Сәрсенбі, 1 Сәуір 2020
Әдебиет 2907 1 пікір 5 Наурыз, 2020 сағат 11:35

Қуаныш Жиенбай. Күзетші

(әңгіме)

 Жә-жә,  әйелінің әлгі былжырағын  біразға дейін бойға сіңіре алсашы: «Төркін-жұртыма  рақмет, естерінен шығармай қашан болмасын бізді ойлайды. Жаңа орылған астықтан бір қап күріш салып жіберіпті пойызға. Қолдан түйілген күрішті дүкендікімен салыстыруға бола ма... Біз оларды немен жарылқап жатырмыз... Естіп тұрсың ба?.. Тегін дүниені кіржіңдемей күтіп алайық...»

«Кімге айтып тұрсың?!» – деді жұлып алғандай.

«Саған, басқа кімге айтушы ем, саған!..»

«Қолбаланы таптың ғой аяқастынан».

«Не-е?!»

«Не естісең сол!»

Төргі бөлмеге кірді де асығыс-үсігіс киіне бастады. Вокзалға барудың қам-қарекеті емес, әрине. Көкірегі күмбір-күмбір. Пенсия жасындағы қарт кісі бір қап күрішті арбаға сала алмай мықшыңдап жатса. Жұрт не дейді? «Бала-шағасы болса бүйтпес еді-ау!» Міне, мына кешще соны да түсінбейді. Ұлы бүгін үйде, демалыс. Келін екеуі қолтықтасып, қонақтан таң біліне оралған. Оу, зіңгіттей жігіттің бір жолы вокзалға барса несі кетеді. Ұйқының жоспары түбі бір орындалар. Әкенің балаға қашан көңілі толған. Бұл өзі көпке белгілі драма ғой. Дегенмен әркім өз орнын білгенге не жетсін.

Тысқа шығып бара жатып, асүйде күйбеңдеп жүрген әйеліне алакөздене қарады.

–Вокзалға ма?

–Жоқ!

–Қайда?

–Кеңсайға!.. – Жұдырығы картон қабырғаны тесіп жіберетіннен әрі-тін. Лифтісіз цемент басқышпен құлдилап төмен түсті. Төмен түсіп бара жатып, әдеттегіше миығынан мырс етті. Ел айтып жүргендей күлкінің қуаты дәрі-дәрмегіңнен әлдеқайда күштірек. Осы күлкінің қайдан тап болатындығын және түсінбейді. Әлгі ашудың саутамдығы қалмаған. Күлейінші, болмашы кәкір-шүкірді ұмытайыншы деп те өз-өзін қинамайды. Қызық. Ойламаған тұстан сап ете қалады. Бұл түсінбейтін тылсым күш денедегі дірілді түтікпен сорып алғандай, артынша бой-сойы жеңілденіп, жадырап сала береді. Мұнысы туабітті мінезінің ұстамдылығынан ба, шектен тыс сабырлылығынан ба, әлде  әйелдің күңкілін қыстырмайтын бірбеткейлігінен бе?.. Сан сұраққа жауап бере алмай дал. Ізінше өзін ақтауға көшеді. Асылы тегін адам емес. Жанартау секілді бір құдірет бұғып жатыр кеуде тұсында. Онысын керек кезінде ғана пайдаланады, анау-мынауға шашыла бермейді, одан бұрын басы артық былжырақты бойдан шығарып тастауға шебер.                                           

