Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Білгенге маржан 5405 1 пікір 24 Ақпан, 2020 сағат 16:27

«Ұлы даланың сақ өркениеті» атты қөрме ашылды

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев атындағы тарихи өлкетану музейінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің «Ұлы даланың сақ өркениеті» атты қөрмесі ашылды. Бұл көрме Алтын адамның ашылуына 50 жыл, қорық-музейдің ашылуына 10 жыл, археолог  Б.Нұрмұханбетовке 85 жыл толыну орай, Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының аясында ұйымдастырылды. 

Кез келген ұлттың ғасырлар бойғы тарихы, рухани һәм материалдық мәдениеті, ұлттық болмысы – тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрі мен дүниетанымдық көзқарасында, тіпті тұрмыстық бұйымдарында көрініс табады. Сондай-ақ, Көшпенді өркениеттің негізін қалаушы Еуразия құрлығын мекендеуші халықтардың тұрмыс-тіршілігінде тұтынған әрбір бұйымынан осы өркениеттің деңгейі мен оны иеленушілердің (сақ-үйсіндердің) шеберлігі мен табандылығын, ойшылдығы мен өнерпаздығын байқаймыз.  Бұл өркениетті хатқа түскен әңгіме-жазбалардан толыққанды ұғыну мүмкін емес. Сондықтан да ғалымдар жазба деректерден басқа да, өткен заман өркениетін, әсіресе сақ өркениетін тайға таңба басқандай көрсете алатын дереккөзі – археологиялық жәдігерлерге назар аударады.

Археологиялық жәдігер ғылыми тұрғыда зерттеліп, музей жәдігеріне айналғанда ғана өз заманының тарихымен бөлісіп, музей келушілеріне өткен уақыттың сырын ашып, тарихи тұрғыдағы білімін толықтыруға көмектеседі.  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше аталған осы «көшпелілердің зор мәдени жетістіктерінің шоғыры даламызға сырттан келген жоқ. Керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін өз аймағынан сыртқа тарала  бастағаны мәлім» [1]. 

Адамзат баласы үшін осынау зор өркениет пен мәдени құндылықтарды қалдырған халық, ол – сақ-үйсіндер десек қателеспейміз. Әсіресе Жетісу жерін мекендеген сақ-үйсіндердің өзіне тән мәдениетінің ерекшеліктерін байқаймыз.  2020 жылдың 19 ақпанында Алматы облысының М.Тынышбаев атындағы тарихи өлкетану музейіне көшпелі көрме ретінде жол тартқан көрмеде осы ерекшеліктерді айқындап көрсететін жәдігерлер орын алды.  

Көрме  экспозициясына «Есік» қорық-музейінің осы күнге дейінгі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған және тарихи-мәдени мұраларымыздың сақталуына үлес қосу мақсатында музей қорына ел азаматтарының сыйға тартқан құнды жәдігерлері қойылды.  Бұл жәдігерлер сонау б.з.б. Х–ІІ ғасырлар арасында жасалып, қолданыста болған тарихи-мәдени ескерткіштеріміз болып табылады. Көрме экспозициясы тек қоладан құйылған, дәнекерленген тұрмыстық бұйымдар, қару–жарақ түрлері және әшекейлер мен ат әбзелдері сынды жауһарларымыз қойылды.  

Қола қазандар - түп тарихымызға тереңдеп, төл мәдениетіміздің түпкі қатпарларына бойлауға мүмкіндік беретін және ежелгі металлургия ісінің даму деңгейінің көрсететін жәдігерлердің бірі. Сондай-ақ мыңдаған жылдар бойы Ұлы дала халқымен бірге жасасып келе жатқан, атрибуттық мәнге ие киелі ыдыс. Көшпенді халықтар қазанды жорық кезінде және күнделікті өмірде ас дайындауға, сонымен қатар оны түрлі діни-ғұрыптық салттар атқару кезінде қолданған. Қуыс тағанды және әртүрлі өлшемдегі қазандар әзірге дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан (1936, 1953, 1956 жж), Алматы қаласынан (1930, 1956, 1977, 1984 жж), Қырғызстаннан (1901, 1905, 1908 жж) табылған. Осыған дейін қола қазандардың 80-ге жуық түрлері табылса олардың арасында үш тағанды қазандардың үлесі басым және олар Жетісу жеріне тиесілі болған.

