Сәрсенбі, 3 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11796. Жазылғандар — 5996. Қайтыс болғандар — 44
Біздің шенеунік 5368 27 пікір 3 Наурыз, 2020 сағат 14:09

Спикердің «сәлихалы» сөздері сайлаудың саяси анонсы емес пе?

Сенат спикері Дариға Назарбаева елді «есінен тандыратын» мәлімдемелер жасаудан жалыққан емес. Билік мінберіндегі әртүрлі қызметтерде жүргенде айтқан кейбір «көсемсөздері» көптің көңілін күпті еткені өтірік емес. Десе де Дариға Нұрсұлтанқызының сенат төрағалығына келгелі сөйлеу мәнері сәл өзгерген секілді. 

Әсіресе, жаңа жылдың табалдырығын аттағалы бері сенат спикерінің жарқын сөздері бас тақырыптан түспейтін болды. Бірде зат бағасының қымбаттығын айтып ашуланса, бірде халықтың жағдайы төмен екенін айтып ашынады. Енді бірде «жерімізді ешкімге бермейміз» деп ұран тастаса, тағы бірде тіпті Қазақстан өзі ұйтқы болып құрысқан ЕАЭО-ны сынап тастайды.

Аузын ашса жүрегі көрінетін халықшыл саясаткерге айналып шыға келген спикерге таңғалмаған адам аз шығар. Енді Дариға ханымның жаңа үлгідегі мәлімдемелеріне кезек берейік.

«Сапасыз заңдар мемлекет билігінің беделін түсіреді»

Дариға Назарбаева Парламент палаталарында заң жобаларының қаралу кестесі бойынша өткізген кеңесі кезінде осындай ой айтты.

«Біздің басты міндетімізді орындауға – сапалы заңдарды қабылдауға кедергі келтіретін жүйедегі ақауларды білу үшін барлық тараптарды тыңдау керек.

Сенаторлар заң жобасын Мәжіліске ешқашан негізсіз қайтарған емес әрі қайтаруды ұсынбайды да. Сенаторлардың түзетулер енгізуі мен заң жобаларын Мәжіліске қайтаруды жұмыс бабындағы істер процесі ретінде қалыпты қарау керек. Біздің барлық ұсыныстарымыз сайып келгенде заң жобаларының сапасын арттыруға бағытталған. Сапасыз заңдар мемлекет билігінің беделін түсіреді».

«Азық-түлік өнімдері қолжетімді болуы керек»

Дариға Назарбаева мемлекеттік органдар өкілдерінің және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен өткен ет өндірісі саласының қазіргі жағдайына арналған кездесуде осылай деді.

«Қазір біз халық тамағының тоқ болуын, негізгі азық-түліктің қолжетімді болуын ойластыруымыз керек. Бұл біздің басты міндетіміз. Ауыл шаруашылығының алдында сала ретінде басымдықтар бар. Қазақстандықтар туралы ұмытпайық. Олардың дастарқанында қолжетімді дәмді ет болуы керек. Алдымен азық-түлік қауіпсіздігін ойлау керек. Өз еліміздің тоқшылықта болуы маңызды».

«Бізде ет бар, бірақ ол нарықта неге қымбат?»

Дәл осы жиналыста спикер ханым еліміздегі ет бағасының тым қымбат екеніне наразылығын жеткізді.

«Бізге тек көлеммен ғана емес, сапамен де, бағасымен де алуымыз керек. Ет дәмді, сапалы және бағасы қолжетімді болуы тиіс. Бүгін біздің қолымызда не бар? Ет бағасы өте тез өседі. Бізде ет бар, бірақ біздің нарықта неге қымбат? Оның үстіне, біздің еліміз бен халқымыз етті бағдарға алады. Маңыздылығы жағынан наннан кейін екінші өнім – ет».

«Мемлекет сапаға жауап бере алмай отыр»

Дариға Назарбаева электр энергетикасы саласының жұмысы мен халықты электрмен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткен кездесу барысында электр жарығының өшіп қалатынын сынады.

«Қаланың бір бөлігі электр жарығынсыз қалды, оның себебін білу әрі түсіну үшін мемлекеттік уәкілетті органдарды тыңдағымыз келеді. Сол жағалаудың коммуникациялары мен инфрақұрылымы жақында салынған, оларды көнерді немесе апатты жағдайда деп айтуға болмайды.

Қандай мәселелерді қарастырсақ та, бақылаудың жоқтығы проблемасына ұдайы тап боламыз, тиісінше мемлекет сапаға жауап бере алмай отыр.

Бақылау жоқ, кәсіпорын заң мен нормативтік-құқықтық актілерді адал орындауы үшін мониторинг жасау керек. Реттеу құрамы да жоқ. Шығындар бәріміздің қалтамыздан төленеді, есеп-шот келген кезде ойланбастан төлей саламыз».

