Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Өз салтың 8694 3 пікір 28 Наурыз, 2020 сағат 14:13

Егеухан Мұқамәдиқызы: Этнографиялық әңгімелер

Ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Моңғолияның Еңбек ардагері Егеухан Мұқамәдиқызы биыл 80 жасқа толады. Он алты жасынан ақындар айтысына қатысып, шығармалары Моңғолияда, Қазақстанда шыққан оннан аса топтама жинақтарға енген Егеухан апамыздың жуырда жеке шығармалар жинағы баспа көргелі отыр екен.

Осы ретте біз он баланы тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ананы, айтыстың, айтыскерлердің анасына айналған Егеухан апамызды мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, жинаққа енген «этнографиялық әңгімелерін» оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Жәмиләнің әжесі

Зура әжейдің дүниеден озған отағасы Сағындық атайдың жалғыз тұяғы Алдаберген кіндікті болды. Әкесінен қалған шаңырақта оннан аса жан тұратын. Олар: әжейдің өзі, ұлы, келіні Зылиқа, немерелері: Ардақ, Асыл, Ақжарқын, Айбек, Айдос, Назира, Нарима, Дариға, Жәмиләлар еді. Күнде таңертең Жәмилә мен әжесі жай тұратын. Олар киінгенше Жәмиләнің аға-әпкелері сабаққа, көкесі жұмысқа кететін. Зылиқа ғана шайтақтайдың үстіне қарынның құрышындағы сарымайды, аяқшыныдағы қаймақты, ақкенеп дорбадағы кесек-кесек қызыл жарманы қатарластырып қойып, самауырға шай суымайтындай шоқ салып басқалардың ең соңынан жұмысына асығып үйден шығатын. Әжесі немересін қасына алып дастарқан басына жайғасады. Күрең шайды құйып, қаймақ қатып, иіс салып, жұмсақ жармадан опырып шай құйылған қалың әрі қолға толымды қызылала шынының түбіне тастап жібереді.

Маңдайы тершіп, бойы балқып шайды сіміретін. Жәмилә да жұмсақ қызыл жармаға сарымайды жағып жеп тыңқиып тойып алатын. Ол әжесінен өзі білмейтін заттардың мән-жайын сұрап білуге асығатын. Оның ойынша әжесінен үлкен, әжесінен мейірімді, әр нәрсені әжесіндей білетін жан жоқтай сезінетін. Өйткені өз отбасында әжесінің айтқаны орындалады. Әкесі-анасы, аға-әпкелері бәрі әжесінің ымымен жүретіндей сезілетін. Расында да әжесі отбасының құты, әулетінің ұйытқысы, ауыл аймағына сыйлы адам еді. Жәмилә таңдайына татыған «қызыл жарманың» қалай жасалатынын білгісі келді.

­­­­­– Әже, қызыл жарма қалай жасалады? Айтшы деп қайта-қайта сұрай берді. Әжесі:

– Е,е балам-ай, бұл сенің ғана емес барлық балалардың білгісі келетін сыры беймәлім дүниелер көп қой. Өз білгенімді ұрпаққа айтып кетейін,- деп, бейне бір жаққа аттанғалы отырған адамдай әңгімесін әріден бастады.

Киіз үй – киелі орда

Көшпелі өркениеттің ең өзекті, қажетті баспанасы киіз үй. Бұл киіз үйдің пайдасын атам замандағы адамдардан бастап күні бүгінге дейін игілігін көріп отырмыз. Киіз үй ата-бабамыздың өсіп-өнген ыстық ұясы. Ежелгі хандар тіккен салтнатты, сәулетті Ақорда.

Киіз үй құрылысын толық білесіз бе? - Жәдігер|07 Қараша 2016, 09:21

Мұны қазіргі жас ұрпағымыздың бірі білсе, бірі біле бермейді. Киіз үйдің пайдасын өткен ғасырдағы Сағынайдың асын айтпай-ақ бір ғана мысал келтірейін.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1995-жылы ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы (ЮНЕСКО) әлемдік деңгейде тойланды. Бұл тойға алыс жақын шетелдерден қаншама қонақ шақырылды. Өз еліміздің өнер өрендері мен барлық халқымыздың аудандысы қатысты. Жер қайысқан қонақ, қисапсыз құмырсқадай құжынаған адам. Қарауылдың кең жазира даласына алқапты алаңына үш мыңдай киіз үй тігілді. Арқа-жарқа алуан қызықты той дүрілдеп өтті. Той өте салысымен киіз үйлерді жапатармағай жығып, артып көшіп кетті. Той болып өткен алаң алаңсыз ешнәрсе болмағандай кең көсілген кербез қалпын бұзбай, етек-жеңін жимай керіліп маңғаз күйінде қала берді. Міне бұл теңдессіз өркениет. Жиһазы жиналған салтанат, сәулеті келіскен киіз үй – киелі орда. Қасиетті қазақ мәдениеті емес пе? Егер қазақ халқының киіз үйі болмағанда қыруар қаржы, қаншама уақыт, қандай қарбаласпен қорыс-қопа құрылыс жабдығын жинап аласапыран арпалыспен асар-күсер асығыспен қандай құрылыс тұрар еді? Күні бүгіндері де қандай бір той-томалаққа ешбір қиындықсыз киіз үйді көшіріп әкеліп тігіп, той өте сала жығып, буып-түйіп көшіріп әкетуі қандай тамаша тағылым.

Бұл құндылығымызды кейбір жастарымыз киіз үйді тіге білмейді. Киіз үйдің жабдығын жасауынан мүлде бейхабар. Киіз үйдің ағашын, жабдығын жасайтын адамдар арылып кетсе жастарымыз білмей қала ма? – деген қауіпті сауал туындайды. Барды қадірлеп қыр-сырын білуге, ұғуға ұмтылайық, ұрпақ!

