Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
2676 1 пікір 30 Наурыз, 2020 сағат 18:52

Медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда қандай төлем беріледі?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, өңірлердегі ахуал туралы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдері, ТЖ енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлемдер жасау шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов баяндады.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Медициналық қызметкер коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды.

Отырыс барысында әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар мен төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жұмысынан уақытша айырылған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте көмекті тағайындау тетігі тұрғындар үшін барынша қарапайым әрі қолайлы болуы тиіс», — деді А. Мамин.

Ал коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге үш санат бойынша жалақысына үстемеақы қосылады. Қауіптіліктің бірінші санатындағы дәрігерлер айына миллион теңге алады.

Abai.kz

1 пікір