Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Абай мұрасы 12497 19 пікір 18 Ақпан, 2020 сағат 12:42

«Құмарпаз боп, мақтанды қуып кетпе!...»

(Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңіне түсінік)

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» (1897) – мақтанға салыну деген нашар әдеттен сақтандырған өсиет өлең.  Үш шумақ өлең өзегі – «Көкіректі керіп, қырт мақтанға ұрынба, оған құл болма!», «Екі сөйлеме, кісілікке ұмтыл!» идеясы. Абай поэзиясын да, қара сөзін де көктей өтетін өсиеттің бірі осы. Мысалға 1892 жылғы «Күлімсіреп аспан тұр» өлеңінде Абай: «Мансап іздер, мал қуар, Бәрі мақтан іздеген», – деп торықса, ал, келесі «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:

Абұйыр, атақ сол жанда

Кімді көп жұрт мақтаса, –

деп улы сарказммен шанышады. Сондай-ақ:

Мақтау – жел сөз жанға қас,

Қошеметшіл шығарған, –

деп ескертеді. «Қошеметшіл» – өзімізге етене таныс «жағымпаз» сөзі. Қошеметшіл айтқан мақтау «жел сөз» әрі «жанға қас» болмағы несі? Себебі, ол «сатылған» және «сатып алынған»  деп түсіндіреді Абай. Сол сияқты 21-қара сөзін: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс», – деп бастайды да,  «мақтан» ұғымына талдау жасайды және мақтаншақ пақырларды үш түрге жіктейді.  Сөйтіп, мақтаншақтық – жанға қас, рухани өсуге кедергі келтіретін кесірлі мінез деп анықтап берген.

Хош, Абайдан сабақ алдық па? Жоқ, керісінше мақтанудан алдыға қара салмай, оны тіпті саясат деңгейіне дейін көтердік.  Жарықтық Абай осыны көре білгендей, «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Қайратың мен ақылың екі жақтап, -

деп бастап, мақтан тақырыбына қайтып оралған.

Көпірме, даңғой мақтау артында – қулық. Осымен, адамды әуреге салу, жолынан тайдыру  – антұрғандық, бұл – жағымпаз қулардың ісі. Өзіңе сен, қайратың мен ақылыңа сүйен! Есті кісілік деген осы. Мұны: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккені – жетілгендік көрінісі»,  деп әл-Фараби бабамыз да құптайды.

«Мініңді жасырма, қошеметшіл жұртқа сенбе, өз күшіңе сен!», «Мақтанды іздеп, қайғы алма! Артылам деме өзгеден!», «Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да қуғанға!». Үш жыл бұрын «Әсемпаз болма әрнеге» (1894) өлеңінде айтқан осы өсиеттерін Абай:

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе!

Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе? –

деген екінші шумақта тиянақтай түскен. Көптің аузын күзетпе, сенгіштікке, құмарпаздыққа (атақ, абұйыр алуға) ұрынба, сағымға (байлық, мәнсап) алданба.  Ұстаздың кеңесі – жұмыр басты пендем-ау, сені тығырықтан алып шығар дара күш – тек өзің, бойыңдағы қайратың мен ақылың ғана! Абайдың шәкірті Ә. Бөкейханов: «Өз күшіне сенген халық қана өмір бәйгесін алады»  деген. Осы  ғибратқа құлақ түрсек, күллі қоғам түлеп, жаңарып, кетер еді-ау.

Үшінші шумақта: «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме», – дей келе, ойшыл өлеңді: «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме!», – деп қорытады.

Өлең соңы – жүрекке тірелуі күтулі жәйт. Өйткені, осы 1894-1897 жылдары үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) Абай шығармашылығында елеулі орын алады. Шүбәсіз,   жүрек – барша адамгершілік қасиеттер көмбесі. Онда жылылық, достық, өзге де  қызық пен қазына көп-ақ.  Бірақ олардың ішіндегі ең асылы – Құдай барына сенім. Абай: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» дейтіні, адам болмысы – жан мен тән. Адам болам десең – өзіңді жанға бала, соған билет! Кемелдікке өзге жол жоқ. Мұны кейінгі Абай: «Құдай тағала жолы... сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол  –  таза мұсылман, толық адам делінеді» (38-сөз) – деп жеткізген. Толық адам ерекшелігі – кәміл білім әрі кәміл иман иесі болуында.

Мінеки, қырт мақтан, яки мақтаншақтық – иманға (ар-ұятқа) антипод. Ол пендені біртіндеп аздырып, орға жығатын бес дұшпанның бірі. Адамның жетілуіне кедергі мінез. Тексерілген үш шумақтан алар ғибрат осы.

Бүгінгі қазақ қоғамына келейік, иә, оған не жетпей тұр? Мақтанның «үлкендік» деген түрі. Кәнеки, ол қандай мақтан? «Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, – дейді Абай, – Яғни надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі» (21-сөз).

