Жұма, 19 Сәуір 2024
Дін мен тін 3953 13 пікір 23 Наурыз, 2020 сағат 14:30

Псевдосалафилер ұлттық мәдениетке қауіп төндіріп тұр

Адам жан мен тәннен жаратылған жаратылыс. Тәннің қалауы хакім Абайша: «ішсем, жесем, құшсам» деген қалаудан тұрады. Данышпан тәнді ешқашан тоймайтын жаратылыс дейді. Хош делік. Тәннің шаруасын осымен тәмәмдасақ. Бүгінгі әлемді ұлардай ұлытып отырған псевдосалафилер бірінші соққыны адамның жанына жұмсайды. Яғни, пенденің ең әлсіз жандық болмысынан ұрады. Мұндай адам жанының нәзік тұсы әрдайым құлақ түріп тұрады. Қазақ мұндайды «буынсыз жерге пышақ ұру» деген.

Бірақ бір қызығы адам жанына нәпсі, яғни тән қажеттіліктері де әсер етеді. Себебі адам мына екі құбылысты үнемі қалап тұрады: жан мен тән азығы. Антик заманының ойшылы Сократ: «адам құбылыс» деген. Яғни бейімделгіш. Псевдосалафилердің ұйымшылдығы адамды сол ортаға бейімдейді. Псевдосалафилердің еркіндік беру жағдайы мен ортақ топқа психологиялық байлауы, олардың мүшелерінің ыдырамауына әсер етіп отыр. Сонымен қатар олар өздерін діни азшылық ретінде өз орталарында көрсету мен діни оппозизация санауы, олардың өз орталарында бір-біріне тартылуына әсер етуде. Ал содан кейін өз орталарында ұлттық мәдениетке шабуылы жүйелі түрде жалғасады.

Ғылымда «нигилизм» деген термин бар. Ол: идеалдарды, құндылықтарды жоққа шығару ұғымы. Уахабилік тенденцияға ұрынған адам, Аллаға деген қате түсінігімен ұлттық құндылықтарды санасынан біртіндеп өшіреді. Ол үшін тарихи жадылық құндылықтар құнсыз болып қалады. Тарихи құндылықтарын көз алдында күйреткеннен кейін, енді оған басқа құндылықтар қажет. Себебі адам тарихи тізбекте өмір сүретін жалғыз жаратылыс (бір жануардың ата-бабаларының құндылығын іздеп жүргенін көрмейсің). Негізгі тарихи тізбектегі құндылықтарынан айырылған адам жаңа тарихи құндылықтарды іздей бастайды. Міне сол кезде псевдосалафилер адамға таза тарихи құндылық деп, 7-8 ғасырлардағы панарабизмді (араб мәдениетін) насихаттайды. Яғни, адамның санасын сол ғасырларға алып барып, ортағасырлық түсінікке жетелейді. Біздің еліміздегі кейбір жат мәдени мәселелер осыдан туындап жатыр. Осылайша орта ғасырлардағы қазақ мәдениетінің құндылықтарының құнын жояды. Салафилердің ұлттық құндылықтаға мұрнын шүйіріп қарайтын себебі осыдан келіп туындайды. Тарихи- мәдени сана жойылса, отаншылдық сезім жойылады. Себебі адамның діни сенімі мекенімен (отанымен) байланыста болмаса, діндар адам мәдениетті басқа орталардан іздей бастайды.

Философтар мәдениетті 18 бөліктен тұрады және сол барлық бөліктерге діннің ықпалы зор деген (Д.Кенжетай, т.б.). Оның қазақ мәдениетінде исламның ролінің жоғары екенінен байқауға болады. Яғни, діни таным қалай қалыптасса, мәдениеттерді де солай түсінігіне ыңғайлап алады немесе жоққа шығарады. Мысалы қазақ мәдениетіндегі келіннің бетін ашу дәстүрін дұрыс емес дейтін псевдосалафилердің танымы секілді. Міне псевдосалафилік танымның қауіптілігі осында.

Адам псевдосалафилердің ықпалымен мәдени тарихымыздан, құндылықтарымыздан, идеалдардан жұрдай еткенде, кеуделерінде бос кеңістік пайда болады. Жалған ағым ол бос кеудені өздерінің жалған құндылықтарымен толтырады. Адамды қашанда түсінігі билейді. Ислам философы Ғазали: «Адам не ойласа, соның тұтқыны. Нені таныса, соны сүйеді» деген.

