Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Зерттеу 25797 3 пікір 5 Ақпан, 2020 сағат 15:14

Қытайдың демографиялық дағдарысы

1953 жылдың 30 маусымында Қытай тұңғыш реткі жан саны санағын жүргізді. Санақ нәтижесі республика жан санының 601 млн 938 мың адам екендігін көрсетті. Көп балалы болу дәстүрі бар Қытай, азаматтық соғыс аяқтап, ел іші тыныштық тапқаннан кейін қауырт өсіп сала берген. Халықтың тәбиғи өсімі 1950 жылы 19% (10.39млн), 1953 жылы 23% (13.37млн), 1954 жылы 24.8% (14.75млн) болды.

Осы тұста, ішінара көзқарақты интеллегенция жан саны өсімі қарқынының елдің экономикалық әлеуеті мен экономикалық өсім қарқынынан алқып, халықтың тұрмысының көтерілуі мен елдің жан-жақты дамуына керекті капитал жинауға ауыртпашылық салатындағына алаңдап, билікке жан санының қабағат өсуіне лайықты тежеу салу керектігін ескерткен-ді. Бірақ, «ұлы көсем» Мао «компартия басшылығында, адам болса болғаны, пәнидің нелер кереметтерін жасап тастауға болады» деп мәлімдеп (1949 жылы қыркүйек, «идеалистік тарихи танымның банкрот болуы» мақаласы), «адам көбейген сайын, күш ұлғаяды» дейтін әйгілі тұжырымын жария етті (15.04.1958, «бір кооперативті таныстыру» мақаласы).

Осыдан кейін-ақ демография мәселесі жабық тақырыпқа айналып, жан саны 1971 жылы туытты жоспарлау саясаты қолға алынғанға дейін қалай өсуге мүмкін болса, солай өсіп бақты. Мемлекеттің дамуы және халықтің әл-ауқатын көтеру қамы үшін туытқа лайықты тежем қоюды тұңғыш көтерген көрнекті экономист, демограф, «жаңа демография теориясы» кітабының авторы Ма Янчу Мао тарапынан «Қытайдың Мальтусы» (1958 жыл) аталып, қуғынға түсті.

1971 жыды шілдеде Қытай үкіметі «Tуытты жоспарлау қызметін дұрыс жолға қою туралы баяндамасын» жариялап, жан саны өсімі көрсеткішін алғаш рет ел экономикасын дамыту жоспарына кіргізді. 1972 жылдан бастап туылған бала саны азая бастады (берілген ҚХР статистика агенттігінің мәліметіне қараңыз). Бұл үдеріс 60 жылдықтағылардың ұрпақ сүю жасына келуіне байланысты 1981-86 жылдары бала туудың көбеюіне орын бергенімен (кестеге қараңыз), 1987 жылдан кейін қайта ізіне түсті. 1982 жылы ҚКП 12-съезі туытты жоспарлауды мемлекеттік саясат есебінде бекітіп, конституцияға енгізді. Нәтижесінде 1987 жылдан бастап туылатын нәресте санының жылдан жылға азаюы қалыпты үрдіске айланды (кестеге қ.)

Бұл ел экономикасының қаржылық қамтамасыздануына мұрсат беріп, халықты оқыту, емдеу, баспанамен қамту сияқты әлеуметтік мәселелердің қауырт қордаланбауына айтақалсын пайдалы болғанымен, мемлекеттің стратегиялық мүдделеріне зақым боларлық ықтимал салдарларды да ишаралады. 2000 жылғы ҚХР мемстатагентіктің жан санына жүргізген ішінара санағы елдегі жалпы туу көрсеткішінен (мемлекеттегі 15-49 жас аралығындағы әйелдердің дүниеге әкелетін бала санының көрсеткіші) 1.22-ге түсіп қалғандығын көрсетті! Бұл әлемдік орташа көрсеткіш 2.45, дамыған елдердің орташа көрсеткіші 1.67 ғана емес, бала тууы аса аз саналатын Жапониядан да (1.5) төмендеп кеткенді білдіреді. Жалпы, бұл көрсеткіш 2.1 болғанда ғана мемлекетің жан санында өсім болaды деп саналады.

