Дүйсенбі, 1 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11308. Жазылғандар — 5587. Қайтыс болғандар — 41
46 - сөз 1335 15 пікір 30 Наурыз, 2020 сағат 11:33

Жер Ананың көз жасы

Бүгінгі таңда ресми және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жаман індетке байланысты түрлі болжамдар мен сараптамалардан көп нәрсе жоқ. Соңғы кезде олардың бәрін оқып, талдап қорытуға шамамыз да келмей қалды. Мен вирусолог та, политолог та, ғалым да емеспін - қарапайым адаммын. Цунамидай болып кеткен ақпарат тасқынының қайсысы шындық, қайсысы өтірік екенін мен де сендерден артық білмеймін.

Әйткенмен, бес уақыт намаз оқитын мұсылман баласы ретінде бір нәрсені жүрегім сезеді. Бұл әлдекімдер айтып жүргендей, Қытайдың немесе АҚШ-тың ойлап тапқан ауруы емес, ұлы Жаратушының адамзатты тексеру үшін жіберген – үлкен сынағы.

Қазір сенің жеке басың мен отбасыңның өмірін атақ-дәрежең де, байлығың да, мансабың да, тіпті, патшалық билігің де құтқарып қала алмайды. Дәл бүгін отбасы деп аталатын шағын мемлекетіңді ауру мен ажалдан аман алып қалатын – ол сенің ақыл-парасатың мен төзімділігің ғана.

Баяғыда әжем марқұм үнемі «Алланың құдіреті – әйдік. Мінез көрсетсе. асып-тасыған байыңның да, дәулеті тасыған патшаңның да аяғын бір етікке тығады» дегенді құлағыма жиі құятын. Осы сөздің шындық екеніне менің көзім бүгін анық жетті.

Жиырмасыншы ғасырдың ашаршылық, жаппай репрессия, қанды-қырғын соғыс сияқты нәубаттары әлемді сабасына түсіріп, біраз уақыт тәубасына келтіргендей болған-тын. Өкінішке қарай, соңғы елу жылда біз қайтадан соның бәрін ұмытып, аңға, тіпті аңнан да бетер мақұлыққа айнала бастаппыз.
Алпауыт мемлекеттердің империялық эгоизмі күннен-күнге күшейіп, өздерінен басқаларды ел санауды қойды. Әсіресе, соңғы жиырма-отыз жылда Эжен Ионесканың «Мүйізтұмсық» пьеасасындағыдай күштілердің айтқаны ғана заң, күштілердің ақылы ғана ақыл, күштілердің мәдениеті ғана мәдениет, күштілердің орнатқан тәртібі ғана тәртіп деген тұрғыдағы жабайы бұйрыққа әлем көніп, еті өліп кетіп, мойынсынғандай да болған. Енді міне құдіреті күшті Құдай мінез көрсетіп, осы пайымымыздың қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екенін саралатып, іріп-шіреген байыңды да, сіңірі шыққан кедейіңді де үйіне қамап, ойландырып қойды. Біз Құдайдан күшті емес екенбіз.

Ия, ұлы Жаратушы бүкіл адамзатты әп-сәтте сабасына түсірді. Әйтпесе, біз Жер-Анамыздың бар екенін есімізден шығарып, оның қойнындағы қазба-байлықтарды құныға тонаудан басқаны ұмытып кетіп едік. Табиғатты қорғау, экология, саласында жүрген мамандар біздің көзімізге босқа нан жеп жүрген бейшаралардай болып көрінетін. Жанымыздың рахаты, дүниенің қызығы мен байлықтан басқаға көңіл бөлмей кеткен тоғышарлығымыз бізді бір кұнде осындай хәлге түсірді. Ертеңіміздің не боларын, бір Құдайдан басқа ешкім білмейді.

Жұрттың бәрі жаппай жамандап жатқан қытайды менің де ұнатып тұрғаным шамалы. Бірақ, бәрін тек соларға жауып, өзіміз сүттей ақ, судан таза періштедей болуға тырысып, ақталмай-ақ қояйықшы. Бұл жаман індеттің біздің жерімізге келуіне бәріміз де кінәлымыз. Қытайдан болмаса, ол планетамызға басқа бір жақтан келуі де ықтимал-тұғын. Өйткені, Табиғат-Ана деген қасиетті ұғымның біз үшін мән-мағынасы жоқ бос сөзге айналып кеткеніне қай заман.

Соңғы жылдары қаншама киік, балық тағы да басқа жан-жануарлардың қырылып қалғанын есіңізге түсіріп көріңізші. Біз оған қатты мән бердік пе, себебін іздеп көрдік пе? Жоқ. Жер-Анамыздың көз жасы жібермейді, табиғатқа жасап жатқан қиянатымызды Алла алдымызға келтіреді деген ой көңілімізді мазаламады. Енді, міне соның зардабын тартып жатырмыз.

Амангелді Кеңшілікұлының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

15 пікір