Күндегі әдет. Осы төңіректің «шал-шауқандары» түс ауа, аздап мызғып алған соң Шоқан ескерткішінің маңына жиналады. Иегін ұстап ойланып тұрған ғұлама: «Жағдайларың қалай, аманбысыңдар, мына дүниеде не жаңалық?» дейтін жалғыз сұрақты қайталаудан жалықпайды. Бердімұраттың да жауабы дайын: «Өзіңіз қалайсыз, қария? Қария дегеніме ренжіме. Мәңгі жас боп қалу қайдан жарассын мына аласапыран заманда. Қатарымыздың сиреп бара жатқанынан басқа айта қаларлықтай өзгеріс жоқ...» Ақырғы сөйлемді ішінен күбірлеп, әлденеше рет қайталайды.  Тіпті түрлі себептермен соңғы кездері бастарының қосыла бермейтіндігін жасырып қайтеді. Соның бәрін бес саусағындай біле тұрып, ғұламаның тірілерге тіл қатпайтындығы қалай?! «Тас мүсін сөйлемейді». –Тым қатқыл ұғымды ары қарай сіңіре алмайды бәрібір. Бірде болмаса бірде, алып бейне ғайыптан тайып, оқыс күбір ете қалатындай үміттенеді. Сондай атты күн туса, айнала адам сенбес жұмаққа айналып шыға келер еді-ау! Арман ғой әншейін.

Ескерткіштің маңайы тып-тыныш. Мойын созып жан-жағына жітілене қарады. Төбе көрсетер тірі жан жоқ. Жүрек тұсы шым-шымдап сұққылады ма, жауырынға шаншу жабысты ма, бір түрлі бойын әлсіздік биледі. Айдалада жалғыз қалған жолаушыдай сезінді. Жалғыздықты жаны қаламайды. Жалғыздықтың өзін жақсы ырымға балап, таза шығармашылықпен айналысуға мүлдем қауқарсыз. Өмір бойы адамдардың қалың ортасынан табылды, студенттерге дәріс оқыды. Анау-мынау емес,  профессор-оқытушы деген атақ-дәрежесі бар. Бірақ оны дәл қазір қажетсініп жатқандар шамалы, күн сайын үйіне телефон соғатындарды емге таппайсың. Ал біле-білсеңіз, ең қызықты да, ең тартымды «лекция» осы ескерткіштің түбінде оқылатын. Ойпыр-ай, өзі білетін «лекторлардың» осы қалайы болсайшы, Нобель сыйлығының лауреаттары секілді ағып тұр шетінен. Және бәрі тегін. Алдымен әңгіме баяулап басталатын да, артынша бұрауы келіскен домбырадай құйқұлжыта жөнелетін. Жер шарындағы үлкен-кішілі оқиғалар, өз ішіміздегі түйткілді мәселелер, бәрінің шешімі осы арада тарқатылатын. Кеу-кеулеп бірін-бірі толықтыра түскен жайсаңдар құдды иықтарындағы қарыз-парыздан құтылғандай, іштерін босатып, келер күндерге сенімдері күшейіп, ыңғайы келсе аяғын әзіл-қалжыңға ұластырып, күн еңкейе талтаңдап үйлеріне тарасушы еді-ау! Сол «лекциялардың» артық-кем тұстарына «түзету» еңгізбестен, бәрін, баршасын үнсіз қабылдап, ара-тұра: «Сендер болмасаңдар менің күнім не болмақ? Ертеңге дейін сау тұрыңдар» дегендей, үнемі ой үстінде тұратын алып мүсін жылы шыраймен шығарып салатын барлығын. 

Шыдамның да шегі бар. Алдымен философ Ескендір Шонайұлына телефон шалды.

–Шал, қалайсың?

–Шүкір.

–Қайдасың?

–Үйде.

–Мен сені Гер-ағаңның артынан Кеңсайға аттанып кетті ме десем. Үйдемін де.

–Үйде, үйде. Әжік-гүжік шаруа. Ал өзің қалайсың? Жер-жаһанды шарлап жүрген шығарсың аяғың-аяғыңа жұқпай. Бізге қарағанда қуаттысың ғой әлі де.

–Түкір, көзің жаман.

–Сен туралы біреулер сыртыңнан сыбырлап өсек айтады. Қытайдан қартаймайтын дәрі алғызып ішеді дей ме...

–Тоқал алады демей ме?

–Ол тақырып әзірге жабық. Немене, одан да үмітің бар ма?

–Оу, бойдағы күш-қуаты жұмсау керек қой бір жерге.

–Әнең қара!.. – Философтың сирек шашын маңдайдан артқа қарай бір сілкіп, қуақылана жымиғанын айна-қатесіз көріп тұрғандай еді.– Ал өзің қайдасың?

