Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Дабыл 8595 2 пікір 31 Наурыз, 2020 сағат 18:25

Бес баласы бар отбасы баспанасыз қалды

Кеше Instagram желісінде Алматы облысы, Қапшағай қаласында болған шетін оқиға туралы ақпарат тарады. Төтеннен төнген тілсіз жаудан бір отбасы, бір отбасының бес бірдей баласы баспанасыз қалды. Құдайға тәубе, балалардың бәрі дін аман. Ал олар тұрып жатқан үй енді жоқ.

Қапшағай қалалық кітапханасы Instagram-дағы ресми парақшасында бес баланың анасы, кітапхана қызметкері Майгүл Сахаридің жағдайын жеткізіп, бейнежазба жариялаған екен. Ел-жұрттан көмек сұрап, Майгүлдің банк картасын жариялап, қайырымды жандардың көмек қолын созуын сұрапты.

Майгүл Сахари Қапшағай қалалық кітапханасында еден жуушы болып жұмыс істейді. Бес баласы бар. Ең кенжесі 8 айлық. 80-дегі енесі де қолында көрінеді. Бір үйде (үш бөлмеде) 8 адам тұрып жатқан. Ал кеше, 30 наурыз күні олар тұрып жатқан үй түгелдей өртеніп кеткен.

Оқиға қалай болған? Жапа шегіп қалған шаңыраққа құзырлы органдар тарапынан қандай да бір көмек көрсетілген бе? Олар қазір қайда тұрып жатыр? Біз Майгүл Сахаридің өзіне хабарластық.

Майгүл Сахари, бес баланың анасы:

- Оқиға кеше түскі сағат 12-де болды. Аяқ астынан өрт шықты да, үйден қашып шықтық. Ол кезде жолдасым жұмыста еді. Енем мен балалар үйде болған. Әйтеуір бәріміз аманбыз.

Залдағы «натяжной патолоктың» астында ток тұратын. Содан шықты деп ойлаймын. Ол қатты жанғанда қою қара түтін алып кетті. Балаларды далаға алып шығып үлгердік. Үйге кіре алмадық. Әйтеуір құжаттарды сақтап қалдық. Қайта өрт сөндірушілер бізге жақын жерде болғандықтан, тез келді.

Бұл үй өзіміздікі, күйеуімнің атында болған. Үш бөлмелі. Мен мұнда келін боп түскелі 19 жыл болды. Қазір 5 балам бар. Ең үлкен ұлым 16-да. Ең кішкентайым 8 айлық. 80-ге келген енем бар. Жалпы, үйде сегіз адамбыз. .

Мен Қапшағай қалалық кітапханасында еден жуушы болып жұмыс істегенмін. Қазір декреттік демалыстамын. Көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, сосын әлеуметтік-тұрмыс жағдайымызға байланысты АӘК (АСП) алып отырмын. Күйеуім 1-інші шағын ауданда күзетші болып жұмыс істейді. 

Осы Қапшағайда әке-шешемнің екі бөлмелі пәтері бар еді. Өздері сол жерде тұратын. Қазір уақытша соларға барып, паналап жатырмыз. Жан-жақтан пәтер қарастырғанымызбен, көбісі 5 баламен алғысы келмейді.

Жұмыстағы қыздар келіп, әлеуметтік көмек алуға хаттама толтыруға көмектескен. Сол хаттаманы бүгін жергілікті әкімшілікке өткіземін.

Ал, кеше әлеуметтік көмек бөлімінен Ажар, Нұрлан деген кісілер келіп кетті. Олар: «Көмекке құжаттарыңды тапсырсаңыздар, жоғары жақтан көмек сұраймыз», – деп отыр. Әзірге өрт сөндірушілерден бір құжатымыз дұрыс болмай тұр. Сол реттелген соң, әкімшілікке өтікізіп көреміз.

Сосын мектептен балаларымның мұғалімдері келді. Ол кісілер: «балалардың кітаптарына, интернеттеріне қолдан келгенше көмектесеміз», – деді.

Әзірге – сол: туған туысқандарымыз, жолдастарымыз, көпшілік «kaspi gold» картамызға азын-аулақ ақша жіберіп жатыр. 

Біз Майгүлдің басына түскен осы бір ауыртпашылықты әлеуметтік желіден көрдік. Өздерімен байланысқа шығып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік.

Енді Амандық Ғаббасұлы Баталов тізгінін ұстаған Алматы облысы әкімдігі, Талғат Қанатұлы Қайнарбеков тізгінін ұстаған Қапшағай қаласы әкімдігі көп балалы отбасына қарайласып, көмек қолын созады деп сенеміз!

Рас, қазір қытай вирусы мен қаржылық қиындық қос бүйірден қысқан тар кезеңдеміз. Қауіпті вирустың жылдам таралуы мен теңгенің тұрақсыздығы «мырзақамақта» (карантин) жатқан көп шаңырақтың күй-тұрмысына теріс әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Қазірдің өзінде ас-ауқаттан тарыққан аналар жер-жерлерден үн қата бастады.

Ал жоғарыдағы Майгүл Сахаридің басына түскен төтенше жәйт кезек күттірмейді. Тұрып жатқан үйлері өртеніп кетті. Бес баласымен, қарт енесімен қаңғырып, «далада» қалды. Дәлірек айтсақ, кісі шаңырағында қысылып-қымтырылып отыр.

Өткен жылы Астанада болған шетін оқиға қазақ қоғамының қотыр-жарасын тырнап, қанатты. Қоғамның қоясын ақтарды. Жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік проблемаларды қайта күн тәртібіне шығарды. Бұл мәселе әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Сондықтан, «бес баламен еш жер қабылдамайды», – деп шырылдаған ананың жанайқайына Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қанатұлы, Алматы облыстық әкімі Амандық Ғаббасұлы бей-жай қарамаса керек.

;feature=youtu.be

Abai.kz

2 пікір