Сенбі, 20 Сәуір 2024
Зерттеу 5326 20 пікір 30 Наурыз, 2020 сағат 11:32

Қоғам неге «қазақ интернетінің дербестігі» үшін күреспейді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» - дегені қаны қазақ деп бүлкілдеп, жаны алаш деп ауыратындарды бір жасатып тастады.

Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін, Президентіміздің пікірінше, бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Президентіміз қойған осы міндетті орындау біздің де азаматтық борышымыз деп ойлаймыз. Қазақ тілі тек күнделікті өмірде ғана емес, отандық және ТМД түркі тілділер арасында интернет тіліне айналуы керек. РФ қауырт жүргізіліп жатқан жаппай орыстандыру үрдісі осы елдегі түркі тілдес халықтарды қырғыз және қазақ тіліндегі интернет кеңістіктегі ресурстарға бет бұрғыза бастады. 

Бірақ... сөйлеу тілі алты түрлі диалектіге бөлінген қырғыз тілі бұл міндетті атқара алмайды. РФ түркілерінің үміті тек қазақта ғана. ТМД түркілерін орыс әлемінен ажырату үшін ақыл-ойды жаулаушы неоотаршылдықпен Интернет-ресурс үшін күресуіміз керек. Енді интернет басқыншылық кестесін бір байқастап көрейік:

«Камптық бағдарламалар және қазақ интернет тілі» өткен сайлаудағы Президенттіктен үміткерлердің ешқайсының бағдарламасында сөз болмағаны үшін бір кездердегі телеарнадағы қазақы үлес үшін күрестің жалғасы болып табылатын осы дүмпу журналистер тарапынан тағыда көтеріле бастады. Сонда бұл үлес ұлтқа емес, осы салада істейтін: ана тілінде қалам тартып, интернет бейнебаянда өз ойын ортаға салатын журналистерге ғана керек пе? Қоғам неге «қазақ интернет дербестігі» үшін күреспейді? Орысша діліміз бен дінімізге жат дүниелерді қабылдай беретін біз РФ құрамындағы әлдебір ұлттық федралды округпіз бе?

Біздің қазақ тіліндегі интернет кеңістіктегі ресурстарымызға мүдделілік танытып отырған қырым татарлары, құмық, башқұрт, татар, қарашай-балқар және аға және ата буыны қазақша ұғынатын шешен-ингуштарды және ОА қырғыз, қарақалпақ, өзбек пен түркіменнің сөйлеу тілі қазаққа жақын диалектілерін қайда қоямыз. Бір сөзбен айтқанда қазақ интернеті ұлттық тар шеңберден шығып, халықаралық дәрежеге бет бұрды. Бұны орыс тілді азшылықты бет перде етіп, ұлтсызданған азаматтық қоғам құруды басты мақсат еткен қазақ билігі ескергісі келмейді. 

Тұрғындарының саны жағынан әлемнің 100 елінің ішінде 68 орындағы ұлтымыз 1989 жылғы санақта өз елінде 6,5 миллион болса, 2019 жылы 12,2 миллионға жетті. Сонда ұлтымыз 100 пайызға жуық өсімге қол жеткізді. Бірақ ресми билік этностық өсімді шетқақпай қылып, жалпы халықтық өсім жағына бұра тартып, ҚР 30 жылда 12 пайызға ғана өсті дегенді алға тартады. Біз өзбектер 32 миллионға көбейіп, 44-ші орынға табан тіреді деп қызғанышпен қараймыз. Тап біз сияқты өз елінде 100 пайызға өсіп-өне алған жоқ.  Бірақ осы өсімді мәдени контент саласында, атап айтсақ, әлемдік интернет кеңістігінен көре алмай отырмыз. Неге?!

Енді соңғы 10-15 жылдағы әлемдік интернет кеңістігіндегі тілдік танымалдықтың статистикасына көз жіберейік. 

Интернет-ресурс бойынша басты сарапшы Internet World Stats-тың 2001-2011 жылдардағы 10 жылдыққа арналған дерегі бойынша кең тараған интернет тілінің 10-ына төмендегі тілдер енді.

2009 жылы ағылшын тілін қолданушылар 464 млн. адам (29,1%). 2011 жылы 565 004 126 адам (26,8%).

