Жұма, 4 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 134706. Жазылғандар — 118643. Қайтыс болғандар — 2034
46 - сөз 1868 2 пікір 29 Қаңтар, 2020 сағат 13:51

Әл-Фараби жылында Әнуар аға ұмыт қалмасын

Бүгін «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын атап өтуге қатысты іс-шаралардың шымылдығы түрілді. ҚазҰУ қалашығындағы Студенттер сарайында өтіп жатқан жиын жыл бойы атқарылар рухани игілікті істердің бастауы деп білеміз.

Осы ретте ойыңа Әнуар аға Әлімжанов оралады: туған жұртынан шалғайға кетіп, даңқы шыққан бабасын жусан иісі бұрқыраған даласына «алып келген» Әнағаң...

1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының конференциясында ұлы ғұламаның есімін ұлықтап, үлкен жиын жасаған да сол Әнуар аға болыпты.

Баба бейнесін қағазға түсірткен де Әнекең екен. Ғаббас Қабышұлы жазады, былай деп:

«1967 жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарді Пәкістанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратындағы Суреттер галереясына алып барыпты. Ішкі қабырғаға майлы бояумен салынған көне суреттер арасында қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл - Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», деп жауап қайырыпты. Әнуардің сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті Айынға көшіртіп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке толықтыра айтып отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты! Фарабитануды негіздеген ғалым Машанов Ақжан ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің насихатталуына көп күш жұмсады».

Осындай ұлан асар мерекеде «Ұстаздың оралуы» атты роман жазып, ұлы бабасын ұлықтап өткен Әнуар Әлімжанов ұмыт қалса, ұят болады.

Тиісті орындағы азаматтар ойланатын шығар деген сенімдемін.

Дәурен Қуаттың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

2 пікір