Жұма, 3 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 464. Жазылғандар — 29. Қайтыс болғандар — 3
Аймақ 746 0 пікір 20 Ақпан, 2020 сағат 13:10

Қызылорда облысының әкімі халық алдында есеп берді

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Өңір басшысы өткен жылды қорытындылап, 2020 жылға арналған жоспарлар туралы айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» және Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында айқындалған дамудың негізгі стратегиялық мақсаттарын аймақта іске асыру жұмыстары жалғастырылды.

Жалпы, 2019 жылы экономиканың барлық салалары бойынша экономикалық өсудің қарқыны сақталды.

Қызылорда облысының бюджеті жыл ішінде 239,2 млрд.теңгеден 304,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Облыстың меншікті кірістері 41,8 млрд. теңгеден 56,5 млрд. теңгеге дейін өсті.

Бюджет әлеуметтік бағыттылықты сақтап қалды, әлеуметтік міндеттерді шешуге бюджеттік қаражаттың 60% жуығы бағытталды. Бұл ретте облыс жан басына шаққандағы әлеуметтік шығыстар бойынша өңір арасында көш бастап тұр.

Негізгі капиталға инвестициялар 17,4%, құрылыс жұмыстарының көлемі 54,3% , тұрғын үйді іске қосу 8,8% өсті.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,3%, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,3%, бөлшек тауар айналымының көлемі 1,5% өсті.

17291 жұмыс орны құрылды, оның 12678 тұрақты. Жұмыссыздық деңгейін 4,8% (ҚР – 4,8%) шегінде ұстап тұрды. Орташа айлық жалақы 13,8% өсті (2019 жылғы қаңтар-қыркүйек).

Тұтыну бағаларының индексі 2018 жылғы желтоқсанға қарағанда 2019 жылы 105,4% құрады. Оның ішінде азық түлік тауарлары бойынша – 109,9%, азық-түлік емес тауарлар бойынша 104,9%, ақылы қызметтер бойынша 100,2%.

Өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша 8 үздік облыстың қатарына кірді.

Индустриялық-инновациялық даму саласында 2018 жылдың желтоқсанында мерзімінен бұрын енгізілген тампонажды цемент зауыты жалпы көлемі 380 мың тонна құрайтын 6 цемент түрін шығарды. Цемент көрші өңірлерге – Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстарына және Шымкент қаласына сатылады. Сонымен қатар,  40 мың тонна Өзбекстанға экспортқа жіберілді.

2014-2016 жылдары индустрияландыру бағдарламасы аясында "Аралтұз" АҚ екі испандық цехты іске қосып, нәтижесінде өз өнімінің 75% шетелге экспорттап отыр. 2019 жылы Ресейдің ас тұзы нарығындағы кәсіпорын өнімінің үлесі 16% құрады. Сонымен қатар, Украинаға тұз экспортының көлемі 2,1 есеге артты.

Өткен жылы өңірге инвестиция тарту мақсатында Қызылордада "Қызылорда: тұрақты өсу, инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер" тақырыбында ХІ Халықаралық "BaikonyrInvest" инвестициялық форумы өтті.

Форум жұмысына алыс және жақын шетелдерден 11 мемлекеттің (Иран, Франция, Германия, Македония, Нидерланды Корольдігі, Корея, Канада, АҚШ, ҚХР, Ресей Федерациясы, БАӘ) өкілдері қатысты. Форум аясында жалпы сомасы 100 млрд.теңге құрайтын 24 Меморандумға және 1 келісімге (Қызылорда қаласында 400 орындық студенттік жатақхананың құрылысы және пайдалануға берілуі) қол қойылды.

Халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 2018-2020 жж. өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Жүйелі шаралардың нәтижесінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылы 9,3% өсіп, 46297 бірлікті құрады. Кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық түсімдерінің көлемі 11 % өсті.

2019 жылы облыс бойынша Мемлекеттік бағдарламалар аясында 6 000 астам азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, сондай-ақ, 3 172 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өз бизнесін ашу үшін 1 млрд. 383 млн.теңге көлемінде ақысыз грант алды.

Сонымен қатар, 1436 жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен кәсіпкерлерге 5,5 млрд.теңгеден астам сомаға шағын несие берілді.

Тағы айта кетейік, 2019 жылдың басынан бастап Екінші деңгейдегі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне жалпы сомасы 21,9 млрд.теңгеге кредиттер берді, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы сомасы 5,6 млрд. теңгеге 166 жоба қаржыландырылды.

2019 жылдың маңызды оқиғасы Қызылорда облысының кешенді дамуына қатысты бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілді.

Кешенді жоспар шеңберінде 2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді бассейнінде мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстары басталады. Бұл мұнай-газ саласын дамыту мәселелеріндегі елеулі өзгерістер.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыс халқының 63% табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. 2019 жылы Байқоңыр қаласын газға қосу жұмыстары аяқталып, Жосалы, Тереңөзек және Жалағаш сияқты аудан орталықтарында кентішілік газ желілерінің құрылысы басталды.

Республикалық туристік картаға Қызылорда облысының 3 туристік нысаны енгізілді: «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық-туристік аймағы. Бұл ретте, «Байқоңыр» ойын-сауық-туристік аймағын құру туристік картаның ТОП-10-ына енгізілген. Қазақстанның туристік картасы бұл аймақтық және республикалық маңызы бар нысандарды қамтитын карта. Картаның міндеті -  2-3 жыл ішінде халықаралық дәрежедегі объектілер деңгейіне шығу. Бұл картаға республика бойынша барлығы 60 нысан енгізілді.

"Байқоңыр" ғарыш айлағында туристік әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында АҚШ-та Флорида штатының Канаверал ойындағы ғарыштық туризмді дамыту мысалында "Байқоңыр"ойын-сауық-туристік аймағын құру тұжырымдамасы әзірленді. Сонымен қатар, 2019 жылы "Байқоңыр"ғарыш айлағын құру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. "Байқоңыр" РТЗ жобасының ТЭН-іне сәйкес құрамына ойын-сауық орталығы, әлемдік стандарттағы қонақ үйлер, мейрамхана, кинотеатр, ғарыштық аттракциондар, зымырандардың іске қосылуын бақылауға арналған бақылау алаңдары, аквапарк, ұлттық кәдесый өнімдерінің дүкендері, этноауыл, ғарыш мұражайы кіреді.

Экономиканың түрлі салаларына жоғары технологияларды жедел енгізу үшін цифрландыру бойынша 2018 жылдан бастап 47 жоба іске асырылды, қазіргі уақытта 11 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қызылорда облысы бірінші болып «Бірыңғай кезекшілік диспетчер қызметі» жобасын іске қосты. Енді барлық жедел қызметтер (101, 102, 103, 112) бірыңғай «112» нөмірімен жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге, шұғыл емес сипаттағы қаланың тіршілік ету тұстары бойынша тұрғындардың өтінімдерін өңдейтін «109-бірыңғай контакт-орталығы» іске қосылды. Бұл қызмет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру мәселелерін қамтиды.

Облыс әкімінің есеп беру баяндамасынан соң кездесуге қатысушылар өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді айтып, сұрақтарын қойды, ақсақалдар атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Abai.kz

0 пікір