Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық-қанығы 6251 7 пікір 18 Қаңтар, 2020 сағат 15:02

Болат Бақауов не үшін қамалды?

Павлодардың мамандандырылған тергеу соты күдікті ретінде ұсталған облыс әкімі Болат Бақауовты 2 айға қамау туралы шешім қабылдады.

Сот процессі кезінде прокурор облыс әкімі Болат Бақауовтың ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабы, 4 тармағы, 3 бөлігі бойынша, яғни, «өзінің жеке бас пайдасы немесе басқа жеке тұлғаның, ұйымның пайдасы үшін қызметтік мансабын немесе билік құзыретін пайдалану» бойынша күдікті деп танылғанын айтты.

Заңда бұл бап бойынша, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, дүние мүлкін тәркілеу, өмір бойы белгілі бір қызметке тағайындалу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айыру жазасы көзделген.

Бақауов 2 айға қамалды

Мемлекеттік айыптау күдікті Бақауовты 2 айға, яғни 2020 жылдың 16 наурызына дейін қамауда ұстауды сұрады. Прокурор өз талабында, күдікті Бақауов бостандықта жүріп, тергеу процессінің обьективті өтуіне кедергі келтіруі мүмкін екендігін айтып, уәж келтірген.

Ал Бақауов болса, өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтқан. Павлодар обылысының әкімі өзіне қатысты соттан кепілақы төлеу арқылы үйқамаққа жіберуін сұраған. Тіпті, сотқа қатысқан әкімнің екі қорғаушысы әкімнің туыстарының 1 миллион теңге көлемінде кепілақы төлегені туралы құжатты көрсетіп, оны іс материалдарына тіркеуді сұраған.

Істі Павлодар тергеу сотының судьясы Балтабек Дүнбекбаев қарап, әкім Болат Бақауовты 2 айға қамау туралы санкция қабылдады.

Болат Бақауов не үшін қамалды?

Сот процессі кезінде Бақауов ісі туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Бұл туралы «Tengrinews.kz» сайты жазды.

Прокурор Рустам Садвакасовтың айтуынша, 2019 жылдың қыркүйегінде Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті «AksuTransLogistic» ЖШС-де салыққа қатысты кешенді тексеріс жүргізген. Ал жаңағы «AksuTransLogistic» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы облыс әкімі Болат Бақауовтың туысы Бақауов Р.Д. дейтін адам болған.

Салықшылар ЖШС-нің 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы бюджетке төленетін салықты уақытылы төлеуін, корпоративтік, әлеуметтік, ҚҚС және басқа да міндетті бюджеттік төлемдердің дұрыс жүргізілуін тексерген.

«Жауапты мемлекеттік қызметкер бола тұра Павлодар облысының әкімі Бақауов «AksuTransLogistic» ЖШС-дегі тексеріс туралы біліп, аталмыш кәсіпорын мен өзінің туысы болып келетін Бақауов Р.Д.-ға кесір тигізбеу үшін, өзіне берілген құқықты асыра пайдаланып, Павлодар облыстық МКД-нің жауапты тұлғаларына аталған кәсіпорындағы тексеріс туралы, оның қорытындысы туралы ақпаратты жеткізуге тапсырма береді», деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаудың айтуынша, 2019 жылдың желтоқсанында облыс әкіміне  ЖШС-ні тексеру кезінде салықтық заңнамалардың бұзылғаны анықталып, 200 миллион теңгеден аса салықтың алынуы мен салық төлеуден мақсатты түрде бұлтарғанына қатысты сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы ақпарат жетеді.

«Болат Бақауов «AksuTransLogistic» ЖШС-нің иесі болып табылатын өз туысының мүддесі үшін, яғни, басқа жеке тұлғаның пайдасы үшін бірнеше мәрте заңсыз түрде өзіне берілген құқық пен құзыретті асыра пайдаланып, Павлодар облыстық МКД-нің жауапты тұлғаларынан шынайы қорытындыны жасырып, артық алынған соманы 3-5 миллион теңгеге дейін азайтып көрсетуді талап еткен», деді Мемлекеттік айыптаушы.

Айта кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бойынша айып тағылып, іс тіркелген. Сол бойынша қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ҰҚК мәлімдеген.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабы 2-бөлімі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде толық деректер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды»,- делінген ведомство хабарламасында.

Болат Бақауов кім?

Ол 2016 жылдың наурыз айында Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған. 12 жыл әкім болған.

Болат Бақауов 1971 жылы Павлодар облысының Железин ауданына қарасты Новокузьминка ауылында туған.

Білімі

Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын (2003) "Заң ғылымдары" мамандығы бойынша, Халықаралық бизнес, экономика және кәсіпорындарды басқару академиясын (2005) бітірген.

Қызметі

2008-2011 жылдар аралығында Павлодар облысы, Тереңкөл ауданының әкімі,

2011-2014 жылдар аралығында  Ақсу қаласының әкімі,

2014-2016 жылдар аралығында Павлодар қаласының әкімі,

2016 жылдың 25 наурызынан бері Павлодар облысының әкімі қызметін атқарып келеді.

Атақтары

Хоббиі - аңшылық. 2018 жылғы ақпарат бойынша жалақысы - 744 мың теңге.

2002 жылы - "Ерен еңбегі үшін" медалімен,

2011 жылы "ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл" медалімен,

2012 жылы "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен,

2015 жылы "Құрмет" орденімен,

2016 жылы "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл" медалімен марапатталған.

Әкім портреті

Болат Бақауовтың қызметі мен құзыретіне қатысты баспасөзде сын аз емес. Ал былтырғы жылдың соңында оның портреті қайырымдылық аукционында сатылғаны бейнеленген видео әлеуметтік желіге тарап, жұрт қызу талқы жасаған. Бейнежазбада кеш жүргізушілері - белгілі әзілкештер, Тұрсынбек Қабатов пен Ярослав Мелехин әкім Болат Бақауовтың портретін аукционда ойнатып жатқаны көрсетілген. Әкім портретінің құны 31 миллион теңгеге дейін бағаланған. Бұл әрине, жұрттың ашуын туғызған.

Сол кезде Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ернар Сайтахмет БАҚ-қа пікір білдіріп, әкім портретінің құны әлеуметтік желіде айтылған бағадан әлдеқайда арзан екенін, бар болғаны 700 мың теңгеге сатылғанын айтқан.

;feature=emb_title

Abai.kz

7 пікір