Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5435 15 пікір 5 Қаңтар, 2020 сағат 16:21

Елішілік саяси дискуссияға рушылдық сипат беру кімдерге тиімді?

Осыдан оншақты күн бұрын «Новая газета» дейтін орыстілді гәзет президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған ҰҚСК-нің екінші отырысы туралы жазыпты (25.12.2019.) Жазғанда да сол кеңеске төрағалық етуші президент Тоқаев ұсынған реформалар пакетінің тиімділігі төңірегіндегі кеңес мүшелерінің ой-таласын тап бір табандасқан тараптардың таласы басталғанындай сипаттапты. Петр Саруханов дейтін жазарман өз материалында елдегі билік транзиті туралы ақылы жеткенше аз-кем айта келіп, сөз түйінін елдегі кландық тартысқа тіреп барып тоқтапты. «Uzyn-Qulaq» дейтін Telegram каналға сілтеме берген болып, ол былай дейді:

«ҰҚСК-нің екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «қоғамдық ойлар мен пікірлерге ден қоятын мемлекет» концепциясынан айнымайтынын және өзі бастамашылық еткен реформаларды әрі қарай да жалғастыра беретінін ұқтырды. Алайда, Тоқаевқа либерализация жасау оңайшылыққа соқпайды және көбіне-көп декоративті сипат алады», - деп жазады. Бұл Петр Саруханов дейтін шолушының болжам-пікірі. Пікір айтуға, саяси-экономикалық, әлеуметтік жайтарды саралауға әркім құқылы. Мақұл дедік.

Десе де, жаңағы орыс гәзеті ұзын-құлақтан естігенін іліп алып, «Ресей президентінің әкімшілігі Қазақстандағы ең ықпалды «шапырашты кланын» зерттеп жатыр» дегенді айтады. «Кто и как влияет на экономику и политику Казахстана» дейтін тақырыпшада «Новая газетаның» авторы әлеуметтік желіде әйдік әңгімеленіп жүрген әлгі айғыр жалды топқа жататындар туралы: «Шапырашты тобына» мына адамдар жатады. Олар: топ басшысы – Н.Назарбаев пен Сенат төрайымы Д.Назарбаева. Онан әрі, «Самрұқ Қазына» тізгіншісі Ахметжан Есімов, Қалмұхамбет Қасымов, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Бас полицей Ерлан Тұрғымбаев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Басым партияның кіші бастығы Бауыржан Байбек, Сыртқы барлау қызметінің басшысы Ғабит Байжанов, Сауда министрі Бақыт Сұлтанов, «ҚазМұнайГаз» төрағасы Алик Айдарбаев.  Сондай-ақ, «Uzyn-Qulaq» Telegram каналы Елбасы жақтастарының қатарына Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мамиді, ҰҚК экс төрағасы Нұртай Әбіқаевты, бұрынғы Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевты, Арнайы жасақ қолбасшысы Мұхтар Аюбаевты және Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышевты жатқызады.

Егер Кремль сарапшыларының ақпараты рас болса (біздің көп сарапшы бұл ақпаратты растайды), онда бұл басқа өңірлерден шыққандардың ызасын туғызуы және ішкі қайшылықты оятуы мүмкін дей келе, ресейлік сарапшылар Қазақстандағы осы бір ерекше жағдайды мұқият бақылап отыр деп түйіндейді Uzyn Qulaqqa сілтеме жасай отырып».

WhatsApp, Facebook секілді әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген ақпараттарда бұл әйдік топқа жататындар мен жатқысы келіп, жақын жүргендердің тізімі едәуір толықтырылып көрсетілген. Мысалы WhatsApp желісі арқылы тарап жүрген мына бір ақпаратта Арыстанбек Мұхамедиұлы, Нұрлан Нығматулин, Бейбіт Атамқұлов, Қайрат Шәріпбаев, Самат Әбіштердің аттары да аталады.

Ал «The Insider» дейтін тағы бір орыс сайтында Александр Хрипунов дейтін сарапшы қазақтағы билік транзитінің рулық һәм жерлік ерекшелігі туралы егжей-тегжейлі айтыпты. «Политическая неопределенность в Казахстане может перерасти в войну кланов» дейтін мақаласында: «Қазақстанда Армения немесе Украина сценариі бойынша революция жасау неғайбыл. Алайда, тұрақсыздықтың катализаторы - кландар болуы әбден мүмкін» депті. Депті де, Қазақстандағы елішілік кланды үш топқа, Солтүстік, Батыс және Оңтүстік топқа бөле қарастырыпты.