Киіз үй

Қазақ халқының өмір тіршілігін киіз үйсіз елестете алмайсың. Киіз үйдің тарихы тереңде үш мың жылдық тарихы бар. Қазақ халқының көшпелі тіршілігінде баспана болған киіз үй ерекше міндет атқарып келген. Қазақ ата-бабамыз ұрпақ өсіру, тіршілік құру және де соңғы сапар, о дүниеге аттанғанда да осы киіз үйден шығарған. Анығын айтқада киіз үй қазақ халқының киелі ордасы. Қазақ киіз үйлерін қырғыз, түркмен, монгол тектес тайпалардың үйлерімен салыстырып қарағанда олардан қазақ киіз үйлері үлкен. Киіз үйді толық жабдықтап өмірде пайдалануды қазақтар өз қолымен істеген. Қазақтарда киіз үйлердің нелер жақсы үлгілері сақталып қалған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келуші саяхатшылар, жиһангездері мұның куәгерлері. Жаз айларында кейбір отырықты жерлерде қаладағы қазақтардан киіз үйлерін тігіп отыра қалатындар бар. Міне қаладағы тұрғын үйде тұрушылардың өзінде де киіз үйлері дайын. Жазда жайлауға киіз үйге шығады. Қазақтар үй ағашты байырғы қазақы әдіспен жасап, жөндеп алады. Киіз жабдығын, бау-шуын  бәрін өздері қолмен жасайды. Үй ағашты үйдің үлкен-кіші мөлшеріне қарай дайындайды. Кереге 70, 80, 90, 100 басқа дейін оданда көп бас болады. Өте үлкен хан ордаларын атпен тіккен. Үй ағаштың уығын, керегесін өзексіз талдан алады.

Мор салу

Киіз үйдің ағашын жасау үшін ең әуелі ағашты түзететін «тез» орнатып «мор» салады. Киіз үйден, мал қорадан алыстау арық суының жағасына тезді орнатып, қойдың ескі қорасынан әсіресе күздік қорадан күзгі құмалақ көңнен қанарлап түйемен тасып төгеді. Тездің алдыңғы екі аяғы алшақ артқы жағы сүйір ұзындығы екіден үш кездей, жуандығы кіші-гірім бөренедей көрекеділ тәрізді орнатады. Оның жон арқасына сүйемдей кертік салады. Бұл қыңыр-қисық ағашты түзететін түзу ағашты иіп епке келтіретін бұл ағашты «тез» деп атайды. Кепкен ағашты әлгі арық суына салып қайта дымқылдайды. Үйілген көңге от қойып тұтатады. Ол толық өртеніп кетпеу үшін көң аздап өртеніп, әр жері қызарып қоламта болап бастағанда су құйып тұтатып былқытып қояды. Әрі қызу әрі дымқыл тұтап жатқан морға сыртын дымқылдаған ағашты көміп қояды. Ол бабымен жібиді. Жібіген ағашты тезге салып сықауырмен сықап мықынына тіреп бір ұшымен түзететін ағашты кертікке қысып екі қолымен сүйеп, түзететін жерін түзеп, шетін иіп икемге келтіріп іске қосады. Мор мен тездің атқаратын міндеті осындай.

Шаңырақ

Киіз үйдің шаңырағын жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шаңырақ жасаушы өте шебер болуы қажет. Өйткені шаңырақ дөп-дөңгелек жеңіл өте берік болады. Шаңырақтың ағашы күзде жазғытұрым сүмбедей түзу өскен ұзын, жуандығы жеңді білектей қайың ағашынан кесіп алып қабығын аршып көлеңкеге кептіреді. Кепкен қайың ағашты төрт қырлап жонады. Ортасынан түп-түзу қақ жарады. Суға салып дымқылдап, морға көміп балқытады. Балқыған ағашты тезге салып, үйдің үлкен-кіші мөлшеріне қарай дөңгелетіп иіп шеңбер жасап дөп-дөңгелек шаңырақ болғызады. Шаңырақты мөлшеріне қарай екі кейде  үш ағаштан қосады. Шағырақтың шеңбері дөңгеленіп біткен соң қырын басып майдалайды. Үш-үштен алты ағашты сыптайғып жонып, әсемдеп ортасын дөң болғызып айқастырып күлдіреуіш салады. Шаңыраққа уық шаншатын көзді арасын тең мөлшерлеп өлшеп қашаумен төрт қырлап астыңғы кемеріне қарай басыңқы көзейді. Көзеу төртбұрыш болғанда уық қыдырмайды. Киіз үйдің шаңырағы осылай жасалады.

Уық

Үйағашшылар киіз үйдің уықтық ағашын күзде талдың жапырағы түскен шақта, не ағаш жанданбай, жапырақ жаймай тұрған шағында жазғытұрым өзексіз өскен сүмбедей түзу талды таңдап кесіп алады. Уық үйдің үлкен-кіші мөлшеріне қарай екі кезден төрт кезге дейін ұзындықта болады. Ағаштың қабығын аршып көлеңкеге кептіреді. Кепкен ағашты арық суына салып жібітіп морға көміп балқытады. Жібіген ағашты тезге салып, қисық-қыңыр, бұралаңын түп-түзу болдырып түзетеді.

Уықтың иінін (қарнын) біркелкі болдырып иеді. Иіннің ішкі жағын сәндеу үшін ұшы өткір сопақ темірмен қосбуырлайды. Уықтың ұшын төрт қырлап шотпен ағаш жаңғырыққа салып қаламдайды уық қисайып қыдырмайды. Уықтың керегеге байланысатын ұшын тесіп бау өткізіп керегенің басына сол баумен байлайды.

