Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 4264 4 пікір 24 Ақпан, 2020 сағат 11:48

Байқоңыр кейуана

"Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда", "кісісі жүзге келмей өлмеген, қойлары екі қабат қоздаған" Сырдың бойында Төре деген бай болыпты. Құданың құдіретін-ай, Бай Төренің ауы балыққа, қорасы малға толса да бір перзентке зар болыпты. Қылған жақсылығымның қарымтасына құдайым бала нәсіп етер деп бай Төре байлығын ешкімнен аямапты. Су сұрағанға сүт беріп, қамшы сұрағанға тұлпар мінгізіп, тіпті ауылына келген мүсәпір жолаушының бәрін ешкімнің үйіне түсірмей өзі құдайы қонаққа деп арнайы салдырған қонақ тамына жайлайды екен. Міне, содан бері бай Төренің ауылын ел-жұрты Төретам деп атап кетіпті. Жыл сайын көктем шығып, жер жібігенде бай Төре бәйбішесін ертіп Түркістан жаққа аттанатын салты бар екен. Әулие бабаның басына барып тәу етіп, қасиетте мешітте намаз оқып, тілек тілеп, мешіт айналасында жүрген жарлы-жақыбайлардың қарнын тойдырып, киімін бүтіндеп беретін көрінеді. Төренің осындай жомарттығына дән риза болған Құдай Тағала күндердің күнінде оған перзент нәсіп етеді. Бай Төре азан шақыртып, қызының атын Қоңыр деп қойыпты. Қуанышы қойнына сыймай артынша өлі әруақтардың атына ас беріп, бәйге шаптырған екен.

Жылдар өте Қоңыр қыз өте зерек әрі кеңпейіл қыз болып бойжетіпті. Жомарттық тұқымында бар ғой, ол да әкесінен қалыспай бар жиған-тергенін кедейлермен бөлісіп, ел-жұртының сүйеніші болып күн кешіпті. Сол үшін әкесі дүние салғанда да халық ел тізгінін осы Қоңырға тапсырған екен. Қоңыр да өле-өлгенше еліне қарасып, әділдікпен ел билепті. Оның тұсында халықтың тоқшылықтан бүйірі томпайып, Төретамға сыймай Сырдария маңына қоныс аударыпты. Содан бері халық ескі қоныстарын Төретам деп атаса, жаңа қоныстарына Байқоңыр деп ат қойыпты.

Қоңыр кейуана өлер шағында өзін қимай еңіреген халқына: "Қам жемеңдер! Мен өлсем де Құдай сендерді қараусыз қалдырмайды. Бар малымды сендерге мирас қылып үлестіріп беремін. Тек өзара тату болып, әділдіктен танбай, араларыңдағы әлсіздерге қарасып, туған өлкелеріңді жымысқы пиғыл жаудан қорғап ғұмыр кешсеңдер болды. Әр жағын Құдайға тапсырыңдар", — депті. Айтқандай Хақтың назары ауып Байқоңыр кейуана дүниеден өтсе де ұрпақтарын Құдайдың қалауымен желеп-жебеп жүреді екен. Қатты бораннан ел шетін таба алмай адасқан талай малшыға Байқоңыр кейуананың елесі жөн сілтеп, көмектескен деседі. Сонау ашаршылық жылдарында да кейуананың елесі аңшыларға киіктердің мол жайылып жүрген жерін көрсетсе, балықшыларға дарияның қай тұсына ау салу керектігін ишаралапты деген де аңыздар бар. Бірақ біраз уақыттан кейін туған өлкелеріне басқыншы болшевиктер келгенде, жас-кәрінің бәрі араққа салынып, орысша шүлдірлеп ел жаппай азғындай бастаған кезде Байқоңыр әжейдің елесі көрінуді қойыпты (бәлкім Құдайдың да назары аумай қалған-ау). Кәрілер жағы бұны жамандыққа балап, Құдайдың қарғысына ұшырадық-ау деп ойласа, жастар жағы кейуананың жоқ болып кеткеніне еш саспапты. Тіпті кешқұрым әжелер: "Байқоңыр кетті дегенше Құдайдың назары кетті десейші, жарықтық. Қоңыр кейуананың өсиетін бұзып, аманатына қиянат жасаған бізді Құдай атты. Байқоңыр бізге ренжулі, " — деп жыласа, желөкпе немерелері: "Әжәу, Байқоңыр кейуананың елесі гиптилге уланып қалғалы қашан ", — деп қағытып отырады екен... Иә, әжелер айтқандай кейуана кеткелі Құдай да құтын алды бұл елден...

Бірақ, жақында елдің бәрі Байқоңыр кейуананың елесі қайта оралды деп жатыр. Араққа салынып, тегін ұмыта бастаған ұрпақтарынан үміті үзілген кейуана туған жерінде болып жатқан былықты өзі түзетпекке бекінгендей. Ақсақалдар жақында құлаған ракеталарды осы кейуана әруағы ұрды деп топшылап отыр. Енді Байқоңыр ана тағы бірнеше ракеталарды құлатса жерді жалға алғандар елді тастап тым-тырақай қашуы мүмкін. Бұл жолы кейуана шынымен ашулы секілді. Елесі ел кезіп, келімсектердің зәресін алуды бастағандай. Мүмкін кешегі қала сыртынан киік аулаймыз деп жүріп томпалам асқан орыс милицияларының көлігін де осы Байқоңыр кейуана шығар аударып тастаған. Бәрі де мүмкін. "Гиптилдеріңнің түтінімен қабірімде де дұрыс жатқызбадыңдар ғой" деп налып, азған ұрпағының кегін алуға кіріскен шығар. Не болса да арты қайырлы болсын...

Роман Бұрқаштың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

4 пікір