Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Анық 5241 63 пікір 10 Қаңтар, 2020 сағат 11:36

Қаламгерлерін бағаламаған ел азады...

Қазір бізде аз-маз болса да отарсыздану (деколонизация) процесі орын ала бастады. Біз орыс отаршылдығынан құтылғанымызбен олардың тілі мен шіркеуі және әсіреорысшыл жергілікті БАҚ титулды ұлтқа қарсы «қаңбақ күш» болып отыр. Отаршылдар кеткенімен олардың мәдени-ғылыми әлемі ғасырға жуық уақытқа дейін сақталып қалады. Біз бұны араб пен африка елдеріндегі «қаңбақ күш» тілдік және мәдени жағдайдан аңғара аламыз. 

Мемлекеттік тіліміз бола тұра, орыс тілді БАҚ басы бүтін басымдық беріліп Үкімет тарапынан көпшілікке көрсетіп бір, ел көзінен жасырып бір қыруар қаржы бөлініп жатыр. Осы уақытқа дейін оларға бөлініп келген қаржыны Жазушылар Одағына басы бүтін беретін кез келді. Орыс тілі басым аймақтарда аудандық және облыстық Ішкі саясат бөліміне басшылыққа бірде-бір белгілі қаламгердің  отырмауын немен түсіндіреміз. 

Елімізде 50 мыңға тарта кітапхана болса да, Жазушылар одағындағы 700 тарта қаламгерді көпсініп, кітаптарын шығаруды ұзынсонар кезекке тұрғызып, таралымын 500 бен 1000 асырмайтындардың көздегені не? Және ол шыққан кітаптардың бағасы шарықтап, 1000 теңгеден асып жығылады. Және аты жөні белгісіз баспадан мемлекеттік тапсырыспен саудаға түсіріліп, ең қымбат қағаз бен ең әшекейлі мұқабамен шығарылады. Сонда Жазушылар Одағының құрамына кіретін қазақ баспалары ең арзан қағазға, ең жұқа мұқабамен 300 беттік кітапты құны 100-150 теңге арасында шығарып,  100 мың таралыммен еліміздегі 50 мыңға тарта кітапханаға жеткізіп бере алмай ма!?

Бар гәп кітапқа салынатын қосымша құн салығы мен Қазпошта арқылы тасымалының тарифінде болып отыр. Осы мәселені оңды шешімін тапқызатын бірде-бір депутаттың дауысын естуге зар болдық!? Бір сөзбен айтқанда қазақ кітабы құлдықта, қаламгерлеріміз мәдени кісенде. Құлдықтың жойылып, мәдени кісеннің алынуына бизнес те, билікте мүдделі емес. Оларға қазақ тілі мен мәдениетінің гүлденгені еш керек емес!?

Елімізде 160 тарта аудан бар дейіміз солардың қалың оқырмандары бүгінгі жас қаламгерлерді біле бермейді. Неге себебі кітап құны қолдан шарықтатылып отыр. Әрі қазақ кітап сатып ала алмайтын ұлтқа айналып барады. Кінә жазушылардың бағасына жетпей отырған билікте. 

«Рухани жаңғыру» аясында жүргізілген шаралардан әртістер, композиторлар, журналистер, түрлі саланың маманданған аудармашылары және қаламгерлер, яғни барша зиялы қауым мүлдем тыс қалуда. Бұның себебі орыс тілді билік интернет әлеміндегі біртұтас қазақ мәдени контентін жасауға құлықты емес. Осы контентті аудио-бейне және баспа өнімі етіп жасап, алаш баласына жеткізуші: әртістер, композиторлар, журналистер,  түрлі саланың маманданған аудармашылары және қаламгерлер жетім баланың күйін кешуде. 

Жұрттың бәрі қаламгерлерді тек жазумен айналысатын шығармашылық адамы деп таниды. Шынымен солай ма!? Жоқ, қазіргі қазақ жазушысы: киногер, баспагер, субитрлі және жеке дауысты аударма жасаушы т.с.с. әмбебап өнер иесі.  

Осындай зор талант иелерін жаутаңкөз жасаушылыққа тоқтау қоятын кез келді. Ол үшін бар мәселе орыс тілді БАҚ мен қазақ тілін оқытуға арналған ақшалардың және мәдениетке бөлінетін барша қаржының Жазушылар одағына беріліп, Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан не істеліп, не қойғанына бақылау жасауды жолға қоятын кез келді.   Мәдениет пен баспа саласында мемлекеттік тапсырыс деген бәлені жою қажет. Мәдени контент жасауды әртістер, композиторлар, журналистер, түрлі саланың маманданған аудармашылары және қаламгерлер тұратын қоғамдық бірлестікке басы бүтін бекітіп бермей, қазақ өркениеті еш дамымайды. 

Жазушылар қашанда қоғамды қатерлі дерттен арылтушы милети шипагер болып табылады. Осы мәртебелі шипагерлік қасиетін қаламгерлерімізге қайтарып беруге орыс тілді билік дайын ба?

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

63 пікір