Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4802 0 пікір 31 Тамыз, 2011 сағат 05:16

Зұлымдық Құдайсыздықтан туады

Адамзат тарихындағы атақты оқымысты-ғалымдардың қай-қайсысын алсаңызда барлығы жаратушы бір Тәңірдің барлығын жоққа шығармаған. Өйткені табиғатты зерттеп, көкжиегі кеңейген сайын адам баласы ұлы Құдыретті тани түседі.. Ардақты пайғамбарымыздың көп хадисінде білім үйренуге шақыратыны осыдан. Құран Кәрімде Алла Тағаланың өзі де «Білімділер мен надандардың тең болмайтынын» ескертіп өтеді..Өйткені, Құдайды білімсіз тану мүмкін емес.   Альберт Эйнштейн де Құдыреттің барлығына кәміл сенетін. «Теңдесі жоқ ғажайыпты жаратушының Даналығына Ғаламды тани түскен сайын әр кез тәнті боламын» деген сөзді айтқан осы кісі болатын. Оқымысты кейін дәулеті артып өзінің сұлулыққа деген құштарлығын азда болсын басу үшін камин сағаттарын коллекциялаумен айналыса бастайды. Бір күні оның қолына 17 ғасырда жасалып, тұтас ағашпен көмкерілген керемет сағат түседі. Коллекциясындағы ең бір мақтанатын дүние ретінде оны каминнің төбесіне шығарып қояды. Осы кезде оның Құдайға мүлде сенбейтін бір оқымысты досы үйге бас сұғады. Сағатқа көзі түскен әлгі досы оны жасаған шебердің атын сұрайды. Эйнштейн оған «ешкім жасаған жоқ, сағат өзінен өзі пайда болды» деп қалжыңдап жауап берді. Бірақ досы, ондайдың мүмкін емес екенін, кез-келген заттың     иесі болатынын айтады. Сонда Эйнштейн былай дейді «Сендер, материалистер, осы қызықсыңдар. Әрбір қарапайым нәрсенің иесі болуы керек дейсіңдер де, сағаттан да күрделі, керемет тәртіппен құрылған ғаламды өзінен-өзі пайда бола қалған деп тұжырымдайсыңдар».  Араларындағы осы әңгімеден кейін Эйнштейннің атеист  досы көп ұзамай Құдайға сенетін адамдардың қатарына қосылған деседі.

Бірде профессор студенттерге «Әлемдегі барлық нәрсені Құдай жаратқан ба?» деп сұрақ қояды. Бір батыл студент көп кідірместен «иә, Құдай жаратқан» деп жауап береді. «Құдай бәрін жаратқан ба?» деп қайталаған профессорға әлгі студент «иә,сэр» дейді. Профессор жаңағы студенттен «Егер Құдай бәрін жаратса, онда зұлымдықтыда сол жаратқан ғой... Егер логикаға жүгінсек, онда Құдай деп жүргеніміз зұлымдықтың өзі болып шықпай ма?» деп сұрапты. Мұндайды күтпеген студент жауап беруден тосылып қалады. Шәкірттерімен  сөз таластырудан жеңіп шыққанына масайраған профессор студенттердің алдында Құдайдың жоқтығын тағы да дәлелдеп бердім деп мақтанады. Осы кезде залдағылардың біреуі қолын көтеріп «сұрақ қойсам бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Орнынан көтерілген әлгі студент «Профессор осы суық дегеніміз бар нәрсе ма?» деп сұрайды..Профессор болса «Бұл неғылған сұрақ? Әрине, бар. Сен өмірі тоңып көрмеген адамсың ба?» деп отырғандарды ду күлдіреді. Жігіт  болса профессорға былай дейді «Негізі, сэр, суық  дегеніміз жоқ нәрсе. Физика заңдылығына сүйенсек, біздің суық деп жүргеніміз жылудың жоқтығын білдіреді». Сөзін ары қарай сабақтаған студент «Профессор, қараңғылық бар нәрсе ма?» деп сұрайды. Профессор «әрине, бар» деп жауап қатады. «Сіздікі дұрыс емес,-дейді студент тағы да, - қараңғылық дегеніміз - жарықтың жоқтығы. Біз қараңғылықты емес, жарықты зерттейміз.  Ньютонның призмасын  пайдалану  арқылы-ақ жарықты әртүрлі түске бөліп, әрбір түстің толқынының ұзындығын анықтаймыз.. Ал қараңғылықты сіз өлшей алмайсыз. Сіз кез-келген кеңістіктің қаншалықты қараңғы екенін қалай білесіз? Солай емес пе..? Қараңғылық деген түсінікті адам жарықтың жоқтығын білдіру үшін қолданады».

Сөзінің соңына қарай жас жігіт профессорға «Сэр, зұлымдық бар ма?» деп қайтара сұрақ қойды. Профессор «Бағана айттым ғой...Әрине... Біз оны күнде көреміз. Адамдардың қатігездігі, қылмыстың көптігі мен әлемдегі зорлық-зомбылықтың барлығы осы зұлымдықтың көрінісі болып табылады» дейді. Студент болса «Сэр, зұлымдық жоқ..Зұлымдық дегеніміз - Құдайсыздықтан туатын құбылыс. Ол да қараңғылық пен суық сияқты Құдайдың жоқтығын көрсету үшін адамдардың ойлап тапқан сөзі» деп жауап қайтарады. Мұндай мағыналы жауаптарға қарсы уәж айта алмаған профессор шарасыздықтан тізе бүгіп отырып қалыпты. Ал Профессормен сөз таластырып, оны жеңіп шыққан жас жігіттің аты - Альберт Эйнштейн болатын.

Альберт Эйнштейннің жұбайынан бірде былай деп сұрайды: -Сіз Эйнштейннің салыстырмалылық теориясын білесіз бе? - Онша білмеймін,-дейді әйелі.- Есесіне әлемде Эйнштейннің өзін менен жақсы білетін адам жоқ.

Америкалық бір журналист Эйнштейннен сұхбат алып отырып  былай деп сұрайды: «Уақыт пен мәңгіліктің қандай  айырмашылығы бар?». Эйнштейн оған: « Егер Менде  осылардың айырмашылығын айтатын  уақыт болса,  сіз оны түсінгенше мәңгілік өтер еді» деп жауап берген екен.

Эйнштейн Чарли Чаплиннің фильмдерін сүйіп көретін. Бірде ол Чарли Чаплинге «Сіздің «Алтын безгегі» фильміңізді бүкіл әлем түсінеді. Болашақта сіздің ұлы адам болатыныңызға кәміл сенемін! Эйнштейн.» деп жазылған телеграмма жібереді. Чаплин оған былай деп жауап қайтарыпты: «Мен Сізді оданда қатты құрметтеймін. Сіздің салыстырмалылық теорияңызды ешкім түсінбейді. Бірақ сіз сонда да ұлы адам болдыңыз! Чаплин»..

Материалды ықшамдап  дайындаған Жолымбет Мәкішев,

«Абай-ақпарат»

0 пікір