Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2717 0 пікір 3 Қазан, 2011 сағат 06:43

Жұмамұрат Шәмші. Жамау толы жолдар

«Еліміздің 2011-2015жылдарға жоспарланған орташа экономикалық өсімі 7 пайызды құрап, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) мөлшерін жан басына шаққанда 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс». Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметке жүктеген осы тапсырмасы бойынша министрлер кабинеті қызу жұмысқа кіріскен сыңайлы. Қазақ Үкіметі инвестициялық жобалардың есесінен нақты секторды дамыту арқылы экономиканың өсімін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, индустрияландыру картасында көрсетілген инвестициялық жобаларды орындау мен жаңа өндірістерді енгізу де назарға алынуда.

«Еліміздің 2011-2015жылдарға жоспарланған орташа экономикалық өсімі 7 пайызды құрап, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) мөлшерін жан басына шаққанда 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс». Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметке жүктеген осы тапсырмасы бойынша министрлер кабинеті қызу жұмысқа кіріскен сыңайлы. Қазақ Үкіметі инвестициялық жобалардың есесінен нақты секторды дамыту арқылы экономиканың өсімін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, индустрияландыру картасында көрсетілген инвестициялық жобаларды орындау мен жаңа өндірістерді енгізу де назарға алынуда.

Қазіргі таңда мұнай бағасы бірде құлдырап, бірде аспандап, мың құбылып тұр. Әуелгіде баррелі 110 долларға бағаланған мұнай бағасы 128 долларға дейін өсіп кеткен. Баға құлдыраса да, бұл біздің елдің экономикасының екпінін бәсеңдетпеуі керек. Баға бей-берекетсіздігінің кері әсерінен сақтану үшін Үкімет шұғыл түрде балама жоспар жасауға мәжбүр болып отыр. Елбасының тапсырмасын орындауға бағытталған оң қадамның бірі - өз ісін ашып, кәсібін өрге домалатуға ниет білдірушілер табан тоздырып жинап жүрген лицензиялар мен рұқсат қағаздарының саны 30 пайызға қысқартылады! Осыған орай Экономикалық даму және сауда министрі Қ. Келімбетов Премьер-Министрдің өкімімен арнайы Сараптау тобы құрылғандығын хабарлады. Осы игі істердің істеліп жатқандығы құптарлық-ақ, бірақ қыруар қаржыны суша сіміріп, ақырында нәтижесі көзге онша көрінбей жатқан саланың бірі  - жолдарды жөндеу саласы. Астана-Көкшетау автомагистралы сөз жоқ халықаралық талаптарға сай жасалған, көлігімен жүріп өткен адам тек рахаттанады.

Сол  жолда  Алексеевкадан оңға бұрылсаңыз, 100 шақырым Степногорск қаласына жолыңыз түсіп, жолаушы ретінде бара  қалсаңыз, зар жылайсыз. Біріншіден, астыңдағы көлігіңді аяйсың, екіншіден, осындай жағдайда өмір сүріп жатқан халыққа жаныңыз ашиды. Бұл жөнінде талай рет жергілікті телеарнадан айтылды, газет-журналға жазылғанымен оң нәтиже әзірге еш байқалмайды. КСРО кезінде картаға түсірілмеген  Степногорск қалашығының жағдайын кезінде Мәскеу қамтамасыз етіп отырған - бүгінгі ахуалы аянышты. Көшедегі жолдары шұқыр-тесік бағдаршамдары өте ескірген, кей жерлерде тіптен жоқ.  Еңірегенде етегіңді жасқа толтыратын жол атаулыны атай берсең, таусылмайды. Сонда да бір-екеуіне тоқтала кетейін: Степногорск - Бестөбе - Минск - Сілеті - Искра - Степняк автожолымен жүргенде, өзге түгіл, өз атыңды ұмытып қаласың. Өздері алтын шығарып күн көретін халықтың  жағдайы мұнша мүшкіл  болғанына жергілікті әкім-қараларға деген ыза-кек кернейді көңілді.   Жолымбет, Новоселовка, Ошақ, Қаражар, Бектау ауылдарының жолы жөндеу көрмегелі қай заман?

