Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 6247 15 пікір 23 Желтоқсан, 2019 сағат 11:30

Мен не үшін он тәулікке қамалдым?

Қарашаның 25-шы жұлдызында ескі танысым Гүлісхан Домалайқызы: Жұмеке, пресс конференция өтізейін деп жатырмыз. Қытайда зардап шегіп жатқан туыстарына араша сұрап біраз қауым келеді. Соны жүргізіп беріңізші, деп хабарласты. Мен, жарайды, дедім. 27-сі күні сағат 11-де бастап жібердік. Алғашқы сөзді экс депутат Зәуреш Батталоваға бердім.

"Қазіргі таңда, Қытай халық Республикасының Шыңжаң аймағында мұсылмандарды жаппай саяси түрмелерге жабу етек алған. Қамалғандарға ойына келгенін істеп, тіпті, дене мүшелерін кесіп, шетелге сатып жатқанын әлемдік ақпарат құралдары жариялап жатқанда біздің билік үндемей отырғаны адамның ашуын туғызады, рас. Өйткені, бұл адам құқын қорлау ғана емес, сондай-ақ, елдігімізге сын. Тәуелсіз Қазақстан деп кеудемізді керіп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз, ал Қытайдағы қандастарымыз зардап шегіп жатқанда үндемеу ақылға қонымсыз деп ойлаймын", деді Ол.

Содан соң орыс тілінде сөйледі. Екінші сөзді Германиядан келген ұлтшыл Өмірхан Алтын ағамыз жеріне жеткізіп айтты.

"Тіпті, Шыңжаң өлкесі ұйғырлардың жері деген сөзді доғару керек. Өйткені ол жер тек ұйғырлардың жері емес, қазақтардың сан ғасырлар өмір сүріп келген атамекені.

Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев мырзаға, Сенат ппикері Дариға Назарбаева ханымға, Парламент депутаттарына, әсіресе Бекболат Тілеуханға Қытайдағы қандастар ісіне араша түсіп, бей-жай қарамауға шақырамын", деді Өмірхан Алтын.

Ақын Бақытжан Тобаяқов сөз сөйледі. Ақырында Гүлісхан Домалайқызы Қытайда тіркелген сұмдық оқиғаларды айтып, Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға, соның ішінде қазақтарға жасап жатқан саяси қылмысын "геноцид" деп айыптады.

Конференциядан соң, Өмірхан аға барлық құжаттарды жинап алып, Европарламентке тапсыратын болды. Мен Өмірхан ағаны өз көлігіммен алып жүрдім. Ол жерде 50-60 адам шулап жүр екен. Қолдарына «Саяси тұтқындарға бостандық», «Жеріміз Қытайларға сатылмасын» т.б. түрлі мазмұндағы плакаттар ұстап алыпты. Түскі ас уақыты болған екен. Бізге, сағат 15-00-де келіңіздер, деді. Содан соң кетуге аялдағанбыз, қасымызға камерасымен жүгіріп келген тілшілер бізді қоршап алды.

Алғаш сөзді мен былай бастадым: "Құрметті Парламент депутаттары! Қазақ халқының атынан сайланғандарыңыз рас болса, Қытайда зардап шегіп жатқан қандастар туралы неге үндемейсіздер? Сіздерден осынша халық келіп туыстарына араша сұрайды. Өйткені, Қытайдағы жағдай біздің елде ертең қайталанбауына ешкім де кепілдік бере алмайды". 

Менен кейін Өмірхан аға сөйледі. Бір кезде қолына микрофон ұстап алған әкімінің орынбасары Талғат есімді азамат: "Уважаемые гражданы уходите не санкционированный митинг по Закону Республики Казахстан запрещен. Если не уходите сотрудники Министерство внутренных дел вас заберет", деп айқайлап жүрді. Ол жерде бір орыс ұлтының өкілі жоқ. Орысы жоқ жерде де орысшалайтын біздің орысқұлдар ғана ғой... Мен Өмірхан ағаны ертіп, ол жерден кетіп қалдым.