–Қайда болушы ем, сол маңда, ескерткіштің түбінде. Кеше де, бүгін де жалғыз өзім. Жә, мені қойшы, Уалихановтан ұят болды бәрінен. «Бұл дүниеден біраздан бері хабарсызбын... бүйткен тірліктеріңе береке берсін» деген өкпе-ренішін маған айтады-дағы. Сендерге шынымен не болған? Бірер сағат қауқылдасып, шер тарқатысушы ек. Соны да көпсіңгендерің бе? – Бердімұрат та сөзін салмақтап түйіндеуге тырысты: – Егер мұрындарыңнан шаншылып жатсаңдар, оларыңды айтыңдар... Жалғыздан-жалғыз, жынды адам құсап... жан-жағыңа алақтап...

–Сен бізге ашуланба. Ең қадірлі нәрсе уақыт қой, сол уақытты орынды пайдаға асырған жағдай. Күнұзақ компьютер алдындамын. Интернет қараймын, бәрін, орысша-ағылшыншасын. Небір кереметің осының ішінде. Бұрын неғып байқамағанбыз. Интернеттің тұтқынымын турасын айтқанда...

Телефон тетігін оқыс өшіре салды. Ашуланып келе жатты да іштей іркіліп, кекесінді түрде миығынан мырс етті: «Интернетшілін. Ертең жаназаңды интернет шығарса көрерміз!».

–Тұрсынәлі Сариевич!

–Тыңдап тұрмын, – деді бір кезде мына тұрған Геология институтын басқарған етжеңді қара кісі еріншектене тіл қатып. – Бұл кім?

–Бұл іздестіру бюросынан. Жоқ іздеп жүрген жағдай. Атақты геолог, мемсыйлықтың лауреаты Тұрсынәлі Жасановты көрген-білген адам табылса, сүйіншіміз дайын.

–Сөзің құрсын!– деді аржақтағы әріптесі Бердімұраттың дауысын таныған соң. – Ата сақалың аузыңа түскенше, әзілің қалмайды-ау.

–Енді қайтеміз, өл деймісіз? Ура! Жасанов табылды! Алдағыны Алла біледі дегенмен... Аздаған сүйінші қаражатты сіздің есебіңізден басқа мақсатқа жұмсасам...

–Қай-да?

–Қайда дерің бар ма. Қазір дүниенің бәрі сатулы.  Әңгіменің тоқ етері – Кеңсайдан жер алып қоюды ұмытпаңыз.

–Жағың қарыссын! Бізден құтыла алмай жүрмісің?!

–Құтыл, құтылма, жағдай солай. Бірінші, екінші Кеңсайда орын жоқ, болса да бағасы – у.

–Не дейді?

–Естімегеніңіз көп қой әлі де.

–Айт, айта түс.

–Бітті, ертең ескерткіштің жанына келіңіз, қалғанын сонда естисіз.

–Қап! 

–Не болып қалды?

–Бір шәкіртім өлердегі сөзін айтып, қылқылдап қоймаған соң, келісе салып ем... Мені де өлтіретін адам жоқ. Соның кітабын...

–Ақшаға ма?

–Құраяққа бата жүре ме. Жарым-жартысын алдын ала төлеген. Күн сайын дігерлеп, мазаны алады және де... «Бітір де бітіріңіз!» Оу, мен автомат емеспін ғой, бір еңбекті бір аптада бітіретін. Оның үстіне ертең біреулерге «бұған пәленшекеңнің қолы тиіп еді» десе, өлгенім емес пе?! Сендердің араларыңнан көрінбей жүрген себеп сол. Мені де түсін бір жолға. Осы күзде немеремнің ұзату тойы...

Телефонды тағы да сүлесоқтау сөндіре салды. «Бұларға не болған? Төрлерінен көрлері жақын қалғанда. Кем-құтықты түгендеп кетпек пе екен, ана дүниеге?!». Ескерткіштен ғана жәрдем күткендей көзі жасаурап, алып мүсіннің аяғынан басына дейін бір шолып өтті: «Сен бізден әлдеқайда бақыттысың, Уәлиханов!» Кеудесі көтеріліп басылып, көкірек аузына тығылған талай тосын ойларды өзімен-өзі күбірлесіп, тысқа шығарып та  айта алмады.

