Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3254 0 пікір 29 Тамыз, 2011 сағат 10:27

Ақтан Төкіш. Мәңгүртстан (жалғасы)

IV

Тамақтанып алып қалаға шықтық, Сәбит келіскеніміз бойынша менің қасымда болады. Астанаға дейін қашық емес, автобуспен бір сағат қана жол.Сәбит жол үстінде кешегі кеште ұмыт қалған майда-шүйда айтпағандарын айтып келеді.

Қазақстанда қазір 25,5 миллион халық тұрады екен, оның 13 миллионы ғана қазақстандықтар. Сәбиттің айтуынша, 12,5 миллион шетелдіктердің жартысы осы жерде туғандар болғандықтан қазақстандық азаматқа ие. Бірақ, бұл цифрлар нақты емес, 2029 жылғы деректер. Оның түсіндіруі бойынша, санақ жүргізілген кезде оңтүстіктің, әсіресе батыс аймақтың көптеген адамдары жасырынып қалған немесе шет елге шығып кеткен. Бұлай етудің басты мақсаты  -  жалдық келісім бойынша, жалға берілген мерзімде жергілікті халықтың саны (қазақтар мен қазақстандық азаматтығы барлар, олардан туған балалар) сол орданың халқының кем дегенде 50 пайызын құрауы тиіс. Санақ қорытындысы бойынша қазақстандықтар елде сәл ғана жартысынан көбін құрайды екен, бірақ  аймақтарды аралағанымда, күдігім көбейе түсті.

IV

Тамақтанып алып қалаға шықтық, Сәбит келіскеніміз бойынша менің қасымда болады. Астанаға дейін қашық емес, автобуспен бір сағат қана жол.Сәбит жол үстінде кешегі кеште ұмыт қалған майда-шүйда айтпағандарын айтып келеді.

Қазақстанда қазір 25,5 миллион халық тұрады екен, оның 13 миллионы ғана қазақстандықтар. Сәбиттің айтуынша, 12,5 миллион шетелдіктердің жартысы осы жерде туғандар болғандықтан қазақстандық азаматқа ие. Бірақ, бұл цифрлар нақты емес, 2029 жылғы деректер. Оның түсіндіруі бойынша, санақ жүргізілген кезде оңтүстіктің, әсіресе батыс аймақтың көптеген адамдары жасырынып қалған немесе шет елге шығып кеткен. Бұлай етудің басты мақсаты  -  жалдық келісім бойынша, жалға берілген мерзімде жергілікті халықтың саны (қазақтар мен қазақстандық азаматтығы барлар, олардан туған балалар) сол орданың халқының кем дегенде 50 пайызын құрауы тиіс. Санақ қорытындысы бойынша қазақстандықтар елде сәл ғана жартысынан көбін құрайды екен, бірақ  аймақтарды аралағанымда, күдігім көбейе түсті.

- Қалған 3 миллион қазақстандықтар қайда? - дедім шыдамай. Сүйтсем, ақшасы бар адамдар басқа елдерге көшіп кетіпті. Айтпақшы, Қазақстанды басқарушылар Лондонда тұрады, сол жақта тұрып елді басқарады. Елдің әр саласында өзінің үлесі бар адамдар, істерін атқарушы іскерлерге тапсырып қойған, өздері саяси тұрақты, табиғаты бұзылмаған, әлеуметтік жағынан ауқатты елдерде өмір сүреді, бай адамдар саналады. Олардың балалары да Қазақстанда тұрмайды, бірақ Қазақстанның байлығының арқасында ауқатты өмір сүріп жатқанын біледі. Тіпті ортаң қол ауқатты кісілердің өздері шетелдерде өмір сүреді. Бұл дәстүр қазір жаппай модаға айналған.

