Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 13331 0 пікір 27 Тамыз, 2011 сағат 09:47

Сағымбай Ботпайұлы. Ғұмар Қараш және Алаш идеясы

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!.

 

Ғұмар Қараштың ақындық және азаматтық тұлғасының ұлттық мүддемен сабақтас саяси-әлеуметтік көзқарасын танытатын биік отаншылдық рухтағы өлең кітабы «Тұрымтай» (1918). Жинақтағы «Күн туды», «Тіршілік мұраты», «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?», «Көреміз бе?», «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?», «Есеп бер» өлеңдері аласапыран кезеңдегі халық тағдырын және ұлттық идеяны жырлауымен маңызды.

Алаш зиялыларының азаматтық және саяси ұстанымына сай Ғұмар да Қазан төңкерісінің жалпы адамзаттық гуманизмге қарсы бағытталған саясатын қабылдағаны жоқ. «Тұрымтай» жинағындағы  «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?» өлеңдерінде бір ғана қазаққа емес, тұтастай ұлттарға жасалып отырған қияс тәжірибенің қиямет зобалаңын, қасіретті алапат зардабын болжай білді.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

Істері адамдыққа жанаспаған,

Жануар - екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,

Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам,

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!.

 

Ғұмар Қараштың ақындық және азаматтық тұлғасының ұлттық мүддемен сабақтас саяси-әлеуметтік көзқарасын танытатын биік отаншылдық рухтағы өлең кітабы «Тұрымтай» (1918). Жинақтағы «Күн туды», «Тіршілік мұраты», «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?», «Көреміз бе?», «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?», «Есеп бер» өлеңдері аласапыран кезеңдегі халық тағдырын және ұлттық идеяны жырлауымен маңызды.

Алаш зиялыларының азаматтық және саяси ұстанымына сай Ғұмар да Қазан төңкерісінің жалпы адамзаттық гуманизмге қарсы бағытталған саясатын қабылдағаны жоқ. «Тұрымтай» жинағындағы  «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?» өлеңдерінде бір ғана қазаққа емес, тұтастай ұлттарға жасалып отырған қияс тәжірибенің қиямет зобалаңын, қасіретті алапат зардабын болжай білді.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

Істері адамдыққа жанаспаған,

Жануар - екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,

Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам,

Теңгеріп жарлы, байды құрып ұжмақ,

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.

«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін », - деп,

Жер-жерде шалған құрбан қойдан қорқам.

Парасат пайымына салынған зерлелі ой мен ұшқыр қиял жалғыз қазаққа ғана емес, өзге де ұлттардың тағдырына жазылған, еріксіз танылған жан түршігерлік зұлматтардан сақтандырған, үрейлі қорқыныштың алдын алуға шақырған жан айқайы еді. Алайда ол большевиктік саясаттан өрістеген идеологиялық қаралау мен әсіре таптық таяздықтың, қырағылықтың қара шаңына көміліп қала берді.

Асқақ адамгершілік пен мейірімділік, шынайы гуманизмді темірқазық еткен және де өз халқының келер күнгі тағдырына бейқам қарай алмаған ұлтжанды ақындар Қазан төңкерісінен кейін туындаған қоғамдық өзгерістерге жатырқай қарағаны, саяси - әлеуметтік бұрмалаушылықтарға наразы болғаны белгілі. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Бостандыққа елім қана алмай, Әділет жолын таба алмай. Басшыға айтқан мұңдары, Есепке жатыр саналмай» десе, Мағжан Жұмабайұлы: «Қалың елім, қалаң қара ағашым, Қайраты мол, айбынды ер Алашым. Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл. Ақымақтар байқамаған шамасын» - деп, Қазан төңкерісі қазанын төңкерген қазақты сабырлыққа шақыра отырып, кеңестер билігінің ерте ме, кеш пе құлайтынын сол кезеңнің өзінде - ақ асқан көрегендікпен айтып, өктем саясаттың озбырлығынан еш именбей рух асқақтығын танытты. Халқының тағдырын ойлаған Алаш әдебиеті өкілдері таптың емес, тұтас қазақтың қамын жеп, ұлтқа қызмет етудің  өшпес те өлмес үлгі - өнегесін көрсеткен айрықша құбылыс. Ол біріншіден, тарих тағылымына үңілдірсе, екіншіден, Алаш арыстарының діттеген мұрат-мақсаттарына деген адалдық пен саяси ұстанымдарынан бір табан шегініс жасамаған тұлғаларын тануда да үлкен мәнге ие.  Ғұмардың  «Неден қорқам?» өлеңіндегі әрбір жолдар Қазан төңкерісінен кейінгі кезең шындығын тануда айрықша болып табылады.