                                      ХХХ

Зіл қара тас көтеріп келе жатқандай мұншалық шаршамас. Қайда барады. Ескерткіш маңында отыра-отыра құйрығы ойылуға айналған. Балабақшаға да бұрыла алмайды. Немерелері үйде. Әлде... әкесін танытып, әлгі «интернет тұтқынына» айналған философтан жаман ма, мемуар жазуға кіріссе. Қолдан түспейтін дүние тудыруға сенімді. Өсек-аян тергіштемейді. Бастан кешкен тарихты шындықпен тұздықтап, айды аспанға бір-ақ шығарса, қолтаңба сұрағандар тізіліп соңынан жүгірсе... Ой, шіркін-ай, арман түгесілген бе?! Әйтсе де қолға түспейтін құнды деректерді ертең өзімен бірге Кеңсайға ала кеткені қайбір жақсылық. «Ғарышты игеру, өзіміздің Байқоңырдың келешегіне ғылыми тұрғыдан қандай көмек көрсете аласыз? Сіз елімізге белгілі физиксіз, космостық кеңістікті алыстан зондтау дегеннің мән-мағынасын түсіндіріңізші маған», – деп Біріншінің екі сағат бойы өзімен жеке кездескенін қайтіп ұмытар. Сондағы әсерлер баз-баяғыша көз алдында сайрап тұр, сол сәтінде кейбірін қағазға түсіріп те қойған. Біреулерге керек бола ма деген үміт-дағы ит жегір! Міне, ескерткіш түбіндегі тегін «лекцияның» бір тарауы осыған арналушы еді ғой. 

Үйге жақындай бергенде биолог Айберген Жоламанов алдын кес-кестеді: – Ақылдасатын шаруа бар,– деді сәлем-сауқатсыз сәл жүзін суытып.

–Оу, екеумізге тіреліп тұрған ол қандай суыт шаруа?! Үйге кіріп, оны шай үстінде талқылайық. – Бердімұрат көптен көрмеген «кампанионын» шын ниетімен құшақтағысы келді, жалғызсырап жүргендігін ақтарып айтқысы келді, өзгелердің қалай өмір сүріп жатқандарын  сұрап білгісі келді.

–Тағы бірде, шай ешқайда қашпас.

–Сендерді сағындым! – Өзіне лайықсыз әпенді сөзінің аузынан қалай шығып кеткеніне таңы бар. Көздері жыпылықтап, көңілінің кәдімгідей босаңсығандығын да жасыра алмады: – Кімнің қанша жыл өмір сүрерін кім білсін...

–Мәселе былай... – Атақты биолог Бердімұраттың жан тебіренісін  қаперге де алған жоқ. Қолынан тартып қайың ағашының тасасына сүйреледі: –Ескерткіш жанында жүргендігіңді терезеден көрдім.

–Көргендігіңді қайтейін. Жүрек жоқ сендерде! – Әдеттегідей әзіл-қалжыңның қоламтасын үрлеуге ыңғай танытты. – Жалғыз жүргеніме қанша күн.

– Ақырын, таудан құлаған бос бөшке секілді даңғырлама. Сені аядым.

–Не үшін?– Бердімұрат жайсыз хабар еститіндей дереу бойын тіктеді.– Бүйтіп аяғандарыңа береке берсін.

–Бізді біраздан бері біреулер нысанаға алып жүрген көрінеді-міс: «Өңшең оқымыстылар ескерткіш маңына жиналып алып, өркендеген еліміздің кемел келешегіне сенімсіздік білдіріп, әртүрлі әңгімелер айтады-мыс. Ілгері басқанымызды көре алмайды-мыс. Және оны базардағылар айтса бір жөн. Аттарынан ат үркетін өңшең корифейлердікі бұл неткен шектен шыққандық?! Іштері жарылып бара жатса қоғамға пайдалы іспен айналыссын, оған намыстанса естелік жазсын? Біреу болмаса, біреу оқыр еді-дағы» деген секілді айыптаулар... Айтты, айтпады, аман жүргеннен артық не бар?!