 2000-2008 аралығында қытай тілін қолданушылар 9 есе өсіп, 321 млн-ға жетіп, 20,1% құраса, 2011 жылы 24,2%-ға жетіп, 509 965 013 адам болып отыр. 

2009 жылы ыспан тілділер үлесі 130 млн. адам (8,2%) болса, 2011 жылы 164 968 742 қолданушыға (7,8%) өскен.

Осылайша ағылшын, қытай және ыспандар алғашқы үштікке орын тепсе, қалған 7 орынды: жапон, пәрең (француз), пәртөгәл, неміс, араб, орыс және кәріс тілділер иеленді. 

2009 жылы жапон інтернет-users (users|ˈjuːzəz|//қолданушылар) саны 94 млн. адамды (5,9%) құраса, 2011 жылы 99 182 000 (4,7%) қолданушыға жетті. 

Бесінші орында пәрең тілділер тұр. 2009 жылы пәрең тілі 73 млн. (4,6%) жұртты қамтыса, 2011 жылы бұл көрсеткіш мұсылман отарларындағы елдердің жаппай жетілдірілген араб интернет тіліне көшуіне орай 59 779 525 адамға  (3,0%) кеміді.

Пәртөгәл тілділер үлесі 2009 жылы пәреңдерден  бар болғаны 0,1%-ға артта қалып келсе, араға үш салып, 2011 жылы 82 586 600 адамға (3,9%) жетті.

Неміс тілді мемлекеттегілер әуелгіде 65 млн. (4,1%) болса, 2011 жылы желідегі санын 75 422 674 адамға (3,6%) жеткізе алды.

Араб тілділер өз санын 2011 жылы  65 365 400 қолданушыға (3,3%) пәрең тілді мұсылмандардың араб тілін тұтына бастауы арқасында өсіре білді. Ал, 2009 жылы 41 млн. адам ғана (2,6%) болған еді.

Жаңа ғасырдың соңғы жылдарын солтүстік көршіміз 38 млн. (2,4%) інтернет-users ашса, 2011 жылы тілдік қолданылу аясын Орта Азия елдері арқасында 59 700 000 мың (3,0%) жеткізді.

Осы ондықты 2009 жылы 36,8 млн. (2,3%) інтернет қолданушысы болған, Кәрея 2011 жылы 39 440 000 (2,0%) жеткен кәріс елі түйіндейді. 

Internet World Stats мәліметі бойынша интернеттегі 2012-2019 жылдардағы ең танымал інтернет тілдерінің ондығы төмендегідей:

Ағылшын - 25,2%
Қытай диалектілері (9) - 19,3%
Ыспан - 7,9%
Араб - 5.2%
Пәртөгәл - 3,9%
Индонезия/Малай - 3,9%
Пәрең - 3,3%
Жапон - 2,7%
Орыс - 2,5%
Неміс - 2,1%

2013 жылғы дерек бойынша Қазақстандағы інтернет сөштүктер (search/іздеу) жүйесі төмендегідей болып келеді:

- Google – 860 мың  інтернет-users (51,4%);
- Яндекс – 415 мың  інтернет-users (24,8%);
- Search.Mail.ru – 360 мың  інтернет-users (21,5%);
- Bing – 9 мың  інтернет-users (0,5 %);
- Rambler – 6,5 мың  інтернет-users (0,4 %);
- Webalta – 4 мың  інтернет-users (0,2%).

РФ, Украина және Қазақстандағы 2019 жылғы інтернет сөштүктер (search/іздеу) жүйесі кестесіне көз жібертін болсақ:

Дүниеге келіп, ұлтымызды жаһандасу дәуірінде әлемге тантытқан қазақ интернет сегментіне 26 жыл толып отыр. Қазақшаланған qz емес, орысшаланған нұсқадағы кz  аймағындағы орыс тілді барша сайт шартты түрде қос тілді болып келеді. Қазақтың көзін алдау үшін терезе басын тең ұстайтындары мемлекеттік құрылымдар мен ақпараттық агенттіктердің электронды порталдары. Қалғандары, яғни  коммерциялық, ойын-сауық және жаңалық сайттары болса, қазақ тілінде ештеңке бергісі келмейді. Онысын аудармашыға ақы төлеудің ақша шығынын көтере алмаймыз деген сылтаумен жуып шаяды. 