Сондықтан псевдосалафилермен жұмыс жасау барысында олардың діни танымына ықпал етумен қатар, мәдени құндылықтарына шабуыл жасау керек. Тарихи сананы (генеология),  мәдени қабатты қозғауды қоса ұғындыру керек. Құндылығы аумасқан адасушылардың діни танымы өзгеруге шақ тұрады. Бұл әлемдік психологтардың тұжырымы (Карнеги, В.Франкл).

Ал, белгілі дінтанушы Досай Кенжетай сәләфизм ұғымына тоқтала келе, оның кеңестік идеологиядан да қауіпті екенін айтады. Дінтанушының пікірінше, “изм” болған жерде бірнеше қайшылықтар болады. Мәселен, біз ғасырлар бойы қалыптасқан діни тәжірибесі бар, қатпарлы тарихы бар мемлекетпіз. Міне, сәләфизм осының бәріне қарсы шығады.

Басқа ағым өкілдері біздің өзімізге тә ұлттық құндылықтарымызды, діни танымымызды, бүкіл тамырлы тарихымызды жоққа шығарып отыр. Сөйтіп олар қазақ халқын исламды енді ғана қабылдаған ұлт ретінде көрсеткісі келеді. Ең өкініштісі, қазіргі жастарды олар бабалары жүріп өткен жолына күдікпен қарауға үндейді. Сөйтіп, олар “Ширк” яғни, Аллаға серік қосу мен “мүшрик” – Аллаға серік қосқан адам деген екі мәселені алға тартып отыр дейді дінтанушы.

Оның айтуынша, кеңестік кезеңде “ұлтыздандыру идеологиясы” деген үлкен саяси жоба болған. Ал, сәләфизмнің ұстанымы одн да қауіпті болып отыр. Өйткені олар екі мәселеге ден қояды. Бірінші адамның болмысын жою, екіншісі мінезін жою. Мұнда мінез – біздің ұлттық ерекшеліктеріміз болса, болмыс – сол ұлттық мәдениетіміздің қатпарлары. Міне, сәлафизм соның барлығына қарсы тұрып,  ұлттық болмысымызды жоюға күш салып жатыр. Бұл белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың пікірі.

Бүгінде жаһандық үдерістегі діни-радикалды, эстремистік және террористік жікшіл ұйымға, мұсылмандар арасында фитна (араб сөзі – хаос, ылаң) тудыратын негізгі ағымға айналып үлгерді. Қазіргі таңда сәләфизм Қазақстанда өздерінше идеологиялық, әсіресе, миссионерлік платформасын дайындап жатыр. Олар өздерін сууриттер, макфалиттер мен тәкфириттер деп үш категорияға бөліп тастаған. Бұл – өте қате, саяси спекулятивтік, ғылыми танымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын анықтама. Бірақ, өкінішке қарай, осы анықтамаларды, осы жалған ғылыми концепцияларды біздің қауіпсіздік кеңесі, үкімет мойындап, қабылдап қойған. Енді шегінетін жері жоқ, әлі күнге дейін осы концепциямен жүр.

Қорыта айтқанда, адам санасы құбылмалы жаратылыс. Ол санада ақпараттың әсері мол. Сондықтан оны бір сипатта көру қиын. Яғни, қай мәдениет қаншалықты тартымды насихатталса, соншалықты адамды өзіне құмар етеді. Бұл тұжырымдардан түйетініміз, біз қазақ мәдениетін ортағасырларға сүйремей, жаңа заманға бейімдеп, көркемділікпен құнды насихатталуымыз қажет. Әр таным көркемділігімен жаулайды, мағыналығымен есте қалады. Себебі адам жанының сұранысы ешқашан өзгермейді, тек құбылады. Жан әрдайым даналыққа құштар. Даналы сөз - жанның азығы. Әзіреті Әли: "тапқыр сөздермен рухтарыңды демалдырыңдар. Өйткені тәнің шаршайтыны секілді, рухтарда шаршайды" деген. Діни танымның мәдениетпен ұштасқанда, оның жанның азығы боларын ешқашан естен шығармауымыз қажет.

 

Жарас Ахан

Abai.kz

13 пікір