Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ресми жауап 4306 8 пікір 16 Наурыз, 2020 сағат 17:34

ҰҚК: Дауровтың әрекетінде қылмыстық құрам жоқ

28 ақпан сайтымызда Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, дүнген қауымдастығының басшысы Хусай Дауровтың Қытайдан қаржылай көмек сұрағаны жайлы мақала жарияланды. «Даудың басы Дауровтың хаты болып тұр...» атты сол мақаламызда дүнгендер диаспорасының жетекшісі Дауровтың әрекеттерін құзырлы орган өкілдерінің назарына ұсындық.

Қордай оқиғасында құлаған құрлысты қалпына келтіруге Қазақстан үкіметі жеткілікті қаржы бөлді (1 млрд. 700 млн. теңге). Үкіметтік комиссия құрылып, қақтығыстың зардабы толық есептелді. Мемлекет барлық шығынды өтеуге уәде берді.

Солай бола тұра, Ань Хусай Дауров деген Қазақстан азаматының есепшот ашып, шетелден қаржылай көмек сұрағаны ел тыныштығына мүдделі әрбір азаматтың көңіліне екіұдай ой салғаны сөзсіз. Сонымен қатар, біз айтып отырған азамат әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Қазақстан президентінен гөрі, Қытай төрағасы жайлы көп жазатынына да наразылық білдірдік.

Ондағы ойымыз, жаңағы хатты жазған шынымен де Қазақстан азаматы Хусай Дауров па, әлде бұл арандатушылықтан туған әрекет пе? Егер әлгі хатты жазған шынында Дауров болса, Қазақстан азаматының бөтен мемлекеттің билігінен қаржылай көмек сұрауы қаншалық заңды? Осы сұрақтардың анық-қанығын құзырлы орган өкілдері анықтаса дедік. Сол мақсатта мақаламызды еліміздің Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарата жаздық.

Осыған дейін Бас прокуратура мен «Нұр Отан» партиясы мәселені назарға алғанын айтып, ресми хат жазған.

Ал бүгін редакцияға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің жауабы келді. Онда біздің мақаланың ҚР 2007 жылы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның негізінде қаралғаны жазылған.

ҰҚК шешімі: «Қазақстан азаматы Дауров Хусей Шимарұлының әрекеттерінде ҚР ҚК 174-бабында (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) көзделген қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан, онымен әлеуметтік желілерде келеңсіз жариялымдарды қайталамауына бағытталған тиісті түсіндірме әңгімесі жүргізілді».

ҰҚК жауабынан ұққанымыз, Дауровтың әрекетінде қылмыстық құрам жоқ. Бірақ оған әлеуметтік желідегі жазбаларына абай болуға ескерту жасалған.

Abai.kz

8 пікір