Қару-жарақтар – Еуразия даласын мекендеген сақ-скифтерге ортақ белгілердің бірі. Олармен қатар жерлеу орындарынан ат әбзелдері мен «аң стиліндегі» бұйымдар да табылады. Мұны ғылымда «скиф үштігі» деп атайды. Алайда, Жетісу сақтарының мәдениетіне тән жерлеу орындарында қару-жарақтар салыстырмалы түрде сирек кездесетін артефактілер санатына жатады. Сондықтан әрбір жаңа табылған қару-жарақ аймақтың ежелгі тұрғындарының әскери істері туралы білімімізді айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Осындай олжалар арқылы жергілікті сақ жауынгерлері қару-жарақтарды қашықтықтағы және қолма-қол  ұрысқа бірдей ыңғайлы етіп жасағандарын көрсетеді. Сонымен қатар, қару-жарақ туралы жаңа мәліметтер сақ қоғамының әлеуметтік құрылымының ерекшеліктерін реконструкциялауға мүмкіндік береді. Түрлі көлемдегі қабірлерге мәйітпен бірге әртүрлі қару-жарақты қоятын дәстүрдің арқасында әрбір табылған жаңа мәліметтер бізге сақ қоғамының әлеуметтік ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік береді. Қару-жарақтардың мол қоры ақсүйектер мен жауынгерлер жерленген орта және ірі қорғандардан табылып жатады. Ал кішігірім қорғандарда қару-жарақтар өте сирек кездеседі [2]. Сақ қару-жарақтары арқылы ежелгі дүниеде сақтардың аса жоғары даму деңгейіне жеткенін және орасан зор қуатқа ие болғанын көре аламыз. 

Ат әбзелдері – адам  баласының тарихындағы ұлы жаңалықтың бірі, сондай-ақ атты қолға үйрету ең бірінші қазақ жерінен бастау алды. Сақ-үйсін кезеңінен ат тектіліктің, еркіндік пен даналықтың және жоғарғы әлемнің символы саналады. Адам дүниеге келгеннен бастап ақтық сапарға шығарып салғанға дейін айрылмас досы саналған, тіпті о дүниеге де бірге баратын қанаты, серігі деп түсініп,  бақилық болғандарды атымен қоса жерлеген. Жетісу сақтарының жерлеу кешенінде ат толығымен жерленген күйінде табылмағанымен құрбандық орындарынан ауыздық, тартпа үзбелері сынды әбзелдер кездеседі. Ат әбзелдерінің басым бөлігі кездейсоқ олжалар ретінде табылып жатады. Ондай олжаларды көбіне тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінен хабары жоқ қарапайым тұрғындар тауып алып жататыны да белгілі. Алайда, табылған мәдени мұра ескерткіштерінің көбі тиісті орындарға мәлімделіп, қажетті орындарға өткізіле бермейді. Дегенмен, көптеген азаматтарымыз өздерінің азаматтық және ата-баба мұрасына адалдығынан танбай табылған заттарды музейлерге өткізіп жатады. Сондай, тарихи мұраларымызға бей-жәй қарамай, кездейсоқ табылған бұйымдарды музей қорына беруге атсалысқан азаматтарға, әсіресе тәуелсіз журналист – Мақсат Ясылбайұлына, Тоғызбұлақ ауылының тұрғыны Тергеусизов Фархат пен Исабаев Медетке, Бесағаш ауылының тұрғыны Сергазиев Ұланға алғысымызды  білдіреміз.

Көрменің ашылу салтанатына Алматы облсының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты кітапхана ісі, тарихи-мәдени мұра музейлер жұмысын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қалқабаева Гүлмира Мәлікқызы, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының дәстүрлі әншілері, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының қызметкерлері мен Талдықорған қалалқық агро-техникалық және Политехникалық колледждерінің   студенттері қатысты. Көрме экспозициясымен Әсел Жақслықбайқызы таныстырса, қорық-музей атынан құтықтау сөзін Жазира Құрбанәлі сөйлеген болатын. Көрмені ұйымдастыру барысындағы алға қойған мақсан орындалып, келуші көрермендер тарапынан жылы лебіздер айтылды.

Көрме ұйымдастыруға ұсыныс беріп, мұрындық болған М.Тынышбаев атындағы тарихи өлкетану музейінің басшысы мен археология бөлімінің жетекшісі Жазира Барлықанқызына, аға ғылыми қызметкері Бауыржан Құрбанға және де  ұжымына өз алғысымызды білдіреміз.

«Есік» қорық-музейінің бас қор сақтаушысы 

А.Ж.Амаргазиева

Abai.kz

1 пікір