Кереге

Киіз үйдің керегесін жасау үшін әдеттегідей күзде немесе жазғытұрым өзексіз шымыр талдан таңдап алып, аршып көлеңкеге кептіреді. Керегелік кепкен ағашты суға салып дымдап, морға көміп жібітіп жібіген ағаш кебе құрғақ тұрғанда тезге салып сықауырмен қысып, мықынына сүйеп үйағашшы керегелік ағаштың ортасын дөңестеу, басын қайқылау, аяғын түзу болдырып жөнге келтіреді. Керегенің бас жағына екі-үш қарыстай жеріне қосбауыр сызық салып өңдейді. Керегені торкөз, желкөз болдырып өлшеп бұрғымен тесіп торкөзге екі азат желкөзге бір азат қалтырып тесіп сол тесік бойынша түйенің бауыр терісінмен көктейді. Торкөз кереге желге берік болады. Желкөз керегеге ағаш аздау жұмсалады. Жеңіл болады. Көктелген кереге тігуге жаюға, жинауға қолайлы. Керегенің бас жағы үш көктіге екі көкті қабысып, айқасып жымдасып қосылады. Егерде үш көкті не екі көкті қатарласып келсе қабысып қиюласып қосылмай елік ауыз болып тұрып алады. Ол бос болады. Керегенің басымен үйдің мөлшерін анықтайды. 80, 90, 100 басты үйлер үлкен болады. Керегені қосқанда ызған құр таңғышпен таңады. Керегені түйеге қомдап көшкенде аяғына аяқ қап жасап соны кигізеді. Ол аяқ қап ылдида түйе кимелдегенде керегенің аяғын сынудан сақтайды.

Есіктер

Киіз үйдің есігін тақтайдан, жеңіл ағаштан, ши киізден жасайды. Мұнда көшпелі елге көбіне киіз есік пайдалы. Киіз есіктің ішінен босаға, маңдайша, жабалдырықпен ұштасқан жеңіл тал ағаштан тізіп ергеншек есік жасайды. Сыртынан киіз есік ұстайды. Киіз есікті иық-иық келтіріп ши тоқып оның сыртын, ортасын ақ киіз, төңірегін қара киізбен қаптайды. Бұл киіз үйге ерекше сән беріп тұрады. Киіз есіктің соңғы иығының ұшынан бау тағып шаңырақтың күлдірлеуішінің арасынан алып есік жақ керегеден байлайды. Киіз есіктің бас жағын  үзіктің астынан келтіреді. Есіктің маңдайша тұсына келетін жерінен кіндік бау тағып күндіз есіктің есікті жауып тұратын мөлшерлі жерін шиыршықтап кіндік баумен маңдайшаның үстіне байлап қояды. Киіз есік жылылыққы тән. Әрі киіз үйге сән беретін көнеден жалғасқан қажетті киіз үй жабдығының бір түрі. Қырға, малға көп көшпейтін үйлері бір ыңғай тақтайдан киіз үйдің есігін жасайды. Мұнда маңдайша, босаға, табалдырықты қалың үш елідей тақтайдан қиюластырып келтіріп қақпағын кейбіреулер жарма болғызып, кейі тұтас қақпақ жасайды.

Киіз үйдің жабдықтары

Үзік

Қазақ халқының негізігі баспанасы киіз үй. Киіз үйдің жабдықтарын түгелдей өз қолдарымен жасап алатын жасампаз халық. Киіз үй қанша үлкен болса да екі үзік жабылады. Үзікті басылған киіздің ең өңдісінен аппақ киізден жасайды. Өйткені киіз үйдің көркін ашатын үйдің ағашы, туырлығы бәрінің сыртынан жабылатын айтулы жабдық үзік. Үзіктің биіктігін уықтың ұзындығымен өлшеп алады. Жағасын уықтың қаламдығынан етек жағын уықтың төменгі баулығынан сүйемдей жоғары өлшеп алады. Үзіктің етегінің кеңдігін үйдің шеңбер кемерінен шыр айналдырып өлшеп алып екіге бөліп мөлшерлеп пішіп кеуде жағын шаңырақты қабатындай болғызып танап тігеді. Үзіктің етегі, тігі, жағасы барлығы аппақ қойдың өлі жүнінен оңқай-солақай екі жеке есілген жиекпен таңдайлап жиектейді. Тігісін түйенің шудасынан иірілген жіппен тігеді. Үзікке бауды аппақ жүннен оңқай-солақай жіңішке есіп әсемдеп сегіз талдан таңдайлап ақ жіппен тебен инемен ызып, үш құлаштан тағады. Үзіктің екі жағынан үштен парлап бір үзікке алты құр тағады. Бұл құрларды маңдайшаның үстіңгі жағынан айқастырып қос шаршы келтіріп, құрдың ұшын керегенің аяғының ішкі жағынан алып байлайды.

Туырлық

Киіз үйдің туырлығын үйдің мөлшеріне қарай 60-70 басты үйге үш туырлық 80, 90, 100 басты үйлерге төрт туырлықтан жасайды. Туырлық биіктігі уықтың қарнының жоғарғы жағынан алады. Әр туырлыққа екі жағынан екі ызған құр бау тағады. Уықтың қарнынан жоғары келетін басқы жағасын уықты қаптыру үшін танайды. Туырдықтың жоғарғы жағасын, жанын ақ жүннен есілген таңдай жиекпен жиектейді. Туырлықты керегеге ұстаған шидің сыртынан, үзіктің ішінен ұстайды. Барына қарай қызғылт киіз болса да болады.

Түндік

Киіз үйдің түндігі шаңырақтың үстінен жабылатын төрт бұрыш киіз. Түндіктің төрт бұрышына сәндеу үшін жарты шаршыдан, ортасына төрт бұрыш бүтін шаршы ою салған. Түндіктің төрт бұрышының ұшына байлайтын бау тағады. Түндікті түнде жауып, күндіз ашып қояды. Түндіктің есікке қараған жағына тағылған бау, басқа онжақ-солжақ, артжақтарының ұшына талғылған баудан екі есе ұзын болады. Себебі қайткенде де киіз үйдің түндігі күндіз ашық тұратын заңдылық бар. Күндіз ашпай түндік жабық тұру жаман ырым. «Тұқымсыз түндігі жабылып қалған» - деп айтатындықтан түндікті күндіз жауып қоюдан сақтанған. Ашық тұрған түндікті жел желпілдетіп аударып кетпеу үшін түндіктің үстінен арқанмен бастырып оны үнемі оңжақ-солжақ бауымен қосып тартып керегенің аяғынан ішіне қарай алып байлайды немесе кіндік бау тағады.