Осы орайда: «Не ұттық, не ұтылдық?» деген алаштық жалпыұлттық проблемалық сауалдың басы қылтияды. 

Осыдан 15 жылдай бұрын ресми статистикада Қазнеттегі сайттың 5,6% ғана қазақша контентке орын берсе, ағылшыншаға 12% үлес бергені анықталған болатын. Ресми статистиканың құлағын ұстап отырған Билік тарапынан қазір оның үлес салмағы қанша екендігін ешкім білмейді. Тіпті терезе басын тең ұстайтын мемлекеттік құрылымдар мен ақпараттық агенттіктердің электронды порталдары қазақша нұсқасын көз алдау үшін ашып қойғандығы да жасырын емес. Әрі берілетін ақпарат қашан аударылғанша орысша нұсқасынан көп кешіктіріліп жарық көреді. 

Кеңестік кезеңде «Социалистік Қазақстан» газеті КСРО билігі жаңалықтарын және салақұлаш 4-5 беттік қаулылар мен пленумдарды, съездер материалдарын  «Каз правдадағы» орысшасымен бір мезетте беретін. Нағыз қос тілділік заңмен сақталатын. Енді бәрі керісінше. Неге? Себебі бізде жергілікті халықтың тілдік ерекшелігін аяққа таптайтын «отаршылдық лингвофашизмге» негізделген орысша бір тілділік үстемдік құрып отыр. Биліктің кейбір тұтқалары саналы түрде аз санды славяндардың ығына жығылған «диаспоралық лингвопутинзммен» қазақты РФ неоотарлап беру үрдісін жүрісінен жаңылмай жүргізіп келеді. Сонымен елімізде орыс тілді гуманитарлық диктатура мықтап орнықты. Осы неоотарлау бағытында жұмыс істеушілік бүгінгі Қазнеттің де басты ұстанымына айналды. Бұдан былай ұлтымыз бұған мүлдем жол бермеуі керек. Өзгенің тілінде сайраушылдықтың кесірінен мемлекеттік интернет қауіпсіздігіміз қыл үстінде тұр.

Бар сылтау қаржыландыруда. Өйткені, қазақ нұсқасын мемлекеттік құрылымдардан басқасы Заң міндеттеген соң амалсыздан ашып, енді ақша төле деп алақан жаяды. Иә, мемлекет ақшасы бәріне жетпейді. Ол тек бірыңғай қазақ тілді сайттарға ғана бөлінуі керек. Сондықтан орыс тілінде ашылатын, ашылған сайттарға қазақшасы 70-30 пайыздық үлесті сақтауды заңмен міндеттейтін уақыт туды. Және осы 30 пайыздың 20-сы орысша, 10-ы ағылшынша болуды «үштұғылы тілшілдер» құптауы керек. Егер оған көнбесе, меншік иелері азаматтығын алмастырып, РФ интернет аймағына ауыссын. Қазақстанда тұрды екен осы елде өз сайтын аштым екен, тілім орысша деп бәлсінбей, аудармашы іздеп өтірік қарманбай қазақ журналистерін жұмысқа алып,  алаштық интернеттің дамуына патриоттық үлесін қоссын. Тілді империялық өркөкіректікпен не болмаса, орысқұлдық көрсоқырлықпен білмесе білмесін, бірақ, оның 70 пайыздық үлес салмағымен өркен жаюына қол ұшын берсін. 

Соңғы демі қалғанша орыс тілді бір тілділікті ту етіп, жалған қос тілділіктің шашбауын көтергендердің, биліктегі ұлтсызданған орыс тілді азаматтық қоғам дертіне шалдыққан идеологтардың бастамасымен  ел үкіметі 2007 жылы «Государственный язык РК»-ға 66 млн. ақша жұмсады. 2008 жылы тілді дамыту үшін 5 млрд. теңге бөлді. Одан қазақ тілді интернетке көк тиын тиген жоқ. Қазірде бөлініп келеді. Тендерде басымдық көп оқылады-мыс деген сылтаумен бірыңғай орыс тілді сайттарға беріледі. Әрі орыс тілді қазақстандық сайттарды 3 млн. орыс диаспорасының өкілдері мүлдем қарамайды. Себебі ҚР сайттары РФ сайттарының жансыз көшірмесі. Өздері еліміздегі интернет ресурстардың қақпағын қолдарында ұстап отырған соң, орыс тілділер кибержиендікпен көз бояушылық жасап көп қаралымдылықты қосып жіберді де, қазақшасын аз қарайды деген мифтік желбуаздықты қоздатады. Жалпы, ҚР өзге ұлт өкілдері біздің телеарналардағы ресми тілдегі хабарларды бейіл танытып көрмейді, ресми тілдегі жарияланымдары басым сайттарымызға ықлас танытып көп кіре бермейді. 

