Сәрсенбі, 25 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 127580. Жазылғандар — 114347. Қайтыс болғандар — 1945
Дат 2994 7 пікір 29 Қаңтар, 2020 сағат 13:48

Үкімет оң шешім қабылдаса екен!

Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
Асқар Мәминнің назарына

Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы талқылауға арналған Жұмыс тобының 20-отырысы өтті.

Ең қуаныштысы, үш бірдей ұсынысымыз талқыға түсіп, біраз қауқылдасып қайттық.

Енді сол туралы бір-бірлеп айта кетейін.

Бірінші, Қазақстан Республикасының «Босқындар туралы» Заңының «Босқын мәртебесін беру» деген 11-бабының 2-бөлігіне «Осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, егер пана іздеген адамның отбасы мүшелерінің біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін» деген жаңа норма енгізу туралы.

Аталған ұсынысты депутат Кәрібай Мұсырман өз атынан ұсынды.

Бұл нормаға бірінші болып, Ішкі істер министрлігінің өкілі Камалбек Манарбеков қарсы шықты. Оның айтуынша, аталған нормадағы жағдайлар  «Босқындардың жағдайы туралы» 1951 жылы 28 шілдеде қабылданған Женева Конвенциясымен реттеледі екен. Ішкі істер министрлігінің өкілінің бұл пікірін Ұлттық қауіпсіздік комитетінен келген жігіт те қолдап, өз пікірін айтты.

Әрине, Женева Конвенциясын біз де жақсы білеміз. «Қазақстан Республикасының Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 15 желтоқсандағы №317-I Заңы да бар.

Егер, Қазақстанда туындаған дәл осындай мәселелер Конвенциямен реттеліп отырса, онда Қазақстан Республикасының Парламентіне заң қабылдаудың не қажеті бар? Сол Конвенцияға сүйеніп шешім қабылдап,  отыра бермейміз бе?

Екіншіден, аталған екі мекеме Женева Конвенциясын басшылыққа алса, күйеуі мен екі баласы Қазақстан азаматы бола тұра, Сайрагүл Сауытбайды неге отбасымен шетел асырдық?! Елінен пана іздеп келген Қастер мен Мұрагерді неге темір торға тоғыттық?!! Тағысын-тағылар...

Үшіншіден, Қытайдан шекара бұзып қашып келген Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақанның ісіне байланысты, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың «Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары түгелдей аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты бұл жағдайда біз Қытай Республикасына шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады» деген атышулы мәлімдемесі мен Сауытбек Абдрахманов, Бақытбек Смағұл бастаған Мәжіліс депутаттарының пікірінен кейін Қазақстан халқы орнынан өре түрегелді. Жер шарының арғы беті АҚШ-та жүрген қазақтар көшеге шығып, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін дар-дар айырып, жыртты. Екі жігіттің сот отырысына барған ел сот үйінің есігін шағып кірді...

Сөйтіп, Д. Ділманов мәлімдемесі мен депутаттардың саутсыз пікірі Қазақстанды жалпақ әлемнің алдында ұятқа қалдырды. Ұят былай тұрсын, халық дүр сілкініп ереуілге шығып кете жаздады. 

Егер, манағы депутат Кәрібай Иманжанұлы ұсынған норма заңға енсе, бұл өрескел жағдайдың біреуі де болмас еді! 

Біз Конвенцияларды негізге ала отырып, өз заңнамаларымызды уақыт талабына сай жаңғыртуымыз, нақтылай түсуіміз керек. Мемлекеттер  арасындағы келісімдерді желеу етіп, адам тағдырын саясаттың құрбандығына шалу – адамгершілікке жатпайды! 

Демек, «Босқындардың жағдайы туралы» заңға жоғарыдағы норманы енгізу – ең алдымен Ішкі істер органы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүгін жеңілдетеді деп ойлаймын!

Сонымен, Жұмыс тобы бұл ұсынысты келесі отырыста қарайтын болып, пысықтауға қалдырды.

Екінші ұсынысымыз – «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 13-бабына 3-1)  етіп, «Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан жастарды Қазақстан Республикасына білім алу  мақсатында оқуға шақыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырады;» деген жаңа тармақ қосу болатын.

Бұл ұсынысты депутат Бақытгүл Хаменова ортаға салды.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 3-бабында Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі бес түрі жазылған:

1) тарихи отанына оралу мақсатында;
2) отбасын біріктіру мақсатында;
3) білім алу мақсатында;
4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;
5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.

Отбасын біріктіру мақсатында көшіп келетіндер үшін шақыру 2015 жылы заңдастырылған болатын. Қазір жұрт оның игілігін көре бастады. Бірақ, оның екі кемшілігі бар. Ол туралы сәл кейірек.

Ал, аталған заңда білім алу мақсатында келетіндер үшін шақыру тетігі қарастырылмаған. Атымен жоқ!

Депутат Бақытгүл Қайыржанқызы бұл ұсынысты көп ұстады. Бекер обалы кәне, өткен айдың аяғында Білім және ғылым, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрліктерінің өкілдері мен мамандарын Мәжіліске шақырып, осы мәселені жан-жақтылы талқылады. Біз өз тарапымыздан аталған норманың маңызы мен пайдалы жағын барынша түсіндіруге тырыстық. Әсіресе, Білім және ғылым министрлігінің өкіліне!

Себебі, «Білім туралы» заңның 66-бабы түкелімен шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру туралы. 

Онда, «1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар. 2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі. 3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады»-деп жазылған. 

Сондай-ақ, «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қаулысына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз жеңілдік тағы бар.

