Сенбі, 6 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 12511. Жазылғандар — 6903. Қайтыс болғандар — 52
Экономика 1612 6 пікір 20 Ақпан, 2020 сағат 15:29

Қазақстандағы машина өндірісі не күйде?

Үкімет елдегі машина өндірісі саласына талдау жасапты. Қазір де елде өндірілетін машинаны несие алу жұрт арасында көптеп көрініс бере бастады. Сол үшін де Қазақстандағы машина өндірісінің жай-күйі туралы үкімет талдауы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Абай-ақпарат

Бүгінгі таңда қазақстандық автомобиль өнеркәсібі шикізаттық емес секторды индустриялық дамытудың 12 басым бағыттарының қатарына қосылған және жүйелі мемлекеттік қолдау объектісі ретінде саналады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Машина жасау саласындағы автомобиль өнеркәсібінің үлесі 26%-ды құрады, 50 мыңнан астам техника өндірілді, 2,7 мыңға жуық автомобиль экспортталды. Қазақстандық автоөнеркәсіп қалай дамып жатыр және оның келешегі қандай?

Бәрі неден бастау алды?

Отандық автомобиль өнеркәсібінің тарихы 2003 жылы алғашқы «НИВА» автокөлігі шығарылған кезден басталады. Ол кезде өндіріс көлемі бар болғаны бірнеше мың бірлікті құрады (2010 жылы ең көбі — 4 мың дана). Шығарылатын өнім желісін тек ВАЗ маркасының автомобильдері құрады. Еліміздің автомобиль нарығының негізгі бөлігі импортқа тиесілі болды.

Кәсіпорындардың нақты міндеттерімен дамудың негізгі кезеңі 2010 жылы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы алғашқы келісімдерге қол қоюмен басталды. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, саланы дамыту жөнінде қабылданған келісімдердің тиімділігі аз болды, сатылатын отандық автомобильдердің үлесі 2016 жылы тек 26%-ды құрады. Ынталандырудың жаңа әдістері қажет болды.

Осыған байланысты Үкімет қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау шаралары секілді саланы ынталандыру шараларын қабылдады. Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы іске қосылды.

Саланы дамытуға «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС стратегиялық әріптесі — СМС–JAC Motors тұлғасындағы ірі трансұлттық инвестор тартылды. Осының барлығы саланы дамыту, ынталандыру бағдарламаларын енгізу бойынша жаңа тәсілдерді енгізудің арқасында мүмкін болды.

Коммерциялық техника өндірісіне келер болсақ, елімізге жаһандық ойыншылар тартыла бастады. 2005 жылы Қазақстанға келген алғашқы ірі өндіруші КамАЗ болды. Содан кейін Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI және басқа да маркалар өз өндірістерін ашты.

Соның нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде салық аударымдары есебінен бюджетті жүйелі түрде толықтыратын, іргелес салаларды есепке ала отырып, ондаған мың жұмыс орны бар тұтас сала құрылды. Автоөндірушілер саны артып, адал бәсекелестік дами бастады.

Бүгінгі таңда машина жасау — өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі.

Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жылдары (2010 жылдан бастап) елімізде шамамен 400 млрд теңге сомасына 130-дан астам жаңа машина жасау өндірісі іске қосылды. 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Бұл кәсіпорындар өнімнің барлық дерлік түрін шығаруды игеріп үлгерді (жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектерден жоғары дәлдікті техниканы құрастыруға дейін) және мұнай-газ, металлургия және агроөнеркәсіп секілді экономиканың базалық секторларының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаттарының өндірісі қолға алынған. Елімізде 167 автомобиль моделі, оның ішінде 39 жеңіл модель, 22 әлемдік бренд жиналады.

Автомобиль жасау — Қазақстанның машина жасау саласының драйвері

ҚР-ның 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасында автоөнеркәсіп басым салалар қатарында көрсетілген. Мемлекеттік бағдарламада әлемдік трендтер Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытуға ықпал ететіні, оған қоса металлургия, резеңке бұйымдарының өндірісі, шыны өндірісі, тоқыма өнеркәсібі, электр жабдықтары мен құралдары өндірісі, ҒЗТКЖ және т. б. секілді іргелес салаларды дамытуға да септігін тигізетіні айтылған.

