Сенбі, 11 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 56455. Жазылғандар — 32500. Қайтыс болғандар — 264
Араша 3065 12 пікір 30 Желтоқсан, 2019 сағат 16:39

Ұстаздардың жақсы ісін жоққа шығару кімге керек?

Видеодан скриншот

Жақында ғана Сенатта «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданып, мұғалім құқығын заң бойынша қорғайтынымыз айтылды. Бірақ ұстаздар мойынына әкімшілік тарапынан ғана емес, халық тарапынан да артылған мың-сан міндет жуық арада жеңілдей қоймайтын секілді.

Мұғалімдерді әкімшілік әртүрлі жұмыстарға жегіп әурелесе, қарапайым халық ұстаздардың әр қадамын аңдып, қысымға алып отыр. Содан барып білім саласындағы кез-келген дау-дамайға тек мұғалімдер ғана кінәлі болатын жағдай қалыптасты. Мұғалімдер баланы оқыту керек, баланың амандығана кепілдік етуі керек, мың түрлі күнделік-журналдар толтыру керек, оның сыртында биліктің үгітшісі болу міндеті тағы бар. Сөйте тұра, осынша жұмыс атқарып жүріп тапқан жалақыларына мереке-мейрамда кішігірім отырыс жасаса да кінәлі болады...

Биыл Алматы қаласы Жетісу ауданы оқу бөліміне қарайтын мектептер мен балабақшалардың директорлары жаңа жылды тойлаудан бас тартып, үнемделген қаржыға отбасында қиыншылығы бар балаларға көмек жасады. Аталған білім бөлімінің құрамындағы 21 мектеп пен 22 балабақшаның басшылары бұл игілікті істерін республикадағы өзге де қызметкерлердің қолдауын сұрап, видеоүндеу жариялайды. Нәтижесінде бұл челлендж үлкен қолдау тауып, алқауға бөленеді.

Ерекше айта кетерлігі, бұл қайырымдылық шарасына тек директорлар ғана қатысады. Ал қарапайым мұғалімдер мен тәрбиешілердің бұған қатысы жоқ. Олар мереке тойлай ма, қайырымдылық жасай ма - өз еріктері.

Сөйтіп, видеоүндеу жарияланады, оны Qazaqstan телеарнасы эфирде көрсетеді. Кейін Алматы қаласы, Жетісу ауданы білім бөліміне қарасты № 143 мектептің директоры Саурықова мектеп ұжымымен бірге жаңа жылдық отырысқа қатысады. Онда да ұжымды құттықтап қана қайтады. Саурықова ханым - қайырымдылық шарасына қатысып, белгіленген қаржысын қосқан адам. Ал одан кейін оның өз ұжымын құттықтап, мерекелік кешке баруға әбден құқығы бар.

Бірақ, осыны әлдекімдер әлеуметтік желіде жариялап, "бұлар көзбояушылық жасады. "Мерекені тойламаймыз" деп алып, сөздерінде тұрмады. Қаржыны тойлауға шашты" дегендей сөз таратып, шу шығарған. Істің ақ-қарасымен таныспаған көпшілік жел сөзге еріп, ақеділ ұстаздардың жақсы ісін жоққа шығарып, еш негізсіз сынап-мінеген.

Бұл жерде мектеп басшылары жаңа жылды тойлаудан өз еріктерімен бас тартты, қайырымдылыққа жұмсалған қаржыны өз жалақыларынан шығарды. Өте игілікті, мақтауға тұралық іс. Ал өзге ұстаздарға мұндай шектеу жоқ. Қарапайым ұстаздар мен тәрбиешілер туыстарымен, ұжыммен мерекені атап өтсе, оған ешкім қой демейді. Тіпті мерекеден бас тартып, қайырымдылық жасауға ұстаздар қауымы міндетті де емес. Тынбай жұмыс істеп, тауып отырған жалақысын қайда жұмсаса да өздері біледі. Соған қарамастан буынсыз жерден пышақ ұрып, ұстаздарды кінәлау адамшылыққа жатпайтын әрекет екенін айтқымыз келеді.