«Cапасыз құрылыс адам өміріне әсер ететінін де ұмытпаңыздар»

Дариға ханым Сенатта өткен Қызылорда облысының күндері кезінде облыста салынғалы жатқан әуежайдың сапасына назар аудару керек екенін ескертті.

«Бәріміз де Қызылорда қаласында жаңа әуежай салу идеясын қолдаймыз. Тек жобаға мұқият қарауымыз керек. Сметалық құжаттарын дұрыстап қарап, сараптама жүргізу қажет. Сол кезде сұрақтар туындамайды. Сосын үнемдейміз, сапасыз заттарға ұрынып қалмаңыздар. Ең дұрысы, бір рет сапалы түрде қымбатқа салып, ұзақ пайдаланған тиімді болады-ау. Әйтпесе, арзанның құны татымас. Келесі жылы қайта жөндеу жұмыстарын жасап жүрмеңіздер. Бұл жерде сапасыз құрылыс адам өміріне әсер ететінін де ұмытпаңыздар».

«Қазақстан бизнесі ЕАЭО аясындағы саудада негізсіз шектеулерге тап болуда»

Бұл сөзді Дариға Назарбаева Еуразия экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесу кезінде айтты. Кездесу барысында қазақстандық бизнес тап болатын кедергілер талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан тауарларының Ресей нарығына қол жеткізудегі кедергілер, қазақстандық бірқатар тауар өнімдері транзитіне тыйым немесе шектеу қою жайлы да айтылды.

«Атқарылған жұмыстарға қарамастан, кедергілер мен тосқауылдар азайған жоқ, қайта көбейе түсуде. Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі 66 тармақтан тұрады. Кезінде бұл тізілім 60-тан басталатын. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз жыл санап жаңа кедергілер жасап немесе бұрынғыларды жоя алмай, санын көбейтіп отырмыз.

Одақтық мемлекеттердің іс-қимылы бойынша бұл шекарада халықаралық тексеру бекетінің болмауына байланысты шекарадан тек Ресей және Беларусь елінің азаматтары ғана өте алады. Бүгінгі күні қазақстандық жүргізушілерге шекарадан өтуге уақытша рұқсат бар, дегенмен оның өзі реттелмеген түрде».

«Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырады»

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы парламенттік тыңдауда сенат спикері осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жүйесіз реформалар кезінде ауыл шаруашылығының ЖІӨ үлесі он жыл ішінде 5 проценттен аспаған, ал кейінгі жылдары тұрақты түрде төмендеп барады. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырап отыр.

«Аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау жылдары ауыл шаруашылығын дағдарысқа, өндірістің күрт құлдырауына, өндірушілер табысының төмендеуіне, ауылшаруашылығы өнімдерінің, шикізат пен азық-түлік бағасының көтерілуіне және басқа да келеңсіз жағдайларға алып келді.

Ауыл тұрғындарының саны азайып, біртіндеп бүтін елдімекендер жойылып кетіп жатыр.

Көбіне кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемалары тұрғанын көре бермейміз. Біз саланың әлеуметтік өлшеміне назар аударуымыз керек. Ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қаладағы өмірден мүлдем өзгеше. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың 1 қаңтарында экономика саласындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында болған».

«Тұрғындардың жағдайы жақсы емес екенін айтып ешкімді таңғалдыра алмаймыз»

Жоғары палатада ауыл шарауашылығы саласындағы проблемаларды сөз еткен сенат спикері осылай деді.

«Бүгін біз сіздермен әрбір қазақстандықты алаңдататын – ауыл тақырыбын, біздің жер ресурстарымызды дамыту мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз. Біздер үшін ауыл нені білдіреді? Қазақтың түп тамыры ауылда жатыр. Ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы.

Сондықтан ауылды дамыту мәселелері әрқайсымызға өте жақын және түсінікті. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 42 пайыз қазақстандықтарға ғана емес, барша Қазақстан халқына қатысты үлкен мәселе. Бүгінгі таңда жалпы табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес екенін білдіріп, ешкімді таңғалдыра алмаймыз».

«Жерімізді ешкімге бермейміз»

Сенат спикері елдегі ауыл шаруашылығын басқару жүйесін қайта қарау қажет деп есептейтінін мәлімдеді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламаларын қаржыландырып, тұрғын үйлер салудың не қажеті бар? Егер онда не ешқандай жұмыс болмаса. Бұл бағдарламалар жұмыс бар өңірлерге арналуы керек. Әйтпесе, ешқандай мамандарымыз бармайтын өңірлерде тұрғын үй салып, кейін онымен не істерімізді білмей, басымызды қатырамыз.