Мәселенің салмағын бағамдаған Қытай билігі мемлекеттің демография саясатына реттеулер енгізіп көрді. Мысалы, 19 өлкенің ауыл тұрғындарына ерлі-зайыптылардың тұңғыш балаларының қыз болғанына байланысты екінші бала алуларына рұхсат берілді. Елдің шеткері 5 өлкесінде және жан саны 10 млн-ға жетпейтін ұлттарға 2 бала көруге жол қойылды. Ерлі-зайыптылардың екеуі де, өз ата-аналарынан жалғыз бала болғандарында, екі бала алуларына (2011), біреуінің өз ата-анасынан жалғыз екендігі де есепке алынып, екі бала алуларына рұхсат етілді (2013жыл). Десе де, мұның барлығы бала туу көрсеткішінің жылма-жыл азаюын тоқтата алған жоқ. 

2003-2016 жж. аралығында бала туудың жыларалық айырмасының ұлғаусар алшақтап кетпегенін айтпағанда (кестеге қ). Ондаған жылдар жүргізілген туытты жоспарлау елдегі тұтас жан санының өсімін тежеумен бір уақытта, жұмыс күшінің өсімін де тежеді. «Қытай статистикасы жылнамасы-2018» мәліметінше, 2013-2018 жылдары қытайдың жұмыс күші 25.6 млн адамға азайған. БҰҰ, тіпті, 2050 жылға жеткенде Қытайдың жұмыс күші 200 млн адамға азаятынын болжап отыр.

Жұмыс күшінің обсолютты санының азаюымен бірге, мынадай келеңсіздіктің зардабының тіптен сорақы болатып түрі бар. Бір отбасында бір бала туу саясаты 176 млн жалқы ұрпақты дүниеге әкелді. Олардың басым көпсандысы отбасында жалғыз болуына байланысты еркетотай күй кешті. Нәтижесінде, Қытайда әукілдеген, өзімшіл, еңбекті қаламайтын, бөлісуге қырын, шамшыл ұрпақ жетіліп шықты және бұлар өндірушіліктен көрі тұтынушылыққа, өте-мөте, бейім болды. Бұлардың заманауи кәсіби білімі жоғары болғанымен, өзі туған ұлттың болмысындағы еңбекқорлық, үнемшілдік, топтасқыштық сықылды қасиеттерін мүлде жоғалтып алды.

Жағдайды саралай келе, 2015 жылы желтоқсанда ҚХР мемлекеттік халық құрылтайы «жан саны және туытты жоспарлау заңына» өзгерістер енгізіп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасында жалпылама 2 бала алуға  жол қойды. Бірақ, жан санының артуы 2016, 2017 екі жылғы секірістен кейін, күткендегідей меже бере алған жоқ (кестеге қ.). Бала туудың жылдық өсімі жіті төмендеумен бірге, төмендеу үрдісі де үдемелілік сипат алуда. «Қазір сенімді түрде айтуға болады, 2018 жылы бала туу көлемі соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш саналғанымен, ол 2018-ден кейінгі 100 жылдағы жан саны ең көп өскен жыл болып қалмақ» («Қытайдың ділгір оқымыстылары» сайты).

Осыған сәйкес, Қытайдағы туыт жасындағы әйелдердің саны да кеміп барады. Қытайлық сарапшылар 2018-2028 жылдары 22-30 жас аралығындағы үйлену жасындағы қыздардың саны 37%-ке азаятынын болжап отыр (аталған сайт). Демек, Қытайда сәбилердің дүниеге келуі онан ары азая бермек. Мұның басты себебі тұтыну құнының ерепайсыз артып, бала туу мен оны асыраудың, оқытудың, үйлеудің өзіндік құнының ата-ананың қалтасы көтере алмайтын шекке жеткендігінен. Мысалы, Қытайдың ірі қалаларында бюджеттік қызметкерлер қазіргі табыстарын жинақтап қазіргі баға бойынша баспана алу үшін ғасыр бойы қаржы жинаулары керек екен.

Осындай жағдайда, Қытай ғашықтары ұрпақ көру емес, өздеріне меншікті құжыра алуды да армандауға дәттері бармауда (қазірдің өзінде 200 млн отбасы сомасы 28 трлн юан болған тұрғынүй несиесімен басы қатуда). Бұл кезегінде үйленбеуге, үйленбей бірге тұруға, сәби алмауға итермелеуде. Тиісті тексерулер 1985-89 жылдары туылған Қытай қыздарының 10%-нің, жігіттердің 25%-нің бойдақ жүргеніне, үйленбей бірге тұрғандар салыстырмасының 30%-ке жеткеніне көз жеткізген (финанстаймс сайты, Қытайтілі нұсқасы 20.01.2020). 