Дөдеге

Қазақ халқының киіз үйінің сонадайдан сән-сәулетін арттырып, айбынын асыратын  сыртқы көркем көрінісі. Ол үшін ақшаңқан үйдің үзігін айналдыра оюлап дөдеге жасайды. Дөдегені ертеде төңірегінің бір жағын бір қарыс, бүр сүйемнен өлшеп алып, төртбұрыш шаршы ақ-қара киізден ойыстырып жөрмеп қызылдан жиек басқан. Бір төртбұрыштың төңірегіндегі ақ, бір төртбұрыштың төңірегі қара болады. Бұл төртбұрыштарды үзіктің етегіне қатарластырып шаршы бұрыштарын тұстастырып арасын жарты кез қашықтықта жарастырып жапсырған. Бұл дөдегені есіктің маңдайша тұсынан айналдыра жабыстырады да есіктің босағасына осыған сәйкес ою басады. Дөдеге уықтың иінінде тұрса сәнді көрінеді. Дөдегемен ірге шиді де парлас оюлаған. Үзіктің төрт жағына төрт шаршы, түндіктің төрт бұрышыа төрт жарты шаршы, түңдіктің ортасына төртбұрыш бүтін шаршы ою салған. Қазір киіз үйді ақ атлас бұлдармен сыртына жабылып жабдықтан дөдегені қызыл атластан ойып, сарыдан таспа басып жасайды. Үзіктің төрт жағы, түндіктің төрт бұрышы, ортасына босағаға, ірге шиге бәріне қызылдан ою басып, сарыдан таспа басып сәндейді. Бұл да киіз үйдің сән-сәулетін жарастырып, жайнатып, өң беріп сонадайдан мен мұндалап тұрады.

Туырлыққас

Киіз үйдің туырлығының ішкі жағына уықтың қарнын қаптыра жоғары қарай екі қарыс биіктікке қара киіз жалғайтын. Мұны туырлыққас атаған. Бұл туырлыққасты ақ-қара киізді ойыстырып жөрмеп қызыл жиек басып, жағасын, екі тігін қос жиектеп сәндеген. Қазігі заманға сай киіз үйдің сыртын, ішін жайнайтып атластан жабылты жасайтын болды. Соған сәйкес туырлыққастың жасалуы да өзгерді. Киіз үйдің уығының қарнынан иінінен жоғары шеңберін айналдырып туырлыққасты қара не жасыл қатипа барқыттан өлшеп пішіп алып, қызылдан ою басып, сарыдан таспа бастырады. Бұл ақ атласпен астасып үйдің ішін жайнатып жібереді.

Басқұр, бау-шу

Қазақтың киіз үйінің ішінде ерекше сән беріп жарастыратын жабдығының бірі «Басқұр». Бұл көркемдігі сәйкессе аса көрнекті дүние. Мұны кереге мен уықтың түйілісінен өрге қарай ұстайды. Мұны ерте заманда қазақ халқы киіз үй сәндей бастағанда үйдің көркемделуіне үлес қосқан. Ақ қойдың өлі жүнінен, марқа қозының өскелең сең-сең жүнінен таңдап алып, иіріп түрлі-түсті бояумен бояп тоқылған. Қазір жіптің не түрі дайын. Тоқылғанда өрнек салып тергенде тех ашылады деп қойдың жүнінен иірілген жіпті алып қайта иіріп тоқиды. Салынатын мүйізіне сәйкестендіріп жіпті санап құрады. Бұл терме мыңда бір ғана шебердің қолынан келетін қиын өнер. Сондығымен сәнді әрі құнды «Басқұр».

Термебау

Төрт туырлыққа сегіз бау тағады.  Бау тоқу үшін ақ қойдың өлі жүнінен не қозының өсіп жетілген күзгі сең-сеңдеген кезінде қырқып алып жүнді жуып шуашын арылтып шөп-шөңгесін тазартады. Жүнді майда түтіп иіріп, қайта қабаттап иіреді. Терме баудың жібін дайындауға қыруар жүн, қаншама уақыт кетеді. Жіпті иіріп келептеп қойып түрлі-түсті бояуға бояйды. Қазір дайын жіптің түрінен қойдың жүнінен иіріп дайындаған жіп тоқығанда, мүйізін тергенде тез ашылады, - деп шеберлер соны таңдайды.

Сегіз бауға бір келкі қос мүйіз, не біріңғай сыңар мүйіз өрнегін салады. Қызыл-жасыл немесе сары-көк жіп дегендей түрін үйлестіріп шетіне алағұртты ақ пен қара жіптен салады. Осы дәуірде киіз үйдің туырлық қасы тұтас үйдің уығын шыр айналған болғандықтан терме бауды екі-екіден парлап үйдің оңжақ-солжақ, артжақ-алдыңғы жақ төрт жаққа шаршы түсіріп, уықтың аржағына ұстап қоятын болған. Бұл терме баулар керемет көркем көрінеді. Үйге сән беріп тұрады.

Құр ызу

Қазақтың киіз үйін тігуге керектенетін барлық бау-шу жіптерінің өзін сәнмен салтанатпен мейлінше көркем жасаған. Керегенің қоспасын берік қозғалтпай ұстап тұратын болдырып тұратын жіпті «құр» дейді. Құрды ызу үшін қойдың өлі жүнінен, қозының өсіп жетілген күзгі жүнінен еседі. Жүндердің аппақ қара жүндерін ылғап алады. Жүнді жуып шуашын кетіріп шөп-шалаңнан арылтады. Есетін жіптің жақтауын ақ, бір жақтауын қара болғызып есіп қарала жіп болғызып ескенде оңқай-солақайын сәйкестендіргенде таңдай болып шығады. Пар-парымен алты тал жіптен таңдай болатындай қатарластырылады. Түйенің тамақ шудасынан қалдылау иірген жіпті, жалпақ құрға жететін жебелі сұңғақ сом инеге сабақтайды. Сабақталған жіппен инені есілген алты тал жіптің таңдайын аудармай келтіріп ызады. Киіз үйдің есігін екі босағасын қосқанда алты қанат керегені қосып таңу үшін жеті құр, сегіз қанат керегені қосып таңу үшін тоғыз құр қажет. Құрдың әр қайсысы үш жарым құлаштан болуы ләзім. Киіз үйдің керегесіне таңатын таңдай құр осылай жасалады. Киіз үйдің үзігіне тағатын құр бірыңғай ақ жүннен оңқай-солқай есіліп әдеттегідей таңдай болып ызылады. Бұл жалпақтау үшін сегіз талдан ызылады. Артқы үзікке тағылған алты құр үйдің маңдайша тұсынан екі шаршы түсіріп әсемдеп байланады.