Жастар жағы жаппай дерлік деуге болады, шетелдік білім алғандар. Көп жағдайда сол жақта қалып қояды. Неге олай екенін кейін өзің түсіне жатарсың деді Сәбит. Зейнеткерлер аз, көпшілігі зейнет жасына жетпей өледі. Бала туу күрт төмендеп кетті, әр отбасында бір ғана баладан туады, екі баланы туу  -  сирек жағдай.

Ақмола облысында немесе қазіргі атымен айтқанда, Қазақ ордасында 1 миллион халық тұрады, оның 100 мыңы шенеуніктер, 350 мыңы әртүрлі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер, 50 мыңы  -  педагог пен дәрігерлер, 100 мыңы  -  өзін өзі асыраушылар. Бұл адамдарды кішкентай Қазақстанның белсенді бөлігі деп санасақ, қалған бөлігінің 300 мыңы  -  балалар, 50 мыңы  -  зейнеткерлер, 50 мыңы -  мүгедектер, оның ішінде мүгедек болып туғандар көп. Елде жұмыссыздар жоқ, олар өзін өзі асыраушылар санатында.

Сәбит бұрынғы билікте болған барлық  absentee дейтіндерді боқтап келеді. Олар демократиялық мемлекетте өмір сүрудің қаншалықты жақсы екенін біле тұра, мүмкіндіктері бола тұра Қазақстанды сондай елге айналдыруға түк істемеді. Елдегі дүниені түгелімен қиратып, ішіп-жеп, өз халқын қалдырып дап-дайын шетелдегі салтанатты сарайларына кетті де қалды.

Шетелде тұратын ел басшылары елде не болып жатқанынан еш хабары жоқ, ол жағының оларға қажеті де жоқ. Жалгерлер тиісті жалдық пұлдарын уақытылы төлеп отыр. Жалға беруден түскен ақшаның басым бөлігі сыртқа кетіп жатыр, қалған бөлігі мемлекеттік аппаратқа, жәрдемақы мен зейнетақыға, қалған ақшалар 15 жылға дейін алынған ел қарызын төлеуге жұмсалады. Тағы бір бөлігі, кезінде аты шыққан Болашақ ұрпақтың қорына төленеді. Мектеп, клиникалар жеке меншікте, яғни мемлекет халыққа білім беру мен денсаулық сақтау мәселесімен айналыспайтын болды. Сәбиттің айтуынша Қазақ ордасында ештеңе өндірілмейді, өсірілмейді, барлығы басқа ордалардан тасылады.

Мен үндемей тыңдап келемін, оларды ой елегінен кейін жалғыз отырғанда өткіземін. Әуелі бұл шалдардың айтқандары рас па, жоқ па, соған көзімді жеткізіп алайын. Енді Сәбиттің еліміздің мұндай құлшылыққа қалай жеткені жайлы әңгімесін күтіп отырмын.