Құрметті әріптестер! Қазақстанның аграрлық саясатының басты тапсырмасы - еліміздің тұрғындарын 80 пайызға азық-түлікпен қамту. Бұл ішкі нарықты реттеп, заманауи талаптар мен стандарттарға жауап бере алатын сапалы өнімдерді шығару дегенді білдіреді. () Барлық шешімді ойланып қабылдау керек. Қазақстан - біздің жерімізі. Біз ұрпағымыз үшін, балаларымыз үшін жауаптымыз, мұны барлығымыз жақсы түсінеміз. Біздің сыртта жауларымыз жоқ. Туған жерімізді ешкімге бермейміз. Ешқандай көршілерден де бізге қауіп жоқ. Біздің басты жауымыз - жауапcыздық, біліксіздік».

Бұл сенат төрағасының ақпан айында түрлі жиналыстар мен кездесулерде сөйлеген сөздері. Біз өз назарымызға іліккендерін ғана жаздық. Негізі халықтың қызметкері - шенділердің халықтың сөзін сөйлегені таңғалатын дүние емес. Бірақ біздің елде бәрі мүмкін. Билік басындағылардың бір ауыз жақсы сөзін естудің өзі зор қуаныш. Әйтпесе, шенділердің адамның ақылына сыймайтын мәлімдемелерінен шаршағалы қашан...

Енді өзіміз сөз етіп отырған сенат спикері Дариға Назарбаеваның ертеректе айтқан сөздерін бір шолып шығайық.

«Орыс тілін ұмытпай, қытай тілін үйреніңдер»

Елдің жай-күйін жақсартудың жалғыз жолы шетелге жалтақтау деп білетін Дариға ханым бұл сөзді Алматы қаласының белсенді жастарымен кездесуде айтқан. 2018 жыл.

«Қытай тілін оқыңдар. Мен мұны қадап айтамын. Ұлтшыл патриоттар мені осы пікірім үшін сөгіп жатады. Бірақ, болашақ сонда деп ойлаймын. Қытай нарығының мүмкіндігі шексіз. Халқының санын айтсаңызшы. Қандай іс бастамаңыз, миллиардер болып шыға келесіз.

Орыс тілін ұмытуға болмайды. Біз ортақ экономикалық, кедендік аймақтамыз. Шекара арқылы да еш кедергісіз өтуге болады. Бұл - үлкен артықшылық, сондықтан оны пайдалана білуіміз керек. Кез келген істі қолға алғанда осы нарықтардағы сұраныс туралы ойлану керек. Одан бөлек, бұл - бейбітшілікті сақтаудың ең жақсы тәсілі».

Дариға Нұрсұлтанқызының бұдан өзге де қоғам талқысына түскен сөздері бар.

«Жастарды әскерге көптеп шақыртуды ұсынамын»

Бұл Дариға Назарбаеваның сенаторлық қызметке тағайындала сала айтқан сөзі. 2016 жыл.

«Мектеп бітірген жастар арасында колледжге де, жоғары оқу орындарына да түспейтіндер көп. Олар жұмыссыз қалады. Осы тұрғыда статистикалық мәліметтер өте нашар. Жыл сайын мектеп бітірген 24 мыңға тарта түлек еліміздің не экономикалық, не әлеуметтік кеңістігіне ене алмауда. Мен келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген әскерилерді қысқартып, жедел әскери қызметке қабылданатындардың санын көбейтуді көтергім келеді. Жастар әскерде міндетін атқаруға мүмкіндік беру керек. Жаңа мамандықтарды меңгеріп алар еді. Келісімшарттағылар бізде өте көп. Ауыл жастары үшін бұл әлеуметтік лифт болады».

«Болашақта бізге қытай тілін үйренуге тура келеді»

Бұл Дариға ханымның премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған жылы айтқаны. 2016 жыл.

«Біз кем дегенде үш тілді білуіміз керек, өйткені таяу болашақта бәрімізге қытай тілін үйренуге тура келеді. Оңтүстікте орналасқан ұлы көршіміз - біздің тағдырымыз, Қытай зор қарқынмен дамып келеді. Қытай - біздің досымыз, біздің сауда серіктесіміз және еліміздің экономикасындағы ең ірі инвестор. Демек, ертеңгі күні біздің балаларымыз өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларындағы сол зауыттарда сұранысқа ие болады».

«Көп білгің келеді, оқығың келеді, ал оған уақыт жоқ»

Бұл Дариға Нұрсұлтанқызының 2016 жылғы сұхбатында айтқаны.