09.12.2019 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайына үш баламды "Домбыра" үйірмесіне өз көлігіммен алып келдім. Бір кезде көлігімнің терезесін біреу ұрып тұр. Қарасам: "Аға лейтенант Ілиясов Алмаспын. Сарыарқа ауданынан... РУВД-ға барып сұрақ жауап аламыз" дейді. Қасында тағы екі жігіт тұр. Құдды Бен Ладенды ұстағандай, алып барды. Кешке дейін бір тамшы су, не тамақ бермеді. Телефонды өшіріп тастады. Кешкі сағат 17-00-де Ахметқалиев деген судья келіп, мені Әкімшілік құқық бұзушылықтың 488 бабының 1-тармағы бойынша, 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Сөйтіп, апарып қамады. Онда үш мезгіл тамақ, аптасына бір рет душ қабылдауға болады екен. Менен басқа 46 адамды жауыпты. Жеке-жеке камерада отырдық. 25 кітап оқыдым. Оңашада кітап оқу адамның ойына ой, ақылына ақыл қосылады, денесін тынықтырады-мыс. Сергей Бородинның "Хромой Тимурын", Александр Дюманың "Людовик ХIV-ін", Чампион Тойчтың  "Психогенетикасын", Ник Вичучтың "Өмір ғажабын", Ленинның өмірін, Б. Наполеон туралы, Балғабек Қыдырбекұлының "Мысық тұтқынын", Ш. Мұртазаның "Жүрекке әжім түспейдісін", Григорий Котовскийдің "Золотая шашкасын", Әзілхан Нұршайықовтың "Таңдамалысын" т.б.

Менімен бірге отырғандардың тізімі:

  1. Серік Жакин
  2. Амангелді Джакин
  3. Қайрат Сейітқалиев
  4. Ербол Есқожин
  5. Болатхан Хамитұлы
  6. Акмал Маметқұлов
  7. Марс Ибраев
  8. Нұрсұлтан Қастаев
  9. Ахат Қаппар
  10. Марат Мусабаев
  11. Ахмад Давлеткулов
  12. Айбек Сәбитов
  13. Әділбек Серікбаев
  14. Серік Жакир
  15. Азамат Талғатбеков
  16. Айдар Мубараков
  17. Гүлмира Халықова
  18. Зубайда Сейдахметова
  19. Фариза Беспаева
  20. Ғалия Тамабаева
  21. Ақмарал Керімбаева
  22. Серік Асқаров
  23. Дулат Ақадыр
  24. Балтабек Бекежанов
  25. Айдар Сыдықов
  26. Болатбек Біләлов
  27. Қуат Увалиев  

19 желтоқсан күні таңғы сағат 7-00-де тұрғызып, газел көлігімен Сарыарқа аудандық ІІБ-ға апарып босатып жіберді. Сол күні менің туған-туыстарым үйге келіп, мені ортаға алып, сұрақ жауаптың астына алды. "Қытайдағы мәселеде не шаруаң бар?! Ол Қытайдың ішкі шаруасы. Сен өз бала-шағаңа қарап, тыныш жүр айналайын", деп жаны ашығандай сыңай танытты. 14 облыстан қоңыраулар үздіксіз келіп жатты. "Әлеуметтік желілерде қамалды  дегенді естідік, Жұмеке" деп хабарласып жатыр. Көшеде кетіп бара жатсам, мені көрген жұрт қолын шошайтып көрсетіп жатыр. Осылай танымал болып кеттім. Сөйтсем, бұл туралы бәрінің хабары бар екен.

Адамзаттың арғы-бергі тарихында қаншама сатқындықтар болды десеңізші... Әрісе, Алтын Орда кезінде, Керей мен Жәнібектің кезінде... Берісі Хан Кенені сатып кеткен Сыпатайдың сатқындығы. Алашорда кезінде қазақ зиялылары бірін-бірі орыстарға жығып бергендігі... Осының бәрін тарихтан оқып білдік. 1986 жылы және 2011 жылы 16 желтоқсанда да солай болды. "Зиялы" деп жүрген аға-көкелеріміз жұмған аузын ашпады. Олардың есіл-дерті атақ, мансап, кеуделеріне темір-терсек тағу ғана. Мұны қазақ "рухани ергежейлік" дейді. Жалпы менің түсінігімде, зиялы адам ол - абыройы асқақ, мерейі үстем, ұлт алдында ауыр жүкті арқалаған тұлға. Бүгінде осылардың жұрнағы да қалмаған...

Сонымен соңғы уақытта елімізде қордаланған мәселелер шаш-етектен екендігі бесенеден белгілі. Бірақ, біздің билік сол проблемаларды шешудің  тетіктерін қарастырудың орнына не істемек ойы бар, бір Құдайға аян. Қытайдан "тарихи отаным", деп екі өкпесін қолын алып, қашып келген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтаруды қарастырып жатыр, қазір. Егер оларды қайтарса, ол жақта оларды өлтіретіні тағы айтылып жатыр. Бұл елдігімізге таңба. Әлем қауымдастығы Қытайдың жауыздығына бірлесіп  күреспесек. Ал біз ше? Дәл осылай, қол қусырып отыра берсек, тығырықтан шығу екіталай.

Жұмамұрат Шәмші,

Тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

15 пікір