Бердімұрат басын сипап біраз үнсіз тұрды да, оқыс сілкінді.– Ендеше сен де кітап жазуға кіріскен боларсың?

–Кітап немді алған.

–Мұның ерлік, шындықты мойындаудың өзі үлкен ерлік! Енді не істе дейсің?

–Ит білсін...  – Ілгері жүріңкіреп барып, кілт бұрылды: – Білем ғой сені...

–Нені білесің?

–Қол қусырып қарап отыра алмайсың. Сенің жағдайың маған белгілі. Бәлкім, алтын уақытты көди-сөдимен текке өткізгенше, пайдалы іспен айналысқанымыз да жөн шығар... Саған жаным ашыған соң... өзіңе лайық бір жұмыс  тауып қойдым. Келіссең, ертеңнен бастап іске кіріс.

–Оу, ол қандай батпанқұйрық?

–Осыдан екі көше жоғары «Жерұйық» кафесі бар. Басшылары маған таныс. Балдыздар, айтқанымды екі етпейді. Түнге қарай кафе маңын екі-үш сағат күзетесің де, ұйқыға кетесің. Сосын жиырма төрт сағат демалыс. Нең кетеді. Жата-жастанып кітап жазасың ба, еркің. Тамағың тегін, аздаған тиын-тебені қалта теспес. Хабар өзіңнен, ал мен кеттім...

Бердімұрат «отыз жетінің» жанды кейіпкеріндей әрнәрседен күдіктеніп, әрнәрседен секем алып, түзу жолға түскенше жан-жағына үркектей қараған тығыншықтай денелі, ақсары кісінің әлгі уәжіне сенерін де, сенбесін де біле алмай,   біразға дейін кірпік қақпастан артынан қарап тұрды.

                                                   ХХХ

«Жерұйық» – күндіз кафе, түнге қарай жын-ойнақ. Кей күндері ырду-дырдудың аяғы таң атқанша бір басылмайды. Ондайда өзінің де сілесі құрып, діңкелеп шаршайды. Ауыр есік бір ашылып, бір жабылып, зықыңды шығарады. Оның үстіне ми шағатын даңғазы музыкасы қандай, сүйек-сүйегіңнен өтеді. Үйшігіне кіріп, кішкене шай-су ішіп, аяқ созуға да мұршасы жоқ. Несіне ежіктейді, түнгі клубтағы көпке белгілі үйреншікті жағдай: таңға таяу бастары бұлғақтап, аузына келгенді көкіп, тиісерге қара таппай анаған да мынаған да соқтығысып, тәлтіректеп жүретіндердің дені өзіміздің қаракөз ағайын. Өзіміздің ағайынға Бердімұраттың кәдімгідей жаны ашиды. Әйтпесе, арқасында «Күзетші» дейтін айшықты жазуы бар, белінде «алты атар»... былайша айтқанда, жартылай әскери тәртіпке негізделген қызмет бабындағы бұл  кісінің әлдекімдерге бүйрек бұруына, әлдекімдерге қамқор болуына үзілді-кесілді қақысы жоқ. Жарғыдағы бап бәріне ортақ. Дегенмен, Бердімұраттың жасындағылар әрі ілім-білімнің ізіне түсіп, күн сайын мың-сан кітап ақтарып, күн сайын ғылымға қатысты мың-сан деректерді сана сүзгісінен өткізіп, жүйкесін жұқартқандар анау-мынау заң-зәкөніңді қыстыра ма?! Жоқ, сол өзіміздің ағайындардың ішінен шыққан антұрғандар ит жыныңды қоздырады ғой қарап жүрмей. Оу, ішкен-жеген екенсің, той-тойлап, «бай болып, бақша мұратыңа жеткен» екенсің, бәре-кел-ді, ендігісі артық, одан да «есіңнің барын да еліңді тап». Үйіңе жете алмайтындығыңды білсең, таксиге тапсырыс бер. Қоңыр күртешелі күзетші сол үшін отырған жоқ па осы жерде. Әдресіңді айт, одан соңғысы қолмен қойғандай. Тыныштық керек бәріне. Біреулердің есік көзіне тұмсық тіреген мәшинеге міне алмай, әлде мінгісі келмей, былқ-сылқ міңгірлеп, не айтқанын  және түсіндірмей, қарадай қарап қаныңды қайнататынын қайтерсің?! Дәу жұдырықпен тұмсық астынан қонжитатын мүмкіндік туса, шіркін-ай! «Алты атардың» оғы бар ма, жоқ па, ол маңызды емес, маңыздысы – әлгілерді табанда тәубесіне түсіру, сес керсету. Қайыс қорапшаға қолың дірілдеп, әлденеше барып қайтады.

