Жұма, 19 Сәуір 2024
Жанайқай 18117 49 пікір 28 Наурыз, 2020 сағат 12:49

Дабыл! Олар: «Біз – ашпыз!» – дейді

Кешелі бері WhatsApp желісінде мойындарына ұялы телефондарының нөмірлері мен «Біз – ашпыз» деген сөзді парақша қағаздарға жазып алған адамдардың жалпы халыққа үндеуі жарияланып жатыр. Бұл көріністі біздің құзырлы орындар бірден «үрей тудырушылардың ісі», «арандатушылардың әрекеті» деп, келте қайырып, шолақ шешім қабылдауы мүмкін. Бәлкім, мынау бейнежазбадағы көмекке зәру мұқтаж жандардың аржағында ресми билікке: «Шоқ, шоқ, бәлем, саған осы керек!» – дейтін біреулер тұрса, тұрған да шығар. Бірақ мәселе қазір онда емес, мәселе – осындай жадау халді адамдардың ірі қалаларда, соның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты қалаларда өмір сүріп жатқанында. Ал бұл – бұлтартпас шындық.

;feature=youtu.be

;feature=youtu.be

;feature=youtu.be

;feature=youtu.be

;feature=youtu.be

Осыдан үш жыл бұрын Abai.kz ақпараттық порталының тілшілері Алматы қаласын аралап, «Босқындар еліне сапар» атты мақала жазған болатын. Суреттерге қараңыз:

Суреттерден көріп отырсыздар, осынау жадау көріністі Abai.kz порталының тілшісі бір жақтан көшіріп әкелген жоқ, әсем Алматы шаһарының шеткері аудандарын, тіпті, «Оптовка» аталып кеткен орталық көшенің (Розыбакиев – Райымбек) қалтарысындағы жатақ үйлерді аралап жүріп түсірді. Тайға таңба басқандай етіп көрсетті. Және тілшілер «Босқындар еліне сапары» барысында 2017 жылы уақытша тіркеу кезінде 690 мың ішкі мигранттың тұрақты қоныс таппай көшіп жүргенін анықтаған болатын. Ал 2016 жылды қортындылаған Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек мегаполис тұрғындарының жансаны 2 миллионнан асқанын хабарлаған еді. Алайда Алматыны төңіректеп жүрген баспанасыз жұрт әкімнің әлгі есебіне енді ме, енбеді ме – белгісіз. Сол «белгісіздер» бүгінгі аласапыран заманда Алматыдан алысқа кете қойған жоқ. Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі, өзге қалалардағы ахуал да – осы. Өкініштісі, санға да, санатқа да ілінбеген бұл қауым – Үкімет тарапынан берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемақылардан да қағылған қауым. Міне, біраз күн боп қалды, қалалық әкімшілік қызметкерлері мен еріктілер жасағы (волонтерлар) бұрыннан тізімде бар, тұрмыс-тіршілігі белгілі үйлерге, соның ішінде жалғызбасты қарттарға: Нина апайға, баб Зинаға, т.б. азық-түлікті жеткілікті етіп жеткізіп беріп жатыр. Дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етуде. Сонда мына жұрт ше? Олар Қазақстанның халқы емес пе?..

Жә, қазір кінәласатын уақыт емес, тар кезең. Тар кезеңге тап болдық. Сондықтан құзырлы мекемелер Abai.kz порталының редакциясына қоңырау шалып, әдеттегідей «мақала мен бейнежазбаларды алып тастаңдар» деп, әкіреңдемей мәселенің мәніне көз жіберіп, ойлансын, оң шешім қабылдасын дейміз. Жұмысы жоқ, асыраушысы жоқ ашыққан аналар мен балалар ертең карантинге қарамай көшеге ақтарылса қайтеміз? Оларды басқа соғып, бөксеге теуіп жалдамалы пәтерлеріне қуып тығуға болатын шығар. Алайда қағынып тұрған мынау індет баспанасыздар арасында тарап кетсе, оған тоқтам бола қоюы қиын. Ендеше, әкім қаралар, жергілікті билік осыған дейін жәрдемақы алып жүргендерді жарылқай бермей жалдамалы пәтерлерде тұратын жандарға да көңіл бөлуге тиіс. Ол үшін ауласында барак үйлер салынған аудандардағы ахуал алдымен қатаң бақылауға алынып, азық-түлік пен өзге де көмекке зәру адамдардың мұқтаждықтары анықталуы қажет. Оны анықтау билікке міндет.

Жаңағыдай жыртық үй, жалаң төсекте күнелтіп жүрген қарапайым халықтың денінде тұрақты жұмыс жоқ. Бірі - таксист, екіншісі - сатушы, үшіншісі - жалдамалы жұмысшы...

Құзырлы билік қос қалада, Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жариялап, сарбаздарды сапқа қойып, күні кеше ғана ол тәртіпті одан әрі қатайтып, қытай вирусымен (коронавирус) күресті күшейтті, білеміз. Анау кәрі құрлықтағы қатер (індеттің жаппай таралуы) бізде де қайталанбауы үшін, біздің билік көрші ел (Қытай) көрсеткен үлгіні жетекке алып, темірдей тәртіп орнатуды құп көрген екен. Қош! Мұндай қоғамдық тәртіп керек те шығар. Тек, одан кейін не болмақ? Карантиндегі халық қазір ептеп-септеп күнін көрер. Ал сол карантин тағы бір айға жалғасатын болса ше? Баспанасыз, жұмыссыз, ресми тіркеуде жоқ, ас-ауқатын әзер тауып ішіп жүрген халықтың әлеуметтік жағдайы бір ай үйқамақты көтере ме? Жоқ! Демек, қоғамдық наразылықтар сонда басталады. Біздікі қауіптің сөзі. Әлеуметтік жарылыс вирустан да қауіпті болмақ.

Сондықтан, бұл азаматтарға әлеуметтік жағдайлар қарастырылуы керек. Әлеуметтік азық-түлік пакеттері әзірленіп, тегін азық-түлік таратылуы керек, жалдамалы пәтердің жамбаспұлын төлей алмай отырған адамдардың мәселесін жедел қарастыратын арнайы call center-лер іске қосылуы керек, олар арзан арендалық үйлермен қамтамасыз етілуі т.б. керек.

Жоғарыдағы: «Біз - ашпыз», - деп дабыл қағып жатқан аналардың жанайқайы - елдегі жұмыссыздардың реалды картинасы. Бұл ретте Үкіметтің өз есебі бар шығар. Десе де, біздің міндет ресми ақпараттар мен қатар ел ішіндегі осындай жайттарды дер кезінде жариялап тұру керек екендігін мәлімдейміз.

Алаш жұрты аман болсын!

Abai.kz

49 пікір