Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 3181 2 пікір 20 Ақпан, 2020 сағат 14:37

"Демократия аралдары"

Конституциялық құқығын пайдаланғысы келетін азаматтарды прокуратураға шақырып, жұмыстан шығарып, әскерге жіберіп, 10 күнге қамап "ұсақталудың" не керегі бар?!

Билікке АЛЖИР, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Актюбинский, Джезказганлаг, Петропавловский, Кингир және Усть-Каменогорский секілді Қазақстан территориясында болған 11 концлагерьді жаңғыртуды ұсынамын.

Азаматтарды соттап судьялардың уақытын алмас үшін лагерьге бірден "жолдама" беретін "мыслепреступление" деген бапты ойлап тауып, тез арада ҚР Қылмыстық кодексіне енгізу қажет. Ең бастысы, концлагерьлерді жаңғырту арқылы билікке бір оқпен екі қоянды атуға болады. Концлагерьлерді, ең алдымен, "Демократия аралдары" деп атау арқылы ребрендинг жүргізу керек. Осы тактиканың арқасында әлемдік қауымдастыққа Қазақстан демократиялық құндылықтарды сүйгіш азаматтардың басын бір жерге қосып, демократияны 11 аймақта апробациядан өткізіп жатыр деп әдемі көрсетуге болады.

Екіншіден, былтыр президент сайлауынан кейінгі митингілерде ұсталған саяси белсенділерді қамайтын орын табылмай, азаматтар жазасын өтеу үшін кезекке тұруға, басқа қаланың изоляторына баруға мәжбүр болып, ел-жұрттан өте қатты "ұят" болған.

Концлагерьлер изоляторлардағы орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, билік ішкі аудиторияға (қазақстандықтарға) кез келген жағдайда, тіпті өзіне саяси қарсылық танытқан кезде де, азаматтарды далада қалдырмайтынын, оларға әркез қамқорлығына алуға дайын екенін танытады.

Сондықтан бұл ұсынысты қазіргі саяси режимнің архитекторы және барлық нұр-сұлтандық атқамінерлер, президенттің "мемлекетшіл" кеңесшісі мен "мемлекетшіл" кәрі/жас саясаттанушылар екі қолдап, "төрт аяқтап" қолдайды деп сенемін.

Шалқар Нұрсейітовтың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

2 пікір