Рас, қазір біздегі жүйеде руластық, жерлестік дерті асқынып тұр. «Трайбализм, рушылдық – қоғамдық жікке бөлінушілікті тудыратын этнос ішіндегі ру-тайпалар мен жеке адамдар бойындағы тайпалық, рулық сезім, құбылыс.

Трайбализм негізінен билікке таласушылықты, сеператизмді қоздыратын құбылыс ретінде саяси мәдениеті төмен, демократиялық институттары нашар дамыған елдерге (Азия, Африка елдері, т.б.) тән», дейді «Уикипедия». Өкінішке орай, елдегі рушылдық бүгінде жаңағы алып кландардың манипуляциялық қаруына айналған.

Кезінде ел арасында Мәсімов үкіметінің қабілетсіздігінен гөрі оның этникалық тегі көп сөз болатын. «Премьерлік тақта тек қазақ отыруы керек» дедік... 2012 жылдың кыркүйегінде бұл қызмет Серік Ахметовке бұйыра қалды. Сол-ақ екен, кеше ғана баға жетпес лауазым саналған премьерліктен мән кетті. Ешкім елеп-ескермейтін қарапайым қызмет санатына қосылып, Ахметов атқарушы биліктің басында бар екендігін әредік көрсетіп қана жүрді. Амал не, бұл премьеріміз 2014 жылы темір тордың ар жағынан бір-ақ шығып, Кәрім Мәсімов ескі креслосына қайта қонжиды. Баяғы әңгіме қайта басталды. Кейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды да, Үкімет басына бұрынғы-соңғы қызметінде іскерлігімен көзге түскен азаматтар келді. Елдің көз құртына айналған Үкімет «басылық» міндет Бақытжан Сағынтаевқа жүктеліп, Жер комиссиясында елдің сөзін сөйлей білген іскер азаматтың екі жағына Иманғали Тасмағанбетов пен Асқар Мырзахметов секілді ауыр салмақтағылар жайғасты. Міне, тап осы кезде белгісіз бір күштер руаралық араздықты туғызатын әңгімелерді «гулете» бастады.

«Билікте наймандардың күші әлсіреп кетті». «Кіші жүзге тізгін берілмеді». «Арғындардың мысын басып жатыр». «Дулаттар күйреп барады», т.с.с.

Бұрын Үкіметбасының этникалық тегін қазбалайтындар, енді Үкімет тізгінін ұстаған азаматтардың руын түгендеп әлекке түсіп кетті. Мақұл, руаралық сөзді қоздыратындардың айтқандарында ақиқат бар шығар, алайда бұл - арандатушы күштердің ойлап тапқан айласы болуы әбден мүмкін.

Сөйтіп, әлеуметтік желідегі әлгі ақпараттарға сенсек, «шапырашты руынан» шыққандар мен оған қандай да бір жақындағы бар лауазымды қызмет басшылары, осылар. Алып клан. Биліктегі басымдыққа ие клан. Шеттерінен дәулер. Шеттерінен дөкейлер. Тек, бұлар туралы көбіне-көп орыс ақпараты, орыстілді ақпарат жазғыш-ақ! «Кланаралық тартыс», «руаралық талас», «территориялық бөлінушілік», «пәлен рудың өкілі қызметке келді», «түглен жердің адамын тағайындады» т.с.с.

Қазақтың бірлігіне сына қаққысы келетіндер ұлтымыздың намысына тию үшін рушылдықты қоздырып, қазақтың әлсіз жеріне жармасқысы келетіні баяғыдан бар еді. Осы трайбализм тақырыбы әсіресе сойы бөтен, ойы бөлек орыс ақпараты үшін таптырмас тәсіл болған. Орыс тілінде тарап жатқан жоғарыдағы жайт та сондай сұрқия тірліктің бір түрі болуы ықтимал.

Жаңағы «Новая газета»: «российские эксперты внимательно анализируют эту специфическую сторону ситуации в Казахстане» деп жазады. Бұл рас болса, біздің көкейіміздегі күпті сұрақ мынау – ресейлік эксперттер қазақ руларын қайдан біледі? Жоғарыда аттары аталған, аталмаған шенді-шекпенділердің «Уикипедиядағы» өмір-деректерінде олардың шыққан тегі, руы туралы айтылмаған болса-керек. Тіпті, қазақ шенеуніктерінің руы туралы ақпарат ашық деген күннің өзінде, ел ішін алатайдай бүлікке айдап салар мұндай ақпаратқа тосқауыл жоқ па? Біздікі - қауіптің сөзі.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

15 пікір