Уықтың аяқ бауы

Киіз үйді жыққан соң уығын иығын бір келкі келтіріп, бір тексі жинап қарнын үйлестіріп сыптайғып буады. Уықтың өз бауымен қарын жағын буады. Аяқ бауымен қалам жағын буады. Аяқ бауды жасағанда ақ-қара биязы жүннен оңқай-солақай есіп таңдай болып тұратындай жасайды. Өйткені екі ұшына бунақ-бунақ шашақ төгіп екі тал жіптің ортасынан уықпен байлап екі қатар жіпті төмен салақтатып шашағын төгілтіп қатар қойғанда таңдай болып тұрады. Киіз үйдің оңжақ-қазанжақ, төржақ-есікжақ. Төрт жаққа төрт шашақты аяқ бау байлауға тиісті. Бірақ «төрт құбылам теңеліп кетті», - деген астамшылық ой болады деп аяқ байдың үшеуін ғана уыққа салақтатып байлайды да біреуін керегенің басына ескерусіз қылып іле салады. Уықтың аяқ бауы қабаттасып салақтап тұрғанда ұзындығы бір кездей болуы шарт. Міне аяқ бау осылай жасалады.

Уықтың бауы

Қазақ халқы киіз үйдің әрбір жабдығын жай жасай салмаған. Уықтың бауында бір талын ақ, бір талын қара жүннен есіп екеуін қабаттап қара-ала сәнді бау дайындаған. Ұзындығы бір құлаш уықты керегеге мықты бекітеді. Ол да көркем қара-ала бау болып тұрады.

Уық шалатын жіп

Қазақ халқы ежелден көшпелі ел болғандықтан киіз үйдің барлық қажетті жабдығы сақадай сай болған. Әрі көркем, әрі берік жасалған. Көшіп келіп қона қалғанда үйін тігіп сыртының бау-шуын түгел байлап, жел соқса тірейтін бақанын сайлап қауіпсіз орналаса қалатын. Киіз үй тігілісімен уықты түгелдей шалып қисаймайтындай болғызып қоятын. 20-25 құлаш уық шалғыш жіпті де бір талын ақ, бір талын қара болдырып есіп, екеуін қайта қабаттап қара-ала жіп болғызады. Қара-ала жіп қазақтың бір көрікті жібі.

Уыққап, аяққап

Көшпелі елдің өмірі әмбеге аян. Көшіп жүргенде түйе кимелесе уықтың қаламын, керегенің аяғын сындырмасын деп аяқ қап кигізген. Уықтың аяқ қабын түбін дөңгелетіп, төңірегін ақ-қара киізден ойыстырып жиек басып жасаған. Керегенің аяқ қабында ақ-қара киізден ойып, қызыл жиек басып жан-жағын 3-4 қарыс көлемінде екі жақ аузына ілмек бау тағып төңірегіне шашақ төгіп жасап жайшылықта аяқ-табақ салады. Көшкенде кереге, уықтың аяғына кигізеді.

Арқанның түрлері.

Белдеу арқан

Киіз үйдің тұлғасын алғашқы тігілген қалпын сақтап тұратын құралы белдеу арқан. Оны дайындау үшін күнілгері қойдың шудаланған биязы өлі жүнінен ақ-қара өңінен таңдайды. Шуашын жуып, шөп-шаламын теріп тазартады. Белдеу арқан берік болу үшін сойылған жылқының құйрығынан талдап алып биязы жүнмен орап есуге шүйке жасайды. Әлділеу болғызып, біріңғай оңқай үш тал жіп еседі. Есілген үш тал жіпті киіз үйдің ішінен сыртқа қарай босағаның үш көгінен шығарып үш ағашқа орап үш адам бұрайды. Жіп қатайып ширыққанда үйдің ішінен қармаулы бір адам тартып үш тал жіпті біріктіріп бұрайды. Мұны «арқан тарту» – деп атайды. Бұралған арқанның ұшын ығына қарай есіктен сыртқа шығарып бір бала бұрайды. Оны «құйыршық жеу» - дейді. Тартылған арқынның үш тал ұшын біріктіріп тігеді. Белдеу арқан үйдің көркін ашу үшін қара-ала арқан жасаған. Ол үшін бір талын қара, екі талын ақ жүннен есіп тартады ұзындығы үйдің үлкен кішісіне қарай болады. Үй тігіп киіз жабылған соң керегенің басына қарай басқы белдеу арқан тартамыз. Белдеу арқандарды басқа шаруаға жұмсамай ерекше күтеді. Киіз үйдің басқа киіз-кешегі, көркем жиһаздармен бірге сақтайды.

Қоспақтаулы арқан

Көшпелі мал шаруашылығындағы елде ауылдарда арқанның рөлі өте зор. Түйеге жүк арту үшін арнаулы үш арқан дайындайды. Мұндағы ең ұзын арқан түйеге артылған жүкті бекітіп тартатын тарту арқан. Оның ұзындығы 12-13 құлаш. Жылқының қыл құйрығын қосып ескен өте берік болу шарт. Өйткені түйеге артқан жүкті аудармай, - талдырмай межелі жерге жеткізетін осы. «Тарту арқан» онымен қатар міндет атқаратын 8-10 құлаш мөлшерде болатын «қомарқан». Бұл түйеге туырлық орап түйенің екі жағына екі қанат керегені немесе екі бума уақты қомдап бас-аяғын қозғалмастай болдырып түйеге таңып тартады. Бұл қомдаған қомның үстіне екі тең кебеже немесе екі тең сандық теңдейді. Тең-теңдейтін 4-5 құлаш арқанша немесе теңжіп атайды. Осы үш арқан бір-бірінен ажырамас түйеге жүк артуға керектенетін арқандар. Түйенің төсін арқан қимау үшін ұзындығы екі қарыс төрт елі киізден ішін қуыстап тігеді. Мұны «қолқа» - дейді.  Бұл қолқаға тарту арқан мен қом арқанды өткізіп қояды. Мұны «Қоспақтаулы арқан» деп атайды. Бұл арқандарды түйеге жүк артқаннан басқа әркеттерге жұмсамайды. Күтулі, сақтаулы тұрады.

