Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 6586 76 пікір 8 Ақпан, 2020 сағат 14:22

Қордайдағы жанжал: Ресми деректер мен оқиғаның мән-жайы

Кеше, 7 ақпан кешқұрым Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында жергілікті тұрғындар арасында жанжал шықты деген ақпарат әлеуметтік желіге тарады.

Бүгін осы оқиғаға байланысты орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ІІМ Ерлан Тұрғымбаев жанжалдың жай жапсарын түсіндірді. Министрдің айтуынша, төбелестен сегіз адам қаза болып, 40 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған.

Осы оқиғаға байланысты «бұзақылық» және «кісі өлтіру» баптарымен іс қозғалған. Әзірге анықталған деректерге қарағанда, қазақ-дүнген қақтығысында 30-дан астам тұрғын үй, 15 сауда дүкені, 23 автокөлік өртенген. Оперативті топтың жұмысы нәтижесінде, 47 күдікті ұсталып, оның екеуінен қару құралы тәркіленіпті. Тәртіпті бақылау мақсатында аймақта полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жұмылдырылған.

Арандатушылар мен куәгерлер жанжалды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан. Сонымен қатар азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттерге шақырған. Осыдан кейін жанжал орнына әртүрлі көршілес елді мекендерден 300 адам келген. Бұзақылар бір-біріне тас лақтырған. Металл заттар қолданған. Сондай-ақ, қару қолданған, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Ақпарат министрі Дәурен Абаев «ақпарат таратуда абай болуға» шақырып, «бір ауылда тұрмыстық даудан туған конфликтінің өршіп кетуін» ұлтараздық ақпарат таратушы арандатушылардан көреді.

Бердібек Сапарбаев бастаған комиссия қазір Қордай ауданына бара жатыр. Біз қазір Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерін, жергілікті ақсақалдар мен қоғам қайраткерлерін, имамдарды тарта отырып, халықты сабырға шақырамыз. Қазір алаңдайтын, елді дүрліктіретін негіз жоқ, – деді Абаев.

Сонымен қатар, жауапты қызметкерлер оқиғаға қатысты жалған ақпарат тартушылар қатаң жауапқа тартылып, жазасыз қалмайтынын ескертті.

Осы жанжалға байланысты Ақорданың ресми сайтында ел Президентінің үндеуі жарияланды.

«Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. ...Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді», – деді мемлекет барсшысы.

"Бұл жанжал да бұрынғыдай елдегі өзге диаспора өкілдерінің заңға бағынбай тәртіпсізкке жол бергенінен болып отыр. Осы күнге дейін қазақтар жиналып, өзге ұлт өкіліне күш көрсетіпті дегенді есіп көрмедік. Қайта осындай қақтығыстың бәрі, өзге диаспора өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен кейін туындап жатады" - дейді осы оқиғаға қатысты пікір білдірушілер.

Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйенсек, бұл жолы да Қордай ауданында әлдебір азаматтар полицейге бағынбай, тіпті оларға қол жұмсаған көрінеді. Ал бұл азаматтар сол аудандағы этникалық дүнгендер екен. Әлеуметтік желіде тараған осы оқиғаның видеожазбасы жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын тудырып, жаппай төбелестің туындауына себеп болған болуы мүмкін. Жергілікті полиция да жанжалдың шығу себебін тәртіп сақшысы мен тұрғындардың бірінің арасында болған кикілжіңмен байланыстырған.

2019 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша, Қордай ауданының орталығы Қордай елді мекенінде шамамен 25 мыңнан астам адам тұрады. Сортөбе мен Масаншы ауылының әрқайсысында тұрғындар саны 15 мыңнан асады деп айтылады.

Abai.kz

76 пікір