Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
3742 0 пікір 11 Желтоқсан, 2019 сағат 11:07

Трампқа импичмент жариялау баптары екі айыптан тұрады

АҚШ Конгрессінің Өкілдер палатасындағы Демократиялық партия фракциясының басшылығы екі айып бойынша (билікті асыра пайдалану және өзіне қатысты тергеуге кедергі келтіру) президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға күш салатынын мәлімдеді.

Бұл жөнінде сейсенбі күні Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мәлімдеді.

Оның сөзінше, құжат осы аптада Өкілдер палатасының заң шығару комитетінде дауыс беруге шығарылады. Егер импичмент жариялау туралы баптар мақұлданса, жалпы отырысқа шығарылады. Бұл Жаңа жылға дейін өтуі мүмкін.

Демократтар Трамп өзінің мүддесі үшін, алдағы сайлауда басты қарсыласы болуы мүмкін Джо Байденге қарсылық көрсетіп, Украинаға қысым жасау арқылы билікті асыра пайдаланды деп есептейді.

Оған дәлел ретінде биыл жаз айында Украинаға жіберілуі тиіс әскери көмекті тоқтатып тастағанын айтады.

Екінші айып - Трамп әкімшілігінің Конгресске куәлік беруден бас тартуы. Демократтар Трамп оларға тыйым салып отыр деп санайды.

Президенттің өзі және оны қолдайтын республикашылдар ешқандай заң бұзылмады деген сенімде.

Өкілдер палатасы Трампқа импичмент жариялаған күннің өзінде соңғы шешімді сенат қабылдайды. Ал сенатта республикашылдар өкілдері басым. Сондықтан сарапшылар президентке импичмент жариялануы екіталай дейді.

АҚШ тарихында бірде-бір президент импичмент жариялау арқылы қызметінен кетпеген. Тек 1974 жылы Ричард Никсонның өзі оны қызметінен кетіру туралы мәселеле көтерілгеннен кейін оставкаға кеткен.

Abai.kz

0 пікір