Екі бесжылдықта автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласының драйверлерінің біріне айналды. Ірі торапты құрастырудан (DKD) ұсақ торапты құрастыруға (CKD) көшу болды. Мысалы, шанақтарды дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялар қолға алынды.

Қазіргі таңда елімізде сатылатын автомобильдердің 60%-ы Қазақстанда шығарылған.

Автоөнеркәсіпті жергіліктендірудің орташа деңгейі 33%-ды құрайды, ал кейбір үлгілер бойынша ең жоғарғы деңгейі 50%-дан асады.

2010 жылдан бастап өндіріс көлемі 12,5 есеге өсті (2010 жылғы 4 мың бірліктен 2019 жылы 50,4 мың бірлікке дейін). Машина жасаудың жалпы көлеміндегі автоөнеркәсіп үлесі 2010 жылғы 4%-ға қарағанда 26%-ға жетті. Өнеркәсіптегі автоөнеркәсіп үлесі 1,9% құрады.

2019 жылы автомобиль өнеркәсібінде 359,5 млрд теңгеге 50 447 бірлік көлік құралы өндірілді, нақты көлем индексі (НКИ) 162,5%-ды құрады. Оның ішінде 44 077 жеңіл автомобиль өндірілді, өндіріс өсімі 46,8%-ды құрады.

Сатылымдағы қазақстандық автомобильдердің үлесі 59%-ға дейін артты (2018 жылы – 49%), ҚР-да ең көп сатылатын автомобиль брендінің 5-тен 4-і — отандық өндіріске тиесілі.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2019 жылы 16 332 Hyundai автомобилі (+75,7%), 14 623 бірлік Lada (+9,8%) және 5 366 Ravon автомобилі (+912%) өндірілді. Сондай-ақ бестікке Kia (3683 бірлік) және JAC (2 775 бірлік) маркалары кірді.

ҚР-да өндірілген автокөліктердің жартысы дерлік ірі автокөлік өндіруші «СарыарқаАвтоӨнеркәсіпке» тиесілі. Биыл Қостанай зауыты өндірісті екі есе ұлғайтып, жалпы сомасы 186 609 млн теңгеге 25 802 данаға дейін жеңіл автомобильдер, жүк көліктері мен автобустар шығарды.

Қазақстандық автоөнеркәсіп — экспорттық нарықтарда

Ішкі қазақстандық нарықтың шағын көлемін ескере отырып, отандық машина жасаушыларды ұзақ мерзімді жоспарлау экспорттық көлемдерді ұлғайтуды қарастыруы тиіс. Мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобильдер өндірісін ынталандыру тетігі аясында автоөнеркәсіп кәсіпорындарын экспорттық қаржыландыру көзделген.

Маркетингтік ілгерілетумен қатар, ел ішінде дайын өнімді тасымалдауға және экспорттық нарықтарда өнімді сертификаттауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу шаралары көрсетіледі. Бұл біздің кәсіпорындарға сыртқы нарықтарға қол жеткізуді жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Өз кезегінде, отандық кәсіпорындар кәсіпорындарда жүргізілетін технологиялық операциялардың санын арттырып, жергілікті құрауыштар мен материалдарды пайдаланып, сондай-ақ ірі сериялы өндіріске шығуы тиіс.

Сонымен қатар Қазақстанда автокомпоненттік базаны дамыту жоспарлануда.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде экспорт 2018 жылмен салыстырғанда 10 есеге артты. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2 629 автокөлік экспортталды. Автомобильдер көбінесе Ресей Федерациясы мен Өзбекстанға экспортталады. Шетелдік сатылымдардың негізгі бөлігін 2019 жылы JAC (1471), Hyundai (716) және Ravon (442) маркалары құрады. Бұл маркаларға көршілес елдерде маркалардың дистрибьюторлары тапсырыс береді.

Автомобиль өнеркәсібіндегі үрдістер 

Соңғы жылдары автоөндірушілер жаңа нарықтарға қол жеткізу, өзінің өткізу желісін кеңейту, жаңа технологиялар алу мақсатында стратегиялық серіктестерді іздестіруде. Соңғы уақытта автомобиль саласын дамытудың негізгі бағыттары отынның жаңа түрлерін пайдалану, жаңа конструкциялық материалдарды қолдану, жайлылықты арттыру есебінен жанармай тұтынуды айтарлықтай төмендету; сапалық және баға белгілері бойынша да, нысаналы мақсаты бойынша да модельдік қатарларды әртараптандыру болды.