Керемет өсиет! Үлкендік, артықтардың мінезі туралы шынайы білім. Асылымыз Абай үлкендікке  кедергі он екі қылықты жіпке тізгендей қылып атап айтқан. Аталған кеселдің дені – тілден. Демек, сөз түзелсе – ел де түзелмек! Абай сөзін, ақылын қабыл аламыз ба, жоқ, естімей, елемей жүре бермекпіз бе? Қазіргі мемлекет идеологиясы мен мемлекет құрушы, яғни «титульный ұлт» өкілдері алдында кес-кестеген сұрақ осы дүр.

Өлеңге түсінік осымен тәмам.

Ендігі айтар жәйт, алғашқы шумақтың соңғы жолы:

Еңбегің мен ақылың екі жақтап,

деп басылуда. Бұл – ағаттық. Себебі, «еңбек» сөзі советтік дәуірдің белгісі,  санамыздағы «Адамды адам еткен – еңбек» қағидасы – материалистік ілімнің салған таңбасы. Абайдың сөзін бұрмаламай «қайрат» деп жазатын уақыт жетті. Осы пайым дәлеліне екі уәжді келтірейік.

Біріншісі, ислам теоретигі Әбухамит әл-Ғазалидің «Ихйа ад-дин» («Дінді қайта тірілту») атты әйгілі шығармасы. Кітапта суфизмнің хәл (жүрек) ілімі бойынша адамның Хақ дидарына жетуі жеті сатылы деп дәйектелген. Әр сатыны «мақам» дейді. Әл-Ғазалиді орысша сөйлеткен В. Наумкин: «Макамы...  могут содержать лишь знание (илм), состояние (хәл) и действие (амал)», – дей келе, мақам туралы былайша түйеді: «Итак, макам триедин и включает в себя знание, состояние и действие».

Көрдіңіз бе, орыс ғалымы үш қасиеттің бірін «действие» (харекет, қайрат) деп аударған. «Труд» демеген. Хакім Абай болса, «еңбек» тұра тұрсын, діни термин – «амал» («ғамал») сөзінен  де бас тартқан. Ұлт ғылымына «қайрат» терминін алғаш енгізген. Неге? Абайға керегі –ауқымды, әрі жан-жүрекке байланған термин. Мәселен: «Жүректе қайрат болмаса, Ұйқтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Қайуанша жүріп күнелтпек» дейді. Сөйтіп, Абай ілімінде адамның адам болу кепілі – еңбек емес (құмырсқа немесе бал арасы адам баласын он орап алатын еңбекшіл), сана-сезім, ес-ақыл, бүгінгі тілмен айтқанда, рух мәдениеті.

Екінші уәжіміз, еңбек пен ақыл терминдері жұптасқан өлең Абайда жоқ. Ал қайрат пен ақыл бірлігі баршылық, тіпті бұл екеуі егіз қозыдай ере жүреді. «Жастықтың оты жалындап» өлеңінде ойшыл:

Қайратпен кіріп, жалынбай,

Ақылмен тауып айласын,

десе, әйгілі «Әсемпаз болма әр неге» өлеңінде:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет-шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға,

демей ме.

Сөйтіп, өлеңдегі «еңбек»-ті  «қайрат»-қа алмастыру керек. Қай тұрғыдан да осыған көз жеткіземіз. Алдыңғы – «толық адам» танымына қатысты философиялық категория емесі айдан анық. Олай болса, әйгілі үшкілді (қайрат, ақыл, жүрек) бүлдіріп, жұртшылықты шатастырмайық.

Қазіргі таңда бодандықтан босаған мойнымызға қу тіршілік қамыты киілді. Неге? Өйткені, «Не ексең, соны орасың». Абайдың «толық адам», Шәкәрімнің «ар-ождан» ілімінен пайда алып, іске жаратуға асықпадық. Яғни тән құмарына қарсы тұрмадық, оңғаққа ердік. Салпылдап сағым (байлық) қудық. Өмір сүру формасы  феодалдық, мейлі, капиталистік болсын, жан мен тән майданы толассыз, ол майдан алаңы – әркімнің жүрегі, мұны ескермедік.

Түйін. Абайдың үлкендік туралы сөзі өзекті. Есті ұлт, мықты қазақ боламыз десек,  мақтанға салыну мен сағым (байлық) қуғанды азайту керек. Тіл, ақыл мен адамгершілік тәрбие негізінде күшті ұлт болып ұйысу керек. Жатпай-тұрмай ұлт ғылымын дамыту керек. Бұл «керектің» бәрі де, қайрат пен ақыл қуатымен келмек, әйтпесе, жоқ. Жүрек ше? «Жүректен жылылық, достықпенен, Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы». Үстіміздегі Абай жылы – қазақ елі үшін мейірімділіктің, ақыл-парасаттың, өзге ұлттар үлгі-өнеге алатын үлкендіктің жылы болуға бір Алла тағала нәсіп еткей!

Асан Омаров,

зерттеуші.

Abai.kz

19 пікір