Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 10948 5 пікір 9 Желтоқсан, 2019 сағат 14:24

«Гүлдер мен кітаптар» романы және постструктуралистік бағыт

Бүгінгі қазақ әдебиетінде өзіндік жазылу стилімен, қалыптасқан әдеби үрдіске қайшы келетіндігімен ерекшеленетін шығармалар көбеюде. Солардың бірі жазушы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы. Бұл роман жайында түрлі пікірлер айтылуда. Бұрын соңды мұндай бағытта жазылған туындыны кездестірмеген қазақ оқырмандары бұл романды бірден қабылдап кете алмады.

Қазақ оқырмандандары арасында модернистік бағытта жазылған шығарма қатарына «Гүлдер мен кітаптар» романын жатқызатынын бірнеше рет естідім. Бірақ, өзім қолыма алып оқымаған соң келісуге де, келіспеуге де батылым бармады. Бірнеше күн бұрын осы романды оқып шығу сәті бұйырды. Алғашқы бетін ашып оқи бастағаннан-ақ, расымен де модернистік, нақтырақ айтсақ, «постмодернистік» бағытта жазылған туынды екен-ау,- деген ойға келдім.  Жазушы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы «Қарқаралы басында» атты жинағына енгізіліпті.

Роман басты кейіпкер Әлішердің түс көруімен басталады. «Жер бетін тұман басты. Содан кейін аспан салбырап төмен түскен. Еңсені көтеріп жүру мүмкін болмай қалды, адамдар бойын тіктеп тұра алмаған соң, жер бауырлап еңбектей бастады. Қорлықтың ауыры құнысқан жауырынды жазып тік жүре алмауда екен. Жорғалап келе жатып ол жердің иісін таныды, кітаптың иісі шығады. Кәдімгі шаң-топырақ басқан байырғы сары ала қағаздың таңсық алабөтен иісі тап иегінің астынан аңқып тұр. Аспан мен жердің арасын қалың бозамық тұман жайлаған»[1, 6]. Шығарманың негізгі идеясын автор бас кейіпкерінің түс көруі арқылы береді. Бұл романның ерекшелігі – автор шығарманың стилінен гөрі идеясына және оның қабылдануына баса назар аударады. Олай дейтініміз, Әлішердің түс көру арқылы берілген «аспанның салбырап жерге түсіп, шаң-тозаңға айналу» поцесі шығарманың соңында да қайталанады. Әуелі бұл көрініс Әлішердің түсінде бейнеленсе, кейін Әлішер ақиқатты іздеу жолында өзіне-өзі қол жұмсап, көз жұмған соң автор тағы да жоғарыдағы абзацты сол күйінше береді. Алайда, шығарма басында «аласапыран» деп түсінген дүние, шығарма соңында «ақырзаманға» айналып кетеді.

«Аспан мен жер». «Аспан салбырап жерге түседі». Автор аспан мен жерді, яғни биіктік пен төмендікті, пәлсапалық жағынан мағынасы соншалықты терең сөздерді неге алып отыр? Мифологияда дүние, тіршілік құдайлар арқылы пайда болды делінеді. Яғни ер мен әйелді аспан мен жер құдайларына теңестіріп, солардың бірігуінің салдарынан дүние жаратылды,- деп беріледі. Ең әуелі, Мысыр мифологиясында жер, аталық бастау – Геб, аспан, аналық бастау – Нут. Қытай мифологиясында керісінше, әйел, жер, қара түсті – Инь, еркек, аспан, ақ түсті – Ян. Грек мифологиясында биіктік пен аспан құдайы – Зевс,  ал, жер мен құнарлылық құдайы – Артемида болып саналады. Ізгілік пен зұлымдықтың, яғни ақ пен қараның арасы қанша алшақ болғанымен, кейде солардың аражігін айыру сонша қиын болатыны рас. Дүниеде зұлымдық болмаса, мейірімділіктің бар екенін, жамандық болмаса жақсылықтың бар екенін адамзат білмес еді. Тиісінше, адам қанша биіктеп, жоғары көтерілгенмен оның баратын орны – жер. Осы идея романның өн бойынан көрініп тұрады. Шығарманың «жер мен аспанның» бірігуінен басталып, «жер мен аспанның» түйісуінен аяқталуы осындай ойға алып келеді.

