855 жылы Шоқан да Қашқарға сапарын осы жол тағанынан бастаған. Оған дейін де бұл жолмен Семей қаласына әлем саяхатшылары – Миллер, Джорж Кеннан, Семенов-Тянь-Шанский, Адолф Янушкеевичтер Семейге келіп, оңтүстік бағытқа жол тартқан. Шоқан Уалиханов пен Федор Достаевский Құнанбай еліне қонаққа барып,  Архат тауының бауырында құс атып, арқар аулап қайтатын тарихи жол бұл. Құнанбай, Абай, Шәкәрім Мұхтар, Алаш арыстарының із сапарлары да осы жолмен жалғасқан. Қазақ даналары – А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ә.Қашаубаев, Қажмұхан Мұңайтбасов, С.Мұханов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышбаев сынды елдің даңты ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері  Абай рухына тағзым ету үшін осы жолды басып өткен.

Шағыл өзегі – қала шетінен атты адамға жарты күндік жер. Қазақ өлшемінде қозы көш жер деп аталады. «Қозы көш» қазақ әнінің дауыс жетер, естілер үні. Ән мен әнші қуатының мүмкіндігін білдіретін шек. Әміре Қашаубаевтың аралдан шырқаған ән дауысы осы шағыл бетінде мал жайып жүрген бақташы, жылқышыларға еркін жетіп естіледі екен деседі естелік иелері.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында  атқарылатын ірі іс-шаралар қатарында  Ұлы ақынға қатысты тарихи мекендерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған.

Абайдың өмірі, шығармашылық айналасы, замандастары жайлы естеліктерде жиі айтылатын Семей қаласынан шыға берістегі шағын төбешік назардан тыс қалып келе жатыр.  Әйтпесе, Қазақстан бойынша, шет елдерден Абай еліне сапарлап баратын қонақтарды алдымен осы аялға тоқтатып, тарихымен таныстырып,  әрі қарай аттандырып, сапарын жалғастырса   керемет емес пе?! Одан әрі ұлы ақынның жолымен жүретін бүгінгі ұрпақ «Балтатарақ», «Қанай» жерлерімен де таныса отырып, «Күшікбай» кезеңіне  маңдай тірер еді.   М.Әуезовтың «Жер  әңгімеші, жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» дегені осыған сай.

Ақын шығармасынан, заманынан елеулі орын алатын тарихи мекен - Абай еліне сапар, Абай шығармашылығына байланысты жолсапардың алғашқы бекет-бастауы осы – Шағыл бекеті болуы тиіс.

Толстойдың тағдырына татитын әр тасы мен жел шайқаған әр шөптің басын сөйлетіп, «Ясная поляна» қорығына жету үшін бізге не кедергі? Тау мен тасқа жол салып, сол заманға сай жасап, жабдықтау бөлек әңгіме.  Ұлылар мекенінің тарихи құндылығы еселеніп, келер ұрпақтың ел тану, жер тануы үшін «Шағыл» бекеті сияқты тарихи мекендерге  шағын анықтама,  деректерден ескерткіш белгі қойып, сол Абай  заманына сай жабдықталып тұрса, тарихи мемориялдық құндылық деген сол.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3589