Жұма, 2 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107979. Жазылғандар — 102937. Қайтыс болғандар — 1725
Аймақ 2920 9 пікір 4 Наурыз, 2020 сағат 12:09

Көзбояушылық қанға сіңген әдет пе?

Кей-кейде қарап отырсаң, осы өтірік жақсы атты болу мен көзбояушылыққа салыну билік сатысындағы, әсіресе облыстық көлемдегі басшылықтың қалыптасқан жұмыс тәсілі ме деп қаласыз. Бір қызығы, әкімдердің қай-қасысы да кез-келген жақсы да тиімді бастаманы әрін де, нәрін де кетіріп, тонын теріс айналдырып, сілікпесін шығарады. Содан кейін ол бүкіл жұртты ығыр қылатын, сүреңсіз де еш пайдасы жоқ дүниеге айналып шыға келеді. 

Осының ең бір сорақы көрінісі - әртүрлі деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы халыққа есеп беру кездесуі десек, артық айтқандық болмас. Мұның өзі соңғы кезде әкімдердің өзін-өзі жарнамалайтын, тек қана көлемді көрсеткіштерді тізбелеп шығатын, алайда қандай да шешімін күткен проблемаларды көрмеген болып, сырт айналып шығатын тап-таза спектакль секілді қойылымға айналды. Бұл әдісті әсіресе біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетов керемет меңгерген десек, шындыққа қиянат жасай қоймаспыз.

Биыл да дәл солай болды. Әкімнің халықпен (дұрысы, арнайы іріктелген адамдармен) есепті кездесуінің өзі қызық басталды. Оның дүйсенбі, яғни жұмыс күні, сол жұмыстың қызған уақыты - түстен кейінгі 15.00-де басталуының өзі сол халықтан іргені аулағырақ салуының айқын көрінісі еді. Әйтпесе, халықпен, әсіресе, жұмыс істейтін халықпен кездескісі келсе, неге сенбі не жексенбі күнін таңдамады? Жылына бір келетін кездесуіне бір демалыс күнін қиса, шаршап қала ма? Архимедтің бұл тың «бастамасының» құпиясын өзі білмесе, біздің қиялымыз жетпеді.

Әлқисса, әрі қарай кеттік. Біз бұл жерде өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы қол жеткізген аса ғажайып көрсеткіштерін тізбелеп жатпаймыз. Әкімнің кездесуі тек қана толағай табыстардан жұрттың басын айналдыру емес шығар. Біздіңше, халықпен кездесу - олардың көкейінде жүрген, алайда шешуін таппай келген мәселелерге назар аудару емес пе?

Осы орайда мұның да таза көзбояушылықа айналғандығын жасыра алмаймыз. Және де мұндай қойылымның өзіндік тәртібі бар. Алыс-жақын аудандардан өздерін көптен бері толғантып жүрген проблемалары бар адамдар шақырылады, дұрысы, алдырылады. Олар жиналған жұрттың көзінше көкейтесті сұрағын қояды. Оны әкім тыңдаған болады. Содан соң, әлгі ауданның әкімін орынан тұрғызып, мәселенің мәнін біледі де, оны сол әкімге жедел шешуді тапсырады. Бітті. Кім жақсы? Архимед жақсы? Кім жаман? Аудан не қала әкімі жаман. Мұның өзі тамаша ойластырылған тәсіл екендігін амалсыз мойындайсың. Бәріне кінәлі жергілікті билік, ал Архимедтің мұндай орын алған кемшіліктерге еш қатысы жоқ. Одан еш уақытта: «Бұл менің де қателігім еді» деген сөзді ешқашан да естімейсің. Өзгелерді білмеймін, ол осы облысты басқарған алты жыл ішінде бұл азаматтың аузынан ондай сөздің шыққандығынан мүлдем хабардар емеспін. Мүмкін, шындығында да еш қателеспейтін шығар.

Мәселен, осы кездесуге облыс орталығынан 400 шақырымнан астам жердегі, бұрынғы Торғай облысы жеріндегі Аманкелді ауданынан Бану Мұқатова деген көп балалаы ана әдейі ат арытып келген. Сондағы сұрағы аудан орталығындағы өзі тұратын, әбден ескірген 18 пәтерлі тұрғын үйді жөндеуге қаржы бөлуді өтіну. Ал енді бұл сауалға әкіміміз не деп жауап берді дейсіз ғой. Оны толық келтіре кетелік.

-Сіздің мәселеңіз маған таныс, - дейді ол өзі аса жетік меңгерген қалыптасқан тәсілмен, - Бұл бойынша үш жылдық бағдарлама құрдық. «Нұрлы жер» арқылы осы Мәметова көшесіндегі тұрғын үйді жөндеп, пайдалануға береміз. Бұған екі жыл уақыт кетеді. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мен аудан әкімдігіне тапсырамын.

Яғни, әкім тапсырды бітті. Ал енді Архимед мырза сол аудан әкіменен бұл мәселенің осы уақытқа дейін неге шешілмегендігін, осынау жергілікті жерде шешілуге тиісті жайттың түйткілін тарату үшін бір жыл бойы осы кездесуді күтудің қаншалықты қажеті бар екендігін сұрауды сірә қажет деп таппаған болар. Айтпақшы, сол көп балалы ананың сонау шалғай жерден бұл кездесуге қалай үлгіріп келгендігінің өзі де үлкен құпия болып қала берді. Әлде мұның өзі де алдын-ала дайындалып, сол кісіге арнайы көлік бөліп, осында жеткізілді ме екен? Жұртқа жақсы атты атану үшін қандай да шығынға барады емессің бе? Ал енді бұл кісі биылғы кездесуге келе алмаса ше? Келесі жылға дейін кім бар, кім жоқ.