Әлем пайда болғаннан бастап, адамзат ақиқатты іздей бастады. Сол ақиқатты іздеу барысында әр түрлі ғылым салалары пайда болды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ғылым зерттелу объектісіне қарай гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, - деп екіге бөлінгені белгілі. Алайда, қандай ғылымды алып қарасақ та, оның бір ғана миссиясы бар – ол ақиқатты тану. Сол ақиқатты тануда «ретроспекция» деген әдістің атқарар рөлі ерекше. «Ретроспекция – «өткенге назар аудару» («өткеннің тірілуі», «өткенді іздеу») [3]. «Гүлдер мен кітаптардағы» басты кейіпкер Әлішер атты жазушы ретроспекциялық әдіс арқылы үлкен үш томнан тұратын кітабын жазады. Онда түркілердің пайда болуы, пайғамбарлардың дүниеге келуі, адамзаттың жаратушы Тәңірдің бар екеніне сенімі, пайғамбарлар мен философтардың тарихтағы рөлі, әр кезеңдегі қоғамдық өзгерістер тарихи аспектілік тұрғыда баяндалады. Кейіпкер Әлішердің өмірі мен әрекеті «Гүлдер мен кітаптар» ұғымымен үйлесін тапқан. Яғни, Әлішер кітабында «Әлем қалай пайда болы? Адамзат қалай пайда болды? Алғашқы жазу, сызу, тіл қалай және қашан пайда болды? Біз оқып жүрген тарих дұрыс тарих па?» деген сұрақтардың жауабын іздеп, «артқа шегініс» жасады. Сондай-ақ, ол шынайы өмірінде де «Құдай бар ма, жоқ па?» деген сауалдың жауабын, яғни «ақиқатты» табу мақсатымен «артқа шегініс» жасап, өз-өзіне қол жұмсайды.

Әлемнің жаратылуы туралы ойлары екіге бөлінген философтар өздерін материалистер және идеалистер деп атады. Бастапқылары дүние материадан пайда болды десе, кейінгілері дүние идеядан, ойдан дүниеге келді,- дейді. Дәл бүгінгі таңда, ғылымда дүние материадан пайда болды деген ұғым басымырақ. Ал, ХХ ғасырдың басында дүниені тануда интеллектуалды ойды бірінші орынға қойған идеалистердің саны біршама арта бастады. Идеяның жемісі ретінде ғылымда әуелі «құрылымдық лингвистика», кейін осы саланың желісімен «құрылымдық антропология» ғылым саласы пайда болды. Бұл саланың өкілдері өздерін «структуралист ғалымдар» деп атады. ХХ ғасырдың басында В.Гумбольд (1769-1859), Фердинанд де Соссюр (1857-1913), Жак Деррида (1930-2004), Ролан Барт (1915-1980), Клод Леви-Стросс (1908-2009), Роман Якобсон (1896-1982), кейінірек ХХ ғасырдың ІІ жартысында «ізін жалғастырушылар» деген атпен танымал болған Ю.М.Лотман (1922-1993), В.Ю.Борев, сынды француз және АҚШ ғалымдары ғылымның жаңа баспалдағына шықты. Олар ғылымға «құрылымдық зерттеу» әдісін алып келгендігімен ерекшеленеді. «Құрылымдық зерттеу – әдеби мәтіндерді логикалық бір жүйеге алып келеді»[4, 22], - дейді танымал француз структуралисті Клод Леви-Стросс. «Бұл мектептің өкілдерін қызықтыратын бір ғана мәселе бар. Ол «Туынды қалай жасалынды?» деген сұрақтың жауабын табу»[5, 25] - дейді Клод Леви-Стросс.  Оны табу жолында, яки ақиқатты іздеу жолында әртүрлі ғылым салалары бірігуі керек. Француз ғалымы Ролан Барт: «Шығарма тарих, этнография, лингвистика, әдебиет, жаратылыстану, антропология, математика, әлеуметтану, психология сынды әр түрлі ғылым салаларының ішкі жаңғыруының нәтижесінде емес, қайта олардың бір-бірімен түйісуінің нәтижесінде пайда болады»[3, 130],-дейді. Ал, мәтіндерді логикалық бір жүйеге алып келу мен туындының қалай жасалынғандығын білуде ретроспекциялық әдістің атқарар рөлі ерекше. Құрылымдық антропология ғылымының басты ерекшелігі, әрдайым «артқа шегініс» жасап бастапқы ақиқатқа «қайта оралып отырады». Яғни, Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романындағы Әлішердің «Әлем қалай пайда болы? Адамзат қалай пайда боды? Алғашқы жазу, сызу, тіл қалай және қашан пайда болды? Біз оқып жүрген тарих дұрыс тарих па?» деген сауалдар, құрылымдық антропологияның да негізгі зерттеу тақырыбы. Бұл арқылы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романын құрылымдық антропологиялық, оның ішінде постструктуралистік бағытта жазылған туынды деп айтуымызға әбден болады. Себебі, роман  эпилогынан бастап, соңына дейін тұнып тұрған идеялық, пәлсапалық дүниелерден тұратын постструктуралистік шығарма. Бүгінде жаңашылдыққа жаны құмар қазақ оқырманы үшін жазу стилі өзгешерек, айтар ойы түсініксіздеу, яки пәлсапалық ойлары басымырақ туындылар үлкен жаңалық болып көрінуі мүмкін. Алайда, жоғарыда айтқандай, поструктуралистік бағыт  ХХ ғасырдың басында Америка және Батыс Еуропа елдерінде біршама зерттелінген сала болатын. Жазушы Дидар Амантай осы постструктуралистік бағытты ұлттық негізде, көркем әдеби стилімен бере білген. Романның негізгі ерекшелігі де осында.