Аждаһа алты басты жаудан қорқам,

Бүлдірген ел арасын даудан қорқам:

Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,

Құрылған аяқ асты аудан қорқам:

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам,

Дос болып бірге жүріп қастық етіп,

Тысына қайшы келген іштен қорқам» деген ақын үрейі жаңа саясаттағы талай қиянаттар мен  зобалаңдарды ұғына түсуімізге мүмкіндік береді. Сондықтан да ақын қан төгіс арқылы келген биліктің әлеуметке теңдік пен бостандық  орнатуындағы қадамдары қоғамдық даму заңдылығына қайшы болып табылатынын және де өзгенің күштеп танған азаттығы мәңгілік болмайтынын, сол себепті өзіңнің сара жолыңды ізде деген мұратын алға тартады. Ақиқат жолынан адасып, сағым қуған тобырлық сананы сынға алады.

Ұжмақ көктен жерге енбек емес,

Мезгілсіз бірнәрсе де келмек емес:

Өзің ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,

Әкеліп біреу саған бермек емес.

Табиғат заңы, жолы өзіне хас,

Ешкімнің жетегіне жүрмек емес:

Адаспа, аңдық етпе, адам ұлы,

Көрінген о бір сағым көзіңе елес.

Сағымды «су таптым» деп жұрт жинасаң,

Жындыға айтар сөз жоқ құрып кеңес.

Ақынның «Адаспа, аңдық етпе, адам ұлы» деген биік гуманистік ескертуі қай кезең үшін болмасын қашан да назарда болатын өшпес ұлағат деуге болады. Ал, «Саған не болды?» өлеңінде елдік мәселелерді жырлағанда жаңа жүйе икеміне жығылып, илеуіне оңай көндіге кеткен халқының бейқамдығына, саяси балаң аңғырттығына налиды.

Дүние толы өсек - аяң, жер солды,

Елемесең, елім, байқап оң, солды.

Өтер жолың тайғақ кешу тар жол - ды,

Байқамастай, елім, саған не болды?

Дұспан шықты, жан - жағыңды қамады,

Жиғаныңды алды, өртеді, талады,

Қарсылассаң тамағыңнан шалады,

Мұны көрмей, жұртым, саған не болды?

Үрім-бұтақ ұрпағыңды құл етер,

Әлпештеген аруыңды күң етер,

Жарық сәуле бостандыққа мұң етер,

Ойламастай, жұртым, саған не болды?

Сен жатырсың қатты - терең ұйқыда,

Өзді - өзіңмен алысуда миқыда,

Талас-тартыс үнемі ызы - қиқыда,

Оянбастай, жұртым, саған не болды? - дей келе, дәуір шындығын реалистік тұрғыдан суреттеп, халық намысын, рухын көтеруді, ұлттық сананы серпілтуді мақсат етеді.

Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,

Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің,

Азаматың аттан ұшса «шоқ» дейсің,

Ұялмастай, жұртым, саған не болды?

Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің,

Ар-намыстан жұда болған ел ме едің?

Қаның қара, басқалардан кем бе едің  -

Қозғалмастай, жұртым, саған не болды?

Сондықтан да ақын халықтың өзіне деген сеніміне, бұла күшіне үміт артады, тығырықтан шығар жолда әлеуметтің ақиқат жолынан адаспауын көздейді. Осы өлеңінде сонымен қатар өр халқының ерлікке, елдікке толы өткен тарихын санада жаңғыртып, Шыңғысхан, Батихан және Қара Қыпшақ Қобыландының ұрпақтарына тән рух асқақтығы мен қайсарлықты аңсайды.