Қытайда баланың азайып туылуына туыт жасындағы ата-аналардың саналарының заманға сай өзгергендігі де себеп болуда. Туытты жоспарлау мезгілінде туылған қытайлықтардың елдің жалпы беттік өрлеуі мен шетелдермен жиі байланысқан тұсында өмірге келгендері мәлім. Сәйкесінше, олар өз ата-аналарына салыстырғанда заманауи білім алу мүмкіндігіне ие болды, осызаманғы түйсік-таным қалыптастырды, әлемнің тұрмыс дағдыларын қабылдады. Мысалы, Қытайдағы отбасын ілесіп зерттеу мәліметтерінің айғақтауынша, 80-жылдықтардан кейінгілердің үйленерден бұрын екіқабат болып қалатындарының салыстырмасы 40%-ке жеткен. Ал мұндай жайт олардың әке-шешелерінің буыны үшін ұятты жағдай саналатын. Сондықтан да, олар үшін ата-анасының дәстүрін ұстанып, бала сүю байызды ұстаным саналмай барады. 2016 жылғы отбасынан үлгі алып тексеру нәтижесі бір баланың өмірге келу көрсеткішінің, тіпті, 0.69–ға түсіп кеткеніне меңзейді (жоғарыдағы 1.22-мен салыстырыңыз). «Бірінші баланың туылуының өзі мұндай деңгейге түсіп кеткенінен қарағанда, 90-жылдықтардан кейінгі қыздардың 31%-нің бала көтермей өтенінін кесіп айтуға болады» («Қытайдың ділгір оқымыстылары» сайты). Міне, бала туудың азаюы, туыт жасындағы қыздардың азаюы және олардың бала туу ниетінің кемуі Қытайдың жан санының жыл сайын кемуі үрдісін тездете түспек. 

Қытайдың жан саны құрылымында осыған кереғар екінші үрдіс белең алуда. Ол - жалпы жан санында егде жастағылардың үлесінің артып бара жатқандығы, яғни қоғамның қарттануы құбылысы. Халықаралық дағды бойынша, бір елде 60 жастан асқан кісілердің үлесі 10%-тен, 65 жастан арғылардың үлесі 7%-тен асса, қарттанған ел немесе қоғам болып саналады. Қытайдың «2015 жылдық ел экономикасы мен әлеуметтік дамуының қорытынды есебінде» 1.374 млрд халықтың ішінде 60 жастан асқандар санының 220 млн-ға жетіп, салыстырмалы үлесінің 16.1%, 65 жастан егделердің 143 млн-нан асып 10.5% ұстағанын жариялады. Бұл көрсеткіш халықаралық өлшемнің 1.5 есесіне парапар келеді және бұл үрдістің үдемесе бәсеңдейтін түрі жоқ.

Туытты жоспарлау дәуірінде отбасында жалғыз туылған ұрпақ өз әке-шешесі және олардың әке-шешесі болып, 6 кісінің алақанында өбектесе, енді солардың қамын жасап, күтімге алатын жағдайға дөп келіп отыр.  2016 жылғы еңбек және әлеуметтік қамтамасыздандыру минстрлігінің есебінде, бүкіл Қытай бойынша қала-кент тұрғындарының асыраy-бағыy коофиценті 2.75:1 қатынасын (2.75 кісі 1 қартты асырайды) көрсетсе, бұл көрсеткіш Хэй лоңжияң (Нeilongjiang) өлкесінде 1.3:1 қатынасына түсіп кеткен. Қытайдың қарттар санының қисапсыз көп болуымен қатар, бұл үрдістің елдің жалпы даму деңгейімен үйлес келмеуі де ауыр мәселелер туындатуда.