Романның атауы оқырман үшін түсініксіз, әрі қызықты. «Гүлдер мен кітаптар». Романды бұлай атау арқылы автор оқырманына не айтқысы келді? Романның «Шежіре» атты бөлімінде: «Кітап дүниені өзгертпейді. Бірақ, жетім көңіл жалғыздықта оны өзіне медет тұтады» [1, 50], - дейді. Ал, «Гүлдер» атты бөлімінде: «Ескі заманда шайыр қыздың сұлуын гүлге теңеді. Қазір ол ізгіліктің бейнесіне айналып отыр. Қасірет шегіп, бейнет көргенде, шындықты танып, бақыт кешкенде, сіздің іргеңізден ұдайы гүл табылады. Қайғыңызға ортақтасады, қуанышыңызды бөліседі, жалғыздықта серік болады» [1, 60] - дейді. Автордың жалғыз ғана мұңдас досы, сырласы бар. Ол – кітап. Гүл де дәл сондай – жаны нәзік, сезімтал сырлас дос.  Ия, мұнда гүлді де, кітапты да жалғыздықтан құтқаратын жолдас ретінде қарауға болар еді. Алайда, автордың айтайын деген негізгі ойы бұл емес секілді. Автор шығарманың соңында «Гүлдер ме, кітаптар ма?» деген сұрақ қойып, оны тарихтың еншісіне қалдыратын секілді. Жазбалар атты бөлімде: «...гүлдер туралы шығарма, әлде кітаптар жайындағы туынды. Кітап ой ретінде жалғыздықтың аясында дүниеге келетін жұмбақ құбылыс, ал гүлді серік іздеген жаны нәзік адам өсіреді. Гүл сезімді ой тудырады, кітап ойдың сезімін дамытады» [1, 120] - деген сөйлемдер арқылы жазушы кітаптың негізгі идеясын жеткізіп тұр.

Белгілі структуралист-ғалым, постструктуралистік бағыттың өкілі Ролан Барт «Автордың өлімі» (1967), «Шығармадан мәтінге» (1971) атты мақалаларында автор, шығарма және мәтіннің ара-қатынасын зерттейді. Ол шығарма мен мәтіннің айырмашылығын былайша көрсетеді: «Шығармалар мен мәтіндердің аражігін физикалық тұрғыда ашуға талпыну бос әурешілік. Әсіресе, «Шығарма деген – классика, мәтін – авангард» деу жаңсақтық болар еді... Мәтін ең көне шығармалар да болуы мүмкін, ал көптеген заманауи туындылар мәтінге мүлде жатпауы мүмкін. Айырмашылық мынада: шығарма – кітаби кеңістікте (кітапхана каталогында, кітап дүкенінде) қозғалыссыз қалатын, заттық фрагмент болса, мәтін – белгілі бір ережелерге сәйкес (немесе қарсы) дәлелденетін, әрқашан қозғалыста болатын, әдіснамалық әрекеттердің алаңы»[2,131],- деп мәтіннің өміршеңдігін айтады. Мұндағы  шығарма – гүл болса, мәтін – кітап. Шығарма да, мәтін де автордың қаншама күндер жалғыздықта көз майын тауысып жазған еңбегінің жемісі. Алайда, оның ғұмыры қысқа гүл болатыны немесе өміршең кітап болатыны тарихтың еншісінде. Кейіпкер Әлішер жазып жатқан романын  «гүл ме, кітап па?» дейді. Дәл сондай Д.Амантай да өз романын «шығарма ма, мәтін бе?» деп оқырман мен тарихтың еншісіне қалдырып отырған тәрізді. Оны мына сөйлемдерден нақтырақ ұғынамыз: « ...кейбір адамның білемін дегені кей уақ өзін-өзі жай алдау болып шығатыны бар. Оны қыздырып жүрген тек роман идеясы ғана болуы ғажап емес. Әрине, ұдайы іздену қажет. Ізденістің бәрі, әлбетте, үнемі сәтті бола бермесі анық. Көк байрақты түркі тарихы мен қасиетті діни кітаптар түгел дерлік оқылды. Арада жылдар өтті, әпсаналық порма, оның ішінде қалай жазылуы тиіс аңыз, тәмсіл үлгісі әлдеқашан санада бекіп, көңілге тоқылған»[1, 119]-деп жазушы мәтіннің ғұмырлылығын айтады.

Кітап сөрелерінде, кітапхана каталогында қолданысқа ие бола алмай жатқан кітаптар, яки авторлық «шығармалар» бүгінгі таңда өте мол. Ондай шығармалар кезінде өз авторының ықпалымен баспа бетінде жарық көрді. Бірақ, адамзаттық құнды ойларды бере алмағандықтан кітап санын ғана көбейтіп тұр. Ал, Аристотель, Әл-Фараби, Абай сынды данышпандардың туындылары, яки «мәтіндері» мәңгілік. Осының негізінде жазушы Дидар Амантай Ролан Барттың ізімен шығарма, мәтін және автордың ара жігін ашады. «Мәтін өзіне өзі тең сом дүние болса, алдыңғы орынға автордың дәрежесі емес, қабілеті шығады, туындының күшті талант, асқан дарындылығы өлшенетін болады, ал кітаптың анық түсінілуі мен дәл бағалануына кедергі келтіретін тұлға ретінде пысық авторды ұдайы ажал күтіп тұрады. Авторда шығармадан тапқан шамшылдық көп, өмір бойы ұрпағына билік жүргізгісі келген қатал әке сияқты, тәуелсіздік бергісі келмейді, ал туынды еркіндікті аңсайды. Сынасын оны, мақтасын, ғайбаттасын, мадақ жырына қоссын, шежіре тізімінен өшіріп тастасын, бірақ маңдайына жазғанын шығарма өзі көтеріп алуы қажет. Кейде жарқын мұратын іздеген автордың белгілі бір нақты мақсатпен жазғаны жылдар өте келе басқа мағынаны беруі мүмкін. Көлденең айтылған пайым кері аударып оқығанда, өзге ойды білдіруі ғажап емес»[1, 59],- дейді жазушы Дидар Амантай. Ал, постструктуралист-ғалым Ролан Барт: «Шығарма өз авторына тәуелді. Автор өз шығармасының әкесі мен қожайыны. Ал, мәтінде әке туралы ақпараттың ізі мүлде жоқ. Мәтін өз қожайынынсыз да өміршең... Әлбетте, автордың елесі мәтінде, өз мәтінінде «сөйлеуі» мүмкін, бірақ тек «қонақ» ретінде ғана. Бұрынғыдай жазушының шығармашылығына оның өмірін емес, енді керісінше, оның өміріне шығармашылығын таңу басталды» [2, 135], - дейді. Жазушы Дидар Амантай француз структуралисті Ролан Барттың «мәтін» туралы ғылыми тұжырымдамаларын авторлық пайыммен өзіндік формада қайталап отыр.

ХХ ғасырдың басында неміс ғалымы В.Гумбольд, швейцария ғалымы Фердинанд де Соссюр, орыс ғалымы Бодуэн де Куртенэ сынды зерттеушілер лингвистиканың негізгі бөлігі ретінде «құрылымдық лингвистика» мектебін қалыптастырды. Олар: «Бұрын тілді ой жаратқан болса, бүгінде тіл ойды өзі тудырады»,-деді. Тілсіз ойлау болмайды, яғни кез-келген ой тіл арқылы көрініс табады. «Ф. де Соссюр ойды тілдің семантикасымен теңдестіре отырып, тілді қағазбен былайша салыстырады: «Ой дегеніміз, сол қағаздың бет жағы, ал дыбыс – артыңғы жағы. Қағаздың бет жағын артыңғы жағынан бүлдірмей кесіп алуға болмайтыны сияқты, тілді де дыбыстан, дыбысты ойдан бөліп алуға болмайды. Мұны тек абстракциялық түрде ажыратуға болады»-дейді» [5, 58].

Құрылымдық лингвистердің ізімен Дидар Амантай да өз ойын былайша береді: «Әуелі, сонау қадім заманда тілді ой жаратқан болатын, бүгін кемелденіп алған қоры мол жүйелі тіл жаңа дәуірде ойды өзі туатын қабілет тапты... Қазір тілдің өзі ойлайды... Тәуелсіз асқақ тіл ойдың билеушісі болып алды, қабат келген бес сөз кәдімгі аяқталған сөйлемге айналды, сөйлем ізденіп, топшылайтын болды, бүгіндері жүздеген тілдің жүйесінде мыңдаған иесіз ой көздеген мұратынан адасып жүр»[1,122]. Осы және басқа да мысалдардан Д.Амантай «Гүлдер мен кітаптар» романында идеалистер ұсынған постмодернистік әдістің көптеген тәсілдерін қолданғанын байқаймыз.

Бастапқы уақытта «модернистік» деген атау тек сурет және архитектура өнеріне ғана телінген. Кейін көркем әдеби шығармаларға да  айтыла бастады.  «Постмодернизмнің теориясы қазіргі күнгі ең беделді философтардың бірі Жак Дерриданың концепциялары негізінде туған. Дерриданың пікірінше, «әлем – мәтін», «мәтін - шынайылықтың жалғыз ғана мүмкін моделі». Постструктуализмнің екінші бір негізін қалаушы деп философ, мәдениеттанушы Мишель Фуко танылады. Оның ұстанымдарын көбіне ницшелік ойлау желісінің жалғасы деп қарастырады»[6]. Постмодернизм – өмірге деген ерекше, жаңа көзқарас. Структуралист К.Кумар мұны былайша түйіндейді: «Постмодернизм теориясының басқалардан ерекшелігі жаңа қоғамдағы жаңа əлеуметтік шындықты ғана емес, сонымен қатар біздің түсінігіміздегі шындыққа назар аудартады»[7]. Демек, постмодернистік шығармада адамның ойы, оның санасы мен түйсігі алдыңғы орынға шығады. Сөз басында айтқандай Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы постсруктуралистік бағытта жазылған постмодернистік туынды.