Жалпы, аты «облыс әкімінің есеп беруі» деп аталғанымен, аудандағы проблемалар аудан әкімінің, қаладағы проблемалар қала әкімінің еншісіндегі дүние екендігі бұл кездесуде негізгі желі болып тартылды. Айталық, облысымыздағы шет аудандардың бірі - Ұзынкөл ауданындағы Преснегорьков деген елді мекеннен келген бір тұрғын осындағы мектептің тұп-тура 37 жыл бойы еш жөндеу көрмегендігін, оның үстіне мұндағы жылу жүйесінің де тозғандығын, бұл екі рет қолға алынғанымен мүлдем аяқсыз қалғандығын айтып еді, әкімімз оны еш сөзге келместен облыстық білім басқармасының басшысы В.Цымбалюкке тапсыра салды. Цымбалюк болса, бұған барлығы 450 миллион теңіге керектігін айтқанда, Архимед оны келесі жылдың жоспарына енгізетіндігін хабарлап, тағы да бір ұпай жинады. Ал енді сол Цымбалюктің 37 жыл бойы не себепті бұрау басын сындырмағандығы, оның үстіне сол аудан әкімінің қайда қарағандығы жайлы сұрау тағы да әкімнің ойына келмеді. Әлде қажет деп санамады ма екен?

Тағы бір мысал. Облысымыздағы Қостанайдан кейінгі үлкен қаланың бірі - Рудный шаһары. Ол былтыр 320 миллион теңге шығарып, балалар қызықтайтын айналаны шолу дөңгелегін (орысшасы «колесо обозрение» деп аталады) саламын деп шала бүлініп, онысы қатты желден шайқалғанда құлап қалатын болған соң, жұмысы мүлдем тоқтаталып, енді ештеңеге жарамайтын болып, бұл қаланың аса ысырапшылдығымен атағы шыққаны бар. Сөйтсе, оны тендерден ұтып алғандар: «бұл Ресейде жасалған мықты дүние» деп алдап, шындығында сапасы аса күмәнді Қытайдан әкелінген дүние болып шыққандығы білініп қалып, үлкен дау болған. Осы мәселе кездесуде көтерілгенімен, сол қала әкімі Бақытжан Ғаязов: «Менің бұған еш қатысым жоқ. Бәрін де тендер шешеді», - деп ат-тонын ала қашқан. Архимед бұл жолы да үнсіз қалды. Ең болмаса: «Әкім мырза, жалпы осыншама қымбатқа түсетін дөңгелектің қалаға қаншалықты қажеттігі болды? Бюджет қаржысын қалай есептеп жүрсіз?», - деп сыпайлырақ та сұрақ қоюға да жарамады. Әлде мұны да басы артық дүние деп санады ма екен? Бір жағынан, одан да жоғары дөкейлердің бюджет қаржысына жаны ашымағанда Архимедтің ерекше көзге түсіп несі бар? «Аш құлақтан тыныш құлақ» артық емес пе?

Қысқасы, әкімдердің есеп беру кездесуінің таза формальділік пен  көзбояушылықа айналып, тым ебедейсіз де тиімсіз дүние болып шыққандығына Президентіміздің де көзі жеткен сыңайлы. Сондықтан да болар, ол жақында ғана «Орталық атқару орандарының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халықпен есепті кездесу өткізу туралы» жарлыққа едәуір өзгеріс енгізді. Нақтылап айтқанда, әкімдердің есеп беруі кезінде аймақтың одан әрі дамуының негізігі бағыттары мен міндеттері жайлы айтқанда ондағы проблемалық мәселерді ашып көрсетіп, оларды шешудің жолдарын саралауды қадап көрсетті. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі ресми аккаунтарда онлайн-конференциялар мен аудан мен басқа да жергілікті елді мекендермен тікелей бейне-байланыс конференцияларын өткізуге міндеттеді. Әсіресе, кездесуден кейінгі он күн ішінде сол басқосуда көтерілген мәселелердің қалай шешілетіндігі жайлы халыққа міндетті түрде хабарлауы қажеттілігіне назар аударды. 

Қысқасы, Президент халықтан әлдеқшашан іргесін аулақ салып үлгірген, олардың мұң-мұқтажынан мүлдем хабарсыз кейбір әкімдердің сол қалың бұқараға барынша жақынырақ болуын тағы бір рет есіне салған тәрізді. Тек бір әттегене-айы маңдай тенрлетіп жұмыс істегеннің гөрі өтірік ақпарат беріп, тек көзге түсіп қалуды ғана ойлайтын, кемшіліктен гөрі жетістіктерін ғана айтып дағдыланған сол әкімдер талай жылдар бойы әбден қалыптасқан, өздеріне аса тиімді жұмыс тәсілін аяқ астынан, жедел  өзгерте қоя ма екен? Бұған біздің үлкен күмәніміз бар. Қателессек, қуанар едік.

Жайберген Болатов

Abai.kz

9 пікір