Соңғы уақытта автомобиль саласының ерекшелігі модельдік қатарларды үдемелі әртараптандыру болды.

Қазақстандық машина жасау экологиялық таза көліктің дамуымен байланысты жалпы әлемдік трендтен қалыс қалып жатқан жоқ. 2014 жылы электромобильдердің бірінші партиясы шығарылды, сондай-ақ отандық өндірістің 15 электроавтобусы қолданыста.

Автомобиль өнеркәсібін дамыту шаралары 

ҚР Үкіметі саланы ынталандыру бойынша шараларды қабылдады, оның ішінде ҚҚС бойынша артықшылықтар, жеңілдікпен несиелендіру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау шаралары бар.

2019 жылы маусым айында 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді, ол машина жасаудың барлық шағын салаларын қамтиды және қолдау шаралары бойынша іс-шаралар кешенін қарастырады. Олар – салық артықшылықтары, қаржылай және шикізаттық қолдау, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және тағы басқалары.

Кооперациялық байланыстарды дамыту үшін 2019 жылы 3 сәуірде Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасында Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Ол келесі жобаларда кооперацияны қарастырады.

Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы аясында «КАМАЗ» ЖАҚ, «АВТОВАЗ» ЖАҚ және «Хендэ Мотор Мануфактуринг Рус» ЖШҚ жүк автомобильдерінің жетекші біліктерінің басты беріліс редукторларын шығару зауытын, құю зауытын және ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығын салу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды пысықтау басталды.

Алматы қаласында «Hyundai» жеңіл автомобиль маркасын шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС жаңа зауытының құрылысы басталды, оның қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 30 000 бірлікті, ал екінші кезеңде 45 мың бірлікті құрайды.

СМС – JAC Motors «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС алаңында өндіріс көлемін арттыру және шығаратын автомобильдер желісін кеңейтуден басқа, автокомпоненттер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.

Қытай серіктестерімен ынтымақтастық аясында шиналар мен двигательдер шығаратын зауытты іске қосу жоспарланған, бұл Қазақстандағы автокомпонент базасын дамытуға қуатты серпін беретін болады.

Сонымен қатар, ҚР денсаулық сақтау және инфрақұрылымдық даму министрлері Қазақстан Республикасында санитарлық көлікті жаңарту бойынша Жол картасын бекітті, бұл санитарлық көлікті лизингтік қаржыландыру тетігі есебінен жаңартуға мүмкіндік береді.

Жол картасына сәйкес, облыс әкімдіктеріндегі, республикалық маңызы бар қалалардағы денсаулық сақтау басқармалары үшін лизингтік қаржыландыру шарттары мынадай: лизинг мерзімі 5 жыл, сыйақы мөлшерлемесі отандық тауар өндірушілер үшін 7%-дан аспайды, аванс төлемі қарастырылмаған, жеңілдік ұсынылатын кезең 12 айға дейін. 2019 жылы 800 жедел жәрдем көлігіне және 2019-2020 жылдары 18 жылжымалы медициналық кешен үшін 10 млрд теңге бөлінді.

Автомобиль өндірушілерді қолдау

Автоөндірушілерге өңдеу өнеркәсібіндегі басқа кәсіпорындармен қатар арнайы инвестициялық келісімшарттар аясында салық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.

Бұл шаралар жеңілдікті несиелендіру бағдарламаларымен қатар автокөлік құралдарының қазақстандық экологиялық таза өндірісін дамытуды ынталандырады.

Қазақстан Республикасында экологиялық таза көлік құралдарының шығарылуына байланысты, 2018 жылдан бастап автоөндірушілер толығымен бесінші экологиялық класқа көшті, оның ішінде коммерциялық техниканы дайындауда да, электромобильдер өндірісі игерілді.

Экологиялық таза көлік құралдарын өндіруде (Евро-4 және одан жоғары экологиялық кластарға сәйкес келетін, электродвигательдері бар) және өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім аясында жергіліктендіруді кезең-кезеңмен арттыру бойынша талаптарды орындау кезінде өндірушілер өндірістік процестер бойынша шығындардың орнын толтыру түріндегі ынталандыруға ие болуға үміткер бола алады.

