Жұма, 19 Сәуір 2024
Әліпби 4723 15 пікір 6 Ақпан, 2020 сағат 15:53

Әліпби түзуде сақтық керек

Бекітілген әліпбидегі кемшіліктер билік тарапынан мойындалып, түзетуге рұқсат берілгеннен кейін әліпбиді жетілдіруге байланысты пікір айтушылар мен әліпби ұсынушы авторлар саны күрт артты. Бұл үрдіс жаңа қазақ әліпбиі қандай болуы керек, жаңа әліпби ұлттық жазудың қандай талаптарына жауап бере алуы керек деген мәселенің дұрыс шешілуіне оң ықпал етіп жатқанын айта кеткен орынды. «Тіл-Қазына» орталығына ресми түрде жолданған әліпби жобалары мен ұсыныстарды жинақтай келе әліпби құрылымына қатысты бірнеше бағыттағы көзқарас бар екені дәлелденіп отыр. Атап айтқанда:

1) Әліпбиді ағылшынның 26 таңбасымен ғана жасап шығу. Яғни 26 әріптің шегінен шықпай төл дыбыстарымызды да соған бағындыру. Мысалы:

ә дыбысы: а (an – ән), аа (aаn – ән), , аһ (aһn – ән), аі (aіn – ән); 

ө дыбысы: o (on – өн), oh (ohn – өн), oe (oen – өн), oі (oіn – өн);

ү дыбысы: u (un – үн),  ue (uеn – үн), uh (uһn – үн),   jj (jjn – үн); 

ғ дыбысы: g (gana – ғана), q (qana – ғана), gh (ghana – ғана);

ң дыбысы: ng (tang – таң), nh (tanh – таң), т.б. Мысалдардан көріп отырғанымыздай, диакритикалық белгілерді алмай жасаған әліпби нұсқалары қабылдауға ауыр, сауат ашатын балаға қиын екені айқын көрініп тұр, екіншіден бұндай әліпби төл дыбыстарды жоғалтып алу қаупін туындатады. 

2) Төл дыбыстарды қазіргі нұсқасымен немесе фонетикалық таңбасымен алу. Мысалы, ә (әn – ән), ɛ (ɛn – ән), ө (өn – өн); ʊ (ʊn – үн), ŋ (оŋ – оң) т.б. Алайда басты мақсат латын графикасына көшу болғандықтан, әліпбидегі барлық әріптердің тұрқы латыннегізді болғаны абзал. 

3) Екі дыбысты бір таңбамен беру. Мысалы, k әрпімен к/қ, g әрпімен г/ғ, y әрпімен ы/і, u әрпімен ұ/ү дыбыстарын таңбалау. Әріп санын азайту мақсатында қолданылған бұл әдіс сауатын енді ашып жүрген баланың tysy сөзін тысы ма, тісі ме, un сөзін ұн ба, үн бе деп сөз мағынасын бірден тани алмай қиналуына, kyskasy, byrak түрінде жазылған сөздерді кыскасы, бырак деп қате оқуына ықпал етеді.  

4) Кирилдегі 42 таңбаның барлығына әріп арнау. Мысалы,  э – еһ, ю – jh, я – yh, щ – sci, жіңішкелік белгісі – хі, жуандық белгісі – хһ. Мәселен, parolxi (пароль), balxizam (бальзам), twsciy (тұщы) т.б.   Латын графикасына көшудегі басты мақсаттың бірі – қазіргі әліпбиді  артық таңбалардан тазарту, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ әріптерден құтылу екенін ескерсек, бұндай әліпби жүйесі сауатсыздыққа апарары сөзсіз. 

5) Диакритикалық белгілерді қолдану. Әліпби түзудегі «бір дыбыс – бір таңба» деген басты ұстаным диакритикалық белгілерді қолдану арқылы ғана шешілетіні белгілі. Осы орайда акут немесе умлаут диакритикасын таңдау жолы тұр. Әлем тілдерінде акут белгісі дауыстыларға да, дауыссыздарға да қойыла береді, бірақ дыбыстың созылыңқылығын, жіңішкелігін немесе екпінді білдіру үшін қойылады.

Қазақ әліпбиінде диакритика санын азайтамыз десек акут белгісін төл дыбыстарды таңбалауда алуға болады: ә, ө, ү, ғ, ң . Алайда бұл ортақ түркілік жазу жүйесінен алшақтатып жібереді. Егер умлаутты таңдасақ, оны тек дауыстыларға ғана қоя аламыз да, басқа төл дауыссыз дыбыстарды таңбалауда диакритика саны (бревис, тильда)  көбейіп кетуі мүмкін. Дәл қазіргі таңда төл дыбыстар үшін диакритика таңдауда екі жол тұр: акут немесе умлаут. Бұл мәселені ғалымдар аса ыждаһаттылықпен шешуі керек. Десек те қазақ әліпбиі үшін умлаут диакритикасының таңдалғаны дұрыс. Ш дыбысын седильмен (ş) берген қолайлы, себебі апостроф белгісімен ұсынылған s таңбасы шығу, шығыс т.б. тәрізді сөздерді жазуда қолайсыздық тудыратыны кезінде қоғам тарапынан айтылған. 

Қорыта айтқанда, 4-ші рет бекітілетін әліпби бұрынғы кеткен кемшіліктерді қайталамауы тиіс және осы күнге дейін келіп түскен ұсыныстар мен ескертпелерді назарға ала отырып жасалауы керек.  

Гүлфар Мамырбек

Abai.kz

15 пікір