Жұма, 26 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 4498 42 пікір 23 Наурыз, 2020 сағат 12:23

Тіл полициясы құрыла ма?

Ескі билік мемлекеттік тілді қорғау мен қолдауға қатысты үш бірдей кемшілік жіберді. Біріншісі – кирил жазуын қызыл лингвистер бүлдірген күйінен арылтып, 28 әріпке көшіруге тырысқан жоқ; екіншісі – бұрынғы отаршылдар тілінде білім беретін білім ошақтарын қазақ-орыс тілді арлас мектепке айналдырып, ұлттық тіліміз басым 70/30 немесе тепе-теңдіктегі 50/50 пайыздық оқыту жүйесін енгізуді жөн деп таппады; үшіншісі – мемлекеттік саладағы іс қағаздарын аударма тілі арқылы қазақша жүргізіп, оның есесіне бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың тіл қолдану қызметі мен тұтыну аясын тексеретін тіл полициясын құруды қажет етпеді.

Нәтижесінде осының барлығы орыс тілді азшылықтың РФ мемлекеттік тілін ғана қажетіне жаратуға үстемдік бергізіп, қазақ тілді ортаны қос тілділікке мәжбүрледі. 

Латын жазуына көшеміз деу көз алдау. Себебі қазіргі жұртқа ұсынылып отырған графика мен орфоэпия бабалар тілінің сөйлеу әуезесін қалпына келтіре алмай отыр. Әрі орыс тілді қазақстандықтар да латын жазуына көшуі шарт. Кирил жазуына ұлттық сөйлеу тілімізге жақындатылған лингвистикалық реформалық өзгеріс жасалмай жаңа жазуды еш енгізуге болмайды. 

Үш тілділік деген ұғым орыс тілінсіз тәжік, ұйғыр және өзбек тілінде білім беретін диаспоралық мектептерге қатысты қолданылуы керек. Қазақ баласының орыс мектебіне баруына заңмен тосқауыл қоютын кез жетті. Егер берем деушілер болса, баласын орысша оқытқаны үшін мемлекетке ақша төлесін. 

Егер жаңа Президент басшылығы өткендегі билік назардан тыс қалдырған тіл полициясын құруды қолға алатын болса, мемлекеттік тіліміз бұрынғыдай мазақ тілі болмай, нағыз қазақ тіліне айналар еді.  

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

42 пікір