Әлемдік тәжрибеде қарттану қоғам жан-жақты дамудың жоғары деңгейіне жеткендігінің белгісі іспетті құбылыс болып келген-ді. Мысалы, қарттар үлесінің қазіргі Қытайдың жағдайына парапар шекке жеткендегі Германияның жан басындық жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 18000$, АҚШ пен Жапониянікі тиісінше 29000$ және 38000$ болатын. Сонымен қатар олардың қарттарды қамтамасыздандыру тетіктері де мейілінше жетілген-ді. Қытайдың бүгінгі кісі басына шаққандағы ЖІӨ 8-9000$ көлемінде. Бұл өз кезегінде қарттардың ұрпақтарына зілдей ауыртпашылық салумен бірге, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты мен бюджетіне де салмақ үстеп, ауыр әлеуметтік мәселелерге соқтырып отыр. Мысалы, жаңағы аталған Хэй лоңжияң өлкесінің 2016 жылғы зейнеткерлікке төлеуге тиісті қаржысы 23.2 млрд юан жетпей қалған (ҚХР еңбек және әлеуметтік қамтамасыздандыру минстрлігі 2017 жылғы есебі). Мемлекет енді осы соманы зейнетақы қорында қаржысы жеткілікті өлкелердің есебінен жауып берген. Сол жылғы есепте осы өлкеден басқа тағы 5 өлкенің аталмыш қаржысы жетіспеген. Қытай экономистері 2050 жылға жеткенде, тұтас ел көлемінде Хэй лоңжяңдағыдай жағдайға бетекі келетіндей ықтималдықты айтып, «сонда халықаралық көмекке жүгінеміз бе» деп дабыл қағуда.

Мәселенің әлеуметтік мәніне үңілсек, Қытай билігі мен тұтас қоғам қоғамның қарттануына дайын болмай отыр. Туытты жоспарлауды жолға қоя бастаған жылдары, тиісті күдік келтірген оқымыстыларға билік «туытты жоспарлаңыз, қартайғаныңызда үкімет асырайды» деген ұранмен жауап берген. Келе-келе бұл ұран «туытты жоспарлаңыз, үкімет асырауға көмектеседі» болып өзгерген. Бүгінге келгенде «қарттарды асыраудa үкіметке иек артпаған жөн» деп отыр. Үкіметке сеніп үйренген халықтың қарттық қоғам, қарттарды асырау жайлы ойлануға ниеттенуге де, дағдылануға да зауқы болған жоқ. Енді келіп кімге шағынарын білмей дағдаруда.

Мемлекет болса, мемлекеттің қамтамасыздандыруы тұрғысынан өз дәрежесінде жұмыс жасай алмай күмілжуде. Бұл осы күнге дейін жүргізілген реформалар сынағының осы мәселені шешудің ұтымды да ойластырылған тетігін тауып бере алмағандығынан дерек береді. Мысалы, өз ұрпақтарын айтпағанда, соншама қалың қартты мемлекет тарапынан бағып-қарау мен күтімге алудың әлеуметтік механизмі жарақтандырылмады. Қазірдің өзінде қарттардың күтіміне 10 млн баптау-емдеу мамандары қажет болса, нақты жұмыс жасап жатқан қызметкерлер саны 1 млн-ға жетпейді екен. Олардың басым көпшілігінің өзі арнайы дайындық көрмеген, медициналық білімі жоқ, тек жұмыс табу үшін қала жағалаған сырт буындап қалған кісілерден құрам тапқандар болып шықты. (2016 жылы Қытай үкіметі медициналық реформасының сәтсіз боғандығын мойындаған). 

Бала туудың үдемелі азаюы Қытайлықтардың абсолютты санының азаюна алып келіп, жалпы сұраныстың қысқаруын тудырып, экономикалық өсімнің артуына тежем салуымен қоймай, жұмыс қолының кемуі тұрғысынан әлеуметтік байлықтың молығуына тұсау бола бастады. Жан саны құрылымының қарттануы мемлекет пен асыраушылардың жүктемелігін ауырлатып, экономикалық қана емес, әлеуметтік, мөралдық, психологиялық мәсселеге айналуда. Осылайша, Қытай қоғамы бүгіндері ауыр демографиялық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр.

Мәселенің ұзақ болашақтық стратегиялық қырына үңілгенде, ол экономикалық өсімнің құлдырауы, экологиялық келеңсіздіктің өткірлігі, Тайванның дербестік қалауы, СУАР-дағы өршіген сепаратистік пыйғылдар, елдегі мөралдық тоқыраулар сияқты толғақты мәселелердің қай-қайсынан да ауыр болмаса кем соқпайын деп тұр.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

3 пікір