«Мен тіл білімінің адамға берер пайдасы мол деп санаймын. Қайда барсаң да, басқа тілді естіп, айтқандарын ұққанға не жетсін. Мен туған тілімнен өзге, орыс, ағылшын және итальян тілін білемін. Сондай-ақ, неміс тілін орташа деңгейде білемін, барлығын түсінемін, неміс тілінде фильмдер көремін, тек тәжірибе жетіспейді. Кезінде ата-анам «уақытты босқа өткізбей, оқи бер, кейін уақытың болмайды» деген еді. Мен айтқандарын қазір түсіндім. Олар, әрине, дұрыс айтқан. Шынымен де қазір көп білгің келеді, оқығың келеді, ал оған уақыт жоқ».

«Елбасы – ең үлкен құрметке лайық адам»

Бұл Дариға Назарбаеваның Алматыдағы Фурманов көшесіне экс-президенттің есімін беру туралы бастамаға қатысты айтқан пікірі. 2017 жыл.

«Мен бұл жаңалықты жаңа ғана естідім. "Төменнен" ұсынылған бастама болса керек. Түрлі себептер бойынша бұл сұраққа маған объективті жауап беру қиын. Бірақ еліміздің азаматы ретінде, 25 жылдағы жетістіктерімізді мақтан тұтатын азамат ретінде бұл шешімді дұрыс деп есептеймін. Бүгінгі бейбіт, тыныш өміріміз үшін біздің көшбасшымыз үлкен құрметке лайық».

«Әр әкімнің тікұшағы болуы тиіс»

Бұл «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС зауытына барған сапарында сөйлеген сөзі. 2017 жыл.

«Қазір біз міне Eurocopter өндірісінде қонақтамыз. Ары қарай да оның дамуын көрсету керек. Себебі, қазақстандықтар осы тікұшақтардың қаншалықты пайдалы екендігінен толық қанды мәліметті хабардар емес болуы мүмкін. Санитарлық авиация дамуы тиіс. Әр әкімнің осындай тікұшағы болуы тиіс, әсіресе, ауылшаруашылық қожалықпен айналысатындар үшін. 500 шақырым жерді көлікпен аралап шығу өте қиын. Ал тікұшақпен екі-үш сағат ұшып, барлығын көруге болады». 

«Құдайға шүкір, орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ»

Бұл үкіметте аяқастынан мемлекеттік тілде сөйлеу науқаны басталып (уақытша), сенатта Наринэ Микаеляндардың өзі тіл сындырып қазақша сөйлеп жатқан кезде, Дариға ханымның журналистерге берген жауабы. 2018 жыл.

«Құдайға шүкір, орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ. Мен өзіме ыңғайлы тілде сөйледім. Президенттің тапсырмасын бәріміз де орындауға тырысамыз. Орыс тілді ешкім әлі жойған жоқ. Құдайға шүкір, ондай болмайтын да шығар. Бірақ біз басқа да азаматтарды сыйлауымыз керек. Сондықтан бұл мәселеде шектен шығуға болмайды. Ұлтаралық келісім мен достыққа ешкім шектеу қойған жоқ. Ел аумағындағы және мемлекеттік органдардағы тілдер Конституциямен бекітілген».

«Цифрландыру трольдер мен фейктерге жол ашты»

Бұл Дариға Нұрсұлтанқызының Алматыда өткен Еуразиялық медиа форумда сөйлеген сөзі. 2018 жыл.

«Ашық интернет алаңы тек қана талантты журналистерге ғана есік ашқан жоқ. Сонымен қатар, ақпараттық соғыстың көзге көрінбейтін сарбаздарына да жол ашты. Фейктермен трольдер  жалған ақпарат шығарып, қоғамдық пікірге ықпал ете бастады. Олардың қасында таблоидтар абыройлы болып отыр. Ғаламтордың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің өмірдің ажырамас бөлігіне айналғаны әлемді түбегейлі өзгертті. Девайстар мен гаджеттер қолжетімді. Бұл кез келген адамның медипроцеске қатысуына кепілдік беріп отыр. Блогерлер мен желілік авторлар беделді журналистермен бәсекеге түсіп жатыр. Соның кесірінен ірі басылымдар тираж жоғалтуда».

Біздің ұзын-сонар тізімді оқып отырған оқырман сенат спикерінің сөйлеу мәнерінде үлкен өзгеріс орын алғанын оңай байқайды. Әрине, Дариға ханым бұрын да тәуір сөздер айтқан. Тек соңғы бір айда ғана дұрыс сөйлеп жүр десек әділетсіздік болар. Бірақ мынадай жиі әрі көңілге қонымды болмаған.

Ендігі мәселе, спикер Назарбаеваны халықшыл ойларға не жетеледі?! Ақыл кірді дейтіндей мемқызметке кеше келген адам емес, зейнет жасына таяған сақа саясаткер. Ендеше, спикердің сәлихалы сөздері сайлау додасының таяп қалғанын аңғартпай ма? Талқылайық...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

27 пікір