Біз істің мән-жайын білу үшін аталған Білім бөлімінің басшысы Салтанат Амангелдіқызына хабарластық.

Салтанат Амангелдіқызы, Алматы қаласы, Жетісу ауданы Білім бөлімінің басшысы:

- Біздің Білім бөліміне 21 мектеп пен 22 балабақша қарайды. Біз ақылдасып, өз ауданымыздағы мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілері мерекелік отырыстан бас тарттық. Бұндай мерекелік бас қосуға өз қалтамыздан ақша шығаратынымыз анық. Сол отырысты ұйымдастырмай, ақшамызды жинап, қиыншылығы бар балаларға көмектесу қажет деп шештік. Бұл шешім тек директорларға ғана байланысты. Ауданымыздағы екі мыңнан аса мұғалімді мерекені тойламай, қайырымдылық жасаңдар деп мәжбүрлей алмаймыз. Ол - ұстаздардың өз еркіндегі шаруа.

Сөйтіп, 43 мекеменің басшысы бірігіп, демеушілерді қоса есептегенде жеті жүз мыңнан аса қаржы жинап, 22 баланың отбасына көмектестік. Кейін видеоүндеу жасап, еліміздің әр түкпіріндегі әріптестерімізді біздің қадамды қолдауға шақырдық. Біз жолдаған челлендж кең таралып кетті.

Ал шу шағарған жағдай мынау: біз қайырымдылық жасадық, челлендж жолданды. Кейін маған № 143 мектеп директорының міндетін атқарушы Саурықова Ғазиза келіп, мектеп ұжымы жаңа жылдық бас қосу ұйымдастырып жатқанын айтып, соған барып, құттықап қайтуға рұқсат сұрады. Ал мен ұстаздарды мерекелік бас қосудан тиюға қақым жоқ екенін, мектеп ұжымының отырысын шектемейтінімді айттым.

Сомен Ғазиза ханым ұжымдастарының бас қосуына барып, құттықтайды. Осыны біреулер видеоға жазып алып, әлеуметтік желіде таратып жатыр. Біріншіден, біз жалпы мұғалімдерді мерекелік кештен шектеген жоқпыз. Тек директорлар мен меңгерушілер ғана жаңа жылдық кештен бас тартты. Екіншіден, № 143 мектеп директорының міндетін атқарушы Саурықова Ғазиза қайырымдылық шарасына қатысты, қаржысын қосты. Кейін алдын-ала белгіленген ұжымдастар бас қосуына барып шықты. Негізі осы отырысқа бармай-ақ та қою керек еді. Бірақ, біз, видеоүндеу жариялаған 43 басшы, бас қосып отырсақ бір жөн. Бұл жерде мүлде бөлек әңгіме. Отырыс жасаған біз емес, бір мектептің ұжымы ғана...

Оның үстіне, біз қайырымдылықты өз қалтамыздан шығарған ақшаға жасадық. Мемлекеттік қазынадан ақша алып отырған жоқпыз. Бұндай қайырымдылық шараларын үш жылдан бері жасап жүрміз. Ешкімге айтып, жариялап та жатқан жоқ едік. Енді осы игі істеріміздің бәрін жоққа шығарып, негізсіз кінәлап отыр.

P.S. Расында, бұл ретте мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінің қайырымдылыққа қадам басқан қарекетін жоққа шығарып, Білім бөлімінің игілікті ісін мансұқтау неге керек болды? Сонда әлемжеліде әркім оларға әлімжеттік жасай беруі керек пе? Ұстаздарды ұлтарақ етуді қашан қоямыз? Біздің портал бұл тақырыпты алдағы күндері тағы да қаузайтын болады.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

12 пікір