Түнемелікке қарай арқасында айшықты жазуы бар күртешені «алты атарымен» қоса темір жәшікке атып ұрады. Бір тылмыс күштің әсерімен Бердімұрат лезде шектен шыққандар ақылымды тыңдай ма, тыңдамай ма деместен, бар білгенін кейінгілерге айтудан жалықпайтын ауыл ақсақалына айналып шыға келеді. Қабағындағы сұсты, кіді мінезді сылып тастаған. Сөзі майда, тірі пендеге қарсы келетіндей қауқары жоқ. «Түбің түскірдің ұрпағы-ау, қай жақтан келген баласың?» деп қисалаңдағандарды арқадан қағып, үйшігіне кіргізіп, төсегін босатып береді. Ес жиып, адам қатарына қосылғанша жақ ашпайды. Ұйқысын қандырып, көзін сығырайтып ашса, тіскебасары мен қытайы термостағы қыз-қыз қайнаған шайы дайын. Өзге ұлттың өкілдеріне еріп келетін қазақтың айдай сұлу аруларына оқитын «лекциясы» қандай тартымды! Тақырыпты әріден қозғаған әдемі дауыс бара-бара бабына келеді де, тыңдаушысының өзегін солқ еткізіп суырып алады. Басына ауыр соққы тигендей, есеңкірейді көпшілігі. Қысқасы, осы күндері «Жерұйықтың» күзетшісін көргісі келетіндер де, көргісі келмейтіндер де жыртылып айырылады.

                                        ХХХ

Кафенің тоқсандық қорытындысына арналған жиналыс ұзаққа созылды. Күзет бастығы, бас есепші, азық-түлікпен қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі жазып алған қағаздарын ежіктеп оқып, төтенше сұрақтарға жауап бергенсіп, біраз уақытты солар ұрлады. Соңғы сөз – «Жерұйықтың» қожайыны, шашын төбесіне шөмеле ғып үйген, тырнағы сояудай, сылыңғырдай қара келіншекке берілді. Сондай кісінің барлығын сырттай естісе де,  Бердімұраттың бастығымен тікелей жүздесіп тұрғаны осы. Кафеге қатысты ішкі, сыртқы жағдайларға кеңінен тоқталды. Арасында жиегіне алтын жалатқан стақандағы нарзан суын ұрттап қойып, сәл үзіліс жасап, төңірегіндегілерге жасанды кірпігін қақпастан тесіле қарады: – Бұл не? Біздің басымызға төнген бұл не зауал?.. Аспазшыларды шетелден алғыздық, дастарқан мәзірі ойдағыдай, тазалық талапқа сай... Ал сонан келгенде клиенттерден айырылып қалдық... Ең басты минисумыз осы... Кәне, мұның себебін қалай түсіндіресіңдер?.. Айтыңдар ойларыңды... Кешегі «Жерұйықтың» беделі мен бүгінгісін салыстырыңдар... Бар пәле өзімізден, өз ішімізден... Кінәліні табуымыз керек қалайда!..

Бердімұрат орнынан сүлесоқтана көтерілді.

–Сіз сөйлейсіз бе?

–Жоқ-а, қарт кісінің қуығы шыдай ма, түзге шығайын деп...

Есікті сыртынан жауып, басын шайқап, ал кеп күлсін, ал кеп күлсін.

Қуаныш Жиенбай

Abai.kz

1 пікір