Жұма, 7 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 96922. Жазылғандар — 70680. Қайтыс болғандар — 1058
Қауіп еткеннен айтамын 11013 28 пікір 24 Ақпан, 2020 сағат 16:14

Даудың басы Дауровтың хаты болып тұр...

ҚР Бас прокуратурасының,

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің,

«Нұр Отан» партиясы төрағасы

бірінші орынбасарының назарына!

Қордай ауданында орын алған шетін оқиға қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Отыз жылғы олақ саясаттың салдарынан туындаған осы оқиға тұсында дүнгендерді зардап шегуші, қазақты зорекер етіп көрсеткісі келетіндер көп болып тұр. Бұл сөзді біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. 20 күн бойы әлеуметтік желі мен ресми БАҚ-та тілі жеткеннің бәрі бұл оқиғаға өзінше баға беруге тырысты. 

Өлімді ойламай ауруын жасырумен әлек болған біздің билік қақтығыстың себебі қарапайым тұрмыстық кикілжің деп баға берді. Жалтақ билік пен жалған интернационалистерге әу бастан қазаққа қарсы жұмыс жасайтын ресейлік БАҚ, Мәскеуге қарап бой түзейтін еліміздегі кейбір орыс тілді басылымдар мен айыртілді алаөкпе ағайындар қосыла кетті. Сөйтіп, жан-жақтан жасалған ақпараттық агитация «Қордай оқиғасын» қоламтасы бықсыған күйінде қалдырды.

8 ақпан күні Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына жауапты шенділермен қатар «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце де кірді. Осыдан-ақ, бұл оқиғаны қазақ билігі қалай шешкелі отырғаны белгілі болған. Бердібек Сапарбаев бастаған комиссия алдымен дүнген жұртымен кездесіп, солардың көңілін аулады. Қырғыз аса қашқан ақ тақиялы азаматтарды жалынып-жалпайып жүріп, қайтарып әкелді. Сынған-жоғалған мүлкін төлеп беруге уәде етті. Үй-жайын, қора-қопсысын қайта салып беретінін айтты. Қысқасы, қақтығыста қайтыс болған азаматтарды тірілтіп беруден басқаның бәрін үкімет өз мойынына алды. Сол үшін бюджеттен 1 млрд. 700 млн. теңге бөлінді.

Осы көмектен кейін Қордайдағы дүнген азаматтар үкіметке дән риза болып рақмет айтар, бұған дейін жасап келген «заңсыз» әрекеттерін тыйып, биліктің «бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет» ұранына шынайы үлес қосар деп үміттенген едік. Алайда бұл үмітіміз ақталмайтын секілді.

Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Сөзімізге дәлел ретінде дүнген қауымдастығының төрағасы Ань Хусай Дауров деген адамның әрекетін айтсақ та жетіп жатыр. Бұл адам білдей Қазақстан халқы ассамблеясы, дүнген қауымдастығының басшысы екен. Дәл осы адам Қазақстан азаматы бола тұра, зар жылап шетелден, Қытайдан қаржылай көмек сұрапты. Анығын айтсақ, Хусай Дауровтың Қытайдан көмек сұрап жазған үшбу хаты әлеуметтік желілерге тарап кетті.

«Сүйікті достар, аға-бауыр, әпке-қарындастар, барша бауырлар!
Қытай елінде апатты жағдай орын алып, он мыңдаған адам қорқынышты ауруды жұқтырып, мыңдаған адам ажал құшқан қиын кезде, біздің Қазақстанда да қайғылы оқиға орын алды.

Біздің біраз ауылдарымыз бір реткі бүліншілік пен қан төгіске ұшырады. 11 адам өліп, 100-ден астам адам жараланды, үйлер мен сауда орталығы қирап, машиналар өртелді.

Бір кішігірім жанжал үшін (бұл мәселе сол күні шешілген) көптеген арандатушылар мен Қазақстанның бейбіт дамуын көре алмаушылар әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарында осы жолғы бүліншілік пен қырғыншылықты ұйымдастырды.

Қазір Қытай вируспен күресіп, көмекке мұқтаж болып тұрғандықтан, біз де Қытайға гуманитарлық көмек көрсеттік.

Осындай қиын сәтте Қытайдан көмек сұрағымыз келмеген. Бірақ Қытайдың әр өңірінен көптеген достар, әріптестер бізге тілеулестік білдіріп, көмектескісі келетінін білдіруде. Біздің дүнген қауымдастығының есепшоты бар. Бірақ көпшілікке қолайлы болу үшін өзімнің жеке банк шотымды жариялап отырмын. Жиналған барлық көмек зияндалушыларға беріледі», - деп жазыпты-мыс Хусай Дауров. Қытайдың вичат әлеуметтік желісінде (DAUROV KHUSEEY атындағы банкшоты көрсетілген).

Қазақ билігі әсіре ұлықтап, тіпті Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы - Парламентіне депутат кіргізіп отырған Қазақстан халқы ассамблеясы деген әйдік ұйымның мүшесі Хусай Дауровтың Қытайға қарата жазған бұл жазбасы ел тыныштығын мүдделі әрбір азаматтың көңіліне екіұдай ой салады.

Біріншіден, Қазақстан азаматтары не үшін шетелден қаржы сұрап отыр? Қазақстан өз азаматтарын ас-ауқатпен асырай алмай отыр ма? Баға алмады десе жоғарыда айтқан 1 млрд 700 млн теңге қайда? Бұл сома Қордайда бүлінген құрлыстарды (әрі кетсе 20-30) жөндеп, шығынды толықтай өтеуге жетеді. Жететінін біз түгілі, Үкіметтің өзі есептеп берді де. Ендеше дүнгендер қауымдастығы Қытайдан ақша сұрағанын қалай түсінуге болады? Әйтпесе, қалай түсіндіреді?

