Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020
1344 5 пікір 26 Наурыз, 2020 сағат 17:28

Алматы облысында коронавирусқа қатысты жалған ақпараттарды анықтайтын «мобильдік топ» құрылды

Соңғы кезде  коронавирусқа қатысты жалған ақпараттар желіде жиілеп барады. Мессенджерлердегі әртүрлі алыпқашпа әңгімеден халықтың дүрлігіп жатқаны тағы бар. Алматы облысында өңір басшысы Амандық Баталовтың тікелей тапсырмасымен «тәжді» тажалға қатысты шыққан жалған ақпараттарды анықтайтын мобильдік топ құрылды. Осылайша, жұмыс тобы хабарлардың жалған, шынын анықтап, фейк мәліметтердің таралуына тосқауыл қоймақ.

Мамандар азаматтарды тек ресми дереккөздегі ақпаратқа сенуге шақырады. Ол үшін Алматы облысы бойынша 41 12 13, 8 800 080 88 28 нөмірлері арқылы call-орталыққа тегін қоңырау шалуға болады. Республика бойынша 1406 бірыңғай сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

Айта кету керек, Алматы облысында Covid-19 індетін жұқтырған бір адам бар. Коронавирус жұқтырған сырқаттың жағдайы жақсы. Қазір ол Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде ем алуда. Сонымен қатар, 282 адам медицина қызметкерлерінің бақылауында тұр.  Стационарлық емделуде – 84, үй карантинінде 198 адам жатыр.

Өңірде коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажетті шаралар жасалып жатыр. Облыста тәжді індетке шалдыққандарды емдеу үшін 150 жұқпалы ауруға арналған төсек, 800  провизорлық және 1217 карантиндік төсек-орын дайындалған. Дәрігерлер мен емделіп жатқан науқастар барлық қажетті құрал мен дәрілік препаратпен қамтамасыз етілген.

Айман Асыл

Abai.kz

5 пікір