Сәрсенбі, 1 Сәуір 2020
Біздің Парламент 5702 47 пікір 26 Наурыз, 2020 сағат 15:16

65-тен асқан депутаттар «демалады»

18 наурызда өткен Мәжілістің алқа-қотан жиынында төраға Нұрлан Нығматулин Парламенттің төменгі палатасы қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшетіні туралы айтқан болатын.

«Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға және қаламызда карантин жариялауға байланысты Мәжілістің де жұмыс режимі өзгеретін болады. Ертеңнен бастап, Мәжіліс жұмысының басым бөлігі басқа форматқа көшеді. Бұл әрбір азаматтың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып жатқан шаралар», - деген Нығматулин.

Ал Мәжілістің бүгінгі отырысын бастарда төраға Нұрлан Зайроллаұлы 65 жастан асқан депутаттардың жиынға шақырылмағанын айтыпты.

«Бүгінгі жалпы отырыстың форматы біршама өзгерді. Біздің кейбір әріптесіміз бүгінгі отырысқа қатысқан жоқ. Бірақ, алаңдамаңыздар, бәрі аман, дені сау. Біз жасы 65-тен асқан кейбір әріптесімізге дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымдарына сәйкес жалпы отырыстарға қатыспай, үйде отыруға кеңес бердік», - депті спикер.

Әрі қарай: «ДДСҰ-ның санитарлық нормаларына сәйкес депутаттардың отыратын орны да өзгерді. Құдды бизнес кластағыдай», - деп әзілдепті де.

Төрағаның сөзінше, төтенше жағдайға, қалада жарияланған карантинге байланысты Мәжілістегі 65-тен асқан депутаттар «кезексіз демалысқа» шыққан екен.

Ал Мәжілісте үш саяси партиядан һәм Ассамблея дейтін әйдік ұйымнан таңдалып, іріктелген 107 депутат бар. Олардың қаншасы зейнет жасында? 65-тен асқан депутаттар кімдер? Біле жүріңіздер...

65-тен асқан депутаттар (тізім)

Владислав Косарев

Биыл 83-те. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Қазақстан Коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің құрметті хатшысы. 2012 жылдан бері депутат.

Қуаныш Сұлтанов

Биыл 75-те. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2001 жылдан бері депутат. 2012 жылдан бастап Мәжілісте. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Тұрғын Сыздықов

Биыл 73-те. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2016 жылдан бері депутат. Мәжілістегі Қазақстан Коммунистік халық партиясы фракциясы Президиумының мүшесі. 2015 жылы президенттікке үміткер болған.

Бақтықожа Ізмұхамбетов

Биыл 72-де. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. Бірнеше облыста әкім болған.

Владимир Божко

Биыл 71-де. Мәжіліс төрағасының орынбасары. 2016 жылдан бері депутат. Оған дейін бірнеше министрлікті басқарған.

Қабиболла Жақыпов

Биыл 71-де. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2007 жылдан бастап Мәжілісте. 2012 жылы Мәжіліс төрағасы болды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Жексенбай Дүйсебаев

Биыл 70-те. Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы. 2007 жылдан бері депутат. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Гүлжан Қарақұсова

Биыл 70-те. Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы. 2007 жылден бері депутат. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Шаймардан Нурумов

Биыл 70-те. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2012 жылдың 26 мамырынан «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдениет орталығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Серік Үмбетов

Биыл 70-те. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. Алматы облысында әкім болған.

Сауытбек Әбдірахманов

Биыл 69-да. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 2016 жылыдан бері Мәжіліс депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

Абай Тасболатов

Биыл 69-да. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Жанат Жарасов

Биыл 69-да. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бастап Мәжілісте. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Ахмет Мурадов

Биыл 69-да. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

Ерсұлтан Бектұрғанов

Биыл 68-де. 2012 жылден бері Мәжіліс депутаты. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Бақытжан Ертаев

Биыл 68-де. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. «Нұр Отанның» партиялық тізімі бойынша сайланған.

Байділдә Жылқышиев

Биыл 68-де. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2016 жылдан бері депутат. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Асқар Базарбаев

Биыл 66-да. 2012-2016 ж.ж. – бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты. 2016 жылғы наурыздан бастап - VI сайланған Мәжілістің депутаты. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының фракциясы жетекшісінің орынбасары.

Галина Баймаханова

Биыл 66-да. 2012 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі. Алматы қалалық халықтық коммунистік партиясы комитетінің бірінші хатшысы. «Халық коммунистері» фракциясының өкілі. «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының мүшесі.

Омархан Өксікбаев

Биыл 66-ға толады. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Михаил Чирков

Биыл 66-да. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Ресейде туған. 2016 жылдан бастап депутат. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Роман Ким

Биыл 65-ке толады. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

Екатерина Никитинская

Биыл 65-те. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. 2012 жылдан бері депутат. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының мүшесі.

Бұлардың сыртында 62-63 жасқа толып қойған әйел һәм ер депутаттар қаншама?..Қараңыз. Бұл азаматтар зейнет жасына толған немесе биыл толатын депутаттар.

Зейнет жасындағы:

Майра Айсина (64 жас),

Ирина Аронова (63 жас),

Светлана Бычкова (63 жас),

Гүлмира Исимбаева (63 жас),

Зәуреш Аманжолова (62 жас),

Зағипа Балиева (62 жас),

Құралай Қарекен (62 жас),

Татьяна Яковлева (62 жас).

Василий Олейник (64 жас),

Бейбіт Мамраев (63 жас),

Серік Сейдуманов (63 жас).

Түйін. Міне, біздегі жағдай осылай...Біз осыған дейін Парламенттің жоғарғы палатасы - Сенаттағы зейнеткерлер туралы бірді-екілі мақала жаздық. Әрқайсының атын атап, түрін түстеп көрсеттік. Бұлардан бөлек Сүлейменов, Әуезов пен Шарманов бірігіп «Ақсақалдар алқасын» құрды. Қойшы, несін сұрайсыз...

Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы саналатын Парламенттің төменгі палатасындағыларды жоғарыда тағы жаздық. Ыңғай «пенсионерлер». Ыңғай алпыстан асқан аталар мен апалар!

Саясаткер Дос Көшім: «Жасы 60-тан асқан, немесе 60-қа жеткендердің саясаттағы рөлі – кеңесші ғана», дейді. Әбден жөн сөз. Солай болуы тиіс те! Бүгінгі карантинге байланысты каникул алған депутаттардың орнына жас буынның, жаңа буынның келетін кезі жеткен-ақ! Билікке үшін, Парламент үшін зейнеттегі қариялардан гөрі жастардың үні маңызды болуы керек еді.

Әй, бірақ... Алды 10-15 жылдан депутаттық креслода отырған жоғарыдағы коммунист-комсомол ата-апалар Тәуелсіз Қазақстан тәрбиелеп шығарған жастарға орын бере қойсын...Әйтпесе, 80-нен асқан Косаревтар мен, 80-ге жете қалған Сұлтановтар бейнетінің зейнетін көрер уағында кресло жағалап жүрер ме еді...

Abai.kz

47 пікір