Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 4445 2 пікір 22 Қаңтар, 2020 сағат 13:33

Шындықтың жаназасы...

(Бүгiнгi сатира)

Қазақстанда Шындық қайтыс болды. Қашан? Кеше атып кеттi... Жаназаға Жағымпаздар министрi, Намыссыздар министрi, Өтiрiк министрi, Мафия министрi, таққұмарлар мен баққұмарлар, әртiс-депутаттар, кландар мен жыландар келдi.

Халық көп жиналды.

– Шындықсыз қалай ел боламыз? —деп Өтiрiк министрi қорсылдап жылады...

– Талай сорақыны халықтан жасырып едiк, соның бәрiн Шындық жарияға жар салып жүрушi едi, ендi қайттiк? — деп Жағымпаздар министрi Өтiрiк министрiн жағымпаздана құшақтап, сұқ саусағымен тiлiн жалап-жалап алып, көзiнiң айналасын сулап қойды...

– Хош, Шындық аға!

– Топырағың торқа болсын!

Молда Шындықтың жаназасын шығара бастады. Нөпiр халықтың алдына шыққан Өтiрiк министрi, Жағымпаздар министрi, Мафия министрi мен Намыссыздар министрi қаздай тiзiлiп, бәрi портфельдерiн қолтықтарына қысып алып, шiренiп тұра қалысты. Бастарын төмен салбыратып тұрудың орнына, қасқайып, шалқайып кеттi... Тап бiр ешуақытта өлмейтiндей... Молда Шындықтың жаназасын шығарып жатыр, әне екi қолын құлақтарына апарды. О, тоба, Мафия министрi пистолетiн шығарып, сонысымен құлағын қасыды. Өтiрiк министрi әлдекiмге ұялы телефонымен өтiрiк ақпарат берiп жатты...
Бiр кезде молда басын оң жаққа, сонан кейiн сол жаққа қисайтып едi, әлгiлердiң мойындары бұрылмай қалды. Шындыққа бұрылмайтын мойындар ғой...

– Уа, елiмiздiң қаймақтары мен жаймақтары! — дедi молда жаназаға жиылған елге қарап, – Шындық қандай адам едi?

– Мощный адам едi! — дедi шала қазақ бiреу.

– Айтқаны “точный” едi! — дедi алыстау тұрып, аузын баса қойған Жалтақ деген ақсақал.

– Өтiрiк айтпаңдар! — деп қалды Өтiрiк министрi галстугын қозғап қойып.

– Иә, иә, жақсы адам!

– Қылда несi бар десейшi, iшi пысып, қара қылды қақ жарып отырушы едi, жарық­тық...

– Айтатыны “Аққа Құдай жақ”...

– Талай саяси қылмыстардың бетiн ашып, көп еңбек еттi халыққа...

– Бiз бәрiмiз маска киiп алғанбыз ғой, сол маскамызды жұлып алып...

Молда тамағын кенедi:

– Шындықтың сiздерге қарызы бар ма едi? Бар болса, айтыңыздар. Өзi жоқ болса да, мұнда халық бар. Көп болып...

Министрлер жамырап кеттi:

– Маған 2 миллион теңге қарыз!

– Маған 12 миллион еуро қарыз!

– Маған 370 мил­лион теңге қарыз...

Бiр кезде табытта жатқан Шындық басын көтердi. Өлiктi тiрiлтетiн өтiрiкке жаны шыдамаса керек. Ол ешкiмге қарыз емес едi.

Сол-ақ екен, әлгiнде ғана шырт түкiрiп, шiренiп тұрғандар тым-тырақай қашты...

Құрал Сейітханұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565