Осы мүмкіндіктердің аясында, Құдайға тәубе, шеттегі қазақ жастары Отанына оралып, білім алуда. Бірақ, Қытай үкіметінің тәртібі бойынша, шетелге шығыуға өтініш берген азаматқа міндетті түрде өзі барғысы келетін мемлекеттен шақыру келуі керек! Ол азамат сол шақырудың негізінде Төлқұжат рәсімдей алады. Жайшылықта Қытай азаматтарының қолында Төлқұжат (Загранпаспорт) болмайды. Сол себепті, Қытайдан Елімізге келетін қазақ жастарының саны жыл сайын азайып барады. Біз, біріншіден Заңды толықтыруды, екіншіден сол жастарға жол ашуды басты мақсат тұттық...

Бұл – бір оқылымда-ақ өтіп кетуге тиісті норма еді, Жұмыс тобы Үкіметтің келісімін алуға жіберу керек деп шешім қабылдады.

Үшінші ұсынысымыз – «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 15-бабының 13-1) тармағындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырады;» деген нормадағы  «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АРАСЫНАН ТУЫСТАРЫН» деген сөзді «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫ» деген сөзбен ауыстыру туралы еді.

Ұсыныс депутат Нұрлан Дулатбеков ағамыздың қолымен ұсынылды.

Бұл нормада екі мемшілік бар дедік.

Оның біруі – азаматтар аталған шақыруды алу үшін облыс орталықтарына баратын. Депутат Нұржан Алтаевтың ұсынысмен енді аталған шақыруды аудан орталықтарын-ақ алуға болатын етіп, Заңнамаға өзгеріс енгізілді. 

Екіншіден, тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың шақыру рәсімдеу кезінде қолданыстағы нормадағы осы «Туыстарын» деген сөз қатты қиындық тудырып отыр.

Мысалы, депутат Жанат Омарбекованы алайық. Кеңес Одағынан қалған тәртіп бойынша, Жанат Ануарбековнаның ағалары мен інілерінің, әпкелері мен сіңілдерінің (егер, күйеуінің тегіне өтіп кетпесе), тіпті балалары мен немерелерінің тегі түлелімен «Омарбекова» болуы мүмкін. Ал, Ауыт Мұқибектікі олай емес. Менің ағаларымның балалары құжатына өз әкесінің атын ғана жаздырған. «Туыстарын» деген нормамен шақырту рәсімдеу үшін сенің шақыратын туысыңмен тегің бірдей болу керек! Тек, жақын туыстарыңды ғана шақыра аласың да, былайғы туыстарыңды шағыруға мүмкіндігің жоқ!

Сондықтан, осындай қадамға жасауға тура келді.

Бұл да бір оқылымда өтіп кететін норма еді, депутат Бақытгүл Хаменованың ұсынысымен Жұмыс тобы Үкіметтің қортындысын алуға жіберілетін болып шешті.

Жасыратыны жоқ, Жұмыс тобының мүшелері заңнамалардағы орысша мен қазақшаны сәйкестендіруге, қалыптасып қалған қазақы атауларды халықаралық терминдерге өзгертуге... келгенде барынша жомарт, ерекше шебер.

Ал, жоғарыдағы біз ұсынған секілді жаңа нормаларға келгенде бастары салбырап, тілдерін жұтып қояды. Бір түрлі жатырқап, үрке қарайды...

Әйтпесе, соңғы екі норма Үкімет қортындысына жіберетіндей, соншалықты күрделі нәрсе емес.

Бір қуанғаным – Нұрлан Орынбасарұлы мен Бақытгүл Қайыржанқызы депутат Бейбіт Мамыраев құсап, ұсыныстарын қайтарып алған жоқ!

Кейде, мен «Осы депуттар өз біліктері мен батылдықтары жетпеген соң, Үкіметке жіберіп құтыла салғысы келе ме?» деп те ойлап қалам.

Мысалы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сай,  «Оралман» мәртебін алған ағайындар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санатымен тұрғынжайға мұқтаж адамдар қатарында Заң бойынша баспана кезегіне тұруға құқығы бар деген сөз.

Ал, «Халықтың көші-қоны туралы» заңында «оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады»-деп жазылғандықтан, бір мекенжайда үш жыл «Оралман» болып тұру мүмкін емес және ол азамат Қазақстан Респуликасының азаматтығын алған соң, «Оралман» мәртебесі жойылып, тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталады.

Осы мәселені шешу үшін берген ұсынысымызды Жұмыс тобы Үкіметтің қортындысына жіберіп, Үкімет басы Асқар Маминнің қолы қойылған «Қазақстан азаматтары мартебесін алған жане тұрғын үйге мұқтаж оралмандар жалпы негізде біздің басқа азаматтарыьызбен бірдей мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға үміткер бола алады. осыған байланысты оралмандар үшін кезекті сақтау маселесін орынсыз деп санаймыз» деген жауап (№7-10-1282) алғанын жазған болатынбыз.

Сөйтіп, екі заң мен Үкіметтің қортындысы үшеуі - үш жаққа тартқан күйі қалып барады. Аталған заңнамалар мен Үкімет қортындысының бір-бірімен мүлде қабыспай тұрғанын біле тұрып, жылы жауып, қоя салды. беті бүлк еткен депутатты көргем жоқ!

Енді мына екі түзету де соның аяғын құша ма деп, алаңдап отырған жайым бар.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Егер, Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалар өз деңгейінде жүзеге аспай жатса, ол – біліксіз депуттаттар қабылдаған осындай шикі, сапасыз заңдардың кесірінен екені белгілі.

Сондықтан, бұл мәселені Өз назарыңызға алып, оң қортынды шығаруыңызды үміт етем!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

7 пікір