Салма арқан

Қазақ киіз үйімен үнемі көшіп-қонып жүргенде үнемі тау қойны, тастың, ағаштың ықтасын саясы жолыға бермейді. Қумедиен жазыққа да, панасыз жалтаңға да, жарлауытқа да, қияға да ылди жағын биіктетіп жұртты тегістеп, малдың, жердің ыңғайына қарай киіз үйін тігіп отыра беретін. Ауа райы үнемі жайма шуақ, жадырап тұра ма? Бірде ай арасы болып, бірде әр түрлі амалдар, құстың жайы дегендей ауа райы да амалын тауып ара-тұра астаң-кестең арпалыс, дауыл тұрып, құйын соғып, боранда айдай-бойдайыңды шығарып шыр-пыр болғызатын. Басыңдағы үйіңді допша домалатып, қаңбақша қалпаңдатып басыңнан аударып, үй ағашты шырпыдай шытырлатып шағып, шөмшек болдырып кейде баспанасыз қалдыратын кездер аз болмаған. Қазағымыз не бір зұлматты бастан кешкен ел. Табиғат зұлматынан сақтану үшін қона қалған жерде үйге мықты арқаннан салма салған. Салма арқанды жүнге жылқының құйрығын қалың көбірек қосып ескен. Киіз үйдің босағасынан керегенің аяғынан, арқанның ортасының тұйығын өткізіп екі қарыс ағаштан тиек өткізген. Киіз үйдің маңдайшасының үстінен арқанды шалып алып киіз үйідің артына апарып қазандай тастан арқанның ұшын мықты байлап салма салған. Үйді жел қозғалта алмайды. Бұл салма арқанның арқасы.

Керме, ілме қосақ арқандары

Қазақ халқының ауыл өмірінде арқан жіптің араласпайтын керектенілмейін саласы аз. Әсіресе арқанның өте қажет маусымы жаз мезгілі. Қойды қосақтап сауу үшін арқан екі саламен қажет болады. Қойды сауып болғанша қозғалмай тұруына керме қосақ қолайлы. Сауыны молдау үйлер керме қосақты 6-7 құлаштан кереді. Керулі арқанға қойды екі-екіден әкеп мойнын керме қосаққа келтіріп екінші арқанды қойдың желкесінен келтіріп қосақтайды. Мұны «керме қосақ» деп атайды. Сауыны шағын үйлер жалғыз арқан алып шығады. Қойдың басын бір-бірден айқастырып екі қойдың мойнынан шалып ілме қосақпен қосақтайды. Мұны «ілме қосақ» - дейді. Әдетте қойды қосақтайтын керме, ілме қосақтың арқандарын өзге майда-шүйде жұмыстарға жұмсамайды.

Жан арқан

Жан арқан бұл аты айтып тұрғандай ер адамдар атпен жүргенде жанынан тастамайтын арқаны. Бұл арқанды көбіне жирен торы, баран жылқылардың жалынан жасайды. Әр талын жіңішке есіп әсем, сыптығырдай берік болуы ләзім. Өйткені бұл арқан мен жүйрік жорғаны арқандайды. Оларды байлайды, суарып құмдаққа аунатқанда да басында осы 6-7 құлаш жан арқан жүреді. Жан арқан үнемі ат мінетін адамның жанынан тастамайтын жансерік құралы. Ерінің алдыңғы оқпанындағы қысқа қанжығаға байлап жүреді.

Ноқта

Ноқтаның түрі көп. Ботаға, құлынға, бұзауға ноқта дайындалады. Оны қойдың өлі жүнінің ақ-қара өңінен биязы жүнін таңдап жуып тазалап алады. Не ақ-қара жүннен оңқай-солақай есіп таңдайлап ызады.  Бояу болса бояпта таңдайлап ызады. Бота, құлын, бұзаудың бастарына өлшеп ноқта сыпырылмас үшін сағалдырық тағады. Желіге байлайтын құлаштай тамақ бауды жіптен есіп ноқтаның қосындысынан тағады. Ноқталар осылай дайындалады.

Желі арқан

Желі арқан бие байлағанда, құлынды тізілтіп байлау үшін, ботаны, бұзауды бәріне желілеп байлау үшін желі арқан қажет. Желі арқанда қойдың өлі жүнінің биязы шудаланған түрінен таңдап алып жуып, шуашынан арылтып, шөп-шөңгесін теріп тазалап алады. Желі арқан барлық арқаннан жуан, берік болуы ләзім. Жылқының қыл-құйрығын жүнге молырақ қосып өте берік болғызып еседі. Желі арқанға екі ұшын байлап, қоятын қайың қазықты ертеден дайындап көшкенде көшпен артып алып жүреді. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын ауылдардың негізгі шаруасы.

Көген

Көген жасау үшін үш сала жіп жуантық берік болғызып еседі де әдеттегідей үш адам бұрап, бір адам тартып үш-төрт құлаш желі дайындайды. Содан соң бір-бір құлаш жіптерді жеке-жеке еседі. Оның бір жағын тұйық, ілмек, екінші жағының ұшын ары-бері өткізіп шоқпар бас болғызады. Бұл көгеннің бұршағы. Мұның әр біреуін әлгі жуантық желінің әр бұралған бұрандасының арасынан қарыстай алшақтық тастап өткізеді. Бұл көгеннің бұршағы болып аталады. Көгенге қозы-лақ көгендейді.