Көптеген елдердің бас ауруына айналған Chinatown//Чайна-таун – «қытайлық шәрі»;  唐人街 немесе 华埠 дерті интернетті де жаулап алды. Оған белгілі бір мемлекеттің тұрғындарының өзге елдің тілін екінші ана тілі санауы төменгі кестеде беріліп отыр.

Сондықтан тендер деген бәледе орыс тілді сайттарға ақша бөлуді доғару керек. Бөле қалғанда қазақ тілді материалдарға жұмсайсың деп міндеттеген жөн. Әйтпесе, қазақ тілді интернетті арнайы қаржылық қолдаусыз мемлекеттік тілді дамыту үшін жалпақ шешейлік ақша шашатын дәстүр осылай жалғаса береді. Мемлекеттік тілдегі емес жекеменшік сайттарға ақша бөлмей, жарнаманы таза қазақша ғана беруді заңмен реттеп, 70 пайыздық алаштық үлес салмақты міндеттейтін кез туды.  

Түйін. Құдай өзі куә «Камптық қазақи бағдарламалар және жалпыалаштық интернет тілі» жайында әлі күнге не шала тілді оппозиция, не билеп-төсеп отырған орыс тілді билік түйеқұс сияқты басын құмға тығып алып отыр. Оның себебі, тап осы проблеманы көтере алатын ел иесі, жер қожасы қазақ тілді қауымға ана тілінде белсенді қимыл жасайтын, қауырт қайрат қылатын ұлттық партия құруға заңмен тыйым салынғандығы.

Әлемге танымал камптық бағдарламалар, онлайн сервистер, ойындар ағылшын тілінен тікелей сөз қабылдау арқылы ұлттық сөйлеу тілімізге бейімделіп қазақтану керек. Қазақ тілді интернеттің медиа-бизнесмендер қауымын тәуелсіздік ұландары арасынан қалыптастыру үшін  нақты шара жасалуға тиіс. Қазақ тілді жастардың ұсынған қанатқағарларына тегін қаржылық қолдау және интернеттегі аударма кинолар, түрлі тақырыптағы тәржімалық онлайн кітапханалар ашуына және камптық бағдарламаны жасауы үшін жеңілдетілген 1-2 пайыздық ұзақ мерзімдік несиелер беріп, сайттарының дамуына демеу жасалуы керек-ақ. Қазақи орта деп танылған, мүлдем орыстанбайтын Қызылорда, Атырау, Маңғыстау аймақтарында жастарға арналған кино және телехикаяттар сайттары ашылып, осы өңірлердегі білікті жастардың араласуымен 1980-2020 жылдар аралығындағы ең үздік теле дүниелер ділі жақын қытай, жапон, кәріс, және діні жақын араб, тілі жақын түрік тілдерінен  қазақшаланса көп нәрсе ұтар едік. Және балаларға арналған әлемнің ең үздік телеарналары қазақ тіліндегі сайттар арқылы телехабар таратуын жолға қоятын уақыт жетті. Қазақ интернет тілін әм бағдарламаларын ретке келтіріп, интернет өнімдерімізбен тілі жақын ОА елдеріне, РФ түркілерін экспансиялайтын дәуірге аяқ басуымыз керек. Сонда үкімет бөлген ақша қаржылық жағынан өзін ақтайды. Қазақ тілі орыс әлеміндегі түркілердің тұтынатын интернет тілі екендігіне биліктің көзін жеткізу үшін нақты шаралар әзірше жеке тұлғалар арқылы іске асырылу үстінде. Тек осыған орыстілді билік мұрша берсе...

Ендігі жерде бүкіл ұлт болып, Ағылшын мен Орыстың інтернет құлдануына жол беріп қарап отыруға еш болмайды.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

20 пікір