Жұма, 19 Сәуір 2024
2514 3 пікір 20 Ақпан, 2020 сағат 13:36

ШҚО-дағы вирус дауы. Облыс әкімі Зайсанға барды

Әлеуметтік желілерде ШҚО-ның Зайсан ауданында бір топ адам коронавирус жұқтырды деген мәлімет тарады. Бұл мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесуге келді. 

Дәлірек айтқанда, Зайсан ауданы Сарытерек ауылының тұрғындары кеше, 19 ақпанда сағат 15:00-де наразылықпен ауылдық амбулаторияның алдына жиналғаны айтылған. Оған сенсек, Қытаймен шекарадан бүгін, 20 ақпанда коронавирус жұқтырды деген адамдарды ауыл амбулаториясында емдеу жоспарланған-мыс. Тұрғындар осы ақпаратқа сеніп, мән-жайды білу үшін жиналған.

Зайсанның Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарында наразылыққа шыққан халықпен кездесуге облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шенеуніктер келгенмен, аудан халқы түсіндіру жұмыстары болмағанын айтып, сенімсіздік білдіріп, шекарадан белгісіз азаматтардың өткенін алға тартады.

- Шекарадан ешқандай өзге елдің азаматтары өткен жоқ. Бірақ шекараның арғы жағында 5 зайсандық азамат тұр. Олардың денсаулығын 14 күн бақылау үшін Өскеменге алып кетеміз. Ал мұндағы 42 Қытай азаматын Үкіметбасымен ақылдасып, өз еліне жіберу шарасын шешеміз, тек 3 күн уақыт беріңіздер! - деді Даниал Ахметов.

Оған көнбеген бір топ халық облыс басшылығымен бірге «Син-син» компаниясының жұмыскерлері тұрақтаған 9-базасына келіп, төлқұжаттарын өз көздерімен көрген.

Ал, аталған мәселеге қатысты ШҚО әкімдігі Ахметовтың  халықпен кездесуінің қорытындысы туралы қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді.

Abai.kz

3 пікір