Жұма, 19 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 6661 30 пікір 1 Қаңтар, 2020 сағат 18:28

Серікболсын Әбділдин өмірден озды

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдин 82 жасында Алматыда қайтыс болды.

Серікболсын ақсақал 31 желтоқсан күні сағат 23:00-тен өте Алматы ауруханасында қайтыс болған. Марқұммен қоштасу рәсімі 3 қаңтар күні таңертеңгі сағат 10:00-да Алматыдағы Ғалымдар үйінде өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Серікболсын Әбділдиннің отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

- Белгілі қоғам қайраткері жəне ғалым Серікболсын Əбділдиннің қайтыс болуына байланысты орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.

Серікболсын Əбділдəұлы - елімізді дамыту жəне парламентаризмді қалыптастыру ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға.

Марқұмның топырағы торқа, жаны жанатта, иманы саламат болсын!- деп жазылған жеделхатта.

Ал қайғылы хабармен бөліскен журналист Ермұрат Бапи марқұмның Алаштың ардақты азаматы екенін еске алды.

- Қазақстан демократиялық қозғалысының пайғамбары Серікболсын аға (Әбділдин) өмірден өтті деген суық хабар келді... Билікке иілмей өткен қайсар, қайтпас адам еді, - деп жазды Ермұрат Бапи Facebook желісіндегі жеке парақшасында.

Қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессоры Серікболсын Әбділдаұлы Әбділдин 1937 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында дүниеге келген. 1982 – 1985 ж. Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, 1985 жылы АӨК-ні басқару жөніндегі Республикалық Жоғары мектеп ректоры, 1986 – 1987 жылы Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі, 1990-1995 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төрағасы қызметтерін атқарды. 1995 жылдан бастап өмірінің соңына дейін оппозиция құрамында болған.

Abai.kz

30 пікір