Астана - Романовка - Рождественка -Преоброженка - Шнет - Қорғалжын жолдарымен жүру -жан азабы. Өткен жылы осы жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 42 миллард теңге бөлініпті. Аз ақша емес. Әлде мұның өзі құмырсқадай қаптап кеткен жол-құрылыс фирмаларына жетпей ме екен? Кім білсін, әйтеуір қайда барсаң, Қорқыттың көрі демекші, жол азабын көретін жолаушы.

Мәселен, Шортанды - Жолымбет жолының 2 жылдан бері 18 шақырымы ғана асфальттанды. Екі көлік әзер сыяды, неліктен өте тар етіп істейтіні кімге де болсын түсінікті, сол баяғы әдет - қаржыны жымқырып қалу мен бір-бірімен бөлісу.  Ивановка - Степногорск жолының тең жартысы ғана жөнделіп, іске қосылды. Қалған жолдар жөнделмей, сол қалпында қалған. Сонда мемлекеттен бөлінген миллардтар қайда кетіп жатыр?

Бұл туралы ешқандай дерек жоқ. Менің айтайын дегенім, жол жөндеуге, жол салуға арналған мемлекеттік тендерді жеңіп алған жол- құрылыс компаниялары жұртшылықтың алдында есеп беруі қажет. Әйтпесе, жыл сайын жалғыз Астанаға жақын жердегі ауылдары ғана емес, басқа өңірлерге де миллардтаған бюджет қаржысы бөлінуде. Автокөлік жолдарының халықаралық талаптарға сай болмауы былай тұрсын, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың талан-таражға түсіп жатыр.  Соның бәрі мақсатты игерілуде ме? Әлде жол салмай, асфальт төсемей, шұқыр-тесікті боқ жапсырғандай етіп жамай салып, «пәленбай шақырым жол жөндедік» деген жалған ақпарға сеніп отырсақ,  сорымыздың қайнағаны қайнаған.

Шортанды - Жолымбет айналдырған 55 шақырымды үш жылға созбай-ақ бір жылда бітіруге де болар еді. Біздің елде ол үш-бес жылға еркін созылып кете береді, жоспарлап уақытылы тапсыру ешкімнің өңі түгіл түсіне де кірмейді. Жауапкершіліктен жұрдай  адамдар дегеннен басқа айтарым жоқ. Кейбір шалғайдағы ауылдарға құм-тасты, буы бұрқыраған асфальтты төсеу арман күйінде қалуда.

Астана қаласын алатын болсақ, әр жыл сайын қазылатын Жеңіс даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесі биылда қазылды. Жол жөнделіп жатқан туралы еш жерде қазақша немесе орысша ескерту, кешірім сұрауды өтінеміз деп жазылмаған. Сол жағалауға баратын Республика даңғылы мен Сарыарқа көшелері арқылы күнде таңертең жұмысқа бару қыл көпірден өткенмен бірдей. Әр қиылыста МАЙ қызметкерлері тұрып алып, өз білгендерінше көліктерді жіберіп тұрады. Әлемнің басқа бірде-бір Астанасында бұлай емес. Биылғы жаз айлары Астана тұрғындары үшін жолдардың көбісі жабылу  салдарынан көлік кептетілісі, сығысып қалу, жол апаттары етек алды. Көзге көрінетін көшелерді жыл сайын қаза бергенше, Лесозавод, Заречный, Көктал мөлтекаудандары жөндеуді күтіп тұр. Елімізде жыл өткен сайын автокөлік саны көбейіп келеді. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметі бойынша Қазақстанда 3,5 миллионнан аса автокөлік тіркелген. Техникалық жағынан жарамсыз ескі шетел көліктердің елімізге жаппай ағылуы - осы. Ал, көліктердің жүретін жолының 70-80 пайызы халықаралық талаптарға сай емес. Жол жүру ережелерінің де осал тұстары жетерлік.

Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде автокөлік апатынан 54 мың адам қайтыс болса, 30 мыңнан астам адам мәңгілік мүгедек болып қалды. Ішкі істер министрлігі шамасы келгенше жол-көлік оқиғаларынан жарақат алып, бақилық болғандардың санын азайтып көрсетуге тырысады. Үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың бұл жұмыспен айналысып жүргендері жоқтың қасы.  Сондықтан, мемлекеттік деңгейде жол-көлік апаттарының алдын алу немесе тозығы жеткен жолдарды жөндеу әрбір азаматты толғандыратын мәселе болса керек. Жолдарыңыз ашық болсын, ағайын!

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір