Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3047 0 пікір 29 Тамыз, 2011 сағат 10:46

Мұхан Исахан, Ақмарал Сатыбалды. Ораза айт - Алаштың айтулы мерекесі

Мұсылманшылдықты сан түрлі міндеттерге жегілуден немесе қатып-семіп қалған догмалардан тұрады десек қателесеміз. Ислам бейбітшілік (арабшада «ислм» сөзі бейбіт өмір мағынасында) діні болғандықтан, адамзат баласын қуанышқа бөлеуге құмбыл тұрады. Әсіресе, мұсылман қауымының ынтымағы мен бірлігін арттыруға ерекше басымдық береді. Яғни, Хақ үкімдерінің астарынан жұмыр басты пенделерді мәңгілік бақытқа жетелейтін хикметті ғана көре аламыз. Әсілі, Алла-тағала құлшылық қылуды бұйыра отырып, адамзат баласын илаһи шуағы мол ләззаттарға бөлейді. Дініміздегі әрбір үкім хикметке толы әрі адамды қуанышқа кенелтуге негізделген. Тек, ол хикмет пен зор қуанышты хақ үкімдерін қалтықсыз орындаумен ғана терең сезіне аламыз.

Мұсылманшылдықты сан түрлі міндеттерге жегілуден немесе қатып-семіп қалған догмалардан тұрады десек қателесеміз. Ислам бейбітшілік (арабшада «ислм» сөзі бейбіт өмір мағынасында) діні болғандықтан, адамзат баласын қуанышқа бөлеуге құмбыл тұрады. Әсіресе, мұсылман қауымының ынтымағы мен бірлігін арттыруға ерекше басымдық береді. Яғни, Хақ үкімдерінің астарынан жұмыр басты пенделерді мәңгілік бақытқа жетелейтін хикметті ғана көре аламыз. Әсілі, Алла-тағала құлшылық қылуды бұйыра отырып, адамзат баласын илаһи шуағы мол ләззаттарға бөлейді. Дініміздегі әрбір үкім хикметке толы әрі адамды қуанышқа кенелтуге негізделген. Тек, ол хикмет пен зор қуанышты хақ үкімдерін қалтықсыз орындаумен ғана терең сезіне аламыз.

Ислам дініндегі қойны-қонышы хикметке толы илаһи зор қуаныштың бірі Ораза айт мерекесі екені әмбеге аян. Мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейінгі Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы)  атап өткен. Бізге жеткен салих дереккөздерге қарағанда Исламға дейін Мәдина халқы әрбір жылы екі күн ұлан асыр той жасайтын болған. Меккеліктер: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда, мәдиналықтар: «Жаһилиет дәуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз» деп жауап берген.  Бұны естіген Хақ Елшісі (с.а.у): «Алла тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) мен Құрбан мерекесі етіп өзгертті», деп бұйырады. Осы хадистегі «Фитр мерекесін» Ислам ғұламалары «Отыз күнгі оразадан кейінгі «Ораза айт мерекесі» деп біледі. Осылайша, Алла Елшісі (с.а.у)-ның бастамасымен ескінің сарқыншағы жаңа илаһи екі мерекемен алмастырылған болатын.

Жафар бин Мұхаммедтің жеткізуіне қарағанда Алла Елшісі (с.а.у) Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтін. Хасан ас-Сабит: «Екі айтта да Хақ Елшісі (с.а.у)  бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайға қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді», дейді. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп жүруге үндейді. Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың мустахаб (амалдардың абзалы) екенін айтады.

Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның «Мерекеңізді тәкбірмен (намаз) безендіріңіз» деген хадисі Ораза айт намазы хақында айтылған. Ханафия мазхабының ғұламалары Кәусар сүресіндегі «Фасалли ли Раббикені...» (Сондықтан, айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп біледі. Осыған орай біздің мазхабымызда Ораза айтының намызын оқу уәжіп (міндетті) саналады. Ал, Шафийлер мен Маликилерде сүннет муәккада (уәжіпке жақын сүннет), Ханбалияда парыз кифая (ешкім қылмаса, барлығына күнә жазылады) болып табылады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде (кераһат уақытының шығуы, яғни, күн шыққаннан кейін қырық бес минут өткен соң) мешіттерде оқылады.

Уахаб ибн Мүнаббихтің жеткізуіне қарағанда Алла-тағала жұмақты осы Ораза айт күні жаратып, Туба (жаннаттағы өсімдік) ағашын осы күні еккен. Жебірейілді де осы күні пайғамбарларға уаһи түсіретін періште ретінде таңдап, перғауынның сиқыршыларының тәубасын да осы күні қабыл еткен. Осы күні шайтанның әскерлерін бір жерге жиналып: «Сіз неге көңілсізсіз?», деп шайттаннан сұрағанда, ол: «Алла-тағала бүгін мұсылмандарға кешірім берді. Енді оларды қайтадан нәпсісіне бағындыру үшін жұмыс істеуіміз керек», деп мұсылман қауымының кешірімге ие болып, ұшпаққа шыққанына қатты өкінеді екен.

Имам Ғазалидің жеткізуіне қарағанда осы күні барлық періштелер таң алакеуімде жер бетіне түсіп: «Уа, Мұхаммедтің үмбеті, оянып сыртқа шығыңыздар. Алла-тағала сіздердің барлық күнәларыңызды кешіреді», деп ораза ұстаған мұсылмандарды ізгі хабармен сүйіншілесе, Алла-тағала мұсылмандардың Ораза айт намазын оқуға мешіттерге келгенін көріп: «Сендер куә болыңдар. Мен оларға шексіз ризамын. Оларды кешірдім»  дейді екен.

Иә, Жаратушысына жүгінген жұмыр басты пенде Ораза айт мерекесінде періштедей пәк күйге бөленіп, Хақ шұғыласына шомып, хақиқат сырларына қанығады. Ағайын-жұрағат арқа-жарқа болып, бір сәт күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмытып, қойны-қонышына симаған қуанышын бір-бірімен бөліседі. Мұндай берекелі шақта бір-біріне деген жылуар сезімі атқақтап, көңілдің тұтастығы арта түседі. «Айт құтты болсын!» деп, ақ түйенің қарнын жарып, ұлан асыр той жасайды. Ендеше, Құдай-тағала халқымызды осындай қуаныштан айырмай, дәйім айттан айтқа аман есен жетіп, ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейміз!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530