Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 4516 15 пікір 3 Қаңтар, 2020 сағат 12:21

Аида Балаева: Қазақстандықтардың мемлекетке сенімі нығая түсті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының негізгі ұстыны - "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру. Ал, бұл маңызды жұмыста басты қызметті - Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі атқарады. Осы орайда біз бөлім меңгерушісі – Президент көмекшісі Аида Балаевамен сұхбат құрған ек.

- Аида Ғалымқызы, өз командаңыз туралы айта өтсеңіз. Дәл бүгінгідей жұмыстың һәм өтініштің көп уақытында бәріне қалай үлгересіз? Команда басқару қиынға соқпай ма?

- Алдымен, жұмыстастарым мен идеялас серіктеріме осы жылы Президент Әкімшілігіне түскен халықтың арыз-өтініштерін жіті тексеріп, олардың орындалуы жолында атқарған ауыз толтырып айтарлық еңбектері үшін алғыс айтамын. Біздің бөлімде бар болғаны 12 адам жұмыс жасайды. Бұл – шағын болғанмен, іргелі жұмыстар атқарған команда, оның алдында әлі үлкен және маңызды міндеттер тұр.

Нақты санға сүйенер болсақ, Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдау бөлімінің фронт-офисы арқылы бір күн ішінде 100 шақты адам өтеді. Ал, концелярияға күніне 250 өтініш түсіп, оның бәрі арнайы бөлімде қаралып, аңдатпа-түсініктемелері тиісті органдарға жіберіледі.

Бөлімнің негізгі қызметі қадағалау болғандықтан, барлық өтініштің 80-90%-ы Президент Әкімшілігінің жүйелі бақылауына алынады (бұрын бұл көрсеткіш 30-30%-дан аспаушы еді).  Ал, қалған 10% - бұл халықтың алғыс-тілегі, құттықтаулары, Мемлекет басшысына жолдаған сәлемдемелері және мемлекеттік органдар атқаратын қызметтердің құзырына кірмейтін сұрақтар.

Мысалы, бір азамат осыдан бірнеше жыл бұрын танысына қарыз берді делік, міне, сол адам қолында борыштық қолхат болмаса да, Президент Әкімшілігінен қарызын қайтарып беруді немесе оның жолдарын сұрайды. Мұндай істердің тексерілмейтіні және шешілмейтіні әу бастан түсінікті ғой.

Қалған өтініштер жекелей тәртіппен қаралып, оларға мұқият талдау жасалады. Тіпті, жекелеген кейстерге байланысты мүдделі мемлекеттік органдардың бейінді мамандарынан жұмыс тобы құрылып, өтінішпен жүгінген азаматтармен тұрақты байланыста болып, оларға кеңес беретін жауапты орындаушы қойылады.

Жұмыстың тағы да бір маңызды бағыттарының бірі – азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыру. Біз олармен жүздесіп, арыз-өтініштерін тыңдап, мәселені шешу процесінің ұзақ жолын бастаймыз. Көп сұрақтар облыстық, қалалық және аудандық әкімшіліктер деңгейінде шешіледі. Оларға мәселені шешуді тапсырамыз, қажет жағдайда видеоконференец байланысқа да шақырамыз.

Жасыратыны жоқ, біздің команда аса ауыр жүктемемен жұмыс жасайды. Дегенмен қиындықтар ғана адамды шыңдай алады. Ілгерілеу мен өрлеуді байқаймыз, яғни бұл - бәрі жақсы, алған бағытымыз дұрыс деген сөз.

Айта кету керек, бөлім үкіметтік емес ұйымдармен де серіктестік орнатқан. Осы орайда, қоғамдық бастамалардың басы-қасында жүріп, азаматтармен жұмыс жасауға айтарлықтай сеп тигізетін кәсіби мамандар ұсынып жүрген «ҚР заң консультанттары палаталарының қауымдастығы», «ҚР психологтары қауымдастығы», «Қазақстанның Азаматтық Альянсы», сонымен қатар өзге де үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне алғыс айтамын.

- Бөлім жұмысының биылғы нәтижелері қаншалықты өсті, осы аралықта қандай нақты өзгерістер орын алды?

- Біздің бөлімнің құрылғанына екі жылға жуық уақыт болды. Мемлекет басшысы оны жасақтау жөніндегі Жарлыққа 2019 жылдың 22 шілдесінде қол қойған еді.

Ай сайын Президент Әкімшілігіне жеке және заңды тұлғалардан орташа есеппен 2 мыңға дейін өтініш түседі. Бұл - бізге деген халық сенімінің көрсеткіші.

Қоғамдық қабылдау бөлімі бойынша айтар болсақ, өткен жылдың дәл осы уақытындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, жеке қабылданған адамдар саны екі есеге артты, ал нақты қабылдау күндері жұмыс жеті-сегіз есе көбейді.

Фронт-офистерде өткен 17 қабылдауда 1,3 мың адам тыңдалды, ал өткен жылдың осы кезеңінде Президент Әкімшілігі жетекшілері мен орынбасарлары, сондай-ақ барлық құрылымдық бөлімше басшылары жүргізген 59 қабылдауда 600 адам болды.

Мұның да әртүрлі себебі бар. Олардың бірі – бөлімнің халықты қабылдау функциясын басты жұмысы ретінде қарауында. Қазір барлық қабылдауларды өзім өткіземін, я менің орынбасарларым өткізеді. Тиісінше, бұл – Президент Әкімшілігі басшылық құрамының жұмыс уақытын оңтайландыруға көмектесті.

- Өтініштердің күн санап көбеюіне мемлекетке деген сенімнің артуынан бөлек, тағы қандай себеп бар?

- Өте өзекті сұрақ, көп дүние оның жоспарға сәйкес шешілуіне байланысты, ол біздің бөлім жұмысының сапалы болуына да әсер етеді. Желтоқсанның екінші кезеңінде қабылдаулар өткізген жоқпыз. Өйткені, ең алдымен, бөлімде жиналып қалған өтініштерді қарап, олардың шешілуі жолында жұмыс атқаруды мақсат қып ұстандық. Өкінішке орай, олардың көбі - түсіндірме жұмыстарымен ғана шектелетін сұрақтар.

Азаматтар Президент Әкімшілігіне әлі де үйге кезекке қою, жер телімін бөлу мәселелері бойынша және сот шешімдеріне қарсылықтарын айтып хат жазып жатады. Осындай әр сұрақты зерделеу уақыт алады, ал оның нәтижесі көңіл көншітерлік болмауы да әбден мүмкін.

Мысалы, Алматының белгілі бір пациенттер ұйымының мүшесі фондтарының офисі үшін арнайы орын бөлуді сұрайды. Сөйте тұра, ол осы сұрақ бойынша көмек қолын созуға даяр әкімдігіне де жүгінбеген болып шығады. Нәтижесінде, оңай шешілетін сұраққа бола, елордаға ұшып келуге өз қаражатын жұмсап, біздің уақытымызды алады.

Болмаса бір көпбалалы ана үйге кезекке тұруға көмектесуімізді сұрайды. Ал, оған тек қана жергілікті әкімдікке құжат жинап бару керек. Көрдіңіз бе, мұндай мысал жетіп артылады.

Көптеген адам бізге мемлекеттік органдар деңгейінде шешілмейтін мәселелер бойынша да хат жазады. Мысалы, соттың барлық сатысынан өтіп, қолдарында Жоғарғы Соттың шешімі бола тұра, қанағаттанбай жауап іздейтіндер бар. Бұл жағдайда біз тек не үшін көмектесе алмайтынымызды түсіндіреміз.

- Мысалы, полицияға да түсетін өтініш пен арыз көп делік. Соның негізінде сіз мемлекеттік және атқарушы орган басшыларын жазалауға ұсыныс жасай аласыз ба?

- Бұл жерде атап өтетін негізгі жәйт, бөлімнің міндеті жазалау фунцияларымен сәйкес келмейді. Біздің басты мақсат – келіп түскен өтініштер бойынша қанағаттанарлық жауап беру. Шешімі табылмаса да, айтар сөзіміз дәлелді, уәжді болса, соның өзі сапалы тексеріс пен пысықтаудан кейінгі пайдалы жауап болмақ. Сол арқылы азамат сұрақтың неліктен қабылданбағанын түсініп, өз өтінішіне қатысты жауапқа қанағаттануы тиіс.