Шідер, тұсамыс, өре

Қазақ халқы қандай бір қажетті бұйымын өзі өндіріп қолымен жасап ала беретін хылықпыз. Шілдер үш бұтақты мінген аттың, қайбір жылқы малы ұзап кетпеуі үшін үш аяғына салып қоятын жабдықтың бір түрі. Екі бұтағы жақын  екі алдыңғы аяқтық. Бір бұтағы ұзын артқы мінер артқы жақ аяққа салынады.  Бұл үш аяқтық «шідер» деп аталады. «Тұсамыс»: жылқы, сиыр, түйе, ірі қара малдардың алдыңғы екі аяғына салынады. Бұлардың барлығы жал-құйрық жүннен жіңішке есіліп, құрша ызылады. Әрқайсы бұтақтарына мүйізден, ағаштан тиек, ілмегіне қайыстан ілмек салады. Егер ірі қара малдың терісінен өрім өретіндер болса бұл жабдықтарды қайыстан өріп жасап алады.

Шылбыр

Ат мінетін адамдар үшін шылбыр маңызды міндет атқарады. Өйткені аттын түсе қалсаң атты қолыңмен ұстап тұратын осы шылбыр. Үйге келсең атты белдеуге, арнаулы ағашқа, керегеге байлайтын осы шылбыр. Қосар ат жетектесең, өзің мінген атыңды түсе қалып қиын-қысталаң жолдардан жетелесең жетелейтін осы шылбыр. Бұл шылбырды ірі қара малдар: түйе, сиыр, жылқының терісін илеп өрім өретіндер теріден жіңішкелеп тіліп алады. Терімен айналыспайтындар көбіне жылқының жұмсақ жалынан баран өңінен жіңішкелеу үш тал есіп, біріктіріп бұрап тартып ширатып алады. Бұл шылбырдың жүгеннің мінер жақ сулығынан, не ноқтаның қосындысынан тағады. Міне «шылбыр» осы.

Түйенің бұйдасы

Түйе түлігін ұстайтындар әр түрлі тәсілмен жұмысқа жегеді екен. Монголияның қазақтары түйенің мұрнын тесіп, мұрындық ағаш өткізіп мұрындық ағашқа кішкене қайыс сілбі ілмектеп байлап қояды. Бұйданы сол қайыстан тағады. Мұрны тесілген түйе жетекке елпек болады. Түйенің бұйдасын өзінің қабырға жүнінен, қойдың өлі жүнінен, марқа қозының күзгі өскелең көрпелдес жүндерінен үш тал есіп, бұрап, тартып тағады. Түйенің бұйдасы онша берік болмауы ләзім. Түйе қапелім тартынса мұрны жарылмауы үшін бос іле салады.

Қайыстан айыл-тұрман

Жаңа сойылған жылқы-сиырдың терілерін күн ілгері ашытып отырған иге салып жүні жидіп түсіп ий болғанда ийден шығарады. Жүнін өткір пышақпен сыпырып тастайды. Теріні жайып кебеқұрғақ болғанғанда қажетке қарай, өмілдірік, құйысқан, тартпа ойыл, төс ойыл, бәрінің мөлшеріне келетіндей өлшеп жеке-жеке тіліп, тілінген қайысты сыптығырлап сыдырып өреді. Өмілдірік, құйысқан, пыстандарды күмістейді. Тартпа айыл, төс айылдарға ердің мінер жағынан тағатын тесік жырым өреді. Қайыстан қайысарқан, шылбыр жасағанда арқанның үш құлаштайын, шылбырдың бір құлаштайын жұмырлап өреді. Мұны өрме қайысарқан, өрмелі шылбыр атайды. Тізгінді жіңішкелеу тіліп тағады. Қанжығаны жіңішке қайыстан тең тақпайды. Бірін қысқа тағады. Айылдарды да түрлеп жүгенді таңдайлап қобылап өреді. Қамшыны 12 таспадан дырау қамшыны, 8 таспадан сәндік сарыала қамшыны, 6 таспадан жүйрік аттың қамшысын өреді. Қайыстан шідер, өре, жұсамыс бәрін жасайды. Бұлардың тиектерін мүйізден жасайды.

Киіз үйдің ішкі бұйымдары

Кебеже сандық

Киіз үйдің төріне бірнеше жүк аяқты қатар қойып үстіне кебеже оның үстіне сандық жинаған. Бәріде берік ағаштан сапалы, оюлы, сәнді болдырып жасаған. Кебеже-сандықтар көшіп-қонғанда, артып-тартқанда бетінің оюы сыдырылып қалудан сақсынып бұлдан сандыққа өлшеп пішіп оюлап киізден жасалған сандық қаптың бетіне жапсырған. Көшпелі елде кебеже өте берік болуы шарт. Өйткені кебежені сенімді атанға теңдеп екі жағындағы кебежеге төрт бала салып қоятын. Сандық сәндік үшінде үйдегі киім-кешекті салып қою үшінде қажет. Көшпелі елдің бір киіз үйіне екі төсек, кебеже, сандық, қазан-ошақ, ыдыс-аяқ бәрі де сиысқан.

Қайқыбас төсек

Қазақ халқы ертеден қайқыбас төсек керектенген. Төсекті ағаш тақтайдан жасайды. Төсектің отжағын оюлаған. Қайқыбасының да бергі жағын әсемдеп оюлап сәндеген. Ірге жағының жан ағашы, шабағы бәрін қиюластырып жасайды. Ол үшін тескіш, кескіш ыңғуыр, ара, шот секілді сайманның бәрі сай. Киіз үйдің ішіне екі төсек салады. Қазанжақ төрге қарай ата-енесінің төсегін, оңжақ төрге қарай ұл мен келіннің төсегін салады. Төсектің үстіне екі қабат төсек киіз жасап, оның үстіне оюлап төсек сырмақ салады. Бұлардың төңірегін көркем ашық өңді бұлмен көмкереді. Қайықбас төсек қан айналысын реттейтін адамның денсаулығына пайдалы дейді.

