Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 4069 12 пікір 29 Наурыз, 2020 сағат 12:58

Аналар «Алла разы болсын!» – деп жатыр

Кеше «Abai.kz» ақпараттық порталында «Дабыл! Олар: «Біз – ашпыз!» – дейді» атты мақала жария болды. Портал бетінде жарияланған материалды айналасы бірнеше сағаттың ішінде 6-7 мыңға жуық адам оқып, 300-ге тарта адам әлеуметтік желіде бөліскен екен. Қоғамдық ортада, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған аналардың жанайқайы әуелде WhatsApp желісінде тараған болатын.

Қытай вирусы мен теңге тұрақсыздығынан болған қаржылық қиындық қос бүйірден қысқан алағай да, бұлағай заманда киерге киім, ішерге ас таппай алаң болған аналар ағайын-жұрттан көмек сұрап, қайрымды жандарға қайрыла сөйлеген. Мойындарына ұялы телефондарының нөмірлері мен «Біз – ашпыз» деген сөзді парақша қағаздарға жазып алған адамдардың жалпы халыққа үндеуіне біз де жаря түрде үн қосқан едік.

«Abai.kz» порталындағы аналардың жанайқайы жария көрісімен «Нұр Отан» партиясының құлағына жетіп, партия жанынан құрылған еріктілер тобы ел-жұрттан көмек сұраған аналарға ас-ауқат, азық-түлік жеткізіпті деген хабар алдық.

Біз ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбек болып, бейнеүндеу жариялаған аналарға хабарласып, мәселенің мән-жайын сұраған едік, олар былай деді.

Мағрипа Ақпаева, жалғыз басты ана:

«Бүгін «Нұр Отан» партиясынан кісілер келіп, көмек беріп кетті. Алдағы уақытта келеміз немесе келмейміз деп, ештеңе айтқан жоқ. «Тағы да көмектер болып қалуы мүмкін», – деді. Оларға Алла разы болсын!».

Алтынай Төлеубекова, жалғыз басты ана:

«Иә, бүгін көмек берілді. «Нұр Отаннан» бір жігіт келді. «Бұл – бір рет берілетін көмек», – деді. Азық-түлік әкеліп берді. Қазіргі азық-түлігіміз жеткілікті. Көп рақмет оларға. Алла разы болсын!».

Редакциядан: Жалпақ жұртқа жанайқайын жеткізген Алтынай, Мағрипа сияқты аналарға, өзге де мұқтаж жандарға «Нұр Отан» партиясы жүйелі түрде көмектесіп, азық-түлік жеткізіп беріп жатыр. Ал азық-түлік пен дәрі-дәрмекке зәру адамдардың қарасы молая түскен. Соның бәріне «Нұр Отан» партиясы, партияның еріктілерден құралған жасағы (волонтерлер) дер кезінде көмек қолын созуда. Біз «Нұр Отанның» бұл қарекетіне «бәрекелді» айта отырып, әлеуметтік жәрдем мен ас-ауқатқа алақан жайған ағайынның да тап бүгінгідей тар заманда төзімділік танытуын, жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Abai.kz

12 пікір