Екіншіден, дүнгендер басшысы оқиғаға сыңаржақ баға берген. Оқиғаға кішігірім жанжал себеп болды, оның өзі сол күні шешілген деп өзінше тұжырым түйеді. Бұл жерде екі өтірік бар. Алдымен мұндай қақтығыстың туындауына аталған аймақтағы ұзақ жылдан бергі қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер себеп болған. Оның бірсыпырасын Үкіметтік комиссияның мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл тізіп айтқан еді.  Сондай-ақ, Хусай айтқан «кішігірім» жанжал - полицияның жағасына жармасу ісі бойынша күдіктерлерге қатысты тергеу 18 ақпанда ғана аяқталды. Мұны сол күні шешілген деуге келмейді. Оның үстіне заң бойынша полицияға қол көтеру кішігірім мәселе емес.

Хусай Дауров осы мәлімдемесімен-ақ, шетелге қазақ халқын бүлікші етіп көрсетіп, елдегі өзге диаспора өкілдеріне қысым жасалып жатқандай сөйлейді. Ань Хусай мүше болып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының міндеті елдегі барлық ұлттың татулығын сақтау. Бірақ Дауров халықтың татулығын сақтауға емес, арасына от жағуға жұмыс істеп отырғандай.

Дәл осы Хусай Дауровтың әлеуметтік желідегі парақшасына кірсеңіз, оның Қазақстан азаматы екеніне күмәнданасыз, тіпті. Парақшасы «қып-қызыл». Онда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың емес, Қытайдың көсемі Си Цзиньпиннің суреті толып тұр. Ши басшының сөйлеген сөздері, өткізген жиналыстары, кездесулері т.б. бәрі бар. Оның жазбаларынан Қытай телеарналарын да үзбей бақылап отыратынын байқауға болады.

Хусай Дауров жайлы Қытай ақпарат құралдарында мәліметтер аз емес екен. Қытайдың іздеу жүйесіндегі (Baidu.com) деректерге сенсек, Ань Хусай Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, дүнген қауымдастығының басшысы ғана емес «Шэньси ауылы» деген өзгеше аймақтың 6-шы төрағасы екен. Тіпті дүнгендер бұл лауазымды «хан» деңгейінде құрметтейтін көрінеді.

«Шэньси ауылы» - Жамбыл облысы, Қордай ауданында. Бұл атау дүнгендердің Қытайдағы мекені Шэньси провинцияның атауына байланысты қойылған. Цин әскерлерінің қырғындауына ұшырап, Қазақстанға қашып өткен дүнгендер жаңа қоныстарын да «Шэньси ауылы» деп атап алған. Басшыларын өз тілінде «төре» деп атайды екен.

Қытайлық деректерде, Ань Хусай 1994 жылдан бастап Шэньсиге барып, ата-бабасының мекенін іздей бастаған. Тіпті тапқан да көрінеді. Қайта-қайта барып, ұзақ уақыт іздеп жүріп, аталас туыстарын тауып, кездескен екен.

Ань Хусай Қытайдың Шэньси қаласына жиі-жиі қатынап, сол елден бояу шығаратын, кірпіш жасайтын машиналар мен жабдықтар әкеп, зауыттар құрыпты. 1997 жылы Қазақстанға Шэньсиден жылыжай технологиясын (теплица) енгізіп, көкөніс өсірген. Қазақстанда өсірілетін саңырауқұлақтардың барлығы «Шэньси ауылынан» сатып алынады екен.

Басқасын айтпағанда, дәл осы Хусайдың бастамашылығымен жыл сайтын дүнген жастары Қытайдың жоғару оқу орындарында білім алады. Қазақстандағы 120 мың дүнген Қытай тілін білгенімен, жаза алмайтын болғандықтан Қытайға жіберіп, қытайшаны жүйелі үйретеді екен. Бұл үрдіс 2000 жылдан бері жалғасып келе жатқан көрінеді. Бұл жастар Қазақстанға оралған соң қытай тілі мен мәдениетінің дүнгендер арасында таралуы мен сақталуына күш салады-мыс.

Видеода Қытайда оқитын қазақстандық дүнген студенттер (Хусай Дауровтың facebook парақшасынан алынды). Қытай тілінде қытайға қолдау білдіріп тұр. 

Сөз соңында айтарымыз, біздің елде өзге диаспора өкілдері құрған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің шетелге бүйрегі бұрып тұруы қаншылық заңды?! Бұған дейін Ресейді пір тұтатын, Ресейде тұрып жатқандай жұмыс істейтін бірлестіктер жайлы хабардар едік. Енді сыртқа қарап мөңірейтіндер қатарына дүнгендерді де қосуға болатын секілді. Бұлар Қытайды өздерінің атажұрты деп санайды. Сол елдің тілін үйреніп, мәдениетін ұлықтайды. (Жоғарыдағы видеодағы дүнген студенттер Қытайды ата-жұртымыз деп ашық жазған).

Хусай Дауров Қазақстан азаматы, ҚХА мүшесі бола тұра өзге елмен тығыз байланыс ұстап, өзге елден қаржылай көмек сұрапты. Біреуді нақақ айыптап, араздық шақыру ойымызда жоқ. Әлеуметтік желілердегі әртүрлі әңгімелердің анық-қанығын құзырлы органдар анықтауы керек. Бұл мәселеге біздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура назар аударуы тиіс!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

28 пікір