Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Талқы 18061 16 пікір 11 Наурыз, 2020 сағат 15:33

Назарбаев «Нұр Отан» жиыны қарсаңында Ресейге не үшін барды?

5-наурыз күні «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Онда партияның 18 наурызда өтетін Саяси кеңесі отырысының күн тәртібі талқыланған болатын. Ал, күні кеше партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге барды. Онда экс-президент РФ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевпен, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Осы екі оқиғаның арасында қандай да бір байланыс бар ма деген ауандағы әртүрлі әңгіме әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Біз осы сауалды сарапшыларға қойдық...

Қазіргі парламент осы партияның жұмса - жұдырығында, ашса - алақанында

 

Әміржан Қосанов, саясаткер: 

- Біздегі билік транзитіне Ресей бей-жай қарамайды. Өйткені екі авторитарлық жүйенің болашағы бір-біріне тығыз байланысты. Ол кездесулерге қатыспағандықтан, онда нақты не айтылғанын, қандай келісімге келгендерін тап басу мүмкін емес, әрине.

Бірақ, баршамыз сөзсіз қабылдайтын бір жайт бар. Оның мәнісі мынада: біздегі билік транзитіне ішкі және сыртқы кепілдіктер қажет. Ішкі кепілдікті біздің билік қоғаммен диалог құрып, ортақ мәмілеге келу деп қабылдамай, билік басындағы және оған жақын олигархтық топтармен тіл табысу деп біледі. Бірін алдап, екіншісін майлап, үшіншісін қорқытып-үркітіп, сондай компромиске келген сияқты. Бірақ бұл уақытша келісім. Бір күні өз дегеніне жете алмаған бір клан бұрқ етіп, барлық сценарийдің бұлқан-талқанын шығаруы мүмкін.

Сыртқы кепілдікте көрші екі елдің – Ресей мен Қытайдың – орны бөлек. Батыстағы алпауыттар біздің аймақты, соның ішінде, Қазақстанды баяғыда-ақ ұмытқан сияқты. Оның үстіне батыс әлемінің өзінің өзекті проблемалары шаш етектен.

Ертеңгі тақ мұрагеріне бір мықты кепіл – Ресей. 7 жарым мың шақырым ортақ шекара, біздегі орыс ағайын, ЕАЭО мен ШОС аяындағы экономикалық және әскери тәуелділіктің өзі не тұрады. Ондағы президент енді «царь» болайын деп жатыр. Кеше ғана Дума Путинге өмірінің соңына дейін билеп-төстеуге жарқын жол ашып берді. Яғни, ендігі жерде ресейлік кепілдік Путин мырзаның жеке басына келіп тіреледі. Өз басым елбасының Мәскеуге сапарының дәл осы тарихи жағынан масқара күнге сәйкес келгенін кездейсоқ емес деп санаймын.

«Нұр Отан» партиясы болса, билік транзитінің саяси құралы ретінде осы процеске тікелей араласады. Қазіргі парламент осы партияның жұмса, жұдырығында, ашса, алақанында.

Ең бастысы – болашақ президентке биліктен түсер бірегей кандидатты, қала берді, болашақ парламенттік сайлаудың сценарийін осы партия анықтауға тырысады.

Елдегі жағдай күн сайын қиындап барады. Күні кешегі девальвацияның өзі елді еңсесін басып, әбден есеңгіретіп жіберді. Өзім қатысқан президент сайлауында халық өз наразылығын танытты. Ол қарсылық үдеп барады. «Қос билік» жағдайында кланаралық қайшылықтар да ушығып, билеуші топтар арасындағы тұрақтылыққа өз ықпалын жасауда. Мұның бәрі Қазақстандағы билік транзитінің түпкілікті шешілу қарқынына өз әсерін тигізбей қоймайды!

Мен еш уақытта «Нұр Отанды» саяси партия деп санамаймын...

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Біріншіден, мен еш уақытта «Нұр Отанды» саяси партия деп санамаймын. Бұл классикалық саяси партияның ешқандай талабына сай келмейді. Бұрынғы комунистер билікті алғаннан кейін, сол билікті ұстап тұру үшін, көп партиялы жүйенің бар екенін көрсету мақсатында қолдан жасалған шенеуніктердің партиясы сияқты. Сондықтан олар демократиялық бағытта іс-әрекеттер жасайды деп ойламаймын.

Ал, олардың пленум өткізіп, белгілі бір шешім қабылдау, тағы басқа нәрселеріне өз басым күле қараймын. Себебі, бұлар бір ғана орталыққа бағынады. Ертең адамы өзгерсе, партияда өзгеріп басқа жаққа шығады. Бұрын коммунистік партия болса, қазір «Нұр Отан», ертең тағы біреулер бола салады. Сондықтан олардың істеп жатқан жұмысы, басқасының бәрін мен демократиялық, көп партиялы институттың жұмысы деп қарамаймын. Бұл - мемлекет пен басқарушы партияның бірігіп кеткендігі. Бұрынғы КПСС дейтін едік қой, дәл соның нұсқасы.

Сондықтан шынын айту керек, Назарбаев Путинге барды, тағы басқа деген әңгіменің бәрі саяси партияның жұмысы емес, сол партия басшысының жасап жүрген жұмысы деп қабылдау керек.

Ал, Назарбаев пен Путин біріне-бірі ұқсас адамдар ғой. Мүмкін, тәжірибе бөлісу, пікірлесу мақсатында барған болар. Екіншіден, экс-президент зейнетке шықты деп ойлаймыз ғой, сондықтан өзінің бір жеке істерімен де баруы ықтимал. Біз кез-келген қозғалыстың астарынан бір нәрсе іздейміз.

Меніңше, екі оқиғаның арасында кереметтей бір байланыс жоқ. Себебі, бәрібір шешімді ол жақта кішкентай бір топ не бір адам қабылдайды. Сондықтан оның басқа іс-қимылдарына баға беріп, оның астарынан бірдеңе іздеудің қажеті жоқ. Өйткені бәрібір шешім жасайтын бір адам болса оның қажеті қанша?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532