Жұма, 29 Наурыз 2024
Саңлақ 8869 0 пікір 25 Желтоқсан, 2019 сағат 12:15

1966 жылы әлем чемпионатының кубогын кім ұрлаған

1966 жылғы футболдан әлем чемпионаты Англия жерінде өтті. Финалда алаң иелері Германия құрамасын (ГФР) 4:2 есебімен жеңіп, чемпион атанғанын жанкүйер қауым жақсы біледі.

Ол чемпионаттың бар қызығы бұл ғана емес. Турнир басталмай тұрып мынадай оқиға орын алды.

Чемпионат басталардан үш жарым ай бұрын, наурыз айында Лондондағы Вестминистер сарайында сақтаулы тұрған әлем біріншілігінің кубогы аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалды. Бүкіл полиция аяғынан тік тұрып іздейді. Бірақ кубокты олар емес, 26 жастағы қала тұрғыны Дэвид Корбеттің «пиклз» атты иті қала шетіндегі бақтан тауып алады. Бірақ, ұрылар сол беті ұстатпай кетті.

Жоғалған кубокты тауып берген «пиклз» атты ит осы

Бұл кубоктың салмағы 3,8 келі, биіктігі 35 сантиметр. Алтын қосылған күмістен жасалған, лазуриттен құйылған. Француз шебері Абель Лефлердің қолынан шыққан. Әуелде «Жеңіс» деп аталғанымен, 1946 жылы әлем чемпионатының инициаторының құрметіне «Жюль Риме кубогы» деп өзгертілген.

1930-1970 жылдар аралығында чемпион болған құрамалар осы жүлдеге ие болды. Бұл кубокты да дәл қазіргідей жеңіп алған құрама өзінде 4 жыл сақтап, келесі чемпионат алдында қайтарып беретін болған. Бүгінгіден бір өзгешелігі, әлем чемпионатын үш мәрте жеңіп алған құраманың мәңгі сақтауына берілетін.

Сонымен, 1966 жылы чемпионат өтетін Англияға әкелінген кубоктың белгісіз жағдайда жоғалып, түсініксіз жағдайда табылғанын баста айттық. Сол кезде кубоктың қалай ұрланып, қалай табылғаны жайлы анық айтылмаған болатын.

2018 жылы англиялық «Daily Mirror» газетінде осы оқиғаның артқы көрінісі қалай өрбігені жайлы мақала шықты. Мақалада жазылуынша, кубокты ұрлаған ағайынды бұзақылар болса керек. Бірақ, 1966 жылы ұрлық жасағанда 40 жаста болған ұры 2005 жылы қайтыс болып кеткен екен.

Сол жылы Әлем чемпионатын Англия құрамасы жеңіп алды

Сол кездегі «Айлалы мырза» деген қылмыстық топтың мүшелері ағайынды Сидни Кугульер (Sidney Cugullere) мен Регер әлемдік турнирді бүлдіре жаздаған көрінеді. Кубокты Сидни ұрлап, кейін ағасына берген. Бұл мәліметті жақында Регердің ұлы Гэри Кугульер жария етті. Оның айтуынша, әкесінің інісі бұл бағалы затты ақша үшін емес, қызық үшін ұрлаған. Әрі ұрлық жасау оған өте оңайға соққан.

Сидни «Жюль Риме кубогы» салынған қораптың (шкаф) қарапайым құлыппен бекітілгенін байқап, бар болғаны бірнеше секундта-ақ қолды қылған. Оны үйіне әкелген соң әйелінің байқап қалып, лақтырып тастауынан алаңдап, ағасы Регерге хабарласып алып кетуін сұраған.

Ал ағасы кубокты көлігінің алдыңғы орындығының астына жасырған. Жолда оны полиция қызметкерлері тоқтатып, машинасын тексерген. Алайда, іздегендері көз алдыларында тұрса да байқай алмаған.

Сол кезде жоғалған затты тауып берген адамға 5500 фунт стерлинг сыйақы тағайындалған болатын. Кугульер Англия футбол қауымдастығының жауаптысы Джо Мирске хабарласып, 15 мың фунт сұрайды. Әрі ақшаны алуға 46 жастағы досы Тед Бентлиді жіберді. Осы кезде Тед қолға алынады. Сотта Бентли 500 фунт стерлингке жалданғанын және ұрылар туралы ештеңе білмейтінін айтады. Сөйтіп, ол екі жылға қамалады.

Әлегі көп «Жюль Риме кубогы»

Осыдан кейін ағайынды Кугульерлер кубокты сатудан да, тауып беріп сыйақы алудан да күдер үзеді. Сөйтіп, оны газетке орап қала маңындағы баққа тастайды. Былайғы жұрт жақсы білетін, жоғалған кубокты иттің тауып алуы осыдан кейін орын алған оқиға. Итінің арқасында Корбет 6 мың фунт сыйақыға ие болады.

Бірақ, жоғалып табылған «Жюль Риме кубогының» тағдыры бәрі-бір ұрылардың қолында шешілді. Баста айтқанымыздай 1970 жылы үшінші мәрте әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасы оны мәңгілік өздерінде сақтау құқығына қол жеткізген еді. 1983 жылы кубок Рио-де-Жанейродағы Бразилия футбол федерациясының штабынан ұрланды да, содан қайтып табылған жоқ. Ал бразилиялықтар Eastman Kodak компаниясына кубоктың көшірмесін жасатып алды.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544