Тұс киіз

Көшпелі елдің киіз үйінің ішін әртүрлі құрал жабдықтар мен жарастырып көркемдеген. Сол көркем дүниелердің бір саласы түскиіз. Бұл әрі көркем, әрі жылы болу үшін. Көшіп-қонып жүретін шаруашылығындағы ел түскиізді әуелі киізден жарастырып ойып жиек басып керектенген. Оны жылулық үшін түскиіз деп те атаған. Келе-келе шүберлекке ауысқан. Қара қатипа жасыл мәуіті дегендей кілең асыл сапалы, баран өңді бұлды таңдап қызылдан ашық күлгіннен ою басып үйлескен жіппен шырыштайтын. Түс киіздің төңірегінқызыл өңді паң барқытпен көмкеріп сары жіппен машинамен шытыра салған. Бертін келе тұтас екі метр қара бұлға қатарластырып 9 дан 18 дөңгелекке дейін салып біз кестелеген. Бұл да өз сәнімен жарасып тұрады. Түс киіз үйге төсек тұсына өң беретін көрікті әсем үй жиһаздарының ең елеулі, ең қадірлі, айтулы бір бөлшегі болып саналады. Келген келіннің келетін жасауының ең елеулі сәнді бұйымы. Қорыта айтқанда түс киіз қазақтың көркем қолөнер құндылықтарының бірі. Бір болғанда бірегейі.

Шымылдық

Ежелгі қазақ халқының көшпелі өміріне байланысты бір үйде көп адам бірігіп өмір өткізетін. Төсектерге шымылдық ұстаған. Шымылдық ұстаудың бірнеше себептері бар. Ата-ана шешінгенде бала-шаға, келін-кешектен бет далда болуы үшін Төсектің от жағына шымылдық ұстаған. Жас ұл мен келіннің төсегіне де ата-ана, өзге адамдардан ұйықтаған тұрғанын құпия сақтағандықтан шымылдық құрған. Шымылдық бір жағынан үйге сән беретін көркемдік үшін де қажет. Және шаңырақтан ай сәулесі түсіп жастар шошымасын деген амал. Жастардың төсегіне шымылдық алқызыл торғын, жібек маталардан жарма болғызып жасаса, көлденең биіктігі екі қарыстай желбіреуік қатарып желбіретіп ұстаған. Жастардың шымылдығына шоқтап екі-үш жерден үкі таққан. Үкінің жүнінің бедерінде алланың жазуы бар, жастарды көз тиюден сақтасын деп ырымдаған.  Келін келген үйдің оң жағы жаңа түскиіз, жаңа шымылдық құрылып жаңарып жайнап үй ішін көріктендіріп жібереді.

Көрпе-жастық

Көрпе адам баласының жамылып, жастығын жастанып жата қалып жаны рахаттанып ұйықтайтын жайлы жабдықтар. Әр үйде үйдің барлық адамына жамылатын көрпе, жастығын ертеден дайындап қояды. Қазақ қонақжай халық қой өз қажеттерінен тыс қонаққа арнап халіне қарай көрпені, жастықты көптеп жасап қояды. Өңді бұлды астарлап арасына суға қайнатып қойдың жүнін, түйенің қабырға жүнін тартып жасайтын. Жастыққа көбінесе құстың жүнін салатын. Жастықтың бергі бетін кестелеп жасайды да көрпе жастықты сандықтың үстіне түрлендіріп жиып қояды. Қонақ келсе қысылып қымтырылмай көрпесін сырмақ, текеметтің үстіне жайып жастығын жастап енді бірін үстіне жауып жайлы ұйықтатқан.

«Қонақты қондырма, қондырсаң тоңдырма» деген мақалда тегін айтылмаған ғой.

Адалбақан

Шымылдықтың екі бауын байлайтын, ұсақ-түйек, киім-кешегін ілетін ашасы арнаулы жоғары қарай иіп қатырылған екі ашабақанды жастардың төсегінің екі басына таңып байлайды. Оның уыққа тірелген ашасына шымылдықтың бауын байлайды. Киім, ұсақ-түйек, жіп-су салынған дорбашасын сол ашаның ашасына іліп қояды. Мұны «адалбақан» атаған. Ата-бабаларымыз жастардан қандай қасиетті талап ететіні айтпай-ақ түсінікті.  Ол шақта киім ілгіш болмағаны белгілі. Оң жаққа аша байлап жүген, шідер, арқан, қамшыларды ілген. Қазан жақтағы ошаға тұтқыш, шымшуыр, ожау-шөміш, шайқалта, тұзқалталарды ілген. Шаңырақ көтеретін үлкен бақанды жел соқса әкеп шаңыраққа тірей қояды. Бақандарда бақандай міндет атқарған. Жел соққанда уыққа көлденең аша қойып  ағаш тіреген. Оны «белбақан» дейді.

Ши қоршап қоятын

Қазан жақта құрт-май, сүті етті салып қоятын үлкен қара кебеже тұратынды. Оның үстіне ағаштан ойып жасалған, не қамыстан, шіліктен тоқылған шыныны әрбіреуін ормалға жеке орап салып қоятын шынықап, үлкен ағаш.астау сырлы тегенелер төңкерулі, қой сауатын құлақ бауының түбіне тас таққан ағаш шелек. Шай түйетін кіншене шайкелі шоқпарбас түйгішімен тұратын.

Қымыз саба, іркіт саба қатарласып, қарындарын қампитып, жұбын жазбай иықтасып сәйкесетін. Іргеге қарай үлкен қара қазан, оған жапсарлас кішкене қара қазан, оңай-оспақ, жеңіл-желпі құймақ, қуырдақ сияқты тамақ пісіретін қол ұстайтын сабы бар шойын бақырша, су таситын шелек бәрі-бәрі ығы-жығы орналасатын. Мұның бәрі жадағай-жайдақ қоймай астың тазалығын қатаң қадағалайтын. Шаң-тозаң, ашық оттан, күл-қоқыстн қорғап ыдыс-аяқтың сыртынан ши қоршап қоятын.

(Жалғасы бар...)

Егеухан Мұқамәдиқызы

Abai.kz

3 пікір