Автомобиль өнеркәсібінің жергіліктендірілуінің орташа деңгейі 33% құрайды, жекелеген модельдер бойынша ең жоғарғысы 50%-дан асады. Ынталандырушы дамыту шараларымен бірге жергілікті қамту үлесі мен өндіріс көлемін арттыру шығарылатын көлік құралдарының құнын төмендетуге бағытталған.

Өңдеу өнеркәсібін қолдаудың жалпы шараларынан басқа, жеңілдікпен автонесиелендіру және жеңілдікті лизинг бағдарламалары өзінің нәтижелілігін көрсетті, оның аясында «БРК-Лизинг» АҚ жұмыс істеген 4 жыл ішінде 50 млрд теңге бөлінді (42 млрд теңге – автонесиелендіруге, 8 млрд теңге – лизингке).

2019 жылғы қазан айынан бастап «БРК-Лизинг» АҚ арқылы Ұлттық банктің жеңілдікпен автонесиелендіру бағдарламасы іске қосылды, сол арқылы 5 жыл бойы 100 млрд теңге бөлу көзделген (жыл сайын 20 млрд теңгеден).

Бағдарлама тұрғындар арасында зор сұранысқа ие, бүгінде қаражатты екінші рет игеру жүргізілуде.

Еліміздің автобус паркін жаңарту 

2019 жылдың 12 айында автобус шығару көлемі 2,5 есе өсті (1 076 бірл.).

Қосымша ынталандыру ретінде 2018 жылдан бастап қазақстандық өндіріс автобустарын лизингке өткізу бағдарламасы жұмыс істейді. Республикалық бюджеттен «БРК-Лизинг» АҚ-ына 33,5 млрд теңге бөлінді, бүгінде 1 550 бірлік автобусты жеткізуге қаржыландыру жасалды.

«БРК-Лизинг» АҚ мәліметі бойынша, 2020 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында тозған автобустар паркін жаңарту жөніндегі кешенді жоспар аясында 904 Yutong автобусы, 330 Ankai автобусы, 181 Daewoo автобусы, 75 Golden Dragon автобусы және 60 DongFeng автобусы өндірілу үстінде және олардың бір бөлігі жеткізіліп қойды.

Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің даму келешегі

Сөз соңында еліміздегі автомобиль саласының дамуы үшін перспективалардың шынымен де жоғары екенін атап өткен жөн. Өйткені отандық автомобиль жасауды дамыту мемлекеттің орташа мерзімдік және ұзақ мерзімдік жоспарлау бойынша бағдарламалық құжаттарда белгіленген мүдделеріне және басымдықтарына сай келеді.

Биыл Қазақстанда 10-нан астам жаңа автомобиль моделінің өндірісі басталады. Қысқа мерзім ішінде автомобиль өнеркәсібі өнімдерінің жалпы көлемін 100 мың автомобильге дейін жеткізу жоспарланған, оның ішінде 10-15 мыңы — Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Беларуське, Әзербайжанға және басқа да елдерге экспортталатын болады.

Алматы қаласында қуаттылығы жылына 45 мың бірлікті құрайтын «Hyundai» зауыты ашылды. Зауыт Индустриялық аймақ аумағында ашылды. Жаңа зауыт құрылысына салынған инвестициялар көлемі 25 млрд теңгені құрады. Жобалық қуаттылығы — жылына 30 000 бірлік. Екінші кезегін және шанақты дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялармен шығарылатын алғашқы автомобиль өндірісі 2020 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Кәсіпорын өндірісте 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстан өңірлерінде дилер желісін құру шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпалын тигізетін болады.

Осы жылдың қаңтар айының соңында ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің қатысуымен «Узавтосаноат» АҚ және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, сондай-ақ «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС мен «UzAuto Motors» АҚ арасында автомобильдердің машина жиынтықтарын жеткізу туралы шартқа қол қойылды.

Келешекте автомобиль өнеркәсібінде:

  • 2021 жылдың басынан бастап көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы жаңа келісімдерге көшу жолымен жергілікті қамту үлесін ұлғайту жұмыстарын жалғастыру;
  • қазақстандық автоөндірушілердің серіктестерімен өндірістік кооперацияны дамыту, оның ішінде автокомпоненттер өндірісі;
  • электромобильдер өндірісін игеруді жалғастыру көзделген.
6 пікір