Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 8531. Жазылғандар — 4506. Қайтыс болғандар — 35
Әлеумет 2931 19 пікір 30 Желтоқсан, 2019 сағат 09:45

Қандастарыңызды баспанасыз тастамаңыз...

Қазақстан  Республикасының
Президенті Қ.К.Тоқаевқа

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N94 Заңының 68-бабында «Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың» тізбесі көрсетілген. Соның жетіншісі – оралмандар;

Ал, 74-бабының 2 тармағында «Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж мынадай адамдар есебінің бөлек тізімдерін жүргізеді:» дей келіп, сол баптың 4) тармақшасында «осы Заңның 68-бабының 1-1) – 5), 7), 8), 10) және 11) тармақшаларында аталған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары;» деп жазылған.

Демек, «Оралман» мәртебін алған ағайындар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санатымен тұрғынжайға мұқтаж адамдар қатарында Заң бойынша баспана кезегіне тұруға құқығы бар деген сөз.

Бұл – өз кезегінде, Үкіметіміздің көші-қон саясатын шын мәніндегі қолдағандығының, алыстан оралған ағайынға деген шынай қамқорлығының белгісі деп бағалаймын! 

Заң бойынша, баспана кезегіне тіркелу үшін, қандастар тұрақты тіркеуге тұрған мекенжайда кемінде үш жыл тұруы керек.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабында «оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады» деп жазылғандықтан, бір мекенжайда үш жыл «Оралман» болып тұру мүмкін емес және ол азамат Қазақстан Респуликасының азаматтығын алған соң, «Оралман» мәртебесі жойылып, тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталады.

Осы мәселені көзде ұстай отырып, Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қатарында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына «Ескертпе: «Оралман» санатымен баспана кезегіне тұрған азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайда оның кезегі сақталады» деген ескертпе енгізу туралы ұсыныс бергеміз.

Аталған ұсынысты депутат Кәрібай Иманжанұлы өз атынан Жұмыс тобының талқысына салып, 2019 жылғы 02 қазанда (№7-10-921) Үкіметтің қортындысын алуға жіберген болатын.

Өкінішке орай, Үкіметтен «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 67-бабына сілтеме жасай отырып, «Қазақстан азаматтары мартебесін алған жане тұрғын үйге мұқтаж оралмандар жалпы негізде біздің басқа азаматтарыьызбен бірдей мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға үміткер бола алады. осыған байланысты оралмандар үшін кезекті сақтау маселесін орынсыз деп санаймыз» деген Үкімет басы Асқар Маминнің қолы қойылған жауап (№7-10-1282) келіпті. Қысқасы, бұл ұсыныс Үкіметтен қолдау таппады.

Сонда заңда көрсетілген шарпен баспана кезегіне тұрған қандастарымыздың бір жылдан соң немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайда, оның «Оралман» мәртебесі жойылып, «Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары» немесе «Мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтар» санатынан шығып қалатынын Үкіметтің  түсінбегені ме, жоқ түсінгісі келмегнені ме?! 

Егер, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының аталған баптары Үкімет қортындысымен біз берген ұсыныспен толықтырылмаса, қандастарымыз баспана кезегіне тұра алмайды және кезектен алынып тасталып отырады. Сонда, «Заңдағы жұртты алдаусырататын, әуреге салатын және біріне-бірі қайшы мұндай норманың не қажеті бар?!!» деген заңды сұрақ туады...

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Сізден қандастарымыздың «Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары» немесе «Мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтар» санатымен баспана кезегіне тұруы және белгіленген тәртіппен баспаналы болуы үшін,  осы мәселені оңталы шешуге ықпал етуіңізді сұраймын.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек
Ақын,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі 

Abai.kz

19 пікір