Өкінішке орай, кей жағдайда белгілі бір қызметкерлерді тұрақты, яки саналы түрде жіберетін қателіктері үшін жазалауға ұсыныс білдіруге тура келеді. Байқағаныңыздай, полицияға көңілі толмаған азаматтардан жиі арыз түсіп жатады. Ішкі істер министрлігінің осындай өтініштерге заң жүзінде дұрыс қарайтыны ұнайды. 2019 жылдың өзінде полцейлердің әрекетсіздігіне қатысты түскен шағымдардан соң, ішкі істер органдарының 13 қызметкері, сондай-ақ 8 басшы тәртіптік жазаға тартылған.

- Сіздің бөлімнің бастамасымен 21 қараша еліміздің барлық облысында жалпымемлекеттік бірыңғай қоғамдық қабылдау күні өтті. Нәтижелер қандай?

- Менің ойымша, ең алдымен бұл шара билік пен қоғам арасындағы диалогтың нығаюына септігін тигізді.  Сол күні еліміз бойынша 14 мың адам қабылданды. 10 мыңнан аса азаматқа ҚР-ның қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жан-жақты, толыққанды жауап берілді.  Өзекті сауалдарға қатысты тиісті орындарға тапсырмалар берілді.

Ал, жүгінген халықтың бір бөлігі сол күні-ақ өз мәселелерінің шешімін тапты. Ол – 1,6 мың өтініш иесі деген сөз. Кейбір адам өз елді мекендерінің инфроқұрылымына қатысты сауалдарына жауап алды. Республика елді мекендерінің 40-тан аса көшесін жарықтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылданды. 16 ауылдың мектептерінде оқушылар мен зейнеткерлер үшін кешкі спорттық іс-шаралар жүргізілді.

Одан бөлек, елордамыздағы, облыстар мен шетелдегі медициналық мекемелерде ем қабылдауға көмек көрсету жұмысы бойынша 23 өтініш қанағаттандырылды. Жалпы, бірыңғай қоғамдық қабылдау күні - жергілікті атқарушы органдар нәтижелі жұмыс жасаса, қоғамдық қабылдаудың фронт-офисіне жүктелер міндеттің азаярын көрсетті.

- Бөлімге жүгінгендердің арасында қандай тақырыптар өзекті?

- Жоғарыда атап өткенімдей, азаматтардың көпшілігі сот төрелігі мен құқықтық жүйеге қатысты арызданып жатады. Тұрғын үй, жер мәселелері, сондай-ақ жұмысқа орналасу, жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, қаржылай көмек, несилік қарыз мәселелері бойынша сұрақ қойғандар да көп.

- Келер жылға қандай мақсат қойдыңыз? Мемлекеттік органдардың өтініштері бойынша жүргізілер жұмыстың сапасына оң әсерін тигізетін басым жобалар бар ма?

- 2020 жылдың басты жобаларының бірі – «Е-өтініш» жүйесін енгізу. IT-құрылымға қатысты жұмыстарды Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Бұл бірыңғай тұғырнама - мемлекеттік органдардың өтініштермен, арыз берушілер базасымен, сондай-ақ келіп түскен барлық сұрақтың тарихымен жұмыс жасауға арналған.

Құрылым өтініштер бағытының ыңғайлысын таңдауға мүмкіндік бермек. Өз кезегінде, ол жауапты органды анықтау кезінде қателіктер жібермеуге пайдасын тигізері анық.

Тұғырнама жобасы ілкі режімде 2020 жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Толық қосылған соң, еліміздің әр тұрғыны үйден шықпастан мемлекеттік органдардың қай-қайсысына да хат жазып, өтініш қалдырып, олардың тексеріс уақыты мен кезеңдерін бақылай алады. Өмір болған соң әр азамат өмірінде бір рет болсын түсініктеме алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінгені түсінікті.

Сол өтініштердің көпшілігінен адамның ішкі үміті мен сенімі, одан бөлек шындық пен әділетке деген ұмтылысын анық байқауға болады.

Осы орайда, "Жаңа жылда қазақстандықтардың мемлекеттік органдарға өтініш-талаппен жүгінетін себептері аз болып, туындаған мәселелер оң шешімін тапсын" деген тілегім бар.

Сұхбаттасқан Әмір Жанұзақов, 365info.kz,

Орыс тілінен аударған "Ұлт порталы"

Abai.kz

15 пікір