  • Постмодернистік туындыға «метамәтін» деген дүние тән. «Метамәтін дегеніміз – сырын ішіне бүккен «автордың бет пердесі» [8],- дейді Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. Ал, Дидар Амантайдың бұл романында автордың бетпердесін ашатын мәтіндер молынан ұшырасады.
  • Постструктуралистік тағы да бір белгі – мимикалық реализм, яғни сана ағымы. Автор пәлсапалық ойларын көркем шығармадағы кейіпкер ойы, ішкі жан дүниесінің арпалысы арқылы беріп отыруы. Ал, «Гүлдер мен кітаптарда» кейіпкер Әлішердің ішкі арпалысы арқылы автор өз ойын береді.
  • Интермәтінділік. Бір мәтіннің өзге мәтінге кіруі немесе цитаталардың берілуі. «Қайсысы әлсіз – жарықтан қашқан қара түнек пе, әлде қараңғылық басқан жарық па...»[1, 3],- деп берілген эпилогынан бастап, романның өн бойына интермәтінділік тән.
  • Тағы бір құбылыс – оқырманға ой тастау арқылы шешімді оның өзіне қалдыру тәсілі. Романның әрбір бөлімінде автор осы тәсілді қолданатыны көзге анық көрініп тұр.

Жазушы Дидар Амантай постмодернизмді қазақ әдебиетіне ең бірінші әкелді деп айтсақ, онда оған дейін жазылған шығармаларды жоққа шығарғанымыз болар еді. Постмодернистік шығармаға тән жоғарыдағы тәсілдер М.Жұмабаев («Қойлыбайдың қобызы»), Оралхан Бөкей («Қар қызы», «Атау кере», «Сайтан көпір») Ә.Кекілбай («Аңыздың ақыры», «Ханша-дария, «Күй», «Шыңырау»), М.Мағауин («Қара қыз»), Т.Әбдік («Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды, «Ақиқат», «Оң қол») туындыларынан да кездестіреміз.

Жазушы Дидар Амантай постструктурализмді ғылымға алып келген зерттеушілердің пікірін еш өзгеріссіз, тек ұлттық тұрғыда және көркем әдеби стиль арқылы қайталап отыр. Бұл автордың өз таңдауы. Мұндай романның да өз оқырмандары көбейер... Демек, постмодернистік әдіс қазақ әдебиетінде ХХ ғасырда пайда болып, тәуелсіздік жылдарында дамып келе жатқан бағыт. Постмодернизм жаңа, таңсық әдіс болғандықтан, бұл әдісті қазақ әдебиеті де және қазақ оқырмандары да әлі толықтай мойындай қойған жоқ. Олай болса, Ролан Бартша «Мәтін бе?», «Шығарма ма?» деген сауалдың жауабын уақыттың еншісіне қалдырамыз.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Амантай Дидар. Қарқаралы басында: роман, повесть, әңгімелер, эсселер, өлеңдер. Бірінші кітап. – Алматы, 2010. – 396 бет. /Бес томдық шығармалар жинағы/
  2. Әдебиет теориясы: Антология. 2-том /Джули Ривкин мен Майкл Райанның редакциясымен. /Шығармадан – мәтінге (Ролан Барт)/ – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 372 бет.
  3. Меркулова М.Г. Ретроспекция: Шекспировская модель ретроспекции в «Гамлете» http://www.world-shake.ru/ru/Encyclopaedia/3770.html
  4. Структурная антропология. К. Леви-Строс. Москва 1985. Главная редакция восточной литературы. 396 с.
  5. Тіл мен ойлау. С.С.Әйбәкір, А.Қ.Трушев. ПМУ Хабаршысы. ISSN: 1811-1823. Филология сериясы. №1. 2016.
  6. http://www.rusnauka.com/13_EISN_2014/Philologia/1_168822.doc.htm
  7. Kumar From Post-Industrial to Post-Modern Society. New Theories of the Contemporary World. — Oxford (UK): Cambridge (USA), 1995. — Р. 32.
  8. https://adebiportal.kz/kz/news/view/12745

Әсем Өскен, 

Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ докторанты.

Abai.kz

5 пікір