Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
4190 6 пікір 23 Наурыз, 2020 сағат 10:47

Ресейде Путиннің президенттік мерзімдерінің жойылуына қарсы акция өтіп жатыр

Ресейдің бірнеше қаласында Владимир Путиннің президенттік мерзімдерін жоятын конституциялық заңның қабылдануына қарсы наразылық акциясы өтіп жатыр.

Красноярск қаласында митингіге шамамен 200 тұрғын жиналды деп хабарлады "Сибирь.Реалии" жобасы. Билік акцияны қала орталығында өткізуге рұқсат бермей, Терешкова көшесіндегі шағын скверді бөлген. Депутат Валентина Терешкова халық қарсы шығып жатқан конституциялық түзетуді ұсынған еді.

Екатеринбургте 22 наурызда өткен митингіге шамамен 50 адам келді деп хабарлады Настоящее Время тілшісі. Коронавирусқа байланысты мұнда елу адамнан асатын шара ұйымдастыруға тыйым салынған. Дегенмен биліктің ауыспауы бұдан да сорақы ауру деп есептеген тұрғындар акцияға жиналған.

Чита қаласындағы акцияға тура 50 адам жиналды. Митинг "Путин мәңгі емес" деген ұранмен өтті.

Наразылық акциялары Новосибирск, Ростов-на-Дону, Комсомольск-на-Амуре және басқа да қалаларда өтті. Ал Кемеровода жалғыз өзі пикетке шыққан тұрғынды полиция ұстады.

Президент Владимир Путин Конституцияға енгізілетін өзгерістерді дауысқа салуды 22 сәуірге белгіледі. Заң қабылданса, Путин Ресейді 2036 жылға дейін басқара алады.

Abai.kz

6 пікір