Алатаудан асып барып жайлаған,

Беткейінде құлын - тайың ойнаған,

Ойына алған ісін етпей қоймаған,

Ел емес пе ең, жұртым, саған не болды?

Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел

Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел,

Қарсылаған дұспан жауын қуған ел,

Емес пе едің, жұртым, саған не болды!?

Жалпы Алаш әдебиеті мұрасына үңіле отырып Қазан төңкерісінен кейінгі қилы кезең шындығын танумен қатар большевиктер іс - әрекетінің біз біле бермейтін адамгершілікке жат озбыр саясатын ұғына түсеміз. Мысалы, М.Дулатов «Жасасын, Алаш автономиясы! Көркейсін Алаш!» мақаласында: «Большевиктердің мықты бір жауы автономия  алмақ жұрттар еді. Большевиктер Украина даласын қанға бояды, Түркістан автономиясын жоғалтып, халқына ойран салып, Қоқан шаһарын жермен жексен қылды. Үкімет адамдарының біразы жойылды, бірсыпырасы қашып құтылды. Башқұрт  автономиясын таратып, азаматтарын абақтыға жабты. Қырымды қанға бояды. Азаматтарын қойдай бауыздады. Қырым муфтиі Жәмежиһан хазіретті әуелі абақтыға жауып, соңынан кескілеп суға ағызып жіберілді. Автономия боламын деген жұрттардың әрқайсысының көрген күні осындай болды» деп жазды. Мұндай саяси содырлықтардың түпкі мақсатын терең ұғынған Ғұмар Алаш автономиясы жарияланған тарихи кезеңде жазылған «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерінде халықты әлеуметтік белсенділік пен сергектікке, ел мен жерді қорғауда тұтастыққа шақырды.

Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!

Қарманып ілгері аяқ басар күнің!

Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

Адымдап асқар белден асар күнің.

Теңізім, телегейім-қайран елім,

Кемерлеп толқын атып, тасар күнің!

Ақ күміс, қызыл алтын жиғаныңды,

Құрбан қып осы жолға шашар күнің!

Терезең теңгеріліп қатар тұрса,

Осы!-деп сонда жүрек басар күнің.

Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?

Құлаққа айтқан сөзді ілеміз бе?

Заманның ыңғайынша амал қылып,

Зырлаған желмаяға мінеміз бе?

Өнерлі, білімдінің қылған ісі

Майданда мұны байқап көреміз бе?

Күш қосып, құралданып бас қорғаудың

Жолына белді буып кіреміз бе?

Болмаса күнде бір ел қырғын тауып,

Жылаулап бастан-аяқ жүреміз бе? («Алашқа»).

 

Ақ жүрек азаматтар асқар күнің

Дұшпанды алдан байқап жасқар күнің;

Дұрыстық ел қосында еткен істі,

Қол соғып, қошеметтеп қостар күнің

Күш қосып, қол ұстасып сөз бекітіп,

Арадан алалықты тастар күнің;

Адасқан қойдай шулап ерген елді,

Бұлтармай оң бағытқа бастар күнің.

Аңқылдақ Алаш ұлы сеніп отыр.

Орнынан шығып, соны растар күнің! («Алаш азаматтарына»).

«Тұрымтай» жинағындағы қай өлең болмасын Алаш қайраткерлері ұстанған тәуелсіз мемлекет құру идеясын кеңінен жырлауымен және әлеумет санасына сіңіруімен маңызды.

«Күн туды» өлеңінде «Екі талай іс болып, Елге қиын күн туды. Аспанда ай тұтылып, Жер - жиһанды қан жуды» деп, сол кезеңнің боямасыз ақиқат шындығын алға тартқанда заман ағымы елдік үшін тез екенін, әсіресе зарыға жеткен азаттықты сақтап қалу сыналар тарихи сәтте барша күшті ел болуғы жұмылдыру, Отанды қорғау сияқты ұлттық маңызы ерекше болып табылатын мәселелерді қоғамдық деңгейде көтереді. Тарихтың өтпелі кезеңіндегі Алаш сыналар қатерлі өткелден өтуде ұлттың ұйысыуымен жүзеге асатын нақты іс қана мұратқа жеткізетінін ескертеді. Ақын «Тіршілік мұраты» өлеңінде отаншылдық қасиет қазақ баласының тығырықтан шығар жолда адастырмас темірқазығы екенін ту етіп көтерді, қандастарын сол рухта болуға қайрады. Отанды сүюден асқан қасиет болмайтынын және де ол ұлттық мұраттың басты өлшемі деген мәңгілік өлмейтін ұстанымды алға шығарды.