Икс сағаты туып, жаппай тазалау біткен соң елді қайта бөлу, өзгерту басталды. Бөліп алатын ештеңе қалмапты, бәрін билікте отырғандар әлдеқашан бөліп алған, тағы бір бөліктерді шетелдіктерге сатып жіберген. Жер сату басталды. Оны майда-шүйда емес, ірі деңгейде жүргізді: шұрайлы егістік, жайылымдық, шабындық, орманды шатқалдар бірінші болып сатылды, сосын аудандарды сата бастады. Одан соң шекарадағы жерлерді олармен шектесіп  жатқан көрші мемелекеттерге сату басталды. Биліктегілер елді бірнеше ордаға бөліп алып жеке - жеке билемекші болып еді, бәріне көнгіш халық наразылық білдіре бастады. Бірақ, одан ештеңе шықпады. Елде көшбасшы болатын ешкім қалмады. Шетелде жүрген режимнің қарсыластары биліктің мұндай авантюрасына қарсы әлемдік қауымдастықты қарсы қойды. Билік амалсыздан бұрыннан сақтап келе жатқан вариантты  -  «Аймақтарды дамыту» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаның мәні  -  енді шетелдіктерге тек қана қазба байлықтарға бай аудандарды емес, облыстарды іштеріндегі азып-тозған ауыл, аудандарымен қосып түгелімен жалға беру. Халыққа  -  бұл жұмыс уақытша шара, бұл шараның нәтижесінде аймақтарға қаржылық арналар ақша төгіп, бұл аймақтардың қарқындап дамуы басталады деп түсіндірді. Көпшілік бұған көнді, себебі елдің өз билігінің қолынан ештеңе келмейтінін білетін. Дамыған елдерден келетін басқарушыларға сенді. Жалға берудің шарты халық арасында талқыланған жоқ. Бұл іске шетелдерден шақырылатын атақты сарапшылар келсе жақсы болар деп үміт артты. Кейінірек билік басындағылар жалдық келісім-шарттың кейбір ерекше артықшылықтарын жария қылды. Мысалы, қазақстандық жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысының шетелдіктермен теңестірілетіндігі, әр аймақтағы жергілікті халықтың саны 50 пайыздан кем болмауы, сапалы білім беру мен денсаулық сақтау қызметін қамтамасыз ету. Қазақ елінің жерін жалға беру  жөнінде келіссөздер басталғаннан кейін 20 жылдық үзілістен  соң  Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қамқорлық кеңесі жұмысын жалғастырды.

Жоқ, бұл жерде бір кәдік бар, бұлай болуы мүмкін емес нәрсе, бүкіл бір елді халқымен қосып елу жылға жалға беру мүмкін емес деймін ішімнен Сәбитті тыңдап отырып. Телевизорды көремін, ескі газеттерді оқып шығамын, сосын барып бір қорытынды жасаймын. Мен күдікті болып бара жатқандаймын.

Қалада көшелерді аралап ұзақ жүрдік. Барлық жердегі жазулар бақырайып ағылшын тілінде жазылған. Астананы бір жағынан танығандаймын да, екінші жағынан танымай да қалдым. Біраз жерлері өзгере де қоймапты, тозып ескірген, күңгірт басқан сияқты. Бірақ, адамдары жарқырап «мен мұндалап» киінген боп көрінді. Көшелерде тек қана әдемі машиналар жүріп жатқанын көрдім. Ертістің сол жағында кезінде мақтаныш қиқумен  салынған үйлер онша көбеймеген. «Астана мақтанышы» және Министрлер   үйлерін  орнынан таба алмадым. Сәбит олардың 10-ы жылдары өртеніп кеткенін  айтты. Ақорда мен Қазмұнайгаздың да ғимараттарын көрмедім, Бәйтерек қана орнында қалыпты. Сәбит Бәйтерекке көтерілуге ұсыныс жасады. Мен бұрын ол ғимаратта болмағанымды,  радиусы жарты километр кеңістікті көру үшін ғана 100 метр биіктікке көтерілмеймін деп бас тарттым. Егер осы кең далада жан-жағы бірнеше километрге созылатын үлкен қаланы салған болса, адамзат баласының еңбегінің жемісін таңдана мақтану үшін шығуға болар еді. Қазіргі  өте қайғылы көріністің қандай қызығы бар.

Қалаға онша көңілім тоймады. Қаланың бұрынғы кезде жиі кездесетін сыртқы жылтырлығы, өтірік желбуаздығы қазір жоқ. Көктем айы болып тұрса да қаладан жасыл ағаш пен жерді көмкерген көкті көре алмадым, күңгірттік басым. Көшелерде атау деген жоқ, бәрі нөмірленген. Қаладағы  көшелер мен алаңдарға атауларын беріп мәңгі есте ұстауға лайық тарихи тұлғалардың болмағаны ма? Тағы бір ерекшелік: көшелерде адамдар өте аз, алыста орналасқан кішкентай қалашық па деп қаласың. Сәбитке осы ойларымды айттым. Оның айтуынша қалада негізінен шенеуніктер мен қызмет көрсету саласының  адамдары тұрады, бәрі  жұмыста, балалар бала бақша мен мектептерде. Қала халқының саны жарты миллион шамасында. - Адамы көп жерге - «Көк базарға» алып барайын. Ол жерде неше түрлі адамдарды көресің -  деді Сәбит.

Базар алаңында топырлаған халық, біз шет жағынан бір орынға келіп отырдық. Жастарды, оның ішінде балаларды көру қандай ғанибет. Мен тек қана шалдардың арасында өмір сүріп соған әбден үйреніп қалсам керек. Енді жан-жағымда жүгіріп жүрген балалар мен жастарды, әйелдерді көріп түсініксіз толқуға түстім, көңіл-күйім көтеріле бастады.

Біз жұрттың арасына барып жүрейік, көрейік, сөйлесейік деп базардың ортасына қарай жүрдік. Анда-санда мені  ұялы телефондардың дауысы селк еткізіп таң қалдырды. Жастардың телефондарында  ұшып келе жатқан бомбаның, найзағайдың дауысы, жолбарыстың ырылы, бір үйір жылқының аяғының дүрсілі, қатырлаған қардың сықырлауы сияқты дауыстар естіледі. Талғамдарыңа береке берсін деймін ішімнен.

Адамдардың өзара неше түрлі тілде сөйлегенін байқадым. Негізінен қытай, неміс, орыс, ағылшын, өзбек тілдерінде. Қазақ тілі басқа тілдердің арасынан ғана естіледі. Қазақ жастары өзара тек «қоспа» тілде ғана - қазақ, ағылшын, қытай және орыс тілдерімен араластырып сөйлейді. Мұнысы несі дегендей таңданып Сәбитке қарадым. Оның айтуынша жұрт тек қана ағылшын мен қытай тілін ғана үйренеді екен, себебі шетелге білім алу үшін кетуді  армандайды. Кете қалса, қайтып келмесі анық.

-  Сонда, елде кім қалады?

Сәбит менің сұрағыма жауап беріп үлгермеді, жақын жерден қатты дауыспен ұрысып жатқан адамдардың сөздері естілді. - Кіріспе, әуелі не жанжал екенін біліп алайық деп Сәбит мені ескертіп жатыр. Шу шыққан жерге жақындағанымызда, үстерінде ұлттық киімдері бар қазақтың үш қариясы жас жігіттерге неге қазақша емес, ағылшын тілінде сөйлейсіңдер деп ұрысқаннан кейінгі жанжал екен. Қариялар жастарға ұрысып, олардың барлық қасиетті деген нәрселерден ада болғанын, отанын сатып жатқанын айтып кейіп жатыр. Жастар тілі сынбаған бала сияқты жартысы қазақша тілмен шалдарға, олардың кезінде шетелдіктерді үлгі еткенін, сол кезде болашақты ойламағанын, енді жастарды үйретпек болғандарын беттеріне басып жатты. Ұзынтұра жас жігіт: «Сол кездегі өздеріңнің ұрандарың мен идеалдарыңды еске түсіріңіздерші  - «НАН  -  бәрімізге хан!», «Пайғамбардың қасынан табылайық!», «Байып ал да, елден қаш!» деп ақыл айтқан сіздер емес пе едіңіздер? Өз қалтаң мен өңешіңді толтырып, тек қара бастарыңызды ойладыңыздар емес пе? Түсіндіріп беріңіздерші? Отанды осылай сүюге бізді үйреткен кім? Енді  сол отандарыңыз қайда? Мынау базардың ортасында ма? Біздің түгімізді қалдырмай осыдан 50 жыл бұрын сатып жіберген өздеріңіз. Сіздердің топастықтарыңыз бен сатқындықтарыңнан біз құл болып тудық! Енді бізден не күтесіздер?». Жастар шалдардың ең жанды жерлерін аямай соққылады.

-  Шалдарды бұл жастар бекер айыптап отыр, бұл қариялар кезінде НАН мен оның қасындағыларға қарсы күрескендер, ал мына жастар колониядан босанғандар. Оны жастар білмейді және білгісі де келмейді. Олар барлық қарияларды бірдей бағамен өлшеп отыр.

- Алдымен кімнің кім екенін біліп алмай ма!  Бұл мәселеде елде қалғандар мен колонияда отырғандардың еш кінәсі жоқ қой. Колонияда отырғандардың жалға беру мәселесіне қандай қатысы бар?

- Қалай түсінеді, кім түсіндіреді? Директорлар кеңесі ме? Бұл шалдар жарты жыл болды, осында күнде келіп жастармен текетіресте ұтылса да қайсарлықпен  сөзбен үгіттеуін жүргізіп келеді.

- Сондағы мақсаты қандай?

- Өз сөздерін жұртқа жеткізу.

Тезірек бұл жерден кетуге асықтым. Иығым дірілдеп, денем селкілдеп барады. Сәбит  сәкіге отырғызып бір таблетканы ішкізіп жатыр. - Не деген сұмдық. Қарияларды сыйласа етті.

- Кейбір сұрақтарға жауап табу мүмкін емес. Қарапайым жауап табу, оңай сөзбен түсіндіру қиын. Не себептен бұл жастардың соншама рухани топас болғандарын жүре-жүре көресің, сосын өзің-ақ түсінесің. Мен де алғашқы кезде сен сияқты оларды жек көруші едім, қазір аяймын. Олардың өткенді түсінгенінен не пайда, болашақтары жоқ қой. Бұл жастар өмірден өткеннен кейін де еліміз бостандыққа жете алмайды. Мемлекет, Отан, Халық деген өлшемдер олардың санасында жоқ, себебі  үйретпеген. Олар өмірге  жекелеп немесе топ болып жол салады. Ақылымен озғандары білім алып, сосын шетелден жұмыс тауып кетсе, қалғандары осында қалады да әр жерден жұлып, жұлқып өмір сүретін болады. Мүмкін олардың балаларының жолы болып еркін елде өмір сүрер. Бірақ, ол қандай ел болады? Сол себептен де бұл жастар, біздерді  -  біздің кезімізде қолды болған Қазақстанның адамдарын жек көреді. Ал ол шешім қабылданған кезде оған қарсы болдық па, болмадық па, оны анықтағысы да келмейді. Енді ол мәселеге оралудың  қажеті бар ма?

Мас болғым келіп кетті. Тойып алып ештеңені сезбесем, көрмесем, білмесем, ойламасам. Қайтар жолда үлкен супермаркетке кірдік. Тауарлардың аттары мен бағалары ағылшын тілінде. Алғашқыда қазақ тілі латын әрпіне көшкен екен деп ойласам, олай емес екен. Қызмет көрсету тілі де ағылшын тілі. Сәбиттің айтуынша мұндай жағдай тек үлкен магазиндерде, шетелдіктерге ыңғайлы болуы үшін. Астана болғандықтан осылай болуы тиісті. Шағын дүкендерде орыс тілі пайдаланылады.

- Қазақ тілі қай жақта пайдаланылады?

-  Ауылда.

- Ауыл тірі ме?

- Аман қалған ауыл ғана.

- Айтпақшы айтыс ақындарының тағдыры не болды? - дедім базардағы шалдар мен жастардың сөз таласы есіме түсіп.

-  Оларды кезінде журналистерді қамаған сияқты  түрмелерге жапты. Халықтың шындықты айтатын ең соңғы жолын осылай құртты. Бірақ, айтысқа қатысқаны үшін емес, басқа желеумен. Кейбіреулері қашып үлгерді, бірақ басқа елдердегі қазақ диаспоралары қазір қауқарсызданып кеткен, айтыстарында сын жоқ. Кейбір қазақ диаспоралары айтыс дегенді тіпті ұмытқан десе болады. Айтыс дәстүрі өз халқының ортасында ғана, өз тамырынан нәр алғанда ғана өмір сүре алады. Өз халқының жағдайына деген ыстық сезім мен ықласы болғанда ғана ол қуат алады, өркендейді.

Азын-аулақ тамақ және арақ сатып алып үйге қайттық. Сәбит жолда колониядан қайтып келгендердің кейбірінің іштегі  аласапыранын арақпен тұншықтырмақ болғанын, бірақ одан ештеңе шығара алмағанын айтты. - Өмір сүру керек - деді ол.

- Не үшін? Қандай мақсат үшін? - дедім.

- Балаларың мен немерелерің бар, сен оларға керексің.

- Мен оларға не бере аламын? Мұндай жағдайда бірдеңе істеуге бола ма? Бәрі шешілген, қайтар жол жоқ.

- Қайтар жол деп нені айтып отырсың? - деді Сәбит.

- Бұрынғы Қазақстанға, елдің тәуелсіздігіне.

- Міне, осы мақсатты өзіңе қойып отырсың ғой. Сен үшін ең құнды нәрсе сол.

- Күлдірме мені. Мен қойған мақсат  -  утопия.

- Бір кеңес берейін. Бізде колониядан қайтқандар жайлы деректер бар. Солардың арасынан колонияда бірге болған, өзіңе сенімді адамдар болуы мүмкін. Соларды тауып сөйлес. Өмірге деген мағыналы мақсатты табуға соның көмегі болып қалар. Егер одан да көмек таба алмасаң, осы әңгімеге қайта оралармыз. Қазір сен жоспар құруға дайын емессің, себебі аз білесің.

Кешке сол тобымызбен тамақ басында кездестік. Менің оралуымыды атап өтпек болдық. Оралу қуанышы кеудемді еш кернеп тұрған жоқ, колонияда қалғаным жақсы еді. Өткен өмірден көп нәрсені қозғап, біраз әңгіменің басын шалдық. Көпшілігіміздің тағдырымыз ұқсас екен. Мұндай естеліктер көңілді уайымға толтырады, әңгіме-дүкеніміз өлген адамның үйінде, өтіп кеткен өмірді, о дүниелік болған Қазақстанның жаназасын шығарып отырғандай әсер етті.

Ес-түссіз мас болу қолымнан келмеді. Пәтерімдегі телевизорды қостым. Жаңалық беретін арналар өнеркәсіптегі табыстарды беріп жатыр. Барлық ордалардағы өндірілген өнім бір қазанға құйылып жалпы табыс деп саналады екен. Қазақстан өндіріп жатыр, шығарып жатыр, даму үстінде дегені ғой. Күлкілі жағдайға өзін салып қойғаны несі? Ұнағаны  -  білімдік, танымдық бағдарламалар көп екен. Фильмдер әртүрлі  - ескісі бар, жаңасы бар, тек біздің заманымыз жайлы ленталар жоқ. Ол жағы түсінікті нәрсе, себебі біз Қазақстанның 20 жылдық тәуелсіздігі жайлы кино түсірген жоқпыз. Еліміздің қиын қыстау, тағдырлы жылдары кімді қызықтырмақ?

Ертең қызымның үйіне жолға шығамын. Бұл жерде бұдан артық тұра алар емеспін. Мен үшін бұл жер қорқынышты жаңалықтарды еститін түрмеден еш айырмашылығы жоқ. 2 күнім, 2 жылдай болып көрінді. Ешкімді, еш жаңалықты естігім келмейді. Бәрін ұмытқым келеді, ештеңе есітуге дәрменім қалмады. Жоқ болсам деймін.

Романның басын мына жерден оқи аласыз: http://old.abai.kz/content/aktan-tokish-meng-rtstan-roman, ал жалғасын мына жерден табуға болады: http://old.abai.kz/content/aktan-tokish-meng-rtstan-zhalgas

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір