Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Бетбұрыс 5537 30 пікір 14 Қаңтар, 2020 сағат 11:21

Кемеңгердің «кейіпкерінің» кебін киіп қалмауды ескерткен...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы, дау жоқ, дәуір бөлгіш құжат болды.

Аталған мақаланы оқып шыққан сәтте менің ойыма данышпан Абайдың атақты «Сегізаяқ» өлеңіндегі 

«Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның» деген жолдары бірден оралды. 

Бұл туралы сәл кейінірек.

Абайдың ұлылығы туралы бізден бұрынғы және біздің дәуіріміздегі қаламгерлер мен зиялы қауымның қалам тербемегені жоқ шығар. Президент мақаласында да Абайдың биіктігі мен тереңдігі жеткілікті айтылып қана қоймай, біздің бүгінгі болымысымызға Абаймен жауап беріп, ертеңгі болашағымызға Абаймен жол сілтеді. Бір сөзбен айтқанда, XXI ғасырдағы Қазақстанға Президент Абай көзімен қараған және халқына зор үндеу тастады. 

Абай өлеңдері мен қара сөздері біздің өміріміздің айнасы екенін білу, түсінуіміз өз алдына, ең маңыздысы Президенттің бізге Кемеңгердің «КЕЙІПКЕРІНІҢ» кебін киіп қалмауды баса ескеркені анық аңғарылып тұр!

Сөйтіп, Қазақ билігіне Абай келді. Алла қаласа, нағыз "Рухани жаңғыру" енді басталды.

Алысқа бармай-ақ қоялық, дәл қазір Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы талқыланып жатыр.  

Жасыратыны жоқ, көш-қон мәселелеріне қатысты заңнамалардағы шикілік жетіп артылады. Көші-қон өз басымыздан өткен және қол салып істеп жүрген процесс болған соң, орайы келіп тұрғанда,  тәжірибемізге сүйеніп, сол кемшіліктерді түзетіп, толықтап жіберуге талпынып-ақ жатырмыз. Амал не, мандатты ағайындардың қырсыздығы мен батылсыздығы ілгері бастырмай тұр.

Бір-ақ мысал айтайын.

Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N94 Заңының 68- және 74-бабына сай, «Оралман» мәртебесін алған қандастарымыз кезекке тұрып, баспана алуға құқықты.

Өкінішке орай, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабына сай «Оралман» мәртебесінің мерзімі бір-ақ жыл. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған күні аталған мәртебе күшін жояды. Тіпті, қандастарымыз кезекке тіркеліп те ұлгірмейді. Оны қойып, жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары «Оралман» мәртебесінің мерзімі ұзақтау кезінде пәтер кезегіне тұрып, азаматтық алған қандастарымызды қазір топырлатып пәтер кезегінен шығарып жатыр...

Осы мәселені шешіп кеп жіберейін деп, ұсыныс бердік. Депутат Кәрібай Мұсырман өз атынан жұмыс тобының талқысына салды. 

Бұл үшін Кәрібай Иманжанұлына алғыс айтам!

Жұмыс тобы ақылдаса келе, аталған ұсынысты заңдастыру үшін Үкіметтің келісімін алуға жіберді.

Үкімет ойланып-толғанбастан  «Қазақстан азаматтары мартебесін алған жане тұрғын үйге мұқтаж оралмандар жалпы негізде біздің басқа азаматтарыьызбен бірдей мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға үміткер бола алады. Осыған байланысты оралмандар үшін кезекті сақтау маселесін орынсыз деп санаймыз» деп, кері қайтарды. Қысқасы, Мәжілістің ұсынысы Үкіметтен қолдау таппады.

Үкімет қортындысының дұрыс-бұрыстығына қараған жоқ, Жұмыс тобы бағы жанбаған байқұс ұсынысымызды талқыдан сарт еткізіп алды да тастады. 

Бейне, Ахмет Байтұрсынұлының И.А. Крыловтан аударған атақты мысалындағы  аққу, шортан һәм шаян құсап, «Үкіметтің қортындысы», «Халықтың көші-қоны туралы» заңы мен «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы – үшеуі үш жаққа тартқан күйі қала берді.  

Әйтпесе, Мәжілістегі Жұмыс тобында ақсақал Қуаныш Сұлтанов бастаған он төрт депутат, отызға таяу әр саланың мамандары отыр. Ішінде Бейбіт Мамыраев, Нұрлан Дулатбеков, Асылбек Смағұлов секілді Заң ғылымының докторлары, профессорлары да бар. Біреуі үн қатқан жоқ. Сол баяғы Иван Андрееевичтан Абай атам тәржімалаған «Іс бітті, қу кеттінің» кебін киіп, кете беруге болмайды ғой. Құрметті депутаттар, «Осы заң біздің қолымыздан өтіп еді-ау, міне, жұрт шулай бастады, ертең ел бетіне қайтып қараймыз, Президенттің, Партияның бетіне кір келтіреміз-ау!» деп, кішкене ойлауларыңыз керек қой!!!

Депутаттардың есінде болса, 2017 жылы 10 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қойып, президенттің бірқатар өкілеттіліктерін үкімет пен парламентке бөліп берген жоқ па еді?!

Құдай сақтасын, мен депутаттарды «надан» деп айтудан аулақпын. Бірақ, Жұмыс тобының мүшелері сол өкілеттілігін пайдаланып, «Жоқ! Бұл – дұрыс емес!! Үкіметті Мәжіліске шақырайық!!!» деп, Асқар Мәминді Мәжіліске алдырып, аталған мәселе бойынша өз аузынан түсінік алулары керек қой!

Тіпті керек болса, Заңды түсінбеген мұндай Үкіметті отставкаға жіберу туралы Парламенттің төрінен мәселе көтерулеріне де әбден болады!

Жоқ! 

Абай атамның «Сегізаяғындағы» күйді кешті. Манағы өлең жолдарын сәл құбылтып айтсақ, «Үкімет айтса көнді, Мәмин айтса болды» деп, сүмірейіп, сүлей-сапа тарасты!

Жасыратыны жоқ, Үкімет қандастарына «Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар» қатарында қарап, баспана бергісі келмейтін секілді. 

Амал жоқ, «Қайнайды қаның, Ашиды жаның...» деп, әндетіп отырып, тағы да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына «Ашық хат» жазуымызға тура келді. Жаздық. «Құқықтық мемлекет» деген ардақты атымызға Заңымыз лайық болсын деген шынайы ниетпен жаздық. 

Жазғанымыз сол екен, заңнаманың осы шикілігіне байланысты баспана кезегінен шығып қалған қандастарымыз «Абай.кз» сайтына арт-артынан Мемлекет басшысының атына хаттарын жамыратып, жариялай бастады. 

Президенттің айналасында Ерлан Қарин, Берік Уәли бастаған ардақты азаматтар тұрғанда, бұл мәселенің Қасым-Жомарт Кемелұлына жететініне зәредей күмәнім жоқ. Және оң шешім табатынына да сенімдімін!!

Өйткені, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды бастап кеттік!!!

Ауыт Мұқибек

Ақын,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

30 пікір