Әуелі қолдан келсе еліңді сүй,

Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй.

Қағбаға тауап ету керек болса,

Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй!.

«Жасында ұлтың үшін етсең жұмыс, Пұлына еш нәрсе оның шағылмайды» деп білген ақын «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?» өлеңдерінде ұлттық идеяның жаршысы бола отырып, «Тұрымтай» жинағында үзілмес желідей тартылған Алаш зиялыларының ұлы мақсатын терең ұғындырады.

Қайғылы қара күндер өтер ме екен,

Қолайсыз мінді мінез бітер ме екен?

Ит болып ырылдасып өткен күндер,

Жоқ болып ізі, жолы кетер ме екен?

Түсініп айтқан сөзге қазақ ұлы

Іждиһат ел болуға етер ме екен?

Оранған ақ жүрекке иманының,

Қадірін біліп таза күтер ме екен?

Табылып ойға алғаны бәрі болып

Еңіреп ер мұратқа жетер ме екен!.

Ғұмар ұлт намысы, жұрт жұмысы қасиетті ұғымдар, сондықтан да оларға имандай ұйып, қағбадай тауап ету биік парыздың өтелуі деп ұғындырады.

Ақ орда алаш көріп келер ме екен,

Жамырап келіп еніп кірер ме екен?

Сарғайып сағындырып қолға түскен

Асылдың қадір бұлын білер ме екен?

Ұғынып  бұлын  біліп  қадір тұтып,

Қағбадай тауап ете жүрер ме екен?

Ұлт намыс, жұрт-жұмысы деген істер

Имандай жүрегіне сіңер ме екен?

Ащы ауыз ашырқанып айтқан сөзді,

Құрандай құлағына ілер ме екен?.

Алаш туының асқақ, елдік қасиеттердің баянды болуы үшін әр азамат халқына еңбек етуде имандылық пен құрандай киелі ұғымдарды санасында тоқуы шарт деген талап қояды. Мұның бәрі Ғұмардың ұлтжанды тұлғасының, ақындық қуатының қашан да ұлт мұратымен сабақтасып отырғанын, өмірлік мақсаты болғанын дәлелдей түседі.

«Көреміз бе?» өлеңі жалпы Алаш партиясының, Алаш автономиясының нысаналы өмірлік мұрат-мақсатын анық танытатын және де осы жолдағы ерен істерді Ғұмардың әрдайым қолдаушы тұлға, қозғаушы ақын  болғанын ұғындырады.

Әрі қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруді діттеген мұндай сарындағы өлең ХХ ғасыр басындағы ұлт поэзиясында сирек кездесетінін байқау қиын емес.

Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты

Өз алдына ел болғанын көреміз бе? деп басталатын осы өлеңіне жатқа тізгін бермейтін еркін ел, азат мемлекет болу сияқты өзекті де өміршең мәселені арқау етеді. Өлеңнің басты ерекшелігі - азат ел болуға мейлінше қажетті шарттардың, тәуелсіз мемлекет құрудың өмірлік талаптарының өткір қойылуында.

Алдын - артын мейлінше байқап алып,

Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,

Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,

Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

Жас буынға жаңа таза білім беріп,

Надандықты  терең қазып жерге көміп,

Қазақ-тағы өзі күнін өзі көріп,

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?

Қай істе болмасын дос пен дұшпанын айыратын Алаш перзентінің мерейі қашан да үстем, өзгелерден еңселі болуы үшін оқу-білімнің тереңдігі, береке-бірліктің жоғарылығы, ұлттық сана-сезімнің асқақтығы, саяси бағыт-бағдардың айқындығы, қоғамдық және діни имандылық  ұстанымдарының нақтылығы қажет. Осындай іргелі шарттарға иек артқан, оны ұстанған ұлттың алар асуы, шығар биігі де зәулім болмақ.

Оқу жұрты даярланып жеткендігін,

Жалпы оқуды қазақ міндет еткендігін,

Қазақ ұлы озат шығып кеткендігін,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Талас қойып ынтымаққа кіргендігін,

Бір жолменен бір бағытқа жүргендігін,

Дос-дұспаны кім екенін білгендігін,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын,

Орынсызға дәулет мүлкін шашпағанын,

Керек жерде бойды балап қашпағанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын,

Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын,

Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?.

Ұлттық бірлік, мемлекеттігімізді нығайту өткір қойылып отырған қазіргі тұста аталған өлеңде көтерілген саяси-идеологиялық мәселелер қашанда санаға тоқылар ұлағат деп білеміз.

Тәуелсіздіктің басты сипаты - мемлекеттік істердің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі, өз жерінің қазба байлығын халық игілігіне жаратуы десек, осынау кемелділікке жетудің жолдарына қатысты ғасыр басында-ақ Ғұмар келелі ойлар түйеді.

Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,

Әдемілеп айқұш - ұйқұш жол салғанын,

Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!.

Қазақ рухын асқақтату, өзіндік ұлттық болмысын сақтау және әлемнің дамыған елдерінен үлгі алуға шақырған Ғұмар арманы барша Алаш орда қайраткерлерінің ел алдында өтеу ісіне деген парыз бен қарыз ұғымына адалдығын да танытады. Бұл тұрғыда от жүректі жалынды ақын Сұлтанмахмұт Алаш арыстарының азаттық жолындағы ерен істерін арқау етіп «Таныстыру» поэмасын, «Алаш ұраны» өлеңін жазды. Алашшыл әдебиеттің саяси - идеологиялық бағыт-бағдарын нығырлай түсті.

Алаш туы астында,                        Жасасын алаш, жасасын!

Біз-алаштың баласы.                      Куә болсын арымыз.

Күніміз туып көгерді,                     Көркейтуге алашты,

Сарыарқаның даласы.                    Құрбандық біздің жанымыз!

Құрт аурудай жайлаған                               Былай тұрсын малымыз,

Құртпаққа бізді ойлаған                               Алаш деген ел үшін

Қанымызға тоймаған,                    Сарыарқаның жері үшін,

Қолымызды байлаған,                    Бостандық берген ер үшін,

Ерімізді айдаған,                              Төгілсін біздің қанымыз!

Елімізді лайлаған,                            Аялмасын жанымыз!

Жерімізді шимайлаған,                  Алаш туы астында,

Өшті залым қарасы.                       Жасасын алаш, жасасын! деп толғаған Сұлтанмахмұт елімізді көркейтуге, туған халқымызға жан-тәнімізбен адал қызмет етуге шақырды, ұлттық бірлікке үндеді.   Ж.Аймауытұлы «Ғаскер өлеңі», «Ұран» өлеңдеріне ер түріктің ұрпағы өршіл рухты қазақтың  елдік мақсаты жолындағы тар жол, тайғақ кешуінде бабалар аруағына сыйынып, Алаштың амандығын, ұлттың жасампаздығын арқау етті.

Алаштың аруағы                              Жасаған жар болып,

Жебесін, қолдасын!                          Қазақтың еліне,

Ақсақал тілей көр,                           Жасасын, сақтасын,

Сапарды оңдасын!                           Алаштың ордасын!

Азаматтық парыз, Отан алдындағы қарыз санаға тоқылып, ел ертеңінің еңселі болуына  жастарға  сенім артылып , жаңа міндеттер  жүктелді. Ғұмар :

Ұжмақ көктен жерге енбек емес ,

Мезгілсіз бір нәрсе де келмек емес .

Өзің ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,

Әкеліп біреу саған бермек емес, - деп ұлттық намысты қамшылады. Мұндай елдік пен ерлікке бағыт-бағдар беретін өршіл рухты поэзия Алашшыл әдебиеттің басты ерекшелігі болумен қатар, қазіргі ұрпақты отаншылдық қасиет биігіне шығаруда өз өміршеңдігін таныта бермек.

 

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